Дәріс тақырыбы:Дефектологияның психологиялық негіздері
Мақсаты: студенттерге дефектологияның психологиялық негіздері жайында мағлұмат беру.
Тірек сөздер:компенсация, коррекция, реабилитация, бейімдеу.
Жоспары:
1. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар психологиясы
2. Арнайы педагогикадағы компенсация теориясы
3. Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы мекемелерге топтастыру.
Аномальды дамудың психологиясы немесе арнайы психология психикалық процестердің кешеуілдеуіне ұшыраған адамдарды зерттеумен айналысатын психологиялық ғылым. Мұндай зерттеулердің негізінде психикалық дамудағы кемшіліктерді анықтау мен компенсациялау, психикалық дамуында кемшіліктер анықталған тұлғаларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесі құрылады. Арнайы психология соқырлар психологиясы (тифлопсихология), саңыраулар психологиясы (сурдопсихология), ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар психологиясы (олигофренопсихология), сөйлеу тілі бұзылған балалар психологиясы деп бөлінеді.
Арнайы психологияның міндеттері:
-аномальды бала дамуындағы психикалық дамудың жалпы және спецификалық заңдылықтарын қалыпты бала дамуының психикасымен салыстыра отырып анықтау;
- мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың танымдық процестерінің даму ерекшеліктерін зерттеу;
- мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың тұлғалық даму ерекшеліктерін зерттеу;
- психикалық даму кезіндегі психикалық процестерді диагностикалау әдістемелерін құру;
- интеграциялы оқытудағы психологиялық проблемаларды зерттеу;
- мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың категорияларындағы балалар мен ересектер психикасының дамуына жағымды әсер ететін педагогикалық көмек көрсету жұмыстарының психологиялық негіздемесін құру.
Арнайы психологияның арнайы педагогика ғылымы үшін қажеттілігі арнайы психологияның негізінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың барлық категориясын оқыту мен тәрбиелеу, оқытудың тиімді әдістерін анықтау жүйесімен анықталады.
Арнайы психология үшін бұзылған функцияларды компенсациялау проблемасы маңызды. Психикалық дамуы бұзылған тұлғаларды арнайы оқыту мен тәрбиелеудің міндеті бұзылған функцияларды компенсациялаудың тиімді жолдарын анықтау болып табылады. Арнайы оқыту мен тәрбиелеу жұмысы компенсаторлық бағытта ұйымдастырылады. Психикалық функцияларды компенсациялау латын тілінен алғанда «теңестіру» деген мағынаны береді. Компенсация – сақталған анализаторлардың көмегімен бұзылған функциялардың жұмысын қалыпқа келтіру. Психикалық функцияларды компенсациялауда компенсациялау функциясының екі типі анықталған. Біріншісі, кемшілікке ұшыраған органның сақталған нерв жүйесінің элементтерін қалыпқа келтірудегі ішкі жүйелік компенсация (мысалы, есту қабілетінің бұзылуы кезінде сақталған есту қалдығын дамыту). Екіншісі, кемшілікке ұшыраған органның қызметін сақталған басқа анализаторлардың қызметі арқылы қалыпқа келтірудегі жүйе аралық компенсация (мысалы, соқыр балалардың көру анализаторын компенсациялау сезу, тері, қимылдық, есту анализаторларының көмегімен орындалады). Барлық жағдайларда компенсациялаудың екі типі де қатар жүреді.
Адамға тән компенсациялау формалары тұлғаның жан-жақты даму мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Мұндай мүмкіндіктер ғылыми білімді игеру, еңбекке араласу, дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыру, адамгершілік, тұлғалық қасиеттердің қалыптасуымен түсіндіріледі.
Компенсация теориясы арнайы педагогика ғылымының тарихымен байланысты даму жолынан өтті. Компенсация проблемасын түсіндіруде өзінің жаңа идеяларын ұсынған австриялық психолог және психиатр А.Адлердің еңбегі ерекше орын алады. Олардың ішіндегі тұлға өміріндегі ішкі психологиялық бірлік идеясы адам психикасының биологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты дамуын анықтайды. Сонымен қатар, З.Фрейд пен А.Адлер тұлғаның дамуы өмірдің алғашқы бес жылында дамитынын айтады. А.Адлердің жеке көзқарасы бойынша адам биологиялық жағынан бейімделуі әлсіз жан иесі, сондықтан оның пайда болуында алғашқы уақыттан бастап-ақ толықтай дамуға қабілетсіздік байқалады да, ол бірте-бірте бала дамуындағы қандай да бір физикалық немесе сенсорлық кемшіліктердің пайда болуына себеп болады деген болжам қалыптасқан. Толықтай дамуға қабілетсіздік, кемшілік адам үшін әр уақытта психиканың дамуына түрткі болатын кемшілік қана емес, жетістік жағдайымен, яғни компенсациялауға бейімділікпен түсіндіріледі. Өзінің кемшілігін жою мен басқалар арасындағы өз-өзіне деген сенімділікті ұялату, қалыптастыру адамның шығармашылық мүмкіндіктерінің қалыптасуына түрткі болады.
Л.С.Выготский мен А.Адлердің пікірінше, негізгі психологиялық заңдылық органикалық түрдегі толық дамымаушылықтан, субъективті түрдегі сезім органдарының толықтай дамымауынан, яғни адамның әлеуметтік поцизияның өлшемі болып табылатын компенсациялануға деген ұмтылысын бейнелейді.
Л.С.Выготский өзінің жеке көзқарастарын сыни тұрғыдан талдау жасауда, психикалық функцияларды компенсациялау проблемасы мен компенсациялануды биологиялық және әлеуметтік факторлардың негізін құрды. Бұл түсінік арнайы педагогиканың барлық салаларының дамуына, психикалық дамудың бұзылуы кезіндегі балалар категорияларының барлық типтеріне сай оқыту мен тәрбиенің тиімділігін анықтауға негіз болды. Л.С.Выготскийдің психикалық функцияларды компенсациялау теориясын қарастыру барысында бірнеше маңызды жағдайларды айқындауға болады.
Біріншіден, Л.С.Выготский аномальды балаларды әлеуметтік ортаға қосудағы белсенді түрде әрекет ету формаларын ұсынды. Л.С.Выготский, қандай да бір сезім органдарының қызметі бұзылған кезде басқа сезім органдарының әлсіздігінен іске қосылатындығын (естудің бұзылуы кезінде көру органдарының іске қосылуы) ашып көрсетті.
Екіншіден, Л.С.Выготский кемшіліктің құрылымын анықтады. Дамудағы алғашқы кемшілік екінші, үшінші кемшіліктерді туғызуға себеп болады. Дамудағы екінші кемшілік бала психикасының дамуындағы құрылымдық компоненттерді кемшілікке ұшыратады (аномальды балалардың барлығында бірдей сөйлеу тілі бұзылады).
Үшіншіден, Л.С.Выготский түрлі кемшілік кезіндегі адамдардың компенсациялану қасиеттері белсенді еңбекке араласу кезінде жүзеге асатындығын көрсетеді.
Төртіншіден, Л.С.Выготский мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың (сенсорлық қабілеттері бұзылған тұлғалар) физикалық дамуындағы мүмкіндіктерді есепке ала отырып компенсациялаудың мүмкіндігін анықтады.
Бесіншіден, Л.С.Выготскийдің пікірінше, компенсация процесі адамның әлеуметтену жағдайын жүзеге асырады. Индивидтің компенсаторлық мүмкіндіктері саналы түрде қалыптасады. Оның дәлелі ретінде, бала кезінен есту қабілеті бұзылған К.Э.Циолковскийдің мына сөздерін ұстануымызға болады: «саңыраулық мені өмір бойы қоршаған ортадағы адамдардан алшақтауыма себеп болып, мені өмір бойы қуғындаумен болды. Менің қандай да бір зерттеушілікпен айналысуымен себеп болды, себебі басқалар игерген қабілеттердің менде болмауынан көп нәрсені іздеуіме, көп нәрсемен айналысуыма тура келді», осы ойға жүгінсек, психикалық функциялардың компенсациялануы биологиялық және әлеуметтік факторларға да байланысты. Одан кейін Ресейлік психологтар (А.Р.Лурия, Б.В.Зейгарник, Р.Е.Левина, И.М.Соловьева, В.В.Лебединский, т.б.) зерттеулерінде психикалық функциялардың компенсациялану проблемалары қарастырылды.
Л.С.Выготскийдің зерттеулері К.С.Лебединскаяның ұсынған психикалық дамудың кешеуілдеу типтерін анықтаушы параметрлерді құруға негіз болды.
Бірінші параметр кемшіліктің функционалдылығымен байланысты кемшіліктің жалпы түрі бас миындағы реттегіштік жүйелердің (қабықтық бөлімдер) бұзылуымен немесе ішінара кемшілік жеке түрдегі функциялардың жетіспеушілігімен түсіндіріледі.
Екінші параметр - кемшіліктің пайда болу уақыты - психикалық дамудағы кемшіліктің сипаттамасын анықтайды. Кемшілік неғұрлым ерте басталса, психикалық дамудағы кемшілікті анықтау соғұрлым жеңіл болады. Психикалық даму кезіндегі әрбір функция дамудағы интенсивтілікпен түсіндірілетін сензитивті кезеңнен өтеді. Психикалық функциялардың тұрақсыздығы регресс құбылысына апарып, құлдырау құбылысын көрсетуі мүмкін.
В.В.Лебединскийдің пікірінше, дамудың кешеуілдеуі ешқашан теңеспейді, біріншіден, сензитивті кезеңге ұшыраған психикалық функциялар бұзылады. Сондықтан психикалық дамуы бұзылған балада бір функциялар сақталса, екінші бір функция зақымданса, үшінші функция кешеуілдейді.
Үшінші параметр Л.С.Выготскийдің кемшіліктің жүйелі түрдегі құрылуы бірінші және екінші кемшіліктер арасындағы арақатынасы туралы түсіндіріледі.
Төртінші параметр - функционалдық қатынастардың бұзылуы.Қалыпты психиканың дамуы мына функциялардың тәуелсіздік, ассоциация және иерархияның байланысын орнатады. Функциялар арасындағы уақытша тәуелсіздіктер онтогенездің ерте кезеңдерінде байқалады (мысалы, екі жасқа дейінгі уақыттағы ойлау мен сөйлеудің дамуындағы тәуелсіздік). Ассоциативтік (Н.А.Бернштейн, 1966) байланыстардың көмегімен түрлі сезімдік белгілер біртұтас бөлікке жинақталады (үйдің образы, жыл мезгілі).
Психикалық функциялардың әрбіреуі өзінің жеке дамуына сай сензитивті кезеңде ауысып бір-бірін толықтырып отырады. Психикалық дамудың бұзылуы кезінде функионалдық бұзылулар байқалып психикалық дамуда диспропорция орын алады. Мысалы, саңыраулық кезінде көрнекі-образды ойлау, сөздік-логикалық ойлау, ауызша және жазбаша сөйлеудің әлсіздігі байқалады.
Көрсетілген параметрлер танымдық, моторлық, эмоционалдық дамудың бұзылуы кезінде түрліше сипатталады. Осы бағыттағы психологтардың, дефектологтардың, психиатрлардың зерттеулерін қорытындылай келе, В.В.Лебединский психикалық дамудың кешеуілдеуін мынадай типтерге бөледі: жетіспеушілік, дамудың кешеуілдеуі, дамудың бұзылуы, дамудың тапшылығы, дамудың әлсіреуі, дамудың дисгармониялылығы.
Дамудың жетіспеушілігінерте кезеңдегі бас миының зақымдануы арқылы анықтайды (мысалы, ақыл-ойдың жетіспеушілігі). Психикалық функциялардың кейбіреулері біркелкі дамымайды, соның ішінде жоғары психикалық функциялар (ойлау, сөйлеу).
Дамудың кешеуілдеуітанымдық әрекеті мен эмоциясының ерте балалық шақтағы өзгерістерге ұшырауымен түсіндіріледі.
Дамудың бұзылуы(2-3 жастан кейін)бас миының белгілі бір бөліктері қалыптасып болғаннан кейінгі бас миының патологиялық жағдайлардың әсерінен болатын кемшіліктермен түсіндіріледі. Дамудың бұзылуын айқындайтын кемшіліктерді эмоцияның, тұлғаның бұзылуымен, мақсатқа бағытталған әрекеттердің бұзылуы, интеллектінің дамуындағы регреспен байқалатын органикалық деменциямен түсіндіреміз.
Дамудың тапшылығы организмнің белгілі бір жүйелерінің (көру, есту, сөйлеу, тірек-қимылдық бұзылуы) күрделі түрдегі бұзылуларымен түсіндіріледі. Мұндағы бірінші кемшілік функциялардың дамымауымен түсіндірілсе, дамудың тапшылығы кезіндегі компенсация оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары арқылы жүзеге асады.
Дамудың әлсіреуі ерте балалар аутизмімен түсіндіріледі. Бұл жағдайдағы психикалық функциялардың қалыптасу процесінің реттілігі өзгеше сипат алады. Мұнда қалыпты дамумен салыстыра отырып анықталады, яғни бұл балалардың сөйлеу тілі қимылдық функциялардың дамуынан алға шығып, заттық-практикалық әрекетке қарағанда сөздік-логикалық ойлау бірінші қалыптасады. Бұл кезде қарқынды дамып отырған функциялар басқаларды реттеп отырады.
Дамудың дисгармониялылығы эмоциялық-ерік аймағындағы жүре пайда болған психиканың дисгормониялылығмен түсіндіріледі. Мысалы, бұған сыртқы ортаның тітіркендіргіштеріне адекватсыз түрде реакция беру нәтижесінде өмірге, қоршаған ортаға бейімделудің қиындығымен сипатталатын психопатияны жатқызамыз.
Аталған өзгерістердің барлығы белгілі бір уақытта байқалып, тұрақты түрде дамиды. Сонымен, психикалық даму – психикалық процестердің белгілі бір уақыттағы сандық, сапалық, құрылымдық ерекшеліктерге қарай анықталатын психикалық өзгерістердің заңдылығы.
Арнайы психология мен арнайы педагогиканың дамуына негіз болған Л.С.Выготскийдің ғылыми қорытындылары аномальды бала психикасының дамуы қалыпты бала психикасындағы негізгі заңдылықтарға тәуелді деген пікірді ұстануымызға болжам жасайды.
Келесі бір ғылыми түрде дәлелденген заңдылық психиканың дамуындағы тепе-теңдіктің болмауы, біріншіден, мидың белсенді түрдегі дамуымен, екіншіден, жеке психикалық функциялардың негізінде қалыптасады деген болжамды түсіндіреді.
Жас ерекшелік кезеңнің әрбіреуінде психикалық функциялардың қайта құрылуы жүзеге асады. Бұл кезде психикалық функциялар өзара топтасып, сандық жағынан емес сапалық құрылымы жағынан өзгерістерге ұшырайды.
Психиканың дамуындағы орын алатын тағы бір маңызды заңдылық компенсациялық қабілеттерге қарай нерв жүйесінің бейімделуі. Бұл бала психикасының даму процесі эволюция мен инволюция процесімен байланысты.
Арнайы психологиядағы ерекше маңызға ие жағдай - психикалық даму кезіндегі биологиялық және әлеуметтік факторлар арасындағы қатынас. Биологиялық факторларға ұрықтық даму кезіндегі қалыптасатын темперамент, қабілеттің ұшқындары жатады. Әлеуметтік факторларға баланың өмір сүріп отырған ортасы, идеологияның типтері, мәдени дәстүрлер, дін, ғылым мен өнердің даму деңгейі, оқыту мен тәрбиенің ерекшелігі жатады. Л.С.Выготский биологиялық және әлеуметтік факторлардың бірлігі мен байланысын түсіндіре отырып, даму процесіндегі өзара бірліктің алатын орнын екі түрлі ерекшелікпен көрсетеді. Біріншіден, даму процесінде көрсетілген көмек түрі өзгеріп отырса, екіншіден, әрбір фактордың психикалық функциялардың дамуында алатын өзіндік маңызы бар. Қарапайым психикалық функциялардың дамуында биологиялық, тұқымқуалаушылық фактор ерекше болса, күрделі психикалық функциялардың дамуында әлеуметтік факторлардың алатын ролі ерекше. Бала еңбекке араласу, тілді игеру, өнерді меңгеру сияқты әлеуметтік тәжірибелерді өздігімен игере алмайды. Сондықтан бұл кезде ересектер тарапынан көмек көрсетілуі керек.
Психиканың дамуындағы заңдылықтарды анықтауда арнайы психологияның алатын орны ерекше. Психиканың дамуындағы кемшіліктер биологиялық факторламен (бас миының органикалық зақымдануы, гендер мутациясы, ұрықтық дамудың патологиясы, туылу кезіндегі патология) белгіленуі мүмкін. аталған кемшіліктердің пайда болу уақыты, себептері аномальды дамуды айқындауы мүмкін.
Психикалық даму кезіндегі орын алатын биологиялық факторлармен қатар әлеуметтік факторлардың әсерінен микроәлеуметтік ортадағы педагогикалық артта қалушылық ерекше орын алады. Мұның нәтижесі интеллектуалдық және эмоциялық дамудың кешеуілдеуіне апарады. Кемшіліктің бұл түрінде онтогенез дамуының ерте кезеңіндегі жағымсыз тәрбиемен, интеллектуалдық және эмоциялық дамудың тапшылығымен түсіндірілетін депривацияқұбылысы орын алады.
Қалыпты және аномальды даму кезіндегі психикалық процестердің дамуына тән заңдылықтармен қатар аномальды дамуға тән жалпы заңдылықтар бар.
Біріншіден, кемшіліктің барлық типіне тән жалпы ерекшелік, ақпаратты қабылдау, өңдеу, сақтау мен қолданудағы қабілеттің төмендігі. Мұндай ерекшелік онтогенез дамуының белгілі бір кезеңінде орын алуы мүмкін. Мысалы, есту қабілеті бұзылған балалардың ақпаратты көру арқылы өңдеу қабілеті (10-11 жасқа дейін) мектепке дейінгі және кіші мектеп жасында ғана байқалады.
Екіншіден, аномальды балалардың барлық категорияларында ойлау арқылы тілдік қарым-қатынасқа түсудің қиындығы ерекше орын алады. Ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар есте сақтау қабілетінің төмендігінен ассоциациялы түрдегі ойлауды жүзеге асыруда қиындықтарға жолығады.
Үшіншіден, аномальды балалардың барлығында түсініктерді қалыптастыру қабілеттері әлсіз. Мысалы, ақыл-ой дамуы кешеуілдеген мектеп жасына дейінгі балалар заттарды формаларына, түстеріне қарай топтастыра алмайды. Заттарды ерекше белгілеріне қарай классификациялауда тіпті қиын болады. Сонымен қатар, ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалардың жалпы сөйлеу тілінде, психикалық дамуында айтарлықтай кемшіліктердің әсерінен, белгілі бір жас ерекшелік кезеңіндегі психикалық функциялардың қалыптасу процесі аяқталмағандықтан, реградация құбылысы байқалады. Белгілі логопедР.Е.Левина жалпы сөйлеу тілі бұзылған балалардың бойында автономиялы сөйлеудегі ұзаққа созылған патологиялық жағдайлардың орын алатынын сипаттады. Қалыпты психиканың дамуындағы автономиялы сөйлеуде баланың жасына тән сөздерді қолдануы байқалады. Ересектер бала тілінің дұрыс қалыптасуы үшін сөздердің дұрыс айтылуын, сөздердің үлгілерін көрсету, фонематикалық есту мен артикуляцияның дамуына жағымды әсер етудегі жұмыстарды жүргізеді. Ал, жалпы сөйлеу тілі бұзылған балаларда мұндай инволюция орындалмайды. Алдағы уақыттағы сөйлеудің даму қорытындысында автономиялы сөйлеу мен қалыпты сөйлеудің орын алмасуы байқалмайды. Соңғысы дамудағы кемшіліктің бір түріне ғана тән психиканың даму заңдылығы бар. Ол заңдылық есту қабілетінің бұзылуына тән, яғни көрнекі-образды ойлау қалыпты балалармен салыстырмалы түрде, импрессивті сөйлеу (оқу) мен экспрессивті сөйлеу (жазбаша) көрнекі-образды және сөздік-логикалық ойлау арқылы дамиды. Белгілі сурдопсихолог И.М.Соловьев есту қабілеті бұзылған балалар психикасының даму жолын уақытында жүргізілген сурдопедагогикалық жұмыстар бала психикасының дамуына оң әсер ететіндігімен көрсетеді.
Арнайы психологиядағы ерекше орын алатын практикалық міндеттердің бірі мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау, оларды диффиренциялды диагностикалау, диагностикалау қорытындысы бойынша психодиагностикалық әдістемелерді жасақтау болып табылады. Аталған міндеттерді шешуде жалпы қағидалар қабылданған.
Дамуында кемшілігі бар балалар арнайы оқыту мен тәрбиені, емдік - сауықтыру көмекті керек етеді. Осы көмек түрлерінің тиімділігін арттыруда олардың жағдайларын ерте диагностикалау қажет. Кемшілікті бекітіп қана қоймай балаға көрсетілетін көмек пен оларды арнаулы мекемелерге орналастыруға бағытталған кемшіліктің мінездемесін, сандық, сапалық көрсеткіштерін білу керек.
Аномальды балаларды арнайы мекемелерге топтастырумен психологиялық – педагогикалық - медициналық сараптама мамандары айналысады. Мамандар осы тұрғыда төмендегідей принциптерге сүйенеді:
Адамгершілік принципі. Бұл принцип баланың максималды мүмкіндігін дамытуы үшін балаға қажетті жағдай жасауға бағытталады. Бұл принциптің міндеті балаға терең зерттеу мен қиындықты жеңе білуді үйрету болып табылады.
Баланы жан-жақты зерттеу принципідиагноз қою кезінде баланы зерттеу жүргізген дәрігер – мамандардың, яғни дәрігер, дефектолог, психологтардың алған мәліметтеріне сүйенуді міндеттейді.
Баланы жан-жақты және біртұтас зертеу принципітанымдық әрекетті, эмоциялық-ерік аймағын, тәртібін зерттеуді көздейді. Баланың дамуына әсер ететін физикалық жағдайларды да есепке алады. Тұтастай зерттеуде бала туралы анықталған барлық мәліметтерді сәйкестендіру басшылыққа алынады. Жан-жақты және тұтастай зерттеу баланың оқу, еңбек, ойын әрекетінде жүргізілсе нәтижелі болады.
Баланы динамикалық зерттеу принципі диагностикалық зерттеуде баланың берілген тапсырманы орындай алуын есепке алып қана қоймай, оқу кезіндегі мүмкіндіктерін де есепке алу керек. Осы принциптің негізінде Л.С.Выготскийдің «жақын даму зонасы» мен оқудағы потенциалдық мүмкіндіктері анықталады.
Сандық - сапалық әрекет принципі баланың орындаған тапсырмасының қорытындысын ғана емес, таңдалған міндеттердің рационалдылығы, операциялардың логикалық реттілігі, мақсатқа жетудегі тұрақтылықты есепке алады (С.Д.Забрамная)
Анықталған паталогиялық кемшіліктерге сәйкес балалалрды саралау принципі арнайы мекемелерге орналастыруда басшылыққа алынады. Мысалы, сөйлеу тілінде кемшілігі бар балаларға арналған балабақшаларға есті қабілеті қалыпты сөйлеу тілінде фонемаларды қабылдай алмаушылығы немесе сөйлеу тілінде тұтығу анықталған балалар қабылданады.
Дамудағы кемшіліктің күрделілігіне қарай оқытуды саралау принципі дамудағы кемшіліктің ұқсастығына, күрделілігіне қарай әдістемелер құрастыруды қолданылады. Мысалы, соқыр балалар Брайль жүйесі бойынша тактильдік негізде білім алса, нашар көретіндер көру негізі арқылы оқытылады.
Жас ерекшелік принципі балаларды топқа немесе сыныптарға бөлуде басшылыққа алынады.
Психологиялық -педагогикалық зерттеулер кезінде қолданылатын әдістер тобы:
Әңгімелесу әдісі арқылы тәртіп нормалары, кемшіліктің белгілері, аты – жөні, жақындары, достары, жасы, туған жылы туралы мәлеметтер алынады. Егер, баламен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігі болмаса, баланы қызықтыру мақсатында көрнекі құралдарды пайдалану керек.
Бақылау әдісі баланың кеңес беру орталығына келген кезден бастап жүргізіледі. Баланы әр түрлі әрекет кезіндегі көңіл-күйі бақыланады. Алынған мәліметтердің барлығы қағазға түсіріліп отыруы тиіс.
Суреттері зерттеу әдісі баланы тексеру кезінде суреттердің көмегімен саралау-диагностикалау жұмыстарын жүргізуде қолданылады. Балаға сурет салдыру кезінде еркін тақырыптарды таңдауда нақты диагнозды анықтауға көмектеседі. Ақыл-ой дамуында кемшілігі бар балалар тақырып таңдауда қиындықтарға кезігеді. Психикалық ауытқулар анықталған балалар салған суреттерінің мағынасын түсіндере алмайды. Щизофреник балалардың салған суреттері аяқталмайды, яғни суреттің геометриялық жағы, негізгі белгілері көрсетілмейді. Суреттерді бояу, салынатын суреттің пішіні мен формасын білмеу, суретті салу кезінде алысқа баруға қорқу сияқты белгілер анықталады. Эпилепсиялы деменция мінездемелері белгіленген балалар сурет салу кезінде шектен тыс нақтылық, баяулық, ойын жинақтаудағы қиындықтар арқылы анықталады. Сурет бойынша диагностикалық мақсаттарды шешуге, басқа баламен қарым-қатынасқа түсуге болады.
Эксперименттік-психологиялық зерттеу әдістері кезінде арнайы зерттеуді қажет ететін психикалық процестерді актуализациялау үшін нақты ситуациялық жағдайларды туғызуға мүмкіндік болады.
Тест әдісі балаға психодиагностикалық зерттеу жүргізу мақсатында қолданылады. Осы мақсатта кеңінен қолданылатын Д.Векслердің балалар тесті. Бұл тест ақыл-ой кемшілігінің жеңіл түрін психикалық дамудағы кемшіліктен ажыратуда маңызды. Д.Векслер тесті вербальды немесе вербальды емес мағынаға ие диагностикалық тапсырмалардан тұрады. Барлығы 5-15 жас аралығындағы балаларға арналған 12 субтест. Бұл тесттің көмегімен балалардың айтылғанды қайталай алу, суретт картиналардың реттілігін білу, текшелерден фигуралар құрастыру, цифрларды шешу сияқты дамудағы психикалық функцияларды анықтауға болады (С.Д.Забрамная).