Сот талқылауына қатысу үшін алқабилер кандидаттарын іріктеудің процессуалдық ережелерін көрсетіңіз
Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу:
1) төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу;
4) алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi түрде шешу мақсатында төрағалық етушi алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы жазбаша нысанда ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтарды қоя алады.
Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіретiн сұрақтар қоймайды. Төрағалық етушi алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдірулерді кеңесу бөлмесiне кетпей тұрып, сот отырысының хаттамасына судьяның қаулысын енгізе отырып жеке-дара шешедi.Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.
Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан iстi қарауға өздерінің алқаби ретiнде қатысуына кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
Төрағалық етушi:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдiк келтірілетін немесе айыпталатын;
2) сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарды, мылқауларды, саңырауларды, зағиптарды;
3) мүгедек болып табылатын басқа да адамдардың сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық не техникалық мүмкiндiктері болмаған кезде, оларды процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатады.
Төрағалық етушi:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
3) өзiнiң дiни нанымына байланысты өзінің сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды;
4) сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды, олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша, процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.
Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы өзінің алқаби мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептерін көрсетуге, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттың өздігінен бас тартуын қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Жеребе арқылы алқабилер алқасын құру.Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы он және қосалқы екi алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он екi билеттi алады, әрбір ретте билетте көрсетiлген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы он алқаби – негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби болып есептеледi. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он екi алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi және олардың саналатын реттік нөмірі көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.
Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң негiзгi құрамына алқабилердің орындығында оларға бөлiнген орындарға жеребе тастаумен айқындалған тәртiпке сәйкес отыруды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуға және, әдетте, сотталушылардың орындығына қарама-қарсы орналасуға тиiс. Қосалқы екi алқаби алқабилердің орындығынан өздері үшiн арнайы бөлiнген орындарға отырады.
Алқабилер алқасы құрылып болғаннан кейiн сот отырысының төрағалық етушiсі немесе хатшысы сот отырысының залында қатысып отырғандардың барлығына орындарынан тұруды ұсынады. Төрағалық етушi алқабилерге ант қабылдауды ұсынып, өтiнiш жасайды.
27. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды қолданудың тәртібіне сипаттама беріңіз.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің расталған көшірмелері қоса беріледі.Осы бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы, сот алдында оны қолдануды санкциялау туралы өтінішхат оған қоса берілген барлық материалдармен бірге ұстап алу мерзімі біткенге дейін он сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.
Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын қолдау, күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені шешу кезінде күзетпен ұстау үшін негіздерді қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті және күдіктіден, айыпталушыдан жауап алуға құқылы. Прокурор ұсынылған барлық материалдарды зерделеп:
1) өтінішхатты қолдау және бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені шешу үшін материалдарды сотқа жіберу туралы;
2) өтінішхатты қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға негіздің болмауына байланысты күдіктіні күзетпен ұстаудан босату туралы;
3) өтінішхатты қолдаудан бас тарту және қылмысты жасады деген күдіктің расталмауына байланысты күдіктіні босату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда, прокурор қылмыстық қудалау органының қаулысына келісім білдіреді. Бас тартқан жағдайда прокурор уәжді қаулы шығарады. Прокурор тергеу судьясына өзге бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберуге құқылы.
Күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы қаулы мүдделі тұлғаларға жіберіледі. Көрсетілген қаулыға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам не өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өзі өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар жоғары тұрған прокурорға осы Кодекстің 106-бабындакөзделген тәртіппен шағым жасай алады.Сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы прокурормен келiсiлген қаулысы, сондай-ақ оның негiздiлiгiн растайтын материалдар ұстап алу мерзiмi аяқталардан бұрын он екi сағаттан кешіктірілмей тергеу судьясына ұсынылуға тиiс, бұл туралы мүдделi тұлғалар хабардар етiледi.
Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілер тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары заңнамада айқындалады.
Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны тергеу изоляторына жеткізу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауы немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi сотта қарау қажеттігі салдарынан мүмкiн болмаған жағдайларда, мұндай адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор не тергеу судьясы не сот бекіткен қаулысымен отыз тәулiкке дейiн – уақытша ұстау изоляторларында, ал әскери қызметшілер гауптвахтада ұсталуы мүмкін.
Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны және сотталушыны тергеу әрекеттерін жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан екінші бір тергеу изоляторына ауыстыру (этаппен апару) прокурордың қаулысы бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор бекіткен қаулысы бойынша жүзеге асырылады.