Деңгейлеп оқыту технологиясы

Деңгейлеп оқытуда міндетті және мүмкіндік деңгейлердің өзара сабақтастығы ескеріледі, Блум жүйесі негізге алынады. Деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушылар берілетін алгоритмдік тапсырмаларды мұғалімнің бағыт-бағдар беруімен орындайды. Деңгейлеп оқытудың жоғарғы сатысы -шығармашылық тапсырмаларды орындауда оқушылардың өзіндік-даралық ерекшеліктері ашыла түседі. Бұл ретте әр оқушының тұлғалық дамуы оның алған білімі мен шығармашылық қабілетіне қарай бағаланады.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы дегеніміз – әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту, тәрбиелеу бағытында жүзеге асатын технологияның түрі. В.П.Беспалько деңгейлеп, саралап оқытудың жаңа жолдарын ұсынып, оны төмендегідей деңгейлерге жіктеді:

Бірінші - оқушылық деңгей. Аталған деңгейде ұсынылатын тапсырмалар бағдарлама талабына сәйкес беріледі.

Екінші-алгоритмдік деңгей. Бұл деңгейде тапсырмалардың мазмұны күрделендіріле ұсынылады.

Үшінші -ізденушілік деңгей.Аты айтып тұрғандай, бұл деңгейде ұсынылатын тапсырмалар оқушыны ізденушілікке жетелейтіндей болуы шарт. Олар өзара сабақтастыққа, жүйелілікке негізделіп, оқушылардың танымдық қабілетін мен танымдық құзіреттілігін жетілдіруге бағытталады.

Төртінші-шығармашылық деңгей. Бұл деңгей оқушының шығармашылық қабілетін, дарындылығын, талантын ұштауға, оның жеке қабілетін дамытуға көмектесетін тапсырмалардан тұрады. Аталған деңгей тапсырмалары оқушының бүкіл қабілетін дамытып, жетілдіруге ықпал етеді.

Деңгейлеп оқытуда мұғалім ақпарат беруші және ұйымдастырушы, кеңес айтушы қызметін ғана атқарады. Деңгейлеп саралап оқыту технологиясының алдына қойған мақсаты  оқытуды оқушының әр түрлі топтарына, ерекшеліктеріне сай бейімдеу, ыңғайлау. Оқушылардың өзіне деген сенімділіктерін қалыптастыра отыра, деңгейлік шығармашылық тапсырмалар және жазба жұмыстарын орындау арқылы шығармашылық деңгейге көтерілуін анықтау.

Деңгейлеп оқыту технологиясы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мүмкіндік береді. Оқушылар оқушылық, алгоритмдік, ізденімдік және шығармашылық деңгейдегі тапсырмаларды орындау арқылы белгілі бір жетістіктерге жетеді. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың білімге деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.

Оқушыларға үш деңгейлік тапсырмалар ұсынылады.

1-ші деңгей (репродуктивтік) – стандартты ең аз қажетті көлемін қамтиды.

2-ші деңгей (алгоритімдік) – 1-ші деңгей тапсырмаларын тереңдетіп олардың нәтижелерінің себеп-салдарын анықтайтын тапсырмалар.

3- деңгей (эвристикалық) – 2-ші деңгейдің нәтижелерінің басын қосып, жалпылауға, қорытынды шығаруға арналған тапсырмалар.

Деңгейлеп оқыту технологиясын қолдана отырып жетістіктерге жету үшін ең алдымен оқушылардың білім дәрежесін, ынтасын, ақыл-ой, еңбек дағдысын, өз жұмысына деген жауапкершілігін назарға ұстау қажет. Оқушыларға баға деңгейлік тапсырмаларды орындай алу біліміне қарай қойылады.

Деңгейлеп оқыту технологиясының ұтымдылығы бұл технология оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға арналған. Бірінші деңгейдегі тапсырма мемлекеттік стандарттық деңгей болғандықтан мұны оқшылардың барлығы орындауға міндетті. Екінші-үшінші деңгей бірте-бірте күрделене түсетіндіктен оқушылар бұл тапсырмаларды құқылы, ал төртінші деңгей тапсырмаларын шығармашылықпен жұмыс істей алатын оқушылар ғана орындайды. Әрине, барлық оқушы 4-деңгейді түгел орындап шыға алмауы мүмкін.

Бірақ 1-2 деңгейді оқушылардыңы барлығы дерлік орындай алады, ал білімді, алғыр оқушылар 3-4-деңгей тапсырмаларын орындап алға озып кетуі ықтимал. Олай болса, деңгейлеп оқыту білім алушылардың мүмкіндік және міндеттті деңгейін анықтай отырып, оқу жетістіктерін , нәтижесін тексеруде ұтымдв деп танылған педагогикалық әдістердің бірі ретінде қолданылады.

Міндетті деңгей – оқушылардың білім беру стандарты, бағдарлама бойынша оқу материалдарын меңгере алуы.Ал, мүмкіндік деңгей- білім беру стандарты, бағдарлама берілген оқу материалдарын ғана емес, соымен қатар білім алушылардың өздігінен ізденіп, тапсырмаларды шығармашылықпен орындай алу құзыреттілігімен сипатталады.

Проблемалық оқыту технологиясы.

Орыс дидактиктері М.А.Данилов пен В.П.Есипов проблемалық оқытуда оқушыға дайын материалды бермей, шығармашылық тапсырмалар арқылы олардың өзіндік ойларын жетілдіру керек деп санайды.[2]

М.И.Махмутов проблемалық оқытуды үш түрлі классификацияға бөледі: Оқу материалдарындағы ережелер мен заңдылықтарды шешуге, анықтауға бағытталған ғылыми шығармашылық; практикалық мәселелерді шешуге, алған білімді жаңа жағдаятта пайдаланып, оны шешуге және өздігінен құрауға бағытталған практикалық шығармашылық; ойын ойнау, ән айту, сурет салу, т.б. арқылы өзінің шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған көркемдік шығармашылық. Проблемалық оқыту оқушының репродуктивті, продуктивті және шығармашылық қызметін жетілдіруді көздейді.

Проблемалық оқыту шартты түрде төрт деңгейден тұрады. Бірінші деңгей мұғалімнің айтқан материалын тыңдап, берілген тапсырмаларды орындауды қамтиды. Екінші деңгейде алған білімін жаңа жағдайда мұғалімінің көмегімен, жартылай өзі орындауы арқылы іске асырады. Үшінші деңгейде оқулық бойынша берілген тапсырманы өздігінен іздене отырып, орындайды. Төртінші деңгейде шығармашылық тапсырмалар орындай отырып, өзі талдау жасайды.

Оқушының алдына проблемалық жағдаят қою арқылы материалды меңгерту – проблемалық оқытудың басты шарты. Проблемалық жағдаят оқушының ойлау қабілетін жетілдіреді, өздігінен шешім қабылдауға жетелейді. Проблемалық оқытуды қолдану үшін мұғалім тақырып бойынша оқушының білім деңгейін және олардың шығармашылық қабілетін ескеруі тиіс. Іріктеліп алынған сұрақтар оқушының жауап беруін талап ететіндей, салыстыру мен талдаудан тұратындай болуы қажет.

Проблемалық оқыту оқушылардың ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижелерге жету жолын өздігінен табуға жетелеп, оқушының таным дербестігін қалыптастырады. Проблемалық оқыту ойлау операциялары (талдау, қорытындылау т.б.) арқылы жүзеге асатындықтан, оқушының ойлау қабілетін дамытып, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға игі әсер етеді.

Проблемалық оқыту оқушының білетіні мен білмейтінінің арасындағы қайшылыққа құрылып, ол мәселелерді шешуге деген проблемалық жағдаят туғызады. Осымен байланысты оқушының ізденушілік қабілеті дамиды. Проблемалық оқыту оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, оның алдына шешілуі тиіс мәселелерді қояды.

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы ойлау стратегияларын пайдалану

арқылы жүзеге асатындықтан оқушыны тыңдай білуге, бір-бірінің пікірін бағалауға, өз ойларын анық жеткізуге дағдыландырып, оларды өз бетімен жұмыс істеуге итермелейді. 1978 жылы Канадада Виндзор қаласында сын тұрғысынан ойлауға арналған Бірінші Халықаралық симпозиум өткізілді. Симпозиум сын тұрғысынан ойлау мен формалды емес логиканың өзара байланысын анықтауға бағытталды. Формальді емес логиканы сипаттайтын пікірталаста айтылатын идеялардың шындығына назар аудару; аргументті диалектикалық үдеріс ретінде зерттеуге құлшыныс; формальді логиканың аргументтерді бағалау және қалыптастыру дағдыларының көзі ретінде жеткіліксіз болатындығы; мәселені шешуді кеңейтуге деген қызығушылықтың артуы тәрізді белгілер төңірегінде сөз қозғалды.

«Сын тұрғысынан ойлау» американдық көптеген ғалымдардың алдыңғы қатарлы идеялары негізінде құрылған жоба болып саналады. Жобаны жүйеге келтірген АҚШ ғалымдары Джинни Стилл, Куртис Мередит, Чарльз Темпл.

Бұл жоба атақты ғалым зерттеушілер Ж.Пиаже мен Л.С.Выготскийдің даму теорияларын басшылыққа алады. Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту жобасының мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген құбылыс пен заттарға, әрекет пен мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, көптеген пікірдің ішінен біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға үйрету болып табылады.

Қазақстанда сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы 90-шы жылдардан бастап белгілі бола бастағаны мәлім. «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасы – RWCT ағылшынша Readinq and Writinq for Critical Thinkinq, яғни орысша аударғанда «Развитие критического мышления через чтение и письмо» деп аталады. Бұл жоба біздің елімізге Джордж Соростың ашық қоғам институты, «Сорос-Қазақстан» қоры арқылы келіп, біртіндеп қолданыла бастады. Саданова Ж.К., Саданова С.К. сын тұрғысынан оқыту жобасының мынандай кезеңдерін атап көрсетеді:

Бірінші кезең – қызығушылықты ояту. Үйрену процесі – бұрынғы білетін мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да сабақ қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін «Топтау», «Түртіп алу», «Ойлану», «Жұпта талқылау», «Болжау», «Әлемді шарлау» тағы басқа деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған.

Екінші кезеңі мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауға көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында «V» - «білемін», «-» - «білмеймін», «+» - «мен үшін жаңа ақпарат», «?» - «мені таңқалдырады» белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылақ етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал.

Тақырып туралы ой толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарау, баға беру назардан тыс қалып жатады. Одан гөрі, үйге тапсырма беру, оны түсіндіру, баға қою сияқты шараларға уақыт жіберіп аламыз. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет болып табылады. Дәл осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда, қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Белсенді түрде өзі білім үйрену жолына қайта қарап, өзгерістер енгізеді, яғни нағыз білім шыңына көтеріледі, үлкен әлемге енеді. Сол білім арқылы өзінің өзгергенін сезінеді, өзгеше сенім, тәрбиелік, даналыққа бастау алады. Толғануды тиімді етуге лайықталған «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркін жазу», «Семантикалық карта», «Т кестесі» сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады. Олар оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын, ой түйістіруін қамтамасыз етеді. әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады[3].

Бүгінгі жаңашыл педагогтар білім сапасының мәнін айқындауда іс жүзінде білім сапасы шартты түрде қарастырылмайды, тек оны жүйеде ғана, қандай да бір қиын деңгейдегі тапсырманы орындауда ғана ескеру керек деген тұжырымдар ұсынуда. Олар білімнің сипаты деңгейлер бойынша алынған ақпаратты меңгеру және қолдана алу заңдылықтарына, ойлау үрдісі заңдылықтарына жауап беретін сөз етеді. Оқушылардың білім сапасын үйрену мен бағалау репродуктивті, конструктивті, шығармашылық деңгейлер арқылы іске асады.

Репродуктивті білім деңгейі – бұл айғақтар, құбылыстар, оқиғалар және ережелер туралы білімнен тұрады да, ойлау үрдісі репродуктивті сипатта болады.

Конструктивті білім деңгейі – бірінші деңгейдегі білімдерді қайтадан ой елегінен өткізу арқылы алынған білімдер. Әдіскерлер бұл деңгейге оқытудың эвристикалық әдістерімен қол жеткізуге деп санайды.

Шығармашылық білім деңгейі – оқушылардың өз бетімен іздену іс-әрекетінде пайда болатын білімдер, біліктіліктер мен дағдылар. Шығармашылық деңгейдегі білімдерге оқушылардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін оятатын эвристикалық және зерттеу әдістері арқылы қол жеткізуге болады. Бұл деңгейде оқушылар жұмыстың тақырыбы мен міндеттерін айқындайды, болжамын және іздену жоспарын дайындайды, іздену және зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

С.Н.Лысенкованың оза оқыту технологиясы қиын материалды әр сабақта үзік-үзік түрде беру арқылы меңгертуді мақсат етеді. Бір оқушы берілген тапсырманы қалай орындайтынын дауыстап айтып отырып жасайды. Қалғандары да осы тапсырманы тыңдап отырып, орындайды Тапсырманы бұлай орындату нашар оқитын оқушыға қиындық тудырмайды деп есептеледі

Наши рекомендации