Педагогикалық психологияның даму кезеңдері

Бірінші кезең – XVII ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың аяғына дейін – Песталоццидің айтуы бойынша «педагогиканы психологияландыруды сезіну қажеттілігіне» қарай жалпы дидактикалық деп атауға болады. Бұл кезең ең алдымен, Ян Амос Коменскийдің (1592-1670), Жан-Жак Руссо (1712-1778), Иоганн Песталоцци (1746-1827), Иоганн Гербарт (1776-1841), Адольф Дистервег (1790-1866), К.Д. Ушинский (1824-1870), П.Ф. Каптерев (1849-1922) өзінің есімдерімен көрсетілуі мүмкін. Бұл ойшыл – педагогтардың педагогикалық психологияның дамуына қосқан үлестері өздері қарастырған мәселелермен анықталады: даму, оқу және тәрбие байланысы; оқушының шығармашылық белсенділігі, баланың қабілеттілігі және оны дамыту, мұғалімнің рөлі, оқытуды ұйымдастыру және көптеген басқа мәселелер. Алайда, бұл - аталған процестің мәнін ғылыми тұрғыдан түсінудің тек алғашқы әрекеттері еді. Осы мәселелердің шынайы психологиялық жақтарын толығымен ашылмағандығы жөнінде П.Ф. Каптерев «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» (1-ші басылым. 1885 ж.) атты кітабында осы кезеңдегі педагогикалық теорияның дамуына терең және жүйелі талдау жүргізу негізінде дәлелдер келтіреді. П.Ф. Каптерев, «…Коменскийдің дидиктикасына тым маңызды кемшіліктер тән: бұл сыртқы механикалық құрал ретінде ұсынылған әдіс дидактакасы; бұл дидактикада оқушылардың қабілеттерін оқыту арқылы дамыту туралы мүлдем сөз жоқ; … Коменскийдің дидактикасына психология жетіспейді».

И. Песталоццидің рөліне талдау жүргізе келе, П.Ф. Каптерев «Песталоцци оқудың барлығын оқушының өз шығармашылығы деп түсінген, ал барлық білімді әрекеттің іштен дамуы, өз бетімін әрекет жасау, өзін-өзі дамыту акті ретінде түсінген». Алайда, сонымен қатар П.Ф.Каптерев айтқандай, «…Оның оқытуда әдістің әсерін тым асыра көтеріп, оқытуда мектепте қолданылатын әдіс, тәсілдерді механизациялауға көп мойын бұрғаны анық. Мектептегі көрнекті фактор ретіндегі мұғалімнің жанды тұлғасы әлі түсініксіз. Жалпы Песталоцци білім беру процесінің психологиялық жағын, оның негіздері, жолдары мен, нысандарын қажетті деңгейде ашпаған». Педагогикалық психологияға И. Гербарттың қосқан үлесін бағалай келе, П.Ф.Каптерев «…Гербарт дидактикасының аса маңызды басымдылықтары бар: ол педагогикалық әдіске психологиялық талдау береді, ол оқуға қызығушылық туралы аса маңызды мәселені көтереді, ол оқыту мен тәрбие беруді бір – бірінен ажыратпайды. Гербарт дидактикасының жетіспеушілігі оның біржақты интеллектуализмі және кейбір мәселелерді толығымен игермеуінде, мысалы, оқушылардың қызығушылықтары жөнінде». Бұл жерде, «тәрбиелеп оқыту» ұғымы И. Гербарттың тұжырымдамасынан бастау алады.

А. Дистервегтің шығармашылығы, П.Ф. Каптерев бойынша, оның заманына сай педагогикалық тәжірибенің психологиялық бағыттанған ережелерінен тұрады. А. Дистервегтің білім беру процесінде мұғалімнің, педагогтың басқарушы рөлі туралы тезистері бар. Ол оқу процесін оқушының - оқытылатын субъектің, мұғалімнің, оқылатын пәннің және оқыту жағдайларының біртұтастығы деп қарастырады. Өзін-өзі жетілдіру, оқушының ерекшелігін ескеру және педагог әрекеттерінің пәрменділігі - тәрбиелеп оқытудың кепілі мен негізі. П.Ф. Каптерев атап өткендей, «…Дистервегтің көптеген ережелері ой саралығы мен айқындығы, ықшамдығы, сонымен бірге, педагогикалық қолайлылығы мен мәнділігі бойынша жаңалық пен тереңділігі жоқ болғанына қарамастан, дидактика оқулықтарына кіріп, күнделікті педагогикалық тәжірибенің ережелеріне айналды». Олар оны жан-жақты ғылыми тұрғыдан түсіну қажеттілігіне себепші болды.

Педагогикалық психологияның осы «алғы шарттық» жалпыдидактикалық даму кезеңінде қалыптасуына К.Д. Ушинскийдің «Адам тәрбие пәні ретінде» атты жұмысы үлкен рөл атқарды. Педагогикалық антропология тәжірибесі; мұнда адам дамуының біртұтас тұжырымдамасы ұсынылған. Бала - тәрбие мен оқытудың ортасында тұр, және де шешуші рөл тәрбиеге беріледі. Оқыту процесінде ес, зерде, ойлау мен сөйлеудің психологиялық-педагогикалық мәселелері арнайы талдау құралдары және даму міндеттері ретінде шығады. К.Д. Ушинский бойынша, тіл дамыту, ойлау қабілетін дамытуға байланысты баланың сөздері, оның танымы мен ұғымын, жалпы тұлға ретінде қалыптасуының алғы шарты деп саналады.

Педагогикалық психология негіздерін құруда П.Ф. Каптеревтың өзінің қосқан үлесі орасан зор. Ол педагогикалық психологияның негізін құраушыларының бірі. Ол өмірге Песталоццидің өсиеттерін - педагогиканы психологтандыруды енгізуге ұмтылды. «Психологиялық педагогика» ұғымы зерттеушілердің айтуы бойынша, ғылыми айналымға 1877 ж. Каптеревтың «Педагогикалық психология» атты кітабы шыққан соң кірді. Шынында да, Э. Торндайктың осыған аттас кітабы тек шаршы ғасырдан соң (1903 ж.) жарық көрді. Сонымен қатар, П.Ф. Каптерев ғылыми қолданысқа қазіргі заманда қолданылып жүрген білім беру мен тәрбие берудің жиынтығы, педагог пен оқушы әрекетінің байланысы ретіндегі «білім беру» ұғымын кіргізді. Сонымен бірге, мұғалім еңбегі мен мұғалім дайындаудың педагогикалық мәселелері, эстетикалық даму мен тәрбие беру мәселелері және басқа да көптеген мәселелер қарастырылды. Білім беру процесінің өзін П.Ф. Каптерев психологиялық тұрғыдан қарастыруы өте маңызды, ол жөнінде «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» атты кітабының екінші тарауы - «Білім беру процесі - оның психологиясы» дәлел болады. Автордың ойы бойынша, білім беру процесіне «адам ағзасының ішкі әрекетінің көрінісі», қабілеттілікті дамыту және басқа үрдістер кіреді.

П.Ф. Каптеревқа тек ұлы дидактардың еңбектеріне іргелі талдау жасаудағы сіңірген еңбегі ғана емес, былайша айтқанда, эксперименталдық дидактиканың, негізінде алғанда, оқытуда және оқыту үшін эксперименталдық психология өкілдерінің еңбектеріне жасаған талдауын атап өту қажет. П.Ф. Каптеревқа сәйкес, осы еңбектер авторларының міндеті оқушылардың ой еңбегі жұмысын зерттеу, ой еңбегі жұмысында қимылдың орны, оқушылардың пән және сөз арқылы берілетін түсінігі, мектеп оқушылары дарындылығының түрлері және басқа мәселелерді зерттеу болып табылады.

Педагогикалық психологияның қалыптасуына сол кезеңде жаңадан пайда бола бастаған әлеуметтік психология өкілі С.Т.Шацкийдің (1878-1934) қосқан үлесі қомақты. Ол адамды әлеуметтендіру процесінде тәрбие беруді ізгілендіру және демократияландырудың біртұтас тұжырымдамасын жасаған. С.Т. Шацкийге әлеуметтік-педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде оның тұлғасы мен кәсіби құзырлылығына қойылатын жалпыланған талаптарды қамтитын педагог моделін құрған. С.Т. Шацкийдің педагогикалық тәжірибесіне шет елдік зерттеушілер жоғары баға берген. Атап айтқанда, Дж. Дьюи ресейлік оқушылардың дайындығының жүйелілігін, ұйымдастырушылығын, қазіргі заманғы американдық мектептермен салыстырғанда демократты екендігін атап өтеді.

Осылайша, бірінші алғы шартты кезең, бір жағынан, И. Ньютонның механистикалық түсінігінің басымдылығымен, Ч. Дарвиннің эволюциялық идеяларымен, Дж. Локктың психикалық өмірді ассоциативтік түсіну - психикалық өмірдің негізін сезімдік әсерлену құрайды деген ежелден дамып келе жатқан ілім - сенсуализммен сипатталады. Басқа жағынан алғанда, бұл кезең негізінен педагогикалық болмысты байқау, талдау және баға беруге негізделген ойша жорытылған, қисынды құрылған жорытпалар кезеңі.

Екінші кезең XIX ғасырдың аяғынан XX ғасырдың ортасына дейін созылған. Бұл кезеңде педагогикалық психология алдыңғы жүзжылдықтың педагогикалық ойларының жетістіктерін пайдаланып, психологиялық, психофизикалық эксперименталдық зерттеулердің нәтижелеріне бағыттанып, дербес сала болып қалыптаса бастады. Педагогикалық психология эксперименталдық психологияның қарқынды дамуымен бірге дамып, қалыптаса бастады, нақты педагогикалық жүйелер құрып, жете зерттеумен болды, мысалы, М. Монтессори жүйесі.

Педагогикалық психологияның осы кезеңінің басы П.Ф. Каптеревтың, Э. Торндайктың, Л.С. Выготскийдің кітаптарының атауларынан байқауға болады, сонымен қатар осы салада алғашқы эксперименталдық жұмыстардың пайда болуымен белгіленеді. Л.С. Выготский Г. Мюнстербергпен келісе отырып, педагогикалық психология – соңғы бірнеше жылдардың өнімі; бұл медицина, юриспруденция және басқа ғылымдармен бірге қолданбалы психологияның бір бөлігі болып табылатын жаңа ғылым екенін атап өтеді. Сонымен қатар, бұл дербес ғылым. Шынайы психологиялық мәселелер, есте сақтау ерекшеліктері, тіл дамыту, зерде дамыту, дағды қалыптастыру ерекшеліктері және т.б. А.П. Нечаевтың, А. Бине мен Б. Анридің, М. Оффнердің, Э. Мейманның, В.А. Лайдың жұмыстарында, Г. Эббингауз, Ж. Пиаже, А. Валлон, Дж. Дьюи, С. Фрэне, Э. Клапередтің зерттеулерінде ұсынылды. Үйрету тәртібінің ерекшеліктерін эксперименталдық зерттеу (Дж. Уотсон, Э. Толмен, Э. Газри, К. Халл, Б. Скиннер), бала тілін дамыту (Ж. Пиаже, Л.С. Выготский, П.П. Блонский, Ш. және К. Бюлер, В. Штерн және т.б.), Вальдорф мектебі мен Монтессори мектебінің арнайы педагогикалық жүйелерін дамыту психология ғылымының осы саласының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді.

Ф. Гальтонның жұмыстарынан бастап тестік психология, психодиагностиканың дамуының ерекше маңызы бар. Францияда А. Бине, Б. Анри мен Т. Симонның, Америкада Дж. Кэттелманның зерттеулерінің арқасында оқушылардың білімі мен білігіне бақылау жүргізу ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларын дайындау, жалпы оқу процесін басқаруда (жетістіктер тестілері мен қабілеттілік тестілерінің өзара әрекеттесуі барысында) ұтымды механизм табуға мүмкіндік берді. М.В. Гамезо атап өткендей, бұл кезеңде Еуропада мектептер жанында бірқатар зертханалар құрылды, онда оқу және тәрбие беру міндеттерін шешу үшін университеттер зертханаларында құрылған құралдар мен әдістер пайдаланды. 1907 жылы Мейман «Эксперименталдық психология бойынша лекциялар» атты кітабын жариялайды, онда ол эксперименталдық дидактика бойынша жұмыстарға шолу жасайды. Англияда мектеп оқушыларының типологиялық ерекшеліктерін эксперименталдық зерттеу мәселелерімен белгілі балалар психологы Дж. Селли айналысты. Ол 1898 жылы «Балалар психологиясы бойынша очерктер» атты жұмысын жариялады. Францияда А. Бине Париж мектептерінің біреуінің жанында эксперименталдық балалар зертханасын құрды. Зертханада баланың физикалық және ішкі сезім қабілеттері зерттелді, сонымен бірге оқу пәндерін оқыту әдістері зерттелді. Т. Симонмен бірлесіп А. Бине ой қабілеті төмен балалар үшін арнайы мектептерге іріктеу әдісін құрды, оның негізіне тест әдісі алынды.

Аталған кезең ерекше психологиялық-педагогикалық бағыт – педологияның қалыптасуымен сипатталады, (Дж. М. Болдуин, Э. Киркпатрик, Э. Мейман, М.Я. Басов, П.П. Блонский, Л.С. Выготский және т.б.) онда психологиялық, физиологиялық, анатомиялық, психологиялық және әлеуметтік өлшемдердің жиынтығының негізінде кешенді түрде баланың дамуын айқындау мақсатында оның мінез-құлығының ерекшеліктері анықталды. Басқа сөзбен айтқанда, екі жақтан педагогикалық психологияға оны жаратылыстану ғылымдарымен жақындастырып, өлшемдердің объективтік әдістері енді.

Педагогикалық психологияның құрылуының осы негізгі кезеңінде қалыптасқан ғылым ретінде дербестілігі туралы тек психодиагнос-тиканы пайдалану, мектеп зертханаларының, эксперименталдық-педагогикалық жүйелер мен бағдарламалардың кеңінен таралуы, педологияның пайда болуы ғана емес, 50-ші жылдардан бастап педагогикалық психология дамуының үшінші кезеңінде жүзеге асырыла бастаған, білім беру процесін ғылыми рефлексиялау талпыныстары, оны теоретикалық тұрғыдан түсіну мағыналылығы дәлел бола алады.

Педагогикалық психологияның дамуының үшінші кезеңін айрықша атап өтуге оқытудың бірқатар психологиялық теорияларының құрылуы негіз бола алады, яғни педагогикалық психологияның теоретикалық негіздерін құру. Мысалы, 1954 жылы Б. Скиннер бағдарламаландырылған оқыту идеясын ұсынды, ал 60-шы жылдары Л.Н. Ланда оны алгоритмдеу теориясын ұсынды. Содан кейін В. Оконь мен М.И. Махмутов проблемалық оқытудың біртұтас жүйесін құрды. Бұл бір жағынан Дж. Дьюидің оқыту проблемалар шешу арқылы жүзеге асырылуы қажет деген жүйесінің әзірлемесін жалғастырды, ал басқа жағынан О. Зельц, К. Дункер, С.Л. Рубинштейн, А.М. Матюшкин және т.б. ойлаудың проблемалық сипатының, оның кезендігінің, проблемалық жағдайда әрбір ойдың пайда болу мүмкіндігі (П.П. Блонский, С.Л. Рубинштейн) туралы ережелермен ара қатыста болды. 50-ші жылдары П.Я. Гальпериннің, соңынан Н.Ф. Талызинаның алғашқы басылымдары пайда бола бастады, онда педагогикалық психологияның негізгі жетістіктері мен мен болашағын бойына сіңірген, ой әрекетінің сатылап қалыптасу теориясының негізгі позициялары берілді. Дәл осы уақытта Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдовтың жұмыстарында айтылған, оқу қызметінің жалпы теориясының негізінде дамыта оқыту теориясы құрыла басталады. Дамыта оқыту Л.В. Занковтың эксперименталдық жүйесінде өз көрінісін тапты.

Осы кезеңде С.Л. Рубинштейн «Психология негіздерінде» оқу - білімді меңгеру деген жан-жақты сипаттама берді. Меңгеруді ары қарай әртүрлі тұрғыдан Л.Б. Ительсон, Е.Н. Кабанова-Меллер және т.б. ежіктеп зерттеген болатын. Ол сонымен қатар, Н.А. Менчинскаяның және Д.Н. Богоявленскийдің жұмыстарында көрініс тапты. 1970 жылы жарық көрген Й. Лингарттың «Адамдық оқудың процесі мен құрылымы» атты кітабында және 1986 жылы шыққан И.И. Ильясовтың «Оқу процесінің құрылымы» атты кітабы осы салада күрделі теоретикалық қорытулар жасауға мүмкіндік берді.

Педагогикалық психологияда мүлдем жаңа бағыт - суггестопедияның, Г.К. Лозановтың суггестологиясының (60-70-ші жылдар) пайда болуы назар аударуды қажет етеді. Оның негізі болып педагогтың гипермнезия мен суггестия әсерісін пайдаланып оқушылардың өздері саналы түрде түсінбейтін қабылдау, есте сақтау сияқты психикалық процестерді басқару болып табылады. Соңынан тұлғаның резервтегі мүмкіндіктерін белсендіру (Г.А. Китайгородская), топтық бірігу, осындай оқу барысында топтық динамика (А.В. Петровский, Л.А. Карпенко) әдістері жетілдірілді.

Алайда, осы теориялардың саналуандылығында бір ортақ жағдайы болды – ол, осы авторлардың ойынша, қоғамның оқыту жүйесіне қоятын талаптарына неғұрлым барабар теорияны теоретикалық негіздемелеу міндеттерін шешу. Оған сәйкес оқытуда белгілі бағыттап қалыптасты. Осы бағыттардың шеңберінде ортақ мәселелер де айқындалды: оқыту түрлерін белсендіру, педагогикалық еңбектестік, қарым-қатынас, білімді меңгеруді басқару, мақсат ретінде оқытылатын субъекті дамыту және т.б.

Осы кезеңде педагогикалық психологияның өз дамуында компьютерлік техниканы пайдаланып жаңа сатыға көшуінің алғы шарттарының қалыптасуы адамзаттың XXI ғасырға – Адам ғасыры, гуманитарлық дәуір ғасырына көшудің глобалды проблемаларын шешумен астарласып жатыр. Бұл жаңа дәуірде жаңа ақпараттық технологияларды құрушы, оны еркін пайдаланатын адамның дамуы оған жаңа индустриялық, ақпараттық кеңістікте еркіндік береді.

1.3.Педагогикалық психологияның зерттеу пәні, міндеттері, құрылымы.

Педагогикалық психологияның зерттеу пәні. Ғылымның кез-келген саласы сияқты педагогикалық психологияны қарастырғанда ең алдымен оның объектісі мен зерттеу пәнін ажыратып алу қажет.

Ғылымның объекті – бұл зерттеудің өзінен тыс, әртүрлі ғылымдармен зерттеуге болатын ақиқат. Объект ретінде материалдық және материалдық емес құбылыстар, денелер, процестер; тірі, биологиялық және абстрактілі жүйелер; күрделілігі әртүрлі дәрежедегі биологиялық ағзалар бола алады. Ғылыми зерттеу объекті ретінде өсімдік және жануарлар әлемі, адам, қоғам, өркениет, ғарыш және т.б. қарастырылады.

Әрбір объект көптеген ғылымдармен зерттеліне алынады. Мысалы, адам антропология, физиология, психология, әлеуметтану, педагогика ғылымдарымен зерттелінеді. Алайда, әрбір ғылымның өз зерттеу пәнібар, яғни, оның объектідегі зерттеу нысаны. Мысалы, жас ерекшелік және педагогикалық психологияның зерттеу объектісі ортақ – адам, бірақ бұл ғылымдардың зерттеу пәні әртүрлі. Жас ерекшелік психологиясы үшін адамның психикалық дамуы мен өмірге келген сәттен бастап қартайған шаққа дейін қалыптасуының заңдылықтыры мен механизмдері, педагогикалық психология үшін, ең алдымен, білім беру процесінде адамның әлеуметтік мәдени тәжірибені игеру механизмдері мен заңдылықтары. Алайда, педагогика мен психологияның, жас ерекшелік психологиясы мен педагогикалық психологияның зерттеу объектісінің ортақ болуы олардың тығыз, іштей ажырамас байланысына және олардың пәндерінің әртүрлігінің негізінде жеке бөліп қарастыруға шартты түрде қарауға себеп болып отыр.

Педагогикалық психологияның пәніне жан-жақты анықтама бермес бұрын көптеген ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылатын (педагогика, әлеуметтану, физиология, медицина, басқару теориясы, жалпы, әлеуметтік, жас ерекшелік, педагогикалық психология) білім беру, педагогикалық процесс - күрделі, көп қимылды, көп құрамдас бөлікті құбылыс екеніне назар аудару қажет. Оқыту процесінің күрделі, көп құрамдас бөлікті екенін кезінде ұлы дидакттар – Я.А. Коменский, И. Песталоцци, А. Дистервег атап өткен болатын. Мысалы, А. Дистервег «…оқытушылық іс-әрекетті анықтаушы әртүрлі кезеңдер мен пәндерді назарға алу қажет. Атап айтқанда: 1) оқытылатын адам, оқушы – субъект; 2) оқу және оқыту пәні – оқу пәні - объект; 3) оқушының оқу сәтінде қоршайтын сыртқы шарттар – уақыт, орын және т.б.; 4) оқытатын мұғалім» дейді. (XIX ғ. ортасында оқушы оқыту объекті емес, оқыту субъекті ретінде қарастырылғаны маңызды болған). Педагогикалық психологияда білім беру процесінің көп құрамдас бөлікті құрамы функционалдық тұрғыдан факторлардың өзара әрекеті деп қарастырылады. Оқытудың тиімділігі осы факторлардың әрекеттерінің өзара келісімділігіне байланысты, яғни «не нәрсеге оқытады, кім және қалай оқытады, және кімді оқытады». Бұл жерде, білім беру процесін зерттеушілер оның құрамдас бөліктерін құрастырушылардың барлығының бірдей маңыздылығын атап өтеді. Жалпы білім беру процесінің, оқушылардың әлеуметтік мәдени тәжірибені меңгеру және осы меңгеруді ұйымдастыру күрделілігі педагогикалық психологияның зерттеу пәнінің көпжоспарлы екенін анықтайды.

Педагогикалық психологияның зерттеу пәні болып адамның әлеуметтік мәдени тәжірибені меңгеру заңдылықтары, фактілері және осы процестің білім беру процесінің әртүрлі жағдайларында педагогтың ұйымдастырып және басқаратын оқу қызметінің субъекті ретінде қарастырылатын адамның (баланың) интеллектуалдық және тұлғалық даму деңгейінде өзгеруді меңгеруін туғызуы болып табылады. Жекелеп айтқанда, педагогикалық психология «білімді, икемділік пен дағдыларды меңгеру заңдылықтарын зерттейді, осы процестердегі жеке айырмашылықтарды зерттейді, оқушылардың өз бетімен шығармашылық ойлауын қалыптастыру заңдылықтарын, бала психикасында оқыту мен тәрбиелеу әсерінен пайда болатын өзгерістерді зерттейді», яғни, жаңадан пайда болған психикалық өзгерістерді қалыптастыру. Ал, кеңінен алғанда, ғылымның зерттеу пәні - ол объектте нені зерттесе сол болып табылады. Келтіріліп отырған анықтама педагогикалық психологияның зерттеу пәнінің күрделігі, көп аспектілігі мен біртекті еместігін дәлелдейді.

Педагогикалық психологияның қазіргі уақытта даму ауқымы одан сайын кеңейіп отыр. Мысалы, отандық педагогикалық психология оқытуды басқарудың психологиялық механизмдерін зерттейді (Н.Ф. Талызина, Л.Н. Ланда және т.б.) және білім беру процесін жалпы зерттейді (В.С. Лазарев және т.б.); іс-әрекеттердің жинақтап қорытылған тәсілдерін меңгеру процесін басқару (В.В. Давыдов, В.В. Рубцов және т.б.); оқу мотивациясы (А.К. Маркова, Ю.М. Орлов және т.б.); осы процестің табыстылығына әсер етуші жеке психологиялық факторлар, мысалы ынтымақтастық (Г.А. Цукерман және т.б.), оқушылар мен мұғалімдердің жеке тұлғалық ерекшеліктері (В.С. Мерлин, Н.С. Лейтес, А.А. Леонтьев, В.А. Кан-Калик және т.б.). Жалпы, педагогикалық психология оқу процесін басқарудың психологиялық мәселелерімен, танымдық процестерді қалыптастыруды (ең алдымен, теоретикалық ойлау) зерттейді, оқушы тұлғасын қалыптастырудың жалпы контекстінде «оқыту процесінде ой еңбегі дамуының неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін ой еңбегі дамуының сенімді өлшемдерін іздейді, педагог пен оқушының өзара арақатынас мәселелерін, сонымен қатар оқушылар арақатынасын қарастырады».

Наши рекомендации