Тақырып: Қазақ тілі сабағының түрлері
Қазақ тілінен өтілетін сабақтар мазмұнына қарай мынадай тілдік материалдар негізінде іске асырылады: фонетика, лексика, морфология, орфография, орфоэпия, синтаксис, пунктуация бойынша өтілетін сабақтар және тіл ұстарту бойынша өтілетін сабақ болып жіктеледі. Жалпы осының негізінде қазақ тілі сабағын мазмұны мен мақсатына байланысты мынадай екі түрге бөлуге болады: 1) Дәстүрлі сабақтар 2) Дәстүрлі емес сабақтар
Дәстүрлі сабақ.Дәстүрлі сабақ дегеніміз – методикасы бұрыннан қалыптасқан сабақ түрі. Әдістемеде бұл сабақ қазірде қалыпты сабақ деп те аталып жүр. Дәстүрлі сабақтың қазірде қолданылып жүрген мынадай түрлері бар:
1) Жаңа материалды меңгеру сабағы. Бұған күнделікті теориялық білім беретін сабақтар жатады. Жаңа материалды меңгеру сабағында оқушылардың алдына мәселе қойылады.
2) Оқушы білімін бекіту, жүйелеу сабағы. Мұны жинақтау деп те атап жүр. Мұнда теориялық ерекшеліктер өтілген соң, бекіту мақсаты орындалатын бекіту сабақтары жүргізіледі.
3) Оқушы білімін тексеру және бағалау сабақтары. Мұны әдістемеде көбіне білімді сынау сабақтары деп те атайды. Бұған ауызша және жазбаша емтихандардан басқа оқушылардың білімін тексеретін ауызша және жазбаша жұмыстары жатады. Бұл сабақтарда оқушылар қазақ тіліндегі білімін ауызша (сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, әңгіме құрау, баяндау т.б.) немесе жазбаша диктант жаздыру, мазмұндама, шығарма, тексеру өткізіледі.
4) Қорытындылау сабағы. Мұқғалімнің жақсы даярлығымен күрделі тарауларды қорытындылау мақсатында жүргізіледі.
5) Аралас сабақ. Ол белгілі жүйемен құрылған және осыған байланысты құрылған түрлі мәселелерді қамтитын сабақ. Сабақтың бұл түрінде ауызша және жазбаша түрде жүргізілетін тіл дамыту жұмысы басты орын алады.
Дәстүрлі емес сабақ.Дәстүрлі емес сабақ дегеніміз – методикасы бұрын қалыптасқан сабақ үлгілерінен басқа жаңа үлгідегі сабақтар. Бұл сабақ әр мұғалімнің өзіндік ерекшелігіне, жалпы фантазиясына байланысты құрылатындықтан, оның шегі болмайды. Әдістемеде қазірде қалыптасқан мынадай сабақ түрлері қолданылып жүр: дуэт-сабақ, ойын сабақ, КВН-сабақ, жарыс сабақ т.б.
1) Жаңашылдар сабағы. Бұған қазірдегі жаңашыл мұғалімдердің сабағы жатады. Жаңашыл педагогтар – оқу-тәрбие жұмыс процесінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік жұмыс ерекшелігі арқылы үлкен нәтижелерге жетіп жүрген мұғалімдер. Жаңашыл мұғалімдер оқу процесінде педагогика ғылымындағы барлық әдістер беріліп, оқу процесінде құралып және оны творчестволық алға дамытқан жаңашылдар. Бұған мысалға қазірде жыл сайын өткізілетін «Жыл мұғалімі» сайысының сабақтарын жатқызуға болады.
2) Панорамалық сабақтар. Жалпы бәріне белгілі сабақтың тоғыз сатысы бар. Осы сабақтың әрбір сәтін ерекше өткізу мұғалімге үлкен сын. Сондықтан да сабақтың тоғыз сатысын өте жоғары дәрежеде өткізу мүмкін емес. Мұғалім осы сәттердің кейбіреуін ерекше өткізе алады. Сондықтан да сабақтың тоғыз сәтінің біреуін ерекше алып, жоғары деңгейде өткізетін сабақ түрін понарамалық сабақ дейміз.
3) Дуэт сабақ. Әдетте орта мектептерде бір пәннен бірнеше мұғалім сабақ береді. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі болады. Сондықтан балалардың түсінгеніне әсерлі болу үшін кейде бір пәннен екі мұғалім бірін-бірі толықтырып сабақ жүргізеді.
4) Талас сабақ. Бұл сабақ оқушылардың сабаққа, тақырыпқа деген қызығушылығын арттыру үшін өткізіледі. Мұны кейде жарыс сабақ деп те атаймыз.
5) Десант сабақ. Оқу-әдістемелік бірлестіктің ұйғарымымен мұғалім кез келген мектептің белгілікті бір сыныбымен сабақ жүргізеді.
