Ресми іс-қағаздар тілінің қалыптасу тарихы, әдеби тілдің дамуында алатын орны
1. XVIII ғасырлардағы ресми құжаттардың тілі мен стилі
2. Эпистолярлық стиль ерекшелігі
Тірек сөздер: жырау, ақындар мектебі, мұсылман діні, араб-парсы сөздері, жаугершілік лексика, әлеуметтік-қоғамдық, тұрмыстық лексика, лексикалық жарыспалық.
Қазақ әдеби тілінің функционалды стильдік тармағының бірін эпистолярлық стиль құрайды. Эписторлярлық жанр - әдеби тілдегі универсалды жанр. Зерттеушілер эпистолярлық жанрдың ең негізгі ерекшелігіне хат-жауап түріндегі қосарлы сипатты жатқызады. Өйткені жазылған хаттың жауабы болады. Хат тілі, хат жазушы адресанттың мәдени, рухани дүниесінің өсу жолын, қалыптасуын, дүниеге, әлемге деген көзқарасының орнығуын бақылауға, шығармашылық тұрғыдан жетілуі мен оның кезеңдерін анықтауға, бір сөзбен айтқанда, шығармасы мен биографиясын кезең-кезеңге бөліп қарауға мүмкіндік туғызады. Дегенмен хаттарды әлеуметтік мәтініне қарай екіге бөліп қарастыру керек:
1.Хат түрінде жазылғанымен ресмилік мәртебесі зор хаттар. Ондай хаттарға әкімшілік органдарына, Ресей империясының канцеляриясына қазақ әкім-қараларының, сұлтан, билердің жазған хаттарын жатқызу керек. Бұл хаттарда ресмилік сипат басым болды. Олар белгілі мақсатты көздей жазылғандықтан, сол кездегі прошение, арыз сияқты қабылданды.
2. Қазақ әдеби тілі тарихында қоғамдық мәні, маңызы бар хаттар көп емес. Ондай хаттарға Шоқан мен әкесі Шыңғыстың, Ы.Алтынсариннің, Шәкәрімнің, Абайдың хаттарын жатқызуға болады. Бұл хаттарда ресмилік аз. Эпистолярлық стильді құрайтын элементтердің түрі көп.
Хаттар типіне қарай монологиялық және диалогиялықболады.
Жалпы хатта сұрақ көп болған сайын, диалогқа шақыратын, диалогқа құрылған хат болып шығады. Ондай хаттардың түріне Шоқан мен әкесі Шыңғыс төренің хаттарын батыл түрде жатқызуға болады.
Диалогтық хаттарда кездесетін жіктеу есімдіктерінің етістіктің 2-жағымен тіркесуі Сіз айтқан, Сіз сұраған, Сіз жазғандай, Сіздің хатыңызда айтылған түріндегіт.б. формалар диалогтық хаттардың өзіндік ерекшеліктеріне жатады. Сонымен бірге жауап күтушіге қаратыла айтылатын жауабын беріңіз, бұл туралы не ойлайтыныңызды білгім келеді, т.б. қолданыстар да ерекшеліктерге жатады. Диалогтық хаттардың енді бір ерекшелігі хатта жауап күтушіге тікелей қойылатын сұрақтардың болуы екені белгілі.
Көбтен хабар алмағанға хафа болып тұрыб едім сияқты стильдік құралдың өзі хаттың жауап түрінде жазылып отырғанынан хабардар етеді. Сұрақ әр түрлі болады.
Қазақ әдеби тілі тарихында әдеби тілдің нысаны болатын хаттар көп емес. Біздің әдеби тіліміздің қалыптасуы тарихындағы аса қымбат жәдігерлік ретінде бағаланатын хаттарға Шоқан мен әкесінің бір-біріне жазысқан хаттарын жатқызуға болады. Мысалы, Шыңғыс Уәлихановтың баласы Шоқанға 1860 жылғы 6 июльде жазған хаты; Шоқанның әкесі Шыңғысқа 1860 жылы 9 августа жазған диалогиялық хаттарын атауға болады.
Шоқан мен әкесінің хаттарына тән ерекшеліктер мыналар:
а) адресаттың нақтылығы немесе нақты бір адамға арналғаны (Шоқанның әкесіне, әкесінің Шоқанға арнауы);
ә)адресаттан жауап күтілетініні немесе жауап жазуға итермелейтін фразаның болуы. Атап айтқанда Шыңғыс хатындағы: ...өздеріңіздің есендіктеріңізді көбірек жазыб білдіріб біздерді қуандырыб тұрсаңыздар ақшаны да көбірек жіберермін әгарда аз жазсаңыз ақшаны аз жіберемін... . Я болмаса, өздеріңіз жүрерде маған бұйырған едіңіз ақшаны қанча чыққанын жазұб тұр деб һәр нечік сіздерге жалған айтыб болмас әуелкі жыл білмеген шаһар көбірек чықды киім қыдырдым форма сатыб алдым көйлек дамбал падшаға представит еткенде ұлұқтарға асқа барғанда каретамен жүрмек керек...);
б) хаттардың автордың керекті адамымен хат жазысуының нәтижесі болып табылатындығы (бұл жерде бір-біріне керек адамдар - әкесі мен баласы).
Шоқанның бізге белгілі хаттарының ішінде өзінің хаты жазылғанға дейінгі, яғни алдыңғы уақытта елден, әкесінен, т.б. адамдардың хаттарынан алынған сөзбе-сөз түріндегі дәйексөздер жоқ. Бірақ алдыңғы хаттар туралы, хабар алғаны жайлы ақпарат береді: Сіздің апрельдің 14-інде жазмыш мүбарак сәлем хатыңызды майдың 27-інде жолұғұб баршаларымыз шад болдұқ алхамдилла ахырының хайырын берсүн; Бірақ тек кейбір тұстарда алдыңғы хаттағы айтылған ойды қайталап айтады, онда да өз сөзімен айтып береді: Мақыжан һәм саламат ол бұ күнде дачада тұрады «пойұс» дегені кәмар белбеу ләкин аңа еш ләзім жоқ бекер жазған деуі алдыңғы әкесінің хатындағы: әгарда бар болса Мақының сұраған пойұс дегені не нәрсе екен оны бізке жазыңыз дегеніне әрі жауап, әрі әкесінің ойын сөзбе-сөз айтпаса да, ойын қайталап айту). Көбінесе хаттарда кездесетін ой қайталаулары тұрмыстық деңгейдегі деректер төңірегіндегі ғана, атап айтқанда, қант-кәмпит, ақша, киім туралы мәліметтер мен соларға байланысты туындайтын сұраулар, сұрауларға жауап төңірегінде жазылған.
Бірақ Шоқанның хатында алдыңғы хаттағы біреудің сөздерін өз сөзімен жеткізу, төлеу сөзбен беру (мысалға келтірілген түрдегі) кездеседі. Шоқан мен әкесінің бір-біріне жазысқан хаттарына қарап, олардың бірі үшін бірі тұрақты адресат болғанын көреміз.
Бұл хаттарда әсіресе, Шыңғыс хатында адам аттары, жер-су атаулары жиі қолданылған: Мұхамед-Ханафия, Густав Иванович, Жақыб, Әбіл-Мақыжан, Мұқан, Табай баласы Тастен, Нестерев, Майдел, Ғаббас ұлы Шеспе, Мұса Шалғынбай, Хисамеддин Шашабай, Жәңгір хан, Мақы, Бұқаш, Қасым баласы Көшек, Саржан баласы Қошқарбай, Шыңғыс Уәлихан ұғлы, Кенесары, т.б. екі адресаттың хаттарында да жер-су атаулары да жеткілікті түрде келтіріледі: Петербор, Омбы, Алматы, Қапал, Байан аула, Қарқаралы, т.б.
Шоқан өз хатында кісі аттарын аз келтіреді. Бірақ кісі аттарының жанына олардың лауазымдарын тіркеп отырады. Бұл оның адамды ұлықтаудың орыстық үлгісін бойына сіңіргенін көрсетеді: жанарал граф Толстой, сенатор Лубимов, афисер Алмұхамед Сейдалин, жанарал Безак, губернатор Григорьев, сұлтан Мұқан, т.б. Сонымен бірге Мұса әкем, Мақыжан деп ерекше жылылықпен туысқандарының атын атайды.
Бұл хаттарда мақал-мәтелдер ұшыраспайды, афоризмдер де жоққа тән. Күнделікті тұрмыстан жинаған тәжірибесі негізінде түйген ойын көрсететін Шоқанның мына сөздерін келтіруге болады: Әгар һәр айда жіберіб тұрсаңыз жақсы болар еді һәм аз шығар еді көб ақша қолда болса көбірек чығады; жырақ жерден жақын көңіл декен. Әрине, бұл афоризм бола алмайды, дегенмен түйін, тұжырым деуге келеді.
Шоқан хатында канцеляризмдер кездесіп қалады: апама балаларға ағайындарға сәлем айтарсыз, Законге тура келеді, алхамдила сау сәламат деб білесіз, т.б.
Хаттардағы тыныс белгілері туралы айтпаса болады. Өйткені тыныс белгілерін қоюдың нормасы болмағаны анық байқалады. Бұл сол тұстағы жазба мұралардың бәріне ортақ құбылыс. Мысалы: Ғаббас ұлы Шеспені білесін бе Мақының портретін есендік біздерке сөб жазыб тұрғайсын жырақ жерден жақын көңіл декен, т.б. Сөйлемнің басталуын, аяқталуын ойдың аяқталуына қарай айырамыз. Ешқандай тыныс белгісімен бір сөйлем екінші сөйлемнен ажыратылмайды. Емле нормасының тұрақтанбағаны осындай тұстарда анық сезіледі.Сөздердің жазылуындабірізділік жоқ, мысалыгубернатор/ ғубернатор сөзінің өзі бір хаттың ішінде екі түрлі жазылып кеткен.
Кірме сөздердің бір парасы араб, парсы сөздері иттифақда, хафа, һәммасы, иншалла, т.б. бөтен тілдік тұлғасын сақтайды. Ал орыс сөздерінің жазылуында бірізділік жоқ, дегенмен орыс сөздері де өзіндік тұлғаларын мейлінше сақтайды.
–Дүр формантының, -тұғын тұлғасының қолданыс алланікідүр сияқты сөздерде кездеседі. Көптік қосымшаларының жедел шақтың тұлғасынан кейін жалғануы байқалады: қойдылар.
Оқырманын немесе адресантын мезі қылатын фразалар бұл хаттарда жоққа тән,тек кейде көб сәлем айтадүр сияқты бірен-саран қолданыстар кездеседі.Жазба тілдің көріністері көп-ақ, оларға:бек құрмет қылды, бек зор қонақ қылды, ұшбу күнде дуаннан елге қайтбақға, бек ыхласты көб сәлем айтды, ұзұн ғұмыр мен бақыт бермекні деді, губернаторға мағлұм қылды, падшаһ хазіретіне кетті, жимақға жаһаттаныб жүр,көңілі хош болды,т.б. оралымдарды жатқызуға болады. Соныменбірге һәм, әгарда, бірлән (өзі бірлән), білән (Фридрих білән), ләкин шылауларынжәне табыс септігінің тек қана –ні тұлғасы (бермекні, ақсүйеклікні, аларны), Барыс септігінің –қа/-ке тұлғасының түбірге талғамай жалғануы (өздерңізке, білдіруке, бізке, т.б.), Шығыс септігінің ұяң –ден формасымен келуі (ішкілікден сақ бол), деген емес декен,жазушы емес жазғушы, ұлы емес ұғлы, оларға емес аларға, бұ, айтадүр, т.б. келтіруге болады.
Ауызекі тілдің элементтері бірді-екілі сөйлем түрінде кездеседі: Мұса мырзаға мен айттым Шоқан айтты ақшадан болмаса да жылудан деб, т.б.
Қарапайым лексика элементтеріне жататынтөменгі стиль элементтері жоқтың қасы, атап айтқанда, дөрекі, бейпіл сөздер мен сөз тіркестері хаттарда қолданылмайды. Мұны екі адресаттың да әлеуметтік ортасы, мәдениетінің жоғарылығымен түсіндіруге болады.
Жоғары стиль элементтерінің қатарына терминдер енетіні белгілі. Аталмыш хаттарда: форт, падшаһ, ревиз, портрет, музыкант, диплон, молла, пойұс, газет, хазірет, адиутант, хорунжа, медал, парауаз, формулар, список, карета, пристав, переводчик, т.б.терминдер кездеседі. Әрине, бұларды мағыналық топтарға бөлуге де болады. Егер топтастырып қарар болсақ, көбінесе қоғамдық-саяси лексика элементтері мен қоғамдық-саяси терминдерінің хаттарда жиі кездесетінін байқау қиын емес. Шеттілдік кірме сөздерді Шыңғыс та, Шоқан да өз хаттарында көп қолданған. Тіпті Шоқан ойын нақты жеткізгісі келгендіктен болар таза орыс тіліндегі сөйлемді тұтасымен береді: ...Карл Казимирович бірлән ақылдасаңыз (на основании указов 1746-1776 г. Марта 14 1884 г. Февраля 22). Кірме сөздердің көбі орыс тілінен енген орыс сөздері немесе орыс тілі арқылы енген шет сөздер.Оның ішінде: благородное собрание, военный губернатор (орыс тілінің заңдылығын сақтап жазған), бригаднай генерал, военнай ғубернатор, дворянски кназдық деген қолданыстарда орыс тілінің заңдылығы (согласование) жоқ. Орыс тілі арқылы енген шет тілдік сөздер лауазым, әскери шен атаулары түрінде ұшырасады: адиутант, майыр, пристыв, генерал/жанарал, т.б. Тағы бір айтар ерекшелік күрделі етістіктің жасалуына байланысты деп санаймыз. Орыс тіліндегі етістікпен қазақ тіліндегі етістікті тіркестіру арқылы күрделі етістіктің жасалуы: хлопатать етсеңіз.
Мағынасы түсініксіз төл сөздер жоқ деуге болады, ондай мағынасы күңгірттенген сөздерді кездестірмедік.Диалектілік элементтер ұшыраспайды.
Ай аттары түгел орыс сөздерімен берілген: май (майдың айағында), апрель, август. Ал араб-парсы сөздерінен жаһаттаныб, хайыр, иншалла, алла, хұда, инғам, иттифақда, ашналық, т.б. атауға болады. Көне жазба тіліне тән ерекшеліктерге сағ саламат, ерміш, нечік сөздері ұшырасады. Көнерген сөздер, кейін қолданысқа енген окказионалдар жоқ. Шоқан мен әкесі Шыңғыстың хаттарындағы ең қызықты әрі елеулі ерекшелік деп Р.Сыздық ондағы Сіз сыпайылық формасының қолданылуын көрсетеді. Шыңғыстың өз баласына сіз деп қаратып, қарым-қатынас жасауы жазба тілдің әсерінен болған деп санайды.
Индивидуальдылық немесе осы хаттарға тән айрықша қолданыс деп сәлеміне жолықтым/жолықбадым қолданыстарын айтуға болады. Сәлеміңді алдым, хатыңды алдым деудің орнына жолығу, жолықбау деп айту, әрине, тосын қолданыс.Сол бір уақыт үшін норма болғаны байқалады.
Алғашқы сіз ойлаған... түріндегі тіркесімдермен келген сөйлемдер адресантқа қайтарылатын жауап деуге болады. Екінші және үшінші ерекшелік те диалогқа шақыру екені көрініп тұр. Бірінші сіз жазғандай, сіз келтіргенге басталатын жауап тұтас хаттың тірегі болып, оның негізін құрауы мүмкін. Шоқанның хатындағы «Мақыжан һәм саламат ол бұ күнде дачада тұрады «пойұс» дегені кәмар белбеу ләкин аңа еш ләзім жоқ бекер жазған» түріндегі сөйлемі сіз сұраған дегенге келеді және хаттың негізін құрамағанмен, есеп беру, жауап қайтару болып табылады. Тұтасымен алғанда, Шоқанның хаттары әкесіне есеп беру түрінде жазылған хаттарға жатады.
Хаттар тіліне тән тағы бір ерекше тілдік белгі бағалаумен сөйлеуден байқалады. Өйткені автор әр оқиғаға байланысты, жекелеген адамдарға, олардың іс-әрекеттеріне байланысты өз көзқарасын білдіріп отырады. Көзқарас бағалауға сүйенеді. Аталған авторлардың ішінде Шоқанның хаттарында бағалауыштық реңкті (оттенкті) қолданыстар көп. Мысалы: Мұса әкем ақча жібере ме жібермей ме құда білсін ол өзі бір ғажаб адам...
Үнемі бір-бірімен хат алысып, жазысып тұрған тұрақты адресаттардың хаттары сол тұстағы жазба тілдік дәстүрдің нақты көрінісі деп білеміз.
Қазақ әдеби тілінің тарихында тұрақты хат-жауап түрінде өз адресатымен хабарласу Ыбырай Алтынсаринге тән болған. Оның Н.И.Ильминскиймен жазысқан хаттарының құны жоғары. Қазақ жазуы, емлесі туралы маңызды мәселе көтеретін бұл хаттар мәнін күні бүгінге дейін жоймаған деп санаймыз. Ондай нақты тақырыпқа жазылған хаттар Ыбырай Алтынсариннің хаттарының құндылығына куә. Хаттар қымбатты, шапағатты төрем деп басталады. Қазақ арасына орыс алфавитін енгізуді көздеген Н.И.Ильминскийдің көзқарасын өзгерту үшін татар жазуының әсері, орыс алфавитіне көз үйретудің қиындығы, мектеп оқулықтарының мектептің есігінен шықпай, таралмай қалуын дәлелдеуі, соның барысында орыс алфавитіне деген, оның қазақ даласына таралуына деген қарсылығы сезіледі. Алтынсариннің өзіндік ойы бар, өз көзқарасын қорғай алатын адам екені көрініп тұрады.
Хаттар көбінесе қоштасудың қош болыңыз формасымен аяқталады. Ал 1862 жылға 26 январьдағы хатын Өзіңіздің Алтынсариніңіз деп аяқталған.
Шыңғыс хат соңында хұдадан ... тілеп жазғушы деп өзінің аты-жөнін, лауазымын (аға сұлтан) тізіп көрсетеді.
Әдебиеттер: