Табысты оқыту мен құзырлы мұғалім
Дәріс. Оқытудағы Кембридж тәсілінің теориялық негіздері. Мұғалім ұстанымы. Табысты оқыту мен құзырлы мұғалім
Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқытуға негізделген тәсіл кең тараған (Hattie, 2009).
Бұл Бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамытуолардыңбұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, құрдастарынан және оқулықтан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. Сындарлы теорияның тиімділігін жақтаушылардың басым бөлігі оны дайын білімді беруге негізделген оқыту тәсілдерімен салыстыра қарап, дайын білімді беруге негізделген оқыту тәсілдерініңбілімді меңгеру былай тұрсын, олар бойынша терең түсінік қалыптастырып, бастапқы білімді жаңа біліммен өзара байланыстыруға да мүмкіндік тудыра бермейтінін тілге тиек етеді.
Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі.
Сындарлы оқытудың жоғарыдағыдай сипатталып, түсіндірілуі мұғалімнің ой-пайымы мен негізгі көзқарастарын, сондай-ақ сол көзқарас, пікірге қатысты бірқатар баламалы шешімдерді білуін де қамтиды.
Мұғалім ұстанымы
Психологтар «ұстаным» ұғымын адамның іс-әрекетке бейімділігімен байланыстырады. Социологтар оны негізгі құндылық есебінде атап көрсетеді. Мұғалімнің ұстанымы оның көзқарастарын қалыптастыру барысына зор ықпал етеді, ал көзқарасы белгілі бір шешімдердің қабылдануы мен сыныптағы іс-әрекеттерді түсіндіру көзі болып табылады (2-сурет). Сондықтан кез келген мұғалімнің оқыту құралдары оның өз болжамдарының, білімі мен ұстанымының, көзқарастарының жиынтығынан тұруға тиіс. Бұл элементтердің барлығын жинақтасақ, жеке тұлғаның ерекше «білім беру сызбалары» құралады. Пажарