Дәріс 3. Педагогикалық риториканың негізгі ұғымдары мен қағидалары
Сөз атасы шешендік өнер мен шешендік сөз бір-бірімен тығыз байланыста болғанымен, екеуі екі басқа түсінік атаулары. Шешендік өнер, ең алдымен, актінің, іс-әрекет ұғымының атауы, яғни шешен сөйлеу дегенді білдіреді, ол әлеуметтік қызмет атқарады. Ал шешендік сөз – сол шешендік өнерде қолданылатын материал, яғни шешендік өнер иелерінің шаршы топ алдында сөйлейтін сөзі [72, 457 б.]. Шешендік өнер теориясы [73, 254 б.] көне дәуірден бері "риторика" деп аталып келді [74, 86 б.]. Барлығына түсінікті халықаралық термин болған соң қазақ тілінде де, кей жағдайда "риторика" термині кездесіп отырады.
Риторика ғылым ретінде де [74, 917 б.; 75, 175 б.] филологиялық пән ретінде де (В.В. Виноградов, Л.В. Щерба, Т.О. Винокур) әдебиеттің ерекше жанры ретінде де, сөйлеу түрінің (ауызша және жазбаша) шеберлігі ретінде де, ауызша сөз өнері ретінде де қаралып келеді (В.И. Анушкин, Н.Н. Кохтев, Е.А. Ножин, Ю.В. Рождественский т.б.). Бүгінгі таңда риторика логикалық, лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, көркемдік шығармашылық және тілдік қарым-қатынастың басқа да қырларын қамтитын жүйелік ілім (пән) (С.И. Гиндин, В.И. Андреев, Ф. Снэлл, О. Эрнст) ретінде қарастырылады.
Риториканың негізгі ұғымы – шешен (орато – латынша огаге – сөйлеу) – (көпшілікке немесе шаршы топқа сөз сөйлеуші адам. Оның сөзі кімдерге арналса, солар көпшілік сөзді тыңдаушылар (грекше—гһеіог-тыңдау) болып табылады) сөзі [72, 457 б.]. Шешен мен оның аудиториясы сөйлеу барысында бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болып, соның негізінде бұқаралық сөз (публичная речь) пайда болады (Г. Белостоцкая, М.В. Бессараб, Н.Н. Кохтев, В.П. Лихачев т.б.). Бұл жерде бұқаралық сөз деп кез келген сөз емес, қоғамдық маңызы, әлеуметтік мазмұны бар сөзді айтамыз. Шешен сөзге қойылатын талаптар – оның мәнді, мазмұнды болуы, жұртқа бір нәрсені әуелі түсіндіріп, немесе бір іс-әрекетке ұмтылдырып, ең ақырында тыңдаушыға жақсы әсер етіп сүйсіндіру екендігін көрсетеді. Шешендік сөздің негізгі белгілері мен оған қойылатын шарттар қандай? Олар төмендегіше:
– шешендік сөздің белгілі бір әлеуметтік мәні болуы керек;
– әңгіме өзегінің дәлелі (аргументі) болуы керек;
– тыңдаушыға әсер ететін эстетикалық қасиеті болуы керек;
– тындаушының ақыл-ойы мен еркіне ықпалын тигізіп, оларды
белгілі бір іс әрекетке ұмтылдыратын сөз болуы керек;
– айқындылық пен түсініктілік.
Бұл айтылғандар риториканың өзгермес заңдылықтары деп қарастырылады (Р. Сыздықова, А.К. Михальская).
Р. Сыздықова "Сөз құдыретінде" (1997) шешендік сөзге қойылатын шарттардың төртеуін былайша таратып көрсетеді. Ол шарттар: біріншіден, әлеуметтік мәні бар әңгіме болуы керек, ол белгілі бір жиын, топ көбінесе шаршы топ (көпшілік алдында) айтылатын сөз болуы қажет, екіншіден, айтылатын сөздің дәлелі (кімге, неге, не мақсат көздей айтылғандығын түсіндіру, ойланту) болуы шарт, үшіншіден және қиыны – тындаушыға әсер ететін эстетикалық қасиеті, тілінің айшықты, астарлы, әуезді дегендей көрікті болуы қажет, төртіншіден, басты шарттарының бірі – көпшілікке қаратыла айтылған сөз баршаға түсінікті, ойы (идеясы) айқын болып келуі. Осы шарттар орындалған күнде ғана шешендік сөз, яғни шаршы топ алдында айтылған сөз тыңдаушылардың ақыл-ойы мен еркіне әсер етіп, оларды белгілі бір іс-әрекетке ұмтылдыратын сөз болып шығады. Соңғысын шешендік сөздің түпкі мұраты деп баса көрсетеді [76, 112 б.].
Қазақ тілі энциклопедиясында (1988) Р. Сыздықова шешендік сөзге қойылатын талаптарды үшке бөледі.
Ғалымның айтуынша шешендік сөздер мына талаптарға жауап беруі керек: 1) белгілі бір әлеуметтік мәні бар тақырыптағы көпшілік алдында айтылатын ауызша сөз; 2) әңгіме өзегінің дәлелі (аргументі) болуға тиіс, соның арқасында тыңдаушыларға бір нәрсені әуелі түсіндіріп, содан соң ойлантып, ақырында белгілі бір харекетке ұмтылдыруды көздеуі қажет; 3) тыңдаушыларға әсер етіп құлақ құрышын қандыратын эстетикалық қасиеті болуға тиіс.
Профессор Р. Әміровтің пікіріне сүйенсек: "Сөздің мазмұнын анықтау, жоспарлау, оны құрау жолымен қатар, шешеңдік сөздің сөйлем құрау, сөз талғау, интонациялық бейнесін анықтау сияқты таза тіл қазынасына тірелетін жайлары тағы бар... Тілдік амалдарға жататындар түрлі экспресивті, эмоциялық сөздер, сөйлемдер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық тіркестер, полемикалық пікірді білдіру мақсатына арналған риторикалық сөйлемдер, дауыс ырғағы, сөздерді, сөйлемдерді риторикалық үдеріс етіп теру, құрау т.б. Бұл амалдар ұзақ дәуірлерде қалыптасқан. Сол амалдарды дұрыс біліп, талғап жұмсау – шешендік сөздің бір талабы. Осы айтылғандардың бәрі де бірін-бірі айқындап, толықтырып тұрғандай [77, 125 б.].
Шешен сөйлеудегі құр сөйлеу сөйлеушінің жағымсыз мінезі ретінде қабылданады. Оның таяз білімі төмен тілдік мәдениеті, сөздік қорының болмауын көрсетеді. Педагогикалық шешендіктануда сөйлеушінің тіл мәдениеті төмендегіше көрінеді.
Тілдің түсініктілігі және қарапайымдылығы. Естігенді қабылдау үшін тіл қарапайым түсіндіріледі. Айтып отырғанымыз – тіл шынайылығы, ғылымдылықтың, арнайы қысқартылған терминдердің, қажетсіз шетел сөздерінің қатыспауы. Жазушы немесе айтушының сөздерінен тілдің қарапайымдылығын таңдап алынады. М.М. Сперанский «шешен сөйлеудің ережелері» еңбегінде бізді түсінбес үшін сөйлеу «өлшемнен асқан сандырақ, бұл қисынсыздық» деп астын сызып қояды. Ауызша сөйлеу тиімділікпен, әсерлілікпен байланысты, сондықтан ең бастысы талап қажет. Ол тілдік құралдарын таңдауда жалпыға түсінікті тілді анықтау. Ең бастысы, сирек кездесетін мағынасыз сөзді сөйлеуде пайдаланбау керек.
Орны шектеусіз лексиканы пайдалану көпшілік қолданатын сөзден тұрады. Қандай жағдайда да барлық адамдарға берілетін әлеуметтік жағдай бәріне түсінікті болуы қажет: нан, отбасы, бақ, қала, дәптер, оқушы, аяз, дәрігер, ай, құс, махаббат, күш, достық т.б. Қазақ тілінің көпшілік қолданатын сөздік қоры өте бай. Ол біздің тілімізді қазақ тілінде сөйлей алатын әрбір адамға түсінікті.
Шешендік сөздер мазмұны мен түрі жағынан біркелкі емес. А. Байтұрсынов шешендік сөздерді алтыға бөліп саралаған:
1. Саясат шешен сөзі.2. Билік (соттағы) шешен сөз.3. Қошемет шешен сөз .4. Ділмар шешен сөз.5. Діндарлар сөзі.6. Көсем сөз [78, 123 б.].
Ә. Мәметова екіге бөледі:
1. Шешендік дау
2. Шешендік толғау [79, 267 б.].
Б. Адамбаев та шешендік сөздерді тармағына қарай бөліп қарастырады:
1. Шешендік арнау.2. Шешендік толғау.3. Шешендік дау [29,30,31].
Р. Сыздықова бұрынғы шешендік сөздерді мазмұнына қарай былайша топтайды:1. Әлеуметтік-саяси мазмұнды сөздер.2. Әлеуметтік-тұрмыстық мазмұңды сөздер.3. Билік мазмұнды сөздер [32, 112 б.].
Сөз мәдениетін игерту – алдымен әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын меңгерту, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдануға үйрету. Тілде толып жатқан амал-тәсілдер бар. Солардың ішінен қарым-қатынас жасаудың мақсатына сай келетін аса қажеттісін талғап ала білу арқылы ой мен сезімді дәлме-дәл жеткізе білу шеберлігі – сөз мәдениетінің биік шыңы. Ал сол биік шың шешендік өнер биігі болып есептеледі. Мұндай шеберлік, ең алдымен, тіл амалдарын әдеби тіл нормасына сай дұрыс қолданудан, сөз жатықтығын үйренуден, сөз байлығын молайтудан, сөз сақтау, сөз дәлдігін тану және сөз әсерлілігін меңгеру арқылы көрінеді.
Оқыту үдерісінде кез келген оқытушы дидактиканың қағидаттарын басшылыққа ала отырып оқытудың мазмұнын, амал-тəсiлдерiн жəне ұйымдастыру формаларын таңдап, шəкiрттерiн жоғары нəтижелерге жеткiзуi шарт. Оқытушы дидактикалық қағидаттарды дұрыс таңдаса, оқытуды дұрыс ұйымдастырса сабақ тиiмдi жəне нəтижелi болары даусыз. Дидактикалық қағидаттардың қызметi: олардың негiзiнде шәкірттерді оқытудың мақсатына сəйкес берiлетiн бiлiм мазмұнын жүйелi, саналылықпен белсендi түрде меңгеруге деген қызығушылықтар пайда болады. Дидактика қағидаттары оқыту үдерісінің негiзгi буыны ретiнде бiрiмен-бiрi логикалық өзара байланыста болады. Сонымен, ең негiзгi, ғасырлар бойы педагогтер қауымы мойындаған дидактикалық қағидаттар жүйесiне келер болсақ:
– ғылымилық;
– саналылық пен белсендiлiк;
– көрнекiлiк;
– жүйелiлiк пен бiрiздiлiк;
– берiктiлiк;
– тиiмдiлiк;
– теория мен тəжiрибенiң байланыстылығы.
Белгілі бір пәнді оқыту әдістемесінің педагогикалық негіздерін Педагогикалық шешендіктанудың негізгі дидактикалық қағидаттары:
Ғылымилық қағидаты. Бұл қағидат бойынша, ең алдымен, берілер білім мазмұнының жоғары мектеп талабына сәйкес болуы. Яғни білім мазмұнының көптеген ғылым салаларымен байланыста болуы қадағаланады. Болашақ педагог студенттерге «Педагогикалық шешендіктану» ілімін үйретуде жалпы шешендіктанудың теориясына сүйенеміз. Студенттер классикалық және қазіргі шешендіктану теориясы бойынша толық әрі жан-жақты мағлұмат алады. Аристотельдің "Риторика", Цицеронның "Шешендік өнер туралы үш трактаты", М.В.Ломоносовтың "Шешендікке қысқаша басшылық" сияқты теориялық еңбектерімен танысады. Қазақ халқының шешендік дәстүріне байланысты, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым шешен мұраларымен танысады. М. Әуезовтің, Ә. Мәметованың, Б. Адамбаевтың, С. Негимовтің, Г. Қосымованың, т.б. қазақ шешендіктану ғылымы туралы зерттеулерін оқиды.
Аталмыш ғылым саласының қазіргі таңда "ойланып шебер сөйлеу іс-әрекетінің технологиясы" іспеттес тиімді тілдік қарым-қатынас жағдайы мен формалары туралы ғылым ретінде қарастырылатынын таниды.
Бірізділік қағидаты – оқыту үдерісінде қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге, әліппеден бастап ғылым шыңына қарай козғалыстың мызғымастығын есепке алатын бірден-бір қажетті қағидаттардың бірі. Сөйлеу өнері негізін тіл мәдениетінің негізі туралы білімге сүйене құралатындықтан, "Педагог маманның сөйлеу мәдениеті" тақырыбын толықтыра оқиды. Шешендік шеберліктің құпиясы сөз дұрыстығы (орфоэпикалық және грамматикалық) алғашқы орында тұратын жақсы сөз талаптарын оқып-үйренгеннен кейін ғана меңгерілуі тиіс.
Тарихилық қағидаты. Бұл қағидат студенттерді педагогикалық шешендіктанудың даму тарихына бойлауды талап етеді. Тек осылайша келу ғана педагогикалық шешендіктану ілімінің мәнін, оның қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі өзектілігін терең түсінуге мүмкіндік береді. Студенттер қазіргі танда да классикалық шешендіктанудың көптеген жетістіктері өз мәнін, бағасын әлі жоймағандығын түсінуі, сезінуі керек.
Қазіргі «Педагогикалық шешендіктану» курсы педагог маманның ойланып шебер сөйлеу үдерісінің жүйесін танытатын, ойланудан, оны вербализациялауға шейін осы үдерістің, барлық сатыларын есепке алатын классикалық риторика ғылымының заңды жалғасы болып табылады. Риторикалық канондар (ойлап табу, орналастыру, сөзбен бейнелеу, есте сақтау, сөз сөйлеу) – бұл өзіндік "адамның сөйлеу жүйесінің алгоритмі". Сондықтан да студенттерге осы ғылымның Ежелгі Греция мен Ежелгі Римде пайда болуы, дамуы туралы, Қазақ даласындағы шешендік өнер туралы түсінік беру маңызды.
«Педагогикалық шешендіктану» курсын үйренушілер үшін өз сөздері арқылы ұстазға тән екшей өрілген шешендік пен парасаттылықтың, ұтқыр ойлылық пен кісіліктің, үйлесімділік үлгісін таныта білген ежелгі таңғажайып риторлар туралы мағлұматтардың мәні, маңызы ерекше. Тәжірибе көрсетіп жүргендей, студенттер тақырыптық баяндамалар (хабарлама, реферат т.б.) жасауда Демосфен, Аристотель, Сократ, Цицерон есімдеріне байланыстыларды ерекше қызығушылықпен тындайды. Қазақтың дәстүрлі шешендігінің іргетасын қалаушылар Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым, т. б. шешендік сөздеріне студенттердің қызығуы да жоғары. Сондай-ақ классикалық шешендіктанудың озық дәстүрлері негізінде баулынған Т.Н. Грановский, В.О. Ключевский, Ф.Н. Плевако, А.Ф. Кони сияқты атақты орыс шешендерінің есімдеріне қызығушылық та жоғарылардан ешбір кем емес. Демек, шешендіктану арналары, риторикалық канондар, үздік шешен-"классиктер" туралы мағлүматтар – педагог маман үшін «Педагогикалық шешендіктану» курсын жете игеруге аса қажетті база.
Жүйелілік қағидаты. Педагогикалық шешендіктану салалары, ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті, т.б.
Сол секілді шешендіктануды оқыту әдістемесіне қатысты да аталмыш қағидаттар қатары шешендік өнердің төл ерекшеліктеріне сай толықтырыла алады. Мысалы, ресейлік әдіскер-ғалым И.А. Иванчук, қолданбалы шешендіктанудың (бұған «Педагогикалық шешендіктану» курсын да айтуымызға болады) әдістанымдық қырын атап өте келіп, былайша түйіндейді: «Шешендік шығармаға кешенді көзқарас ретіндегі қолданбалы шешендіктану шаршы топ алдындағы шешен сөйлеудегі түрлі ғылым салаларын (ең алдымен, логика, психология, этика, заң, тіл білімі, әдебиеттану және т.б.) үйлесімді сабақтастыра білу қағидатына және шешеннің шаршы топ алдындағы сөзді өнер түрі ретінде қабылдауына сүйенеді» [89, 44 б.].
Жоғарыда аталған әдіскер ғалым, шаршы топ алдына сөйлеу теориясы мен тәжірибесін оқытудың тәжірибелік әдістемесін түзе отырып, төмендегідей дидактикалық қағидаттарды екшейді:
– дамыта оқыту қағидаты;
– когезия мен ретроспекция қағидаты (яғни үзілген сөзді уақыт пен себеп-салдарлық байланысын сақтай отырып жалғастырып әкету білігі және тыңдаушыларды кейінірек берілетін ақпаратқа бағыттау) [89, 132-133 б.].
Ғалым-әдіскер У. Салыхова жоғарыда аталған қағидаттарға төмендегідей қағидаттарды қосады:
– қызығушылықты күшейту қағидаты;
– суырып салмалық, яғни импровизация қағидаты;
– жағдаятқа бейімделу, жауап беру қағидаты;
– аудиторияны ескеру, есепке алу қағидаты; [91, 59 б.].
Шешендік – дүниетанымдық заңдылықтарды оқытуды, дәлелдеуді, ұғындыруды білдіреді.
«Педагогикалық шешендіктану»– кез келген өзге оқу пәнін оқыту сияқты жеке тұлғаны кәсіби маман ретінде қалыптастырудың тиімді құралы.
«Педагогикалық шешендіктану» курсы сабақтарының ерекшелігі – бұл пән студенттерге арнайы пән бойынша белгілі бір білім жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен қатар қарым-қатынас орната білу (сөйлеу және тыңдау), сөйлеуге материал іріктеу, өз ойын дәлелдеу, сұхбаттасу, пікірталас өткізу және т.б. секілді маңызды жалпы оқу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар педагогикалық шешендіктанудың тәрбиелік құндылығы да орасан зор: курста сөз мәдениетіне тәрбиелеуге, адамдарға құрметпен қарауға, қарсы тараптың пікіріне құлақ асу, өз Отанын құрметтеу секілді қасиеттерді қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді.