Жазаны орындаушы мекемелер мен органдардың түрлері, олардың қылмыстылықпен күрес жүргізетін органдар жүйесінде міндеттері мен орны.
Кез келген мемлекетте қылмыстылыққа қарсы күрес қылмысты ескерту жөніндегі арнаулы алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды, оның жасалуына жағдай туғызушы себептер мен шарттарды анықтауды, тергеуді және жасалған қылмыстарды соттық тәртіппен қарауды, қылмыстық жаза тағайындауды, әрине жазаны атқаруды қарастыратын арнаулы шаралар кешенін қалыптастырумен көзге көрінеді. Осындай арнаулы мемлекеттік шаралар кешенін жүзеге асыру мемлекеттің арнаулы органдарына жүктеледі.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамалары үкімді орындау сол үкімді шығарған сотқа жүктелетінін белгілейді. Әрі қарай соттың үкімді орындау туралы өкімді судьялар немесе сот төрағасы үкімнің көшірмесін, оның заңды күшіне енетіндігі жөніндегі анықтама қағазымен бірге үкімді атқару міндеті жүктелген органға жіберіледі. Өз кезегінде үнімді жүзеге асыратын орган, үкім орындалғаннан кейін оның орындалғандығы жөнінде үкім шығарған органға дереу хабарлайды.
ҚР ҚАК 15-бабына сәйкес «Сотталушының жазасын өтеу орнына келгені туралы жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкілдерінің біріне 10 тәулік ішінде хабарлауға міңдетті».
Сотталғанның пайдалы әлеуметтік байланыстарын жоғалтпау кездесулерді уақытында алып тұру мақсатында, жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкілдерінің біріне 10 тәулік ішінде хабарлауға міндетті. Әкімшілікпен жіберілген хабарламада сотталғанға қажет азық-түліктің және бірінші кезекте керек заттардың тізімі көрсетіледі. Заңды өкілі ретінде кәмелетке толмаған сотталғанның қамқоршысы және сотталғанның адвокаты бола алады.
Қылмыстық жаза ҚР КК 38-бабына сәйкес соттық үкімімен ғана тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы және жасаған қылмысы үшін сазайын тартқызу болып табылады. Жаза қылмыс жасады деп танылған адамға ғана қолданылады және ол қылмыстық заң бойынша қылмыс жасаған адамның құқығы мен бостандығынан айыруды немесе шектеуді қарастырады.
Қылмыстық заңға сәйкес жазалаудың мақсаты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды еңбекке адал қарау, заңды бұлжытпай орындау, адамгершілік ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ соталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады.
Соттың үкімін жүзеге асыру үшін тиісті жазаларды атқаратын мемлекеттік органдар мен мекемелер жүйесі құрылады немесе кейбір органдарға, мекемелер мен ұйымдарға өздерінің атқаратын жұмыстарымен бірге соттың үкімін орындау міндеті қоса енгізіледі.
Құқық қолдану мен заң шығару заң шығару теориясында жазаның барлық түрін екі топқа бөлу қалыптасқан:
- сотталғандарға ықпал ету шараларымен түзеумен қатысты жазалар;
- ықпал ету шараларымен түзеуге қатысы жоқ жазалар.
Осының біріншісіне мыналар жатады:
- бас бостандығынан айыру;
- түзеу жұмыстары;
- абақтыда ұстау;
- қоғамдық жұмыстарға тарту.
Екіншісіне мыналар жатады:
- айыппұл салу;
- мүлкін тәркілеу;
- белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
- арнайы, әскери немесе құрметті атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік марапаттауларынан айыру.
Түзеудің ықпал ету шараларымен байланысты барлық қылмыстар жазалаушы элементерді жүзеге асыру барысында олардың мазмұны сотталғандарға арнайы тәрбиелік әсер етумен сипатталады. Оның ерекшелігі қылмыстық-құқықтық жаза барысында көрінетін құқықтың шектеу жағдайында жүзеге асырылатындығы болып табылады. Бұл жерде атап өту керек, түзеу арқылы ықпал ету шаралары тұтастай алғанда жазалау-тәрбиелеу ісі шеңберінде өтеді.
Бұрынғы Қазақ КСР-інің Еңбекпен түзеу кодексінен жаңа ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің айырмашылығы ҚР қылмыстық кодексінің 39-бабында көзделген қылмыстардың ҚР ҚАК 14-бабымен реттелуінде. Онда төмендегіше реттелген:
Айыппұл және мүлікті тәркілеу жазасын үкім шығарған сот, сондай-ақ мүліктің орналасқан жері бойынша және сотталушының жұмыс орны бойынша сот атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-бабы1-тармағы), яғни дұрысырақ айтқанда, соттардың штатында тұратын соттық-атқарушылар жүзеге асырады. Сот шешімдерін орындау тәртібі Әділет министрлігінің 1997 жылғы 18-желтоқсандағы «Атқару жүргізу туралы нұсқау туралы» № 2-2/117 арнаулы бұйрығымен реттелген.
Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды сотталушының тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу мекемесі жүзеге асырады. Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкімшілігі, сондай-ақ лицензиатты жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айыруға ҚР-ның заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-бабы 2-тармағы).
Құрметті, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден және біліктілік сыныбынан айыру туралы жазаны осы атақтарды берген лауазымды тұлға атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-б.3-т.).
Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-б.4-т.).
Бас бостандығынан айыру және өлім жазасы түріндегі жазаларды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері атқарады.(ҚР ҚАК-нің 14-б.5-т.).
Бас бостандығынан айыру жазасын орындауда сотталғандардың әр түрлі дәрежесі болатындықтан және оларды бір-бірінен бөлек ұстау тиістілігінен, мемлекет әр түрлі түзеу мекемелерін құрған. Сотталғандардың жасына карай түзеу мекемелері екі топқа бөлінеді:
- ересектер үшін (18 жасқа толғандар);
- кәмелетке толмағандар үшін (14-тен 18 жасқа дейінгілер).
Түзеу мекемелері ересектер үшін бірнеше түрге бөлінеді: колония-қоныстар, жалпы, қатаң және ерекше режимдегі колониялар және түрмелер.
Кәмелетке толмағандар үшін екі түрлі тәрбиелеу колониялары бар:
- жалпы режимді тәрбиелеу колониясы;
- режимі күшейтілген тәрбиелеу колониясы (тек қана ер адамдар үшін).
Сот әрбір сотталғанға жынысына, жасына, жасаған кылмысының ауырлығына, бұрынғы бас бостандығынан айыруға қанша рет сотталғанына және басқа да оның жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларға байланысты түзеу мекемесінің түрін белгілейді.
Тергеу изоляторында шаруашылық қызметі үшін сотталғандар қалдырылуы мүмкін.
Сотталған ауруларды емдеу үшін арнайы емдеу мекемелері ашылған және онда сотталғандар жынысына, жасына қарай бөлек бөлек орналастырылады.
Жазалаудың мақсатына жету үшін түзеу мекемелерінің алдына нақтылы міндет қойылып, ал олар негізгі түзеу мен тәрбиелеу амалдарының көмегімен іске асырылады. Ол жазаны атқару (өткеру) режимін орындау, қоғамдық, пайдалы еңбек ету, сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысы, жалпы білім мен техникалык-мамандыққа оқыту болып табылады.
Жоғарыда айтылған түзеу мекемелерінің барлық түрлері мен қылмыстық-атқару инспекциялары ҚР-ның ІІМ-нің құрылымына кіріп, біртұтас қылмыстык-атқару жүйесін кұрайды.
Әрбір облыстағы облыстық түзеу мекемелерін басқару үшін түзеу мекемелерінің саны мен ондағы сотталғандардың санына байланысты облыстық қылмыстық-атқару департаменті құрылады.
Облыстық қылмыстық-атқару департаменті Қылмыстық-атқару комитетінің құрылымына кіреді, соған бағынышты.
Қоғамнан оқшаламай-ақ, бірақ түзеу арқылы ықпал ету шараларымен байланысқан жазаны атқару үшін қылмыстық-атқару органдары жүйесінде аумақтық қылмыстық-атқару инспекциясы жұмыс істейді. Бұл инспекция мынадай жұмыстар атқарады:
- түзеу жұмыстарына, белгілі бір лауазымды болу немесе белгілі бір қызметпен айналасу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына, сондай-ақ қызмет көрсетілетін аумақта түратын шартты түрде сотталғандардың жеке есебін жүргізеді;
- сотталғандардың жалақысынан ұсталатын тиісті төлемнің дұрыс есептелуін және ұсталған соманың кіріске дер кезінде аударылуын қадағалайды;
- кәсіпорын әкімшіліктерінің түзеу жұмыстарын өтеу шарттары туралы заңдылықтарды сақтауын, соның ішінде жазасын өтеп жүрген сотталғандардың еңбек кітапшаларына жазбалардың дұрыс жазылуын қадағалайды;
- сотталғандарға заңмен белгіленген ынталандыру және жазалау шараларын қолданады;
- жазасын өтеуге бөгет жасайтын созылмалы жан күйелісі және басқа аурулармен ауырған сотталғандарға қатысты сотқа арыз-өтініш береді;
- заңмен белгіленген тәртіп бойынша жазасын өтеуден әдейі бас тартқан сотталғандардың түзеу жұмыстары мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде сотқа ұсыныс жасайды;
- қылмыстық іс жүргізу заңымен қарастырылған жағдайда сот алдында үкімді орындауды кейінге қалдыру жөнінде өтініш береді.
Соттың түзеу жұмыстары жөніндегі үкімі сол үкімнің заңды күшіне енген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмей атқарыла басталуы тиіс. Түзеу жұмыстарын өтеуге тарту үшін негіз болатын негізгі құжат сот үкімнің заңды күшіне енгендігі жөніндегі анықтама қағазы болып саналады.
Әскери қызметшілер мына жазаларды өтейді:
- абақтыға алынған әскери қызметшілерге арналған гауптвахталарда гарнизондардың командованиясы немесе гарнизон гауптвахталарының тиісті бөлімшелерінде атқарады;
- әскери қызмет бойынша шектеуді аталған әскери қызметшілер қызмет өтіп жүрген әскери бөлімдердің, мекемелерінің, органдар мен әскери құрамалардың командованиясы атқарады.(ҚР ҚАК-нің 14-б.7-т.).
Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшілерге бақылау жасауды әскери бөлімдердің қомандованиясы атқарады (ҚР ҚАК-нің 14-б.9-т.).
Жаза атқарушы мекемелер мен органдар өз міндеттерін тиімді орындауы үшін, әсіресе сотталғандарды түзету үрдісінде тергеу, сот, прокуратура, полиция органдарымен, сол сияқты жергілікті билік органдарымен, қоғамдық құрылымдар және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасайды.
Сот үкімінің талаптарын орындауға міндетті субъектілер ретінде мыналар саналады:
- өздерінің қызметіне қарай үкімдерді орындауға бейімделіп арнайы құрылған мекемелер мен органдар (түзеу мекемелері, қылмыстық-атқару инспекциясы);
- белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналасу құқығынан айыру үкімі шығарылған адам бұрын жұмыс істеген кәсіпорынның, ұйымның немесе мекеменің әкімшілігі;
- айыптұл салу түріндегі жазаны атқару кезінде жаза тағайындалған адамның өзі;
- арнайы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптың шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік марапаттан айыруға байланысты сол атақтарды, дәрежелер мен марапаттауды берген орган.
Сөйтіп, айтылғандарды түйіндей келе, тәртіп бойынша қылмыстық жазаны атқару Қазақстан Республикасы ІІМ-нің арнаулы мемлекеттік органдарына, Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери бөлімдеріне, сондай-ақ соттық атқарушыларға жүктеледі деген жалпы қорытындыға келуге болады.
Қылмыстылық жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1. Соттың үкімімен шығарылған қылмыстың жаза түрлерін тиісті мәнде атқару;
2. Қылмыс жасаған адамның құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеуда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру;
3. Сотталғандарды заңды бұлжытпай орындау, еңбекке адал қарау, адамзат өміріндегі тәртіпті құрметтеу рухында түзеу, тәрбиелеу;
4. Сотталғандардың, сондай-ақ басқа адамдардың жаңа қылмыстар жасауының алдын алу.