Зін-өзі тану» оқу пәнінің мазмұны – рухани-адамгершілік
АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
«Тәрбие — тал бесіктен басталады»
Иллюстрацияланған әдістемелік құрал
Астана 2010
«Тәрбие — тал бесіктен басталады» әдістемелік құралы. - Астана, 2010. - 117 бет.
Авторы: Омарбекова А.И.
Пікір берушілер: Г.Қ. Айқынбаева,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, п.ғ.к.
Ұсынылып отырған әдістемелік құралда ұлттық тәрбие негізінде балалардың адамгершілік тәрбиелілігі жеке тұлғаның белгілі бір адамгершілік сапаларының жиынтығы ретінде қарастырылған. Сонымен қатар адамгершілік қасиеттердің құрылымдық түрлері: адамгершілік сана, сенім, мінез-құлық дағдылары мен әдеттері толығымен ашылып, талданған.
Берілген құралды оқу-тәрбие процесінде пайдалануға ұсынылады.
Мазмұны
Кіріспе | ||
Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері | ||
«Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мазмұны – рухани-адамгершілік... | ||
Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формалары мен әдістері..... | ||
Халық педагогикасындағы ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесі | ||
Ұлттық тәрбие ұлағатты іс | ||
Қазақ халық ауызекі шығармашылығының түрлері және оның бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктері. | ||
Ұлттық ойындардың педагогикалық– психологиялық мәні. | ||
Бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың алатын орны және оларды пайдалану ерекшеліктері.. | ||
Ұлттық ойындарды пайдалану бойынша тәрбиеші жұмысының мазмұны. | ||
Ұлттық тәлім-тәрбие беруге арналған жаттығулар. | ||
Қазақтың ұлттық балалар ойындарының бағдарламасы | ||
Қорытынды | ||
Әдебиеттер тізімі. |
Кіріспе
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру, тәрбие мәселелесінде ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек» - деп атап өткен. Мұндай тәрбие жұмысын әдетте мектепке дейінгі тәрбиеден, яғни, балабақшадан бастаған дұрыс.
Қазіргі таңда халқымыздың баға жетпес асыл мұралары оқу-тәрбиелеу үрдісінде қолданылып келеді. Әйтсе де, олардың балабақшаларда қолданылуы өз деңгейінде болмай отыр. Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі балалардың бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек.
Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуына ең алдымен ата-анасы міндетті. Бала тілінің дамуы негізінен эмоциялық ортаға, әр баланың отбасында қалыптасқан әкесі мен анасының, атасы мен әжесінің, үлкен мен кішінің қарым-қатынасына тығыз байланысты. Баланың өзге адамдармен қарым-қатынасының негізі өзінің отбасында қалыптасады.
Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, жастарға оқу-білім және тәрбие ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана қабілетінде, түсінік-талғамында, мінез-құлқында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеп отыр.
Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі бүлдіршіндерге үлгілі тәрбие беру – қазіргі қоғам алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Имандылық, ізгілік, адамгершілік, елжандылық және де басқа кісілік қасиеттер балабақшада, мектеп қабырғасында қалыптасады. Бұлар арқылы өскелен ұрпақты алға талпындыруға, Отанды сүюге, ата-аналарға, үлкендерге деген кішіпейілдікті бойына сіңіруге, салауатты өмір сүруге, залалды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеуге тиіспіз.
Бүгінгі өскелең ұрпақтар- болашақ Қазақстан азаматы. Олар ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып ХХІ ғасыр есігінен еркін еніп жүре алатын дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті болуы шарт.
Мектепке дейінгі тәрбие жұмысын жан-жақты ұйымдастыра отырып, бүлдіршіндерді тәрбиелеу болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін, рухани ойлау дәрежесі биік, Отанын сүйгіш еңбекқор, іскер ізденімпаз, қабілетті адам даярлау мақсатына бағытталады.
Өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу бүгінгі күн тәрбиесіндегі бірден-бір қажетті, кезек күттірмес мәселе. Қазіргі кезеңде біздің елімізде тәрбие тек мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепте ғана жүргізіледі деп түсініп, тәрбиеге кей ата-ананың аса мән бермеуі аян. Мұндай тәрбие баланың санасында әдепке, тәртіпке деген немқұрайлық көзқарас тудырып, көптеген балалардың қайырымсыздығын, мейірімсіздігін байқатып отыр.
Сондықтан бүлдіршіндерді тәрбиелеудің алғы шарттары – тәрбиенің тал бесігі отбасы, балабақша тәрбиесінен мектепке дейінгі кезеңнен басталып, мектеп қабырғасымен жалғасып және одан әрі дамыту міндеті туындайды.
Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері
Егемен елiмiздiң тiрегi – бiлiмдi ұрпақ. Қазақ халқының өмiрiнде тәрбие жеке отбасының ғана мұраты болған емес, ұрпақ болашағы ежелден ортақ мүдде деп түсiнiлген. Біздiң болашағымыз – өсiп келе жатқан жас ұрпақ. Жас ұрпақ ел-тiрегi, ертеңiмiздiң кепiлi.
Дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда толық жетілген тұлғаны тәрбиелеу және соған байланысты әлеуметтік-экономикалық, психологиялық мәселелер күннен күнге күрделене түсуде. Осыған орай, бүгінгі күні әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық.
Болашаққа оқу-бiлiм сәулесiн таратқан халқымыздың ағартушы- педагогы, қазақ даласында тұңғыш мектеп ашқан, Ыбырай Алтынсарин, ұлы ғұлама Абай Құнанбаев, көрнектi қоғам қайраткерi, ғалым-ұстаз Ахмет Байтұрсынов, қазақ жерiнде тұңғыш ұлттық педагогика, психология пәндерiнiң негiзiн қалаған Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытовтардың ұрпақ тәрбиесiне қосқан үлесi, қалдырған мұрасы кешегiнi бүгiнгiмен жалғастырып келе жатқан игiлiгi мол қазына екенi сөзсiз. Олардың шығармашылық асыл мұралары бұл күнде жас ұрпаққа тәрбие мен бiлiм беру жүйесiнiң төрiнен орын алып, тәрбиенiң дәрмендi құралдарының бiрiне айналып отыр.
Ұрпақтардың табиғи түрде алмасуы қай кезде болмасын маңызды қоғамдық міндет болып табылатын алдыңғы ұрпақтардан келесі ұрпақтарға әлеуметтік тәжірибені жинақтап жеткізетін тәрбие процесі орындалатын білім және тәрбие беру жүйесіне қоғамның аса көп көңіл аударуын талап етіп отырған.
Тәрбие мақсаттарын тереңінен білу педагогтарда негізінен айтқандай адамды қалыптастыруы қажет екені туралы, өздерінің іс-әрекеттеріне не нәрсе саналылық, айқын бағыт, қисындылық беретіні туралы көзқарас тудырады.
Сонымен қатар тәрбие мақсаттарының одан ары айқындалуы оның міндеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері тәрбиелік жұмыстардың мазмұнын анықтауға тікелей қатысты.
Тәрбие мазмұны – әр тұлғаның өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне қамтамасыз етуге, оның өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасауға бағытталған, қоғамның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің бірі. Сонымен бірге, тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке тәрбиелеу, өз қоғамына тығыз байланысты, және сол қоғамды жетілдіруге ұмтылған адам және азамат қалыптастыру қамтамасыз етіледі.
Тәрбие мазмұнының мәселесі тәрбие бағдарламаларымен тығыз байланысты. Нақты бір білім беру мекемесіндегі тәрбие мазмұны мекеменің өз бетінше жасап, қабылдап іске асыратын білім беру бағдарламаларымен анықталады. Тәрбие бағдарламалары тәрбиенің негізгі мақсаттары мен міндеттер шеңберін анықтап, тәрбие мазмұнының сипаттамаларын, ерекшеліктерін, негізгі бағыттарын ашып көрсетеді.
Болашақ қоғам мүшелерін тәрбиелеудің стратегиялық бағыты ретінде делдалдық қасиетке ие, жалпы адамзаттық құндылықтарды игере алатын, ұлттық санасы дамыған, көп мәдени тұлғаны қалыптастыру болып саналады.
Осыған ойлар «Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу тұжырымдамасында» (1995ж.), «Білім беру жүйесіндегі мемлекет саясатының тұжырымдамасында»(1996ж.), «Қазақстан республикасындағы этномәдени білім беру тұжырымдамасында»(1996ж.), «Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарындағы тәрбиелеудің кешенді бағдарламасында» (2000ж.), « 2005-2010 жылдарда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» (2004ж.), «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беру тұжырымдамасында (2004ж.), және мектептегі тұтас педагогикалық процесті ұйымдастырудағы Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің тағы басқа құжаттарында көрініс алады. Жас ұрпақты тәрбиелеу үнемі тұрақты идеялар мен құндылықтарға негізделуі керек.
Сондықтан да, қазіргі замандағы барлық тәрбие жүйесінің идеалық негізі ретінде бірнеше ғасыр тәжірбиесінде қалыптасқан және дәлелденген адамгершілік принциптері болуы тиіс. Адамгершілік ең алдымен адамның адамдығын білдіреді: адамдарға деген махаббат, сүйіспеншілік, психологиялық сабырлықтың жоғарғы деңгейі, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы мейірімділік, тұлғаны сыйлау, қошеметтеуді кәрсетеді. «Адамгершілік» ұғымы адамды ең жоғарғы құндылық ретінде санайтын құндылық бағдарлары жүйесі ретінде қалыптасады. Адамгершілікті қазіргі заман талабына сай қарастырсақ онда адам тұлғасының тұтас, жан-жақты қалыптасуына көп көңіл бөлінеді.
Бұлжан-жақтылық оның интеллектуалды, рухани, адамгершілік, дене жәнеэстетикалық қабілеттерінің үйлесімді дамуы арқылы айқындалады. Сонымен, адамгершілік тұрғысынан, тәрбиенің түпкі мақсаты болып әрбір адамның таным, қарым-қатынас, іс-әрекет жасаудың толық субъектісі болуы, яғни, өмірде орын алатын барлық жағдайларға жауапты, тәуелсіз, дербес тұлға бола алуы қарастырылады.
Тұлғаны жан-жақты дамыту идеясын іске асыру негізінде баланың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оның ақыл-ойын дене бітімін, күш-жігерін үйлесімді дамыту заңының талаптары жатыр.
Қазіргі кезде ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде педагогтардың тәрбие мазмұны жайлы айтылатын пікірлер бірдей емес. Тәрбиені ізгілендіру және демократияландыру процестерімен қатар басқа да сұрақтар кеңінен талқыланып, олардың шешілуі тәрбиені жаңа сапалы деңгейге көтеруі тиіс. Бірақ барлық зерттеуші-педагогтардың тәрбие мазмұны жайлы ізденістері мынандай маңызды идеяларға негізделген:
1.Тәрбиенің мақсаттарын нақты түрде қою.
2.Балабақшаның, мектептің, жанұяның педагогикалық процесінде балалар мен үлкендердің ынтымақтастығы.
З.Адамның өмірдегі өз орнын анықтай білу мәдениеті.
4.Тәрбиенің жеке тұлғаға бағытталуы. Аса көп көңіл бағдарламалар мен іс-шараларды орындауға емес, тек балаға бөлінуі керек.
5.Баланың қабілеттерін, қызығушылықтарын, ескере отырып, баланы өз еркімен тәрбиеге қатыстыру.
6.Ұжымдылыққа бағыттау.
Тәрбие стратегиясының нақты ұстанымдары «Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында тәрбиелеудің кешенді бағдарламасында» анықталған. Білім және тәрбие беретін ұйымдарда тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру барысында тәрбиешілер төмендегі аталып отырған принциптерді іске асыруға қабілетті болулары қажет:
- педагогтың тәрбиеленушіні өз дамуына өзі жауапты субъект ретінде қарастырып отыра, тәрбиенің адамгершілік бағытта жүргізілу принципі;
- табиғи және әлеуметтік мәдени процестердің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан түсінуді қарастыратын табиғатқа сәйкестілік принципі;
- жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық мәдениет ережелері мен аймақтық дәстүрлерге сәйкес тәрбиелеуді қарастыратын мәдениетке сәйкестілік принципі;
- әлеуметтік бейімделу дағдыларын, өзін-өзі іске асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік әрекеттестіктің тиімділік принципі;
- тұлғаның әлеуметтік және мәдени құзырлығын (компетенттігін) дамыту принципі.
Тәрбие мазмұны жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. Оған: көзқарасты қалыптастыру, адамгершілікке, еңбекке баулу, тұлғаның саяси-идеялық, эстетикалық дамуы, дене шынықтыру, оның түрлі іс-әрекеттеріне жағдай жасау жатады.
Тәрбиенің түрлері мен олардың өзгешіліктерінің сипаттамасы.
Адамның жеке тұлға ретінде дамып, қалыптасуында әлеуметтік тәжірибе мен жалпы адамзаттық мәдениеттің маңызы зор. Кең мағынада мәдениет адам іс-әрекетінің белсенді-шығармашылық сипатында қарастырылады. Әлеуметтік ортадағы әр бір адам мәдениеттің материалдық, рухани, әлуметтік-нормативті болып бөлінетін үш бөлігін игеруі тиіс. Жалпы адамзаттық мәдениеттің әрбір бөлігі әр адамның дайындық деңгейінің бір қырын көрсетеді. Мәдениеттің белгілі бір саласының немесе бір іс-әрекет түрінің дамуына байланысты, қоғамда өсіп келе жатқан ұрпақты осы іс-әрекет түріне дайындау қажеттілігі туындаған. Яғни, нақты бір іс-әрекет түріне даярлауды ұйымдастыру тәрбие түрін анықтайды. Мысалы, өнердің дамуына байланысты эстетикалық тәрбие қажеттілігі туындады. Әлеуметтік-экономикалық бағыттың дамуымен қоғамның нарықгық экономикаға, нарықтық қатынастарға өтпелі кезеңінде жас ұрпақты экономикалық тәрбиелеу қажеттілігі пайда болды. Яғни, қоғамдағы барлық процестер өзара тығыз байланысты да, өзара келісілген.
Тәрбиенің барлық түрлері балабақшаның, мектептің педагогикалық процесінде ғылым негіздерін үйренуде, сонымен қатар отбасында да жүзеге асады. Оқушылар балабақшадағы, мектептегі білім мен тәрбие алған барлық жылдары бойы адамзат еңбегімен құрастырылған өмір мен мәдениет құндылықтарымен танысады. Педагогикалық әдебиеттерді талдау барысында тәрбие түрлерінің әртүрлі негіздер бойынша топтастырылатыны көрінеді.
Ең жалпылама топтастыру көне дәуір философтарының ілімдерінен бастау алатын ақыл-ой, рухани, адамгершілік, еңбек, дене тәрбиесін қамтиды.
Ақыл-ой тәрбиесі – балалардың ақыл-ой күштері мен қабілеттерін дамыту, ой еңбегін игеру арқылы қоғам, табиғат, адам туралы ғылыми білімдер жүйесін меңгеру процесіне мақсатты және жоспарлы түрде ықпал ету.
Ақыл-ой тәрбиесінің мақсаты: балалардың ақыл-ой күштерін және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту.
Жеке тұлғаның адамзат мәдениетіне ену процесінде білімнің рөлі, ақыл-ой мәдениетінің құрамды бөлігі ретінде қарастырылатын тұлғаның ғылыми көзқарасы өте өзекті. Ақыл-ой тәрбиесі барысында балалардың танымдық қызығушылықтары, логикалық ойлау, есте сақтау, зейін қою, елестету қабілеттері, икемділіктері мен дарындылықтары дамиды.
Ақыл-ой тәрбиесі ғылымдар негіздерін, өндірістің ғылыми принциптерін зерттеуді қарастырады. Ақыл-ой тәрбиесі білімді тереңдетуге, бекітуге, оның тәжірибелік мәнін түсінуге септігін тигізеді.
Ақыл-ой тәрбиесін жүргізу барысында тәрбиешілер балалардың жеке ерекшеліктерін ескеріп отырулары тиіс. Кейбір балаларда дарындылықтары бір салада жақсы байқалса, басқаларында – басқа салада байқалады. Жас ерекшеліктері бірдей болса да балалар арасында тез немесе өте баяу жұмыс жасайтын, ойлау, есте сақтау мүмкіндіктері және меңгерген теориялық материалды қайта айтып беру қабілеттері әр-түрлі балалар кездеседі.
Адамгершілік тәрбиесі – тұлғаның әлеуметтік ортада тіршілік етуіне қажетті қоғам талабына сай балалар бойында тұрақты моралдық қасиеттерді, нормалар мен адамгершілік идеалдарды, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді үйрету және қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиенің мақсаты: жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген тұтас адамгершілік тұлғаны қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиесінің міндеттері мен мазмұны мораль, этика, адамгершілік, адамгершілік ұғымдар, түсініктер, сезім, әдептілік, өзін-өзі ұстау мәдениеті деген ұғымдармен тығыз байланысты болады. Адамгершілік тәрбиесінің бір ерекшелігі оның тәрбиеленушілердің іс-әрекеттерінің кез келген түрімен байланысты болуында.
Адамгершілік тәрбиенің міндеттері:
- адамгершілік сана-сезімді қалыптастыру;
- адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу және дамыту;
-адамгершілік мінез-құлықтың әдеттері мен іскерлікгерін қалыптастыру;
- адам санасында оның қоғаммен байланыстылығын, қоғамға тәуелділігін, қоғам мүддесіне өзінің мінез-құлқын сай болу қажеттілігін қалыптастыру;
- қоғамның адамгершілік идеалдарымен, талаптарымен таныстыру, олардың заңдылығы мен парасатылығын делелдеу;
-өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге талпынуды қалыптастыру.
Адамгершілік адамның тұлғалық сипаты болып саналады да, мейірімділік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, әділдік, еңбек сүйгіштік, тәртіптілік, ұжымдылық деген қасиеттерді біріктіреді. Ұлы Абай шығармашылығының негізгі өзегі – адамның адамгершілігі, ар-ұяты, ақылдылығы болып келеді, мысалы «Адам бол», «Өзіңдегі адамгершілікті сақта» – деген өсиеттері осыны айғақтайды.
Құқықтық тәрбие – балалардың құқұқтық сана-сезімін, қоғамдағы құқықтық нормалар мен құқұқтық мәдениетті сақтау, заңды құрметтеу дағдыларын қалыптастыру.
Құқықтық тәрбиенің мақсаты: балаларды күрделі құқықтық қоғамдық қатынастармен таныстыру.
Құқықтық тәрбиенің міндеттері:
- құқықтық мемлекеттік азаматты тәрбиелеу;
-өмірге қажетті қарапайым заңгерлік сауатылықты меңгеру дағдыларын қалыптастыру;
-балаларды өз құқықтарымен, міндеттерімен құқықтық жауапкершіліктерімен, құқықтық қатынастармен таныстыру.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын бірнеше заң құжаттары бар. Балаларды қоғамдық өмірге дайындау маңыздылығы, және ұлттық сана-сезім мен азаматтықты тәрбиелеу принциптері негізінде жасалған бала құқығы мен мүдделерін іске асыруда пайда болатын қатынастарды қадағалайтын «Балалар құқықтарының декларациясы», Қазақстан Республикасының «Балалар құқығы туралы заңы», «Балалар құқығы туралы конвенция» іске асырылуда.
Әлеуметтік ортадағы өмір әр адам бойында өз Отанына деген сүйіспеншілікті, азаматтық қасиеттерді қалыптастыруды талап етеді. Әр бала жеке тұлға болуға, өз өмірін өзі құруға, өз ойын еркін айтуға, азамат болуға құқылы.
Азаматтық тәрбие– балаларды қоғамның саяси өмірінің негіздерімен таныстыру, өзінің азаматтық міндеттерін орындауға дайындығын қалыптастыру.
Азаматтық тәрбие жеке тұлғаның азаматтық сана-сезімін, конституциялық, құқықтық көзқарасын қалыптастыруды қарастырады.
Азаматтық тәрбиенің міндеттері:
- тұлғаның өз абыройын бағалап кұрметтеу сезімін, жеке тәуелсіздігін және тәртіптілігін қалыптастыру;
- адамға өзін заңды, саяси, әлеуметтік тұрғыдан әрекетшіл екенін сезіндіретін тұлғаның азаматтылығын қалыптастыру;
- тұлға бойында басқа азаматтарға және мемлекетке деген сыйластық және сенімділік қатынастарын қалыптастыру;
Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, оны қорғауға деген даярлық адамгершілік тәрбиесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Экологиялық тәрбие – ол бала санасында табиғатты қорғау, аялау сезімін, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Экологиялық тәрбие мақсаты: табиғатқа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, оны қорғауға даярлықтарын қалыптастыру.
Экологиялық тәрбиенің міндеттері:
- жас ұрпаққа жоғарғы экологиялық мәдениетін бірізді дамыту;
- табиғатқа қоғам дамуының материалды және рухани күштердің қайнар көзі ретінде қарап, оның тағдыры үшін жауапкершілікті сезіну;
- адамдардың санасы мен іс-әрекеттерінде табиғат байлықтарын тиімді пайдаланып, оларды сақтау қағидаларын бекіту;
- қоршаған ортаға зиян келтірмей кейбір шаруашылық-экономикалық мәселелерді шешетін дағдылар мен іскерліктерді қалыптастыру.
Үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастырудың маңызды және көп ғасырлар тәжірибесінен тексеріліп өткен қағидасы тәрбиенің бастамасы еңбекке баулу екені анық. Еңбек, адам іс-әрекеттерінің негізгі түрі бола тұра, жеке тұлғаны дамыту факторы және әлемді шығармашылық тұрғысынан меңгеру тәсілі ретінде қарастырылады.
Еңбек тәрбиесі – еңбек етуге психологиялық даярлықты, еңбекке деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру, еңбек тәртібі мен мәдениетін меңгеру.
Еңбек тәрбиесінің мақсаты: балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарастарын, еңбек етуге даярлықтарын, мамандықты саналы тандауларын қалыптастыру.
Еңбек тәрбиесінің міндеттері:
- тәрбиеленушілерді еңбек іс-әрекетінің әр түріне мақсатты бағыттайтын жалпыға пайдалы еңбек қажеттілігін қалыптастыру;
- белсенділік, іскерлік, еңбекті құрметтеу сияқты қасиеттерді дамыту;
- тұлғаның қайсарлығын, ұқыптылығын, тапқырлығын, ептілігін және басқа да жігерлік қасиеттерін дамытатын қажетті дағдыларды бекіту;
- балалардың ұйымдастырушылық қабілеттерін, ұжымдық еңбекте ынтымақтастық және өзара көмектесу, өзара жауапкершілік сезімдерін дамыту.
Еңбек тәрбиесі отбасында да әр түрлі жолдармен іске асады. Балалар өзіне-өзі қызмет көрсетуге кеңінен қатыстырылады. Олар үй шаруашылығында көптеген міндеттер атқарады; отбасы бюджетіне, оның пайдалануына қатыстырылады. Балалар мен ересектердің бірлесіп жұмыс істеуінде отбасының мүмкіндіктері зор. Еңбек тәрбиесінің құрамды бөлігі болып экономикалық тәрбие саналады.
Экономикалық тәрбие – балалардың нарықтық экономика жағдайында шаруашылықты тиімді жүргізу қағидалары мен нормаларына сай сана-сезімдерін, дағдыларын, іскерліктерін, мүдделерін қалыптастыруға жүйелі және мақсатты ықпал жасау.
Экономикалық тәрбиенің міндеттері:
- экономикалық сана-сезіммен ақыл-ойды, саналы қажеттіліктерді қалыптастырып бекіту;
- адам бойында ұқыптылық, тәртіптілік, үнемішілдік, іскерлік, ұйымдастырушылық, еңбек сүйгіштік сияқты қасиеттерді қалыптастыру;
- балалардың шығармашылықпен еңбек ету және тиімді, үнемді, аз шығандармен жоғары нәтижелерге жете алу іскерліктерін дамыту;
- тиімді экономикалық іс-әрекетке деген ынта мен талпынысты қалыптастыру.
Дене шынықтыру тәрбиесі –адам денсаулығын сақтау мен нығайту және дененің дұрыс дамып қалыптасуына жеткізу.
Дене шынықтыру тәрбиесінің мақсаты: салауатты өмір сүру негіздерін білу және ұстану, өз еркімен дене шынықтыру және спортпен шұғылдану дағдыларын қальштастыру.
Дене шынықтыру тәрбиесінің міндеттері:
- денсаулықты нығайтуға және дене шынықтыруды дұрыс дамытуға ықпал жасау;
- табиғи қозғалысты қасиеттерді дамытып жетілдіру;
- дене шынықтыру мен жүйелі шұғылдануға тұрақты қызығушылық пен қажеттілікті тәрбиелеу;
- табиғат күштерімен балалар денесін шынықтыру (күн, су, ауа)
- ақыл-ой және дене еңбегіне қабілеттілікті жетілдіру;
- гигиеналық дағдыларды қалыптастыру.
Дене шынықтыу тәрбиесінің мазмұны жас ұрпақты дене шынықтыру мәдениетінің әр түріне, әскери-өнер әрекеттеріне қатысуын, адам денесінің оның ақыл-ой, сезім, еріктерімен үйлесімді дамуын қамтиды.
Эстетикалық тәрбие –балалардың бойында өз өмірін сұлулық заңдарына сай құра алу қажеттіліктері мен дағдыларын қалыптастырады.
Эстетикалық тәрбиенің мақсаты: балалардың шығармашышық қабілеттерін, әлемді сұлулық заңдары арқылы тануға қызығушылықтары мен талпыныстарын дамыту.
Эстетикалық тәрбиенің міндеттері:
- эстетикалық білімдерді қалыптастыру;
- эстетикалық мәдентиетке тәрбиелеу;
- ата-бабаларымыздан қалған асыл мәдени мұраны игеру;
- шынайы қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты орнату;
- эстетикалық сезімдерді қалыптастыру;
- адамды өмірдегі, табиғаттағы, еңбектегі әсемдікке баулу;
-өз өмірін және іс-әрекеттерін сұлулық заңдарына сай құру қажеттіліктерін дамыту;
Эстетикалық мәдениетті қалыптастыру процесінде балалар бойында өнердегі, өмірдегі, табиғаттағы, тұрмыстағы, еңбектегі, мінез-құлық және іс-әрекеттегі әсемдік пен әдемілікке деген әсерлі сезімталдық дамиды.
Әлемді эстетика тұрғысынан танудың субъективті қыры ретінде эстетикалық сезімдер, әсемдікке деген көзқарас, бағалау, ой-толғаныстар, идеялар, яғни адамның эстетикалық саналылығы қарастырылады.
Әр баланың өз қолымен әсемдікті тудыруға қатысуы бейнелеу өнері, ән-күй, хореография сабақтары, шығармашылық бірлестіктер мен студияларда жұмыс істеуі арқылы іске асады.
Жоғарыда аталған тәрбиенің барлық бағыттары тұтас педагогикалық процесте орын алып, өзара тығыз байланыста болады. Тәрбиенің әр бір түрі басқа түрлерімен қатар жүргізіліп, бірін бірі толықтырады, педагогакалық процесс барысында өзара тәуелді болады. Мысалы, ақыл-ой мен дене шынықтыру тәрбиесінің байланысы денсаулық пен оқытудың өзара тәуелді ұғымдар екенін көрсетеді. Өйткені тәрбиеленушінің денсаулығы неғұрлым мықты болса, соғұрлым оның оқуы мен дамуы тиімді сапалы болады.
Жеке тұлғаның тұтас қалыптасуында тәрбие бағыттарының барлығы жеке процестердің қосындысы ретінде емес, бірлескен, өзара байланысқан, тұтас процесс ретінде қарастырылады, себебі баладағы үйлесімділікті тек қана үйлесімді әсер етумен калыптастыруға болады.
зін-өзі тану» оқу пәнінің мазмұны – рухани-адамгершілік
Тәуелсіз Қазақстан үшін жалпы адамзаттық мәселе, рухани бай тұлғаны қалыптастыру мәселесі өзекті сипатқа ие болып отыр. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік-рухани қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеу үшін, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды, әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуға бет бұруы қажет. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде уақыт талабына сай болу С.А. Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» атты білім жобасының негізінде оқу жоспарына жаңа пәннің енгізілуінің қажеттілігін айқын аңғартып отыр.
Адамның өмірдегі орнын өзі белгілеу мәдениеті тәрбие мазмұнының маңызды бөлігі болып саналады. Адамның өмірдегі өз орнын өзі белгілеу мәдениеті оны жеке өмірінің және жеке бақытының жауапты субъектісі ретінде сипаттайды. Тұлғаның қоғамдық сана-сезімінің дамуының белгілі бір сатысында, адам өзінің жеке басы үшін тек сыртқы мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын да түсінеді. Ол өзіне-өзі тәрбиенің субъектісі ретінде қарай бастайды. Өзінің тұлға ретінде қалыптасуы, оның жеке белсендігінсіз мүмкін еместігін түсіне бастайды.
Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие процесінің құрамды бөлігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.
Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу бір педагогикалық әдісте орналасып, тұлғаны қалыптастыру деген тұтас процестің екі жағы болып саналады. Әрбір педагог тек тәрбиенің заңдылықтарын біліп қана қоймай, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеудің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін жақсы түсінуі керек.
Тұтас педагогикалық процесте әр балада өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік әр-түрлі жас кезеңдерінде байқалады. Осы қажеттілік әсіресе балалардың жасөспірімдік шағында анығырақ байқалады. Себебі, балалар осы шақтарында өздерінің жеке «Мен»-дерін үнемі іздеу үстінде болады, түрлі спортгық секциялар, үйірмелер, қызығушылықтары бойынша клубтарға қатысады. Дәл осы кезеңде олардың жеке күнделіктерін бастап өз ойларын жазулары, өз мінез-құлықтары мен сезімдерін бағалаулары, ұл балалар мен қыз балалар үшін арнап құрастырған сауалнамаларын қызыға толтырулары, түрлі заттарды әуестікпен жинастырулары кездейсоқ процесс емес.
Қазіргі кезде балабақшаларда, мектептерде міндетті түрде өзін-өзі тану сабақтары енгізілуде, өзін-өзі тану мектептері де бар. Өзін-өзі тәрбиелеу өте ұзақ және адамның бүкіл өмірі бойы жалғасатын процесс екенін айта кету қажет.
Өзін-өзі тәрбиелеу адамның жеке «Мен» – дігін жүйелі түрде зерттеуін, қажымас қайраттылықты, үлкен ерік-жігерлік күшті қажет етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу мектебі адамнан көптеген күш-қайратты жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді.
Өзін-өзі тәрбиелеу адамның рухани қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Адамның өзін-өзі жетілдіріп, өзімен жұмыс істеуінде кітаптардың маңызы зор. Өйткені, кітаптар бізді жақсы адам болуға ынталандырады, қызықты адамдармен таныстырады. Өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды бөлігі – мотивтерді, ынтаны дамыту. Жақсы, ақ ниетті болуға талпынбай, адамзаттың білімдер байлығын, адамзат мәдениетін игеруге тырыспай жан-жақты тәрбиелі және білімді адам болу мүмкін емес. Психологиялық-педагогикалық ғылымдарда өзін-өзі тәрбиелеудің кең қолданылатын тәсілдері болып өзіне-өзі баға беру, өзіне-өзі бұйыру, өзін-өзі құптау, өзін-өзі түзету және т.б. саналады.
Өзін-өзі тәрбиелеу өзін-өзі бағалаудан басталады. Өзін-өзі бағалаудың негізін жеке адамның өзі қабылдаған құндылықтар жүйесі, тұлғаның жеке маңыздылықтар жүйесі құрайды. Өзін-өзі бағалау адамның өзін басқа адамдармен салыстыру арқылы қалыптасады, және осындай салыстыру табиғи түрде жүргізіледі де өте қызықты болды. Өзін-өзі нақты бағалау, өзін-өзі тәрбиелеудің мақсаттарын дұрыс құрастыруға мүмкіндік береді. Өзін-өзі бағалау жоғарлатылған, нақты, төмендетілген болуы мүмкін. Тұрақты және жаңа ақпараттар әсеріне, жинақтаған тәжірбиесіне, қоршаған адамдардың пікірлеріне байланысты өзгеріп отыратын бейімделгіш өзін-өзі бағалау түрі адамның дамуы мен тиімді еңбек етуі үшін ең қолайлы бағалау болып саналады.
Өзіне-өзі бұйыру дегеніміз адамның өзіне-өзі берген қысқа, үздік-үздік үкімі. Өзіне-өзі бұйыру адам өзін нақты бір іс-әрекет жасау керектігіне сендіріп, енді басқаша әрекет жасауға болмайды деп сезгенде ғана қолданылады. Бұйырықты түрде өзінен бір іс-әрекеттің орындалуын талап ету қажеті адамның өз кемшіліктерін анық көріп тұрып, бірақ сол жоспарланған істі орындауға күші жетпей тұрған кезде қолданылады. Өзіне-өзі бұйыру еріктік процеспен тығыз байланысты. Өзіне-өзі бұйыруда жаттығу үшін адам өзіне дауыстап бұйырық беріп оны қайта-қайта қайталап орындап отыруы қажет. Өз бұйырығын екі апта аралығында орындап жүрген адамда өз бұйырығын автоматты түрде орындау әдеті пайда болады.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзін-өзі құптаудың маңызы зор. Адамның есінде өздерінің үлкен жетістіктерге жеткен кездері сақталып қалады. Адамның жетістіктері оған рухани, интелектуалдық, күш-жігерлік қорларының ішкі мүмкіншіліктерін айтып, өмірдің жаңа белестерін жеңе алатынына сенімділік. Кейбір өмірлік жағдайларда адам «өткенді ойлап» осындай жағдайдан қалай жол тауып шыққанын еске түсіргеніабзал.
Өзін-өзі бақылау – адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық процестер мен көңіл-күйлерін түсінуі, бағалауы және реттеуі. Бұл тәсіл адамға айналадағылармен сабырлы қарым-қатынаста болу іскерліктерін, басқа адамдардың кемшіліктеріне, әлсіздіктеріне, қателіктеріне шыдамды болуды үйретеді. Аталған тәсіл көмегімен адам шиеленіс жағдайларды реттеп, ұстамдылыққа, күрделі жағдайларда байсалдылық, сабырлық сақтауға үйренеді.
Өзін-өзі түзету адамға өз мінез-құлқын, кемшілікгерін, қателіктерін және басқа адамдарға деген қарым-қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі түзету адамның өзіне сын тұрғысынан қарауына байланысты болады.
Адамзат тарихында ұлы адамдарға өмірлік бағдарламасын нақты орындауға көмектескен өзін-өзі түзету мысалдары өте көп кездеседі. Өзін-өзі түзету өзін-өзі жетілдірудің тиімді тәсілдерінің бірі.
Педагогика теориясы мен тәжірибесінде тәрбие мазмұны ең маңызды және көкейтесті ұғымдардың бірі. Қазіргі тәрбие мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір тарихи кезеңде қоғамдық сананың даму ерекшеліктеріне идеялық және құндылық ұстанымдарға байланысты жетіліп отырды.
Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формалары мен әдістері
Тәрбие процесi – бұл күрделi диалектикалық процесс. Тәрбие процесi әр уақытта динамикалық (қозғалысты) жылжымалы болады. Сондықтан педагогикалық ықпал бiр балаға жағымды ал екiншi балаға терiс ықпал етедi. Осыған байланысты тәрбие процесiнде баланың көңiл-күйiн психикалық жағдайын тұрған орнын ескерген жөн. Қазiргi педагогикалық теорияда тәрбие әдiсi ұғымы әлi де жете зерттелмеген мәселелердiң бiрi. Өйткенi бұл жөнiнде әр түрлi көзқарастардың бар екенi байқалуда. Бұған көптеген авторлардың тәрбие әдiсіне берген анықтамалардың өзi-ақ дәлел бола алады.
Тәрбие әдiсi ұғымы туралы анықтамаларға тоқталсақ. Осы анықтамаларға қарағанда шамасы әрбiр автор тәрбие әдiсi туралы ұғымды өзiнiң зерттеу жұмысының нәтижесiне сүйенiп түсiндiреді. Бiрақ әр түрлi анықтамалар бiр мақсатты көздейдi, бұл сананың дамуына баланың мiнез-құлық тәжiрибесiнiң қалыптасуына әдiстiң тәрбиелiк ықпал жасауы.
Сонымен, тәрбие әдiсi-бұл тәрбиешiлер мен тәрбиеленушiлердiң өзара байланыс iс-әрекеттерiнде балалардың адамгершiлiк, еңбек және тағы басқа қасиеттерiнiң қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсiлдерi. Қазiргi кездегi көпшiлiк арасында жүргiзiлетiн тәрбие жұмыстарының мақсаты, мазмұны әр адамға, оның ой-өрiсiне, сезiмiне, мiнез-құлқына ықпал жасауы тиiс. Бұл орайда тәрбиешінің рөлi өте зор. Өйткенi олар балалардың тәрбиесiне байланысты мiндеттердi шешедi және тәрбие әдiстерi мен тәсiлдерiн жетiлдiредi. Бұл мiндеттер тәрбиешіден сауаттылықты, iзденімпаздықты, өз iсiне асқан шеберлiктi талап етедi.
Оқу-тәрбиенi бiр-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды, олар өзара тығыз байланысты. Тәрбиенi күнделiктi сабақта тәрбиеленушінің бойына сiңiремiз. Оқу мен тәрбие егiз. Бала - шыбық, қалай исең солай майысады, оны тәрбиелеп, мiнсiз азамат етiп жеткiзудiң кiлтi бiрiншi –тәрбиеші, екiншi – ата-ана.
Тәрбие үшiн бiлiм беру, оқыту әдістемесінің өзiнiң көзқарасын, мәдениетiн өмiрлiк тәжiрибесiн келер ұрпаққа беретiн ересек адамның және бiлiмнiң маңызы аса зор. Мұның бәрi балалардың дамуын бағыттайтын және олардың қалыптасу ерекшелiктерiн анықтайтын ықпалдық күштер жүйесiн құрайды .
Тәрбие iсi екi жақты процесс болып саналады. Ол бiр жағынан педогогтың тәрбиелiк жұмысын қамтитын болса, екiншi жағынан осы жұмыстың объектiсi тәрбиешiнiң әсерiмен, оның мақсаты педагогтың ықпалымен жұмысқа бесене араласатын балаларды қамтиды.
Тәрбие жұмыстарының әдістері тәрбиенің мақсатына, принциптеріне және мазмұнына, балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне, олардың тәрбиелік дәрежесіне байланысты. Тәрбие әдістері тәрбие жұмысының мақсаттары және мазмұнымен анықталады, ал мақсат әдістің бас критерийі. Барлық әдістер тәрбие мақсаттарын іске асыруға, оқушыларды мінез-құлықтың қоғамдық нормасына үйретуге, адамдармен қарым-қатынас жасауға және олардың іс-әрекетіндегі құнды тәжірибелерін пайдалануға бағытталуы қажет. Әдістерді іске асыру барысында тәрбиеші тәрбиеленушілерге педагогикалық ықпал жасайтын тәрбиенің тәсілдері мен құралдарын да қолданады.
Тәсіл әдістің құрамды бөліктері, әрбір әдістің тәсілдері болады. Мысалы: үйрету мен жаттықтыру әдістерінің тәсілдері нұсқау, көрсету, машықтандыру, тапсырма т.б. Тәрбие барысында әдістер мен тәсілдер арасында нақты шекара жоқ, өйткені ол құбылмалы, өзгергіш болып келеді.
Тәрбие құралдарына іс-әрекеттерінің түрлері, көрнекі құралдар, көптеген коммуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (тәрбиеші, ата-ана, ересек адамдардың сөзі және олардың өнегесі) жатады. Тәрбие мақсаты жемісті болу үшін осы құралдарды тиімді пайдалану керек.
Педагогикалық процесті сауатты ұйымдастыру үшін тәрбиеші оның теориялық негіздерін түсініп, оның мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын, формалары мен әдістерін, тәсілдерін ажырата алуы қажет. Формалар мен әдістер педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекетінің қозғаушы күші болып табылады, соның арқасында жеке тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады.
Педагогикалық ықпал ету тәсілдері – жеке тұлғаның қоршаған ортамен мақсатты әрекеттестігін ұйымдастыруға жағдай жасау. Сондықтан педагогикалық процесте жеке тұлғаның әрекеттестік жасайтын ортасы (табиғи, әлеуметтік, материалдық, рухани) және осы әрекеттестікті ұйымдастыратын іс-әрекеттің түрлері (қарым-қатынас, таным, ойын, еңбек сабақ т.б.) жатады.
Педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекеті мен қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Оқу-тәрбие процесінің субъектілері әрекеттестігінің формалары мен әдіс-тәсілдер арқылы шешілетін белгілі бір мақсаттары мен міндеттері, тиісті мазмұны бар, логикалық тұрғыдан аяқталған, белгілі бір уақыт аралығындағы педагогикалық процесс.
Тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру формалары әдістер мен әдістемелік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Тәрбие әдістері дегеніміз тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты іс-әрекеті. Педагогикалық процеске қатысушылардың тәрбие мақсаттарына бағытталған тәрбиеленушілердің белсенді іс-әрекетін ынталандырудың тәсілдері мен нақты әрекеті. Әдіс-тәсіл деген де ұғым бар. Әдістемелік тәсіл дегеніміз әдістің жеке көрінісі, әдіске қарағанда ол бағыныңқы сипатта болады.
Формалар, әдістер, тәсілдер сияқты ұғымдар шынайы педагогикалық процесте өзара тығыз байланыста болады біріншіден, олар бір-біріне тәуелді (формалар мен әдістер тәсілдер арқылы жүзеге асады);
Екіншіден, күнделікті тәжірибеде олардың арасында белгілі бір айырмашылық жоқ тәрбие әдістері мен тәсілдері әрдайым бірін-бірі алмастырып отырады: кей жағдайларда әдіс тәсілге айналады.
Педагогикалық әдебиеттер мен тәжірибеде тәрбие әдістерінің көптеген түрлерінің сипаттамасын кездестіруге болады. Тәжірибеде мақсат пен нақты жағдайларға сай әдістерді таңдап алу қиын, сондықтан оларды тәртіпке келтіру, яғни жіктеу қажет.
Жіктеу – арнайы белгілері арқылы құрастырылған жүйе. Әдістерді жіктеу олардың жалпы және өзіне тән, маңызды мен кездейсоқ, теориялық пен тәжірибелік жақтарын анықтауға көмектесіп, оларды дұрыс таңдап, нәтижелі қолдануға әсер етеді.
Жіктеуге сүйене отырып, тәрбиеші әдістер жүйесін түсініп қана қоймай, әртүрлі әдістер мен олардың түрлерінің қызметі мен өзіне тән ерекшеліктерін де жете түсінеді. Көптеген зерттеушілер әдістерді жіктеуде мына қағидаларға сүйенеді:
-жеке тұлға іс-әрекет нәтижесінде дамып қалыптасады;
-оқушыларды тәрбиелеу процесі өте күрделі іс-әрекет;
-жеке тұлғаның қалыптасып келе жатқан қасиеттері құрылысы жағынан күрделі.
-мақсатты жақтарын біріктіретін бағыттылық- интегративтік сипаттамасы негізінде жіктеу обьективті және ең ыңғайлысы болып есептеледі. Осы сипаттамаға сәйкес тәрбие әдістерін үш топқа бөлуге болдады:
- жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері;
- іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру әдістері;
- мінез-құлық пен іс-әрекетті ынталандыру әдістері.
Жалпы педагогика ғылымында тәрбие әдістерін жіктеу 3 топқа бөлінеді.
1-топТәрбиеленушілердің іс-әрекеттеріндегі, қарым-қатынасындағы, мінез құлқындағы жағымды тәжірибені қалыптастыру әдістері: талап, қоғамдық пікір, үйрету, арнайы тәрбиелік ситуация.
Талап, мінез- құлық нормасының көрнісі, балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру. Талаптың ынталандыру және тежелу функциялары бар. Ынталандыру функциясы – бұл жұмысты бастау және аяқтау. Тежелу – басқа адамдардың жұмысына кедергі келтіретін әрекетті тоқтату.
Қоғамдық пікір – бұл ұжымдық талаптың бейнеленуі, ал талап – нақты міндет, оны іс әрекет процесінде орындау қажет. Ұжым мүшелерінің байымдауы, баға беруі – бұл қоғамдық пікір, ұжымның еркі мен күші. Ұжым тәрбие субъектісі, педогогтың тірегі.
Үйрету әдісі баланың орындағыштық, сыпайылық (инабаттылық), мұқияттылық, табандылық сияқты қасиеттерін қалыптастырады. Балалардың өмір тәжірибесі кеңейіп, санасы дамыған сайын, үйрету әдісі өзінің алғашқы маңызын жойып, басқа әдістермен бірігеді. Мысалы, бұл әдіске өте жақын жаттықтыру жатады.
Жаттықтыру әдісі – бұл түрлі ситуацияда балалардың моралдық тапсырмаларды орындауы. Жаттықтыру әдісінің ұжымның мүддесімен, талаптарымен қабысуы қажет. Мысалы, кез-келген тәрбиелік шараларды мезгілінде бастау балаларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Үйрету және жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау көрсету, машықтандыру, тапсырма.
2-топ Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері (ұғым, байымдау – пікірін айту, баға беру, сендіру). Бұл топтың әдістері: саяси, этикалық әңгіме, әңгімелесу, пікірталас, өнеге.
Әңгіме – бұл балалардың санасын қалыптастыру әдістерінің бірі. Балалар әңгіме әдісінде саяси, этикалық, эстетикалық мәселелерді талдауға белсене қатысады, олардан тиісті қорытынды шығару үшін ойланады, ақылға салып түсінеді. Әңгіме әдісі кез – келген мәселеде ұқыпты дайындықты талап етеді. Әңгіме әдісін іске асыру үшін мыналарды ескеру керек:
1. Тақырыптың көкейтестілігі, яғни өмірге қажеттілігі балалардың мүддесіне жауап беруі тиіс.
2. Әңгіменің мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы қажет.
3. Әңгіменің тақырыбына сәйкес техникалық құралдарды тиімді пайдаланған жөн.
4. Тәрбиеленушілер үшін әңгіме тартымды, қызықты болуы керек.
3-топМадақтау және жазалау әдістері. Өткізілетін тәрбиелік шаралардың сапасын және тиімділігін арттыру үшін, кейде, адамгершілік тәрбиесінің әдістері көмектесуді қажет етеді. Бұл жағдайда мадақтау және жазалау әдістері пайдаланылады. Мадақтау тәрбиеленушіні іс-әрекетінде және мінез-құлқында белсенділікке ынталандырады. Жазалау баланың өзінің теріс мінездері үшін ұялтады, оның теріс қылықтарын тежейді.
Мадақтау – бұл баланың жағымды мінез-құлқын ынталандыру құралы. Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін сезе білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі, орынсыз мадақтаудан балада менмендік, тәкаппарлық, дандайсушылық туады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәліметтер керек.
Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу тәсілдері. Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында бол