Дәріс 8. Педагогтың ауызша сөйлеу арқылы әсер ету қағидалары
Ауызша сөздің өзі екі түрі болады: бірі – адамдардың күнделікті тұрмыста, бір-бірімен бетпе-бет ("ауызба-ауыз") сөйлесу актісі, екіншісі – топ алдында сөйлейтіндері. Алғашқысын орысша "разговорная речь" десе, соңғысын "публичная речь" деп жүрміз. Біз күнделікті тұрмыста айтылатын сөзді ("тілді") "ауызекі сөз" – деп, ал соңғысын "шаршы топ алдындағы сөз" дейміз [32, 5 б.]. Соңғысы көбіне "шешендік сөз" деп те аталады. "Қазақтың жоғары деңгейдегі өнері" деп бағаланатын "шешендік сөздері" дегеніміз – шаршы топ алдындағы сөздердің бірден-бір көрінісі. Қазіргі шешендік сөздер – негізінен, шаршы топ алдында айтылатын сөздер, Шаршы топ алдында сөз айту – сөйлеу нормаларын бұзбай, дұрыс пайдалана отырып, көпшілікке үйрету, тарату, орнықтыру, бекіту [81, 6 б.].
Бұл күнде шешендік сөздің рөлін көтеру – тіл мәдениетін көтерудің бір шарты. Әсіресе, әдеби тілдің ауызша түрін дамыту – бүгінгі күннің үлкен міндеті болып отыр.
Ауызша сөздің жазба сөзден ерекшелігі неде? Психологтердің зерттеулеріне қарағанда, адамдардың басым көпшілігі жазып, оқығаннан гөрі тыңдағанды, сөйлегенді ұнатады. Дыбысталу арқылы тіл өмір сүрудің ең бір шынайы түріне ие болады.
Ауызша сөз – сұхбат үшін ең оңтайлы әрі қарапайым әдіс және ол нақты сұхбаттасушыға бағытталып, оған тікелей әсер ету мүмкіндігін туғызады. Оның жазба сөзден тағы бір артықшылығы – ауызекі сөз шешенге импровизация жасауға (суырыпсалмалыққа) кең жол ашады, сөзін түзеуге, үнемі тыңдаушымен байланыста болуға, оның көңіл-күйін бағып, мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.
Ауызекі сөйлеуде сөздің әрін келтіріп, оны әсерлі ету мақсатында жазба тілдің қатаң қағидаларын аттап өтуге де болады. Жазба сөз өз бойына интеллектуалдық ақпаратты көбірек сіңірсе, ауызша сөздің адамның жан сезімін, көңіл-күйін, көзқарасын білдіру үшін сөз саптаудың "тауып сөйлеу", "қазып сөйлеу", "жарып сөйлеу" "мысқылдап сөйлеу" сияқты үлгілері ыңғайлырақ болып келетін ерекше тұстары да бар.
Ауызша сөзде түрлі салалық стильдердің араласып, бірігіп кетуі жиі ұшырасады. Ауызша сөздің негізін әдеби-кітаби логика құрайды, сонымен қатар, саяси сөз, лекция, баяндама сияқты жанрларда ғылыми және ресми-іскерлік стильдер пайдаланылады. Бірақ шешендіктанудың қай жанрында да публицистикалық, көркем сөз және ауызекі сұхбат стильдері кеңінен қолданылғаңда ғана сөз жоғары бағаланады, онсыз сөз жансыз көрінеді. Шешендік сөздің осы бір қасиетін академик В. Виноградов былайша көрсеткен: "Қазіргі ауызша сөздің пікірталас, лекция, кеңес, баспасөз мәслихаты, баяндама, сұхбат тәрізді формалары әдетте кітаби және ауызекі сөз элементтерінің өзара араласып, сіңісіп немесе алма-кезек ауысып қолдануынан құралады" [82, 98 б.].
Әр түрлі стильдерді қатар пайдалану, өз кезегінде, шешеннің ойын жеткізуге зор мүмкіндіктер береді. Сондықтан да стильдің алуан түрін кеңінен қолдана отырып, ауызша сөзді қарапайым немесе сауатсыз сөзбен ауыстырып алмау жағы да ойластырылады. Шешеннің шешендігі оның тілдік стилінен, ой өрісінен, жалпы білім дәрежесінен белгілі болады. Шешендіктегі стильдің табиғатын тануда баса ескеретін тағы бір қыры бар. Ол – тілдің жалпыға ортақ стильдерімен қатар, әр шешеннің жеке өзіне тән стилін, яғни оның сөйлеу ерекшелігін сипаттайтын белгілер жиынтығы болатындығы. Бұл стиль өз сөзін мағыналы түрде, ұзақ әрі мұқият жетілдіріп отыру нәтижесінде және шешендік өнердің үздік үлгілеріне еліктеу арқылы туып, қалыптасады. Ортан қол шешендер ғана бір-бірінен айнымайды. Қас шешеннің белгісі – қайталанбас, тек өзіне ғана тән сөз құрау, тілдік құралдарды таңдау, сөз барысында аудиторияға ықпал ету мәнерінде. Өзіндік, яғни өз сөз саптауы арқылы өзіндік сөз мәнерін қалыптастыру – шешеннің басты міндеті.
Тіл – ойлаудың, мәдениеттіліктің де маңызды көрсеткіші. Сөйлеу мәдениетінің мазмұны қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі ете алдық па дегенге саяды.
Сөйлеу – тілдік құралдың (сөздің) көмегімен қарым-қатынас жасау әрекеті екені белгілі. Сөйлеу әрекетінің өзіне тән сипаттары бар. Олар: сөйлеу мазмұндылығы және оның мәнерлілігі. Сөйлейтін сөзде мазмұн болмаса, сөздің мәні жойылады. Ал сөздің мәнерлілігі әрбір сөйлемді өзінің сазымен айту арқылы жасалады. Сондықтан, пікірлесу кезінде студенттің әрбір сөзді орынды қолдануына және сөйлемдегі сөздерге дұрыс екпін қоя білуіне үлкен көңіл аударылады.
"Қай халықтың болмасын сөз өнері ұлттық көркем тіл нормасының ең басты көрсеткіші болып танылады" [83, 4 б.].
Академик Р. Сыздықова қазақ әдеби тілінің ұлттық белгілері, мыналар деп көрсетеді:
– аса бай ауыз әдебиеті (ауызша туып, ауызша тараған поэзия мен прозалық үлгілер) тілінен алған ұзақ дәстүрлі үлкен тарихи бар тіл екендігі;
– аса бейнелі тіл екендігі, яғни бейнелі (образды) фразеологизмдердің молдығы, теңеулердің активтігі т.б.;
– лексикасы бай тіл екендігі, яғни синонимдердің көптігі, халықтық терминологияның, жарыспалы қатарлардың молдығы;
– лексикалық, грамматикалық мүмкіндігі зор тіл екендігі, яғни сөз жасау тәсілдерінің икемділігі, өзге тілдерден сөз қабылдау қабілетінің күштілігі, семантикалық құбылымға бейімділігі;
– қазақ халқы мекендеген барлық аймаққа ортақтық қасиетінің күштілігі, яғни диалектілік ерекшеліктердің аз көрінуі [76, 192 б.].
Қазақ тілінің, өзге тілдер сияқты, екшеліп, қырналған, тұрақталған нормалары (зандылықтары) бар. Ол зандылықтар сөздерді дұрыс тандау, орнымен жұмсау (лексикалық нормалар), бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөйлемдерді құрастыра білу, яғни дұрыс конструкциялар жасау (грамматикалық нормалар), дұрыс жазу (орфографиялық нормалар), дұрыс айту (орфоэпиялық нормалар) салаларын қамтиды [76, 83 б.]. Сөйлеу мәдениеті сөзді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын жарыққа шығарып, жан сарайын танытады. Сөз адамның ой-өрісін де, мәдени дәрежесін де, ақыл-парасатын да көрсетеді [84, 9 б.].
Сөйлеу ең жоғарғы формасы – шешендік. "Өнер алды-қызыл тіл" екенін білген адам сол шешендік өнерді үйренуге құлшынады, бірақ жүрттың бәрі даңқты шешен бола алмайды. Әркімнің білім дәрежесі, ақыл-ой парасаты әр түрлі болатыны сияқты, жалпы тіл мәдениетінің, әсіресе, шешендік өнерінің дәрежесі де әр түрлі болады. Соның өзінде ел бастайтын көсем де, жұртты аузына қарататын шешен де бола алмаспын деген сауатты, мәдениетті кісінің де қоғамда атқаратын қызметіне сәйкес кәсібм шешендік өнері болуға тиіс. Сөйлеушілердің өздеріне тән тілдік ерекшеліктері болумен қатар, ол бүкіл халыққа ортақ әдеби тілдің де байлықтарын бойына сіңіруі тиіс [85, 32 б.].
Қай адам да ойын дұрыс әрі жатық, әсерлі жеткізуге тырысады. Себебі сол арқылы басқалармен оң қарым-қатынас орнатып, көздеген мақсатына жетуге мүдделі болады. Нақтырақ айтсақ, мәнсіз, қауқарсыз сөздің өзі оны тиісті жерінде мәнерлеп, әсерлеп жеткізе білгенде ғана құдіретті күшке айналады.
Адамдардың өзара тілдесуі табысты болуы үшін, тілді, оның грамматикасын, кұрамын жақсы игерумен ғана шектелуге әсте болмайды. Студенттерді сөз арқылы өзгенің көңілін аударып, тыңдаушының жүрегіне жол тауып, санасына әсер етіп, оны өз жағына тартып, серік ете білуге үйрету керек. Қолдаушылардың алдында сөйлегені сияқты, болашақ педагог студенттер де қарсыластары алдында сөйлей білуі керек, олар ортада да, көпшілік қауыммен де әңгімелесе білуі қажет. Әркімнің сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін оның өзіне қажетті шешеннің сөзіне қойылатын талаптарды танып алуы керек.
Ол үшін, ең аддымен, сөз бен тіл, сөз бен болмыс, сөз бен тыңдаушының санасы, сөз бен қарым-қатынас жасау жағдайларының арақатынастары жүйесін білу қажет. Осыларды қарастыру арқылы біз сөздің төмендегідей қасиеттерін айыра аламыз. Ондай қасиеттер – сөздің дұрыстығы, қысқалығы, дәлдігі, қисындылығы, байлығы, мәнерлілігі. Бұл тізімді әрі қарай толықтыруға және нақтылай түсуге де болады. Алайда, сөздің ұғымдылығы мен өтімділігін қамтамасыз ететін негізгі ерекшеліктер осылар деп аталып жүр [86, 27 б.].
Педагогтің ауызша сөйлеу арқылы әсер ету қағидалары
аудитория алдындағы педагог шешен сөзі – ұзаққа созылатын шешендік іс-әрекеттің өнімі. Ол нақтылы мақсатқа жетуге орайлас белгілі бағытқа межеленген болуы тиіс. Стратегия дәріс тақырыбының дамуына бағыттама береді. Сөз сөйлеу мен оған даярлық кезеңдеріндегі ілгергі жұмыстардың мазмұнын алдын-ала анықтайды. Дәріс жоспары–белгіленген стратегия да.
Егер де педагог шешен өз алдына тыңдаушылардың алға қойған мақсатына әсер етуді, белгілі бір межеленген мінез-құлыққа ұмтылдыруды, түсінікті қалыптастыруды, диалектикалық тұрғыда ойлау мен тұжырым жасай білу қабілетін дамытуды мақсат етіп қойса, онда ол өзінің бар күш-жігерін, күллі іс-әрекетін тек осы нәтижеге жетуге бағыттайды. Бұндай жағдайда мәтіннің құр дыбысталуы емес, онда адам санасын дамыта отырып әсер ету жүзеге аспақ.
Дәрісте сөзіңді дәл бағыттап отыру ерекше маңызды. Бұл сөйлеу арқылы әсер ету ой ұшығының талдамасын әзірлеуді қажет етеді.
Дәріс жоспарын немесе стратегиясын талдап әзірлеу – өз алдыңа «неге сөйлеймін?», «не туралы сөйлеймін?» және «қашан сөйлеймін?» іспеттес нақты үш сауалды қоя білу.
Педагог шешеннің ойлау іс-әрекеті бір мезгілде алгоритмделуі мүмкін емес. Дегенмен де ой ұшығын електен еткізудегі жұмыстарды жүйеге келтіру мен оны жете түсіну үшін, бірқатар белгілі бір жүйелікке, ойлап табу әдістемесіне сүйенуге кеңес беріледі. Осылайша сәйкесті шешендік дағдыларды жетілдіру көзделеді.
Ал сөйленер сөздің тақырыбы мен алға қойылған мақсатын анықтай түсу жөнінде айтатын болсақ, жалпы педагог шешен даярлығының басы – тақырыпта қамтылатын материал мазмұнына ие болу. Материалдың көл-көсір болып келері түсінікті. Жинақталған барлық материалдың ішінен нақты аудиторияға қажеттісін ғана іріктеп алуда саяси тұжырымдар, бұйрық-ұйғарым, оқу ісіндегі басты міндет және пәннің, оқылатын курстың бағдарламасында жазылған нақты мақсаттар баса ескеріледі. Демек, тақырып пен алғы мақсатты анықтай түсу – неге сөйлейін деп жатқаныңды түсіну.
Егер де оқытушы оқу материалын еркін түрде жете білсе, осы сала маманы болса, сондай-ақ педагог шешеннің айтар тың мәліметтері болса, аталмыш мәселені шешу қиын емес. Ал бұндайда мәселеге үстірт қараушы педагогке, не ұзын құлақ мәліметтеріне сүйенушіге, не қызмет бабына сәйкесті немесе жоғарғылардың тапсыруымен сөз сөйлеушілерге өте қиын.