Тергеу экспериментіне дайындық жұмыстары
Тергеу үстінде жасалған қылмыстың мән – жайларын, істегі кейбір дәлелдемелердің обьективтігін тексеру үшін әр түрлі тәжірибелер жүргізуге тура келеді. Тәжірибе – ақиқат өлшемі және дүние ианымның қайнар көзі. Сондықтан тергеу мезгілінде жиналған дәлелдемелердің, және кейбір іске керекті айғақтардың ақиқаттығын, шындығын тек сынақ тәжірибелер жүргізу арқылы білуге болады. Осыған байланысты қылмыстық іс жүргізу заңында осы айтылған жағдайларды тексеру үшін арнайы тергеу экспериментін жүргізу көрсетілген.
Тергеу эксперименті дегеніміз, ол қылмыстық оқиғаның кейбір мән – жайларын осы оқиғаға ұқсас және сәйкес жағдайда әр түрлі сынақ тәжірибелер жүргізу арқылы осы жағдайдың, құбылыстың болу мүмкіндігін тексеру үшін жүргізілетін тергеу әрекеті.
Бұдан туындайтын негізгі қағидалар:
1)Басқа тергеу әрекеттерін жүргізу үстінде алынған, іске қатынасы бар деректердің, мәселелердің шындығын тексеру үшінжүргізіледі;
2)Мұндай тексеру, осы тексерілетін құбылыс қылмыстық оқиға болғанда қандай жағдайда өтсе, соған сәйкес, не ұқсас жағдайда арнайы сынақ тәжірибелерін жүргізу арқылы өткізіледі.
Жүргізілетін сынақ тәжірибелердің қорытындысының обьективті, оның сол тексерілетін оқиға болған жағдайға сәйкес жағдайда өткізілуімен тікелей байланысты. Әрине, тәжірибе жүргізілгенде тура болған жағдайдың өзін, тексерілетін іс – әрекеті бұлжытпай қайталауға болмайды, себебі ондай жағдайда жаңа қылмыс жасалған болар еді. Сонымен қатар, тәжірибе арқылы болған оқиға толық қайталанбайды, тек оның кейбір негізгі бөлігі, көріністері ғана сынақ тәжірибе жүргізу арқылы қайталанады.
Тергеу эксперименті – іс жүргізу кезінде пайдаланатын танымдық әдісі қолданудың айрықша бір нысаны. Бұл әдіс әр түрлі тергеу әрекеттері үстінде қолданылады. Оның басқа әдістерден айырмашылығы тергеуші өзінің назарын аударған жайыттарды сырттай бақылап қана қоймайды, сонымен бірге оны бірнеше қайтара бастапқы қалпына келтіру арқылы өз болжауын нықтай түседі. Тәжірибе жүргізу барысында арнайы шектеу шарттары қойылады:
-тәжірибе адамның денсаулығына нұқсан келтірмеуі;
-оның өміріне қатер төндірмеуі тиіс.
Сонымен бірге ол қатысушылардың құқығын бұзбайтындай, оларды қорлап, кемсітпейтіндей жағдайда өткізілуі тиіс.
Эксперимент арқылы іс бойынша жинақталған кейбір дәлелдемердің, мәліметтердің шындығы ғана анықталып қоймайды, сонымен қатар жаңа деректер де алынады. Тергеу экспериментін жүргізудің нәтижесінде көбінесе жәбірленушінің, куәлардың, айыпкердің жауаптарында, сондай – ақ басқа да қосымша айғақтарды келтірілген мәліметтердің шындығы, оның болу мүмкіндіктері тексеріліп, анықталады. Тергеуші осындай жолмен өзінің кейбір болжауларына көз жеткізеді. Яғни, оқиғаның қалай болғаны, оның мән – жайы, орындалу тетігі тәжәрибе өткізу жолымен тексеріледі.
Тергеу эксперименті – өз алдына дербес, өзіне тән міндеттері бар іс жүргізу әрекеттері. Сонымен бірге ол тергеудің басқа да әрекеттерімен тығыз байланысты, міндеттері жағынан өзара ұштасып жатады. Яғни, басқада да тергеу әрекеттері сияқты тергеу экспериментінің де басты міндеті – іске қатысты қылмысты ашуға керекті деректер жинау. Дегенмен, деректерді ерекше, өзіне ғана тән тәсілдермен жинап, тексеретіндіктен тергеу экспериментінің өзіне тән міндеттері бар.
Тергеу эксперименті шешетін сұрақтарына орай үш түрге бөлінеді:
1) кейбір құбылыстың не әрекеттің айтылған, көрсетілген жағдайда болуы мүмкін бе, жоқ па, соны анықтау. Мысалы, белгілі бір затты, нәрсені айтылған жағдайда көрсетілген адам көтеріп кете ала ма немесе белгілі бір қашықтықта көрсетілген уақытта барып жетуге бола ма, айтылған жұмысты ол адам өзі атқара ала ма, ол оның қолынан келе ма, қоймадағы тесіктен белгілі бір затты алып шығуға бола ма, жоқ па, міне осындай толып жатқан сұрақтар төңірегіндегі шындықты анықтау;
2) белгілі бір жағдайда ( қашықтықта ) болған оқиғаны, құбылысты көріп қабылдауға, сөзді, дыбысты естуге бола ма, соны анықтау.
3) із қалдыру ( сындыру, соғу, аралау, т.б. ) сипатын, оның механизмін анықтау.
Тергеу экспериментінің бұл түрі өзінің мән – мазмұны жағынан криминалистикалық сараптаманың кейбір түрлеріне жуықтайды. Алайда, із қалдыру сипатын анықтау үшін ғылыми саралаудың қажеті жоқ, экспериментті тергеушінің өзі жүзеге асырады.
Жекелеген тәжірибелерді жүргізуге, қажет болған жағдайларда, басқа адамдар да шақырылуы мүмкін. Оның санын, міндетін тәжірибенің мән – мазмұнына, тергеуші анықтайды. Егер мұндай адам тәжірибе жүзінде жәбірленушіні, айыпталушыны, куәлар алмастырған болса ол тиісінше алмастырылатын адамға барлық белгілермен ( бойымен, тұрпатымен, салмағымен, есту , көру, қабілетімен, т.б. ) міндетті түрде ұқсауы тиіс.
Тергеу экспериментіне дайындық жұмыстары.
Тергеуші эксперименттің құрылымына орай оған дайындық екі кезеңде – эксперимент жүргізілетін жерге барғанға дейін және нақ эксперимент жүргізілетін жерде өткізіледі.
-Эксперимент жүргізілетін жерге барғанға дейінгі дайындық кезінде тәжірибенің мән – мазмұнын, оны өткізу тәртібін, жағдайдың өзгерісін анықтап алу керек. Яғни, бұл кезең – мамандармен ақылдасу;
-кәсіпорынның жұмыс тәртібін, ішінара айтқанда технологиялық тәртіпте реттейтін құжаттармен, арнаулы әдебиеттермен танысу;
-қатысушыларды іріктеу;
-тергеушінің назарын аударған жағдайға байланысты айыпталушыдан қайтара жауап алу кезеңдері.
Тергеушінің эксперимент өткізетін жерге шықпай тұрып жүргізетін дайындық жұмыстарын үш топқа бөлуге болады:
-тәжірибе өткізілетін жерді бұрынғы қалпына келтіру;
-эксперимент өткізуге қатынасатын адамдарды анықтап, белгілеп алу;
-керекті құрал – саймандарды, материалдарды, жабдықтарды дайындау.
а)Тергеу эксперименті кезінде тәжірибе өткізілетін жерді бұрынғы қалпына келтіру.
Эксперимент болып өткен белгілі бір оқиғаны, әрекетті қайта тудыру, сөйтіп, істі тексеру барысында ақиқатты анықтау мақсатын көздейді. Бұған мұқият дайындалу арқылы қол жеткізуге болады.
Эксперименттің түрі мен мақсатына сәйкес ұқсас жағдайлар ретінде – қылмыс жасалған кезге сәйкес келетіндей етіп мекен – жай, жылдың кезеңі мен тәуліктер, ауа райы;
Ұқсас затарды – қылмыс жасалған кезде қолданылғандай материалдар, құрал – жабдықтар түсініледі.
Ұқсас жағдайды эксперименттің түрі мен мақсатына орай тергеушінің өзі таңдайды. Мұндай эксперименттің жағдайы болған оқиғаның жағдайына мейлінше жақын болуына тырысу керек. Эксперимент жүргізген кезде бұған жеткілікті дәрежеде мән бермеу оның айғақтық мәніне нұқсан келтіруі мүмкін.
Айталық, эксперимент кезінде нақты оқиғаға орай уақыттың ( тәуліктің, жылдың ), ауа – райы жағдайының, жарықтың сондай – ақ адамның көру, оптикалық жабдықтарды ( бинокльді, көзілдірікті ) пайдалану қабілетінің, бақыланатын обьектінің қашықтығының және оның сыртқы ерекшелігінің ( көлемінің, нысанының т.б. ), орналасуының, қозғалысының, бақылаушының қалпының ( тұруының, отыруының, жатуының ), бақылаушыға кедергі келтіретін жайттардың (мысалы, автокөліктің, поездың қозғалысы ), қабылдаудың ұзақтығы айрықша мәнге ие бола алады. Ұқсастық деңгейіне әр түолі жолдармен, айталық, оқиға болған жердегі тәжірибе тексерілетін жағдайға ауа – райы, жарық сәйкес келетін нақ осындай уақытта қол жеткізуге болады. Мұндай тергеушіге ұқсас жағдайларды қолдан жасап бас қатырудың қажеті жоқ, себебі ол табиғи түрде тергеушінің көз алдында болуы керек, тек енді мәселе оны өткен оқиғаға сай келетін сәтін дөп баса білу. Мұндай әдіс эксперимент кезінде қайсыбір құбылысты айнытпай санада қабылдап алу мақсатын көздейді.
Жағдайды, оқиға болған жерді тұтастай немесе оның жекелеген элементтерін бұрынғы қалпына келтіру жолымен де ұқсастыруға болады.
Тергеу эксперименті кезінде бұрынғы жағдайды қалпына келтіру дегеніміз тәжірибе жүргізілетін қайсыбір обьектіні, оқиғаны немесе жағдайды бастапқы қалпына келтіріп қайта жасау. Мұндай жағдайда кейде қте күрделі реконструкциялық жұмыстар жүргізіледі.
Бұл жүргізілетін дайындық жұмыстарының күрделігі тергеу экспериментін өткізетін жердің қаншалықты өзгергендігіне және эксперимент үстінде шешілетін сұрақтардың ерекшелігіне байланысты.
Тергеу экспериментінің түрі мен мақсатына сәйкес жағдайды байырғы қалпына келтірудің:
1)жағдайды алғашқы қалпына келтіру ( заттарды қылмыс жасалған кезде тұрған күйінде қою );
2)бұрынғыларының орнына пайдаланатын заттарды қалпына келтіру (қылмыскердің қаруларының үлгілері, өрт қоятын құралдар т.б.);
3)жоғалған, жарамсыз болып қалған немесе заттай дәлелдемелердің орнына жүретін затарды ( қарауды ) іріктеу сияқты түрлері бар.
Тәжірибеде жағадайды байырғы қалпына келтірудің басқа да түрлері кездеседі. Айталық, учаскені алғашқы қалпына келтіру үшін кей жағдайда күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Мысалы:
-жер ойып шұңқыр жасау;
-қазылып қойған шұңқырға топырақ салып бұрыңғы деңгейіне жеткізу;
-алып тасталған қабырғаны қайта көтеру және т.б.
Қалпына келтіру барысында кей жағдайда өзгерістер де енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер ойластырылмаған, кездейсоқ ( мысалы, оқиға болған жерде адамдардың байқаусыз қимылдарына байланысты туған өзгерістер ) және мақсатты түрде ойластырылған, полиция қызметкерлерінің өздері жүргізетін ( мысалы, көлік апатына байланысты жағдайды байырғы қалпына келтіру кезіндегі, зардап шегушіге көмек көрсету кезіндегі ) өзгерістер түрінде болады.
Жағдайды қалпына келтіру кезінде обьектінің бұрынғы қалпы мен ондағы кейінгі өзгерістерді дәл білу керек. Бұл жөніндегі деректер оқиға болған жерді және жекелеген заттарды тексеріп, оны хаттамаға бекіту кезінде куәгерлердің, зардап шегушінің, айыпталушылардың жауаптарынан, фотосуреттер мен киноқұжаттардан, схемалардан, жерге орналастыру жоспарларынан және басқа да құжаттардан, қылмыс жасалған кезде бүлінген заттардың байырғы қалыптарын білетіндерден жауап алу барысында анықталып, нақтылануы мүмкін. Қателесіп кетпеу үшін жауаптарда және басқа да құжаттарда келтірілген деректерді мұқият салыстырып, ондағы кездескен қарама – қайшылықтардың анық – қанығына мұқият көз жеткізу керек. Шытырман жайттарға кездескен тергеушінің ақыл – кеңес алу үшін тиісті мамандарға:
-сот – дәрігеріне;
-өрттен сақтандырушыға;
-құрылыс инженеріне және т.б. жүгінген жөн. Ал егер қалпына келтіру үшін қол еңбегін, әр түрлі материалдарды, қайсыбір құрал – жабдықтарды пайдалану қажет болса, тергеуші мұндай қажеттілікті дәлелдеп қағазға түсіріп, арнайы қаулы шығаруы тиіс.
ә)Тергеу экспериментіне қатысушылар.
Эксперимент жүргізу жөнінде шешім алысымен тергеуші осы тергеу әрекетіне қатынасатын адамдарды да белгілеп алуы керек.
Қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес тергеу экспериментіне қатысушылардың екі түрі қарастырылған – міндеттелетін және міндеттелмейтін қатысушылар.
Тергеу экспериментіне міндетті түрде қатысушылар:
-Тергеушілер;
-куәгерлер.Тергеуші экспериментті дайындайды, тәжірибелі іс – қимылымен оған басшылық жасайды, оны өткізу, қайтадан өткізу қажеттігін анықтайды, экспериментті өткізуге қатысты барлық ұйымдық және іс жүргізу мәселелерін шешеді. Кейбір жағдайларда экспериментті жүргізетін тергеушіге көмекке басқа тергеуші немесе полицияның жедел қызметінің қызметкері бөлінуі мүмкін.
Экспериментте айыпталушы, сезікті, куәлар, жәбірленуші, маман, сондай – ақ қорғаушы міндеттелмей – ақ қатыса алады. Экспериментті жүргізу кезінде оған прокурордың да қатысуына болады. Айыпталушы ( сезікті ) тергеу экспериментіне оның тәжірибе жүргізу мүмкін болмаған ( мысалы, ол кәсіби дағдыны игерген бе, жоқ па, соны анықтау үшін ) немесе тергеуші, ішінара айтқанда, іс – қимылды өзгерту немесе басқалай дайындық әрекеттеріне қажет деп есептеген жағдайда қарастырылады. Алайда, айыпталушы экспериментке ерікті түрде қатыстырылуы тиіс. Оны жауапты істерге күштеп қатыстыруға жол берілмейді. Куәлар мен жәбірленушілерге қатысты мәселе де осылай шешіледі.
Маман тергеу экспериментінің бір мүшесі ретінде тергеушінің жағдай өзгерген кезде тиімді шешім қабылдануына, кейбір жағдайларды шешуге арнайы білім қажет болғанда, іс – қимылды ақылмен жүргізуіне көмектесуі үшін қатыстырылады. Ал маман – криминалист фотосуреттерге немесе кинобейнелерге, дыбыс жазбаларына қатысты мәселелерге орай кәсіби көмек көрсетіледі.
б)Керекті техникалық құрал – саймандарды және басқа да жабдықтарды дайындау.
Дайындық жұмыстарын жүргізу үстінде тергеуші эксперимент өткізуге қандай құрал – саймандар керек екендігін алдын ала шешіп, осы қажетті техникалық саймандарды және басқа да жабдықтарды дайындап алуы тиіс. Мысалы, тергеу экспериментін жүргізуге өлшеу құралдары, фотоаппарат, бейнежазба, кейбір қосалқы құралдар да қажет болуы мүмкін. Сондықтан осының бәрін алдын ала анықтап, керекті құрал – саймандарды тергеуші тергеу экспериментін өткізетін жерге шықпай тұрып дайындап алуы керек.
Күрделі жағдайларда тергеуші арнайы жоспар жасауы тиіс.Ол жоспарда тәжірибенің өткізілетін жері мен уақыты, қатысушылардың құрамы, олардың міндеттері мен байланысы нақтыланып көрсетіледі. Ал, егер эксперимент өткізетін жерге келгеннен кейін тергеуші қылмыс жасалған уақыт пен эксперимент жүргізілетін уақыт аралығында жағдайға қайсыбір өзгерістер болса, онда ондай өзгерістер фотосуреттің көмегімен хаттамада көрсетіледі. Сондай – ақ, тергеуші эксперимент нәтижесінде анықталған жайттар мен қылмыс жасалған кездегі жайттардың сәйкес келетінін немесе сәйкес келмейтінін тексереді.
Экспериментке қатысушыларға олардың эксперимент кезінде орындайтын міндеттерінің мән – мазмұнын түсіндіреді. Алайда, мұндайда эксперименттің болақ нәтижесі туралы сөз болмауы және тәжірибе алдын ала сипатталмауы тиіс. Яғни, тәжірибеге қатысушыларға олардың қай жерде болуы, қандай нәрсеге назар аударуы қажеттігі ғана айтылады, экспериментке қатысушылардың өзара үйлесімді қызметінің әдіс – тәсілдері айқындалады.
Тәжірибе жүргізуге қажетті заттай дәлелдемелердің немесе олардың орнын алмастыратын заттардың жеткіліктігі, сақталуы мен тәжірибеге жарамдылығы тексеріледі. Экспериментке қатысушылардың барлығына да бұл тергеу әрекетінің мәні мен нәтижесі жайлы ешкімге жария болмауы мұқият ескертіледі.