6) Жинақ сабақ. Мақсаты – бірнеше пәннің мұғалімдер бірігіп бір сабақ жүргізеді. Тәжірибеде қазірде қазақ тілі, шет тілі, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері бірігіп жүргізген сабақтар кеңінен кездеседі. Бір сабақта бес пән мұғаліміне дейін бірігіп сабақ өткізуі мүмкін. Бұл оқушылардың білімдерінің жан-жақты толығуына көп септігін тигізеді.
Қазақ тілінен өтілетін сабақтарды жіктеу. Сабақты білім мен дағды беру ерекшелігіне қарай, оларды мынадай өлшемдер бойынша жіктейміз:
а) Сабақта оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім негіздері меңгертіледі. Оған өтілетін тақырыптың термині, тілдік материалдың өзіндік белгілері, жасалу жолдары, анықтамалары мен ережелері кіреді.
б) Оқушыларға қазақ тілінен іс жүзінде дағды қалыптастырылады, берілетін білім көлеміне лайықты дағды түрлері жаттықтырылады. Қазақ тілінен өтілетін сабақтарды төмендегіше жіктейміз: а) теориялық білім меңгерту сабақтары б) практикалық дағды қалыптастыру сабақтары.
1) Теориялық білім меңгерту сабақтары.Теориялық
сабақтарда оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім негіздері
меңгертіледі. Бұған мына сабақ түрлері жатады: жаңа сабақ, біріккен сабақ және лекция-сабақ. Жаңа сабақ жаңа білім беру үшін, біріккен сабақ өткен мен жаңаны ұштастыру мақсатында өткізіледі. Ал лекция сабақ теориялық материалдарды ауызша мазмұндап жеткізу мақсатында іске асырылады.
1. Жаңа сабақ.Қазақ тілінен өтілетін жаңа сабақ жүйесі – сабақ процесінің ішіндегі ең күрделісі. Жаңа сабақта оқушыларға жаңа теориялық білім береді, мұны жаңа сабақ деп атайды. Оқушыларға жаңа тақыраптың өзіндік ерекшеліктерін танытуда бұл сабаққа қойылатын өзіндік талаптарын ескерген жөн. Жаңа материалды түсіндіруде негізгі объектінің мынадай қасиеттері жете танылады: тақырыптың аты айқындалады; тақырыптың көлемі мен өтілу жүйесі сұрыпталады; материалдың өзіндік белгілері бір-бірімен салыстырады; материалдың өзіндік белгілері бір-бірімен салыстырылып, тиісті тұжырымдамалар мен ережелер айтылады және тақырыпқа лайықты дағдылар жүргізіледі. Оқушыларға жаңа білімді меңгертуде сабақтың өзіндік құрылымы да ерекше қызмет атқарады. Жаңа сабақтың құрылымы мынадай: 1) Өткенді еске түсіру. 2) Жаңа материалды түсіндіру. 3) Анықтама мен ереже шығару. 4) Дағдыландыру жұмыстарын жүргізу. 5) Үй тапсырмасын беру.
2. Біріккен сабақ.Біріккен сабақта оқушыларға теориялық мәлімет берілуімен қатар, өткен материалдар еске түсіріледі, яғни оқушыларға берілетін жаңа біліммен бірге өткен тақырып та қайталанып отырады. Сабақта жаңа білім беру элементі мен өткен сабақты бекіту элементі болғандықтан, мұны біріккен сабақ деп атайды.Біріккен сабақта жаңа материалға да байланысты жаттығу жұмыстары жүргізіледі, осылар арқылы қайталап пысықтайды. Жаттығуды біріккен сабақпен жүргізуде мынадай талап ескеріледі: 1) материалдың көлемін анықтаған жөн; 2) өткен материалдың ауырлық дәрежесін ескеріп отырған мақұл; 3) жаңа және өткен материалға сай дағды түрлері іріктеп алынуы тиіс.
3. Лекция сабақ. Лекция – грек сөзі, мағынасы оқу дегенді білдіреді. Бұл – оқытудың бір түрі. Лекция мұғалімнің белгілі бір тақырыпты ауызша мазмұндап түсіндіруі, оқушы алдында баяндама жасауы, арнайы тақырыпқа хабарлама беруі дегенді білдіреді. Сондықтан тілдік теориялық материалдарды ауызша мазмұндап жеткізу мақсатын көздейтін жұмыс түрін лекция-сабақ деп атайды. Оған қойылатын мынадай талаптарды ескеру қажет: әрбір сыныпқа арналған қазақ тілі бағдарламасынан лекция-сабақ тақырыптары дұрыс іріктеліп алынуы қажет, тілдік фактілердің өзіндік белгілері мен жасалу жолдары, анықтамалары мен ерекшеліктеріне сай болуы тиіс, тілдік материалдарды түсіндіруде, баяндауда логикалық бірізділік жүйесі сақталуы керек. Лекция-сабақ көлеміне, өткізілу мақсатына қарай төмендегі топтарға бөлінеді: а) түсіндіру лекциясы ә) баяндау лекциясы б) шолу лекциясы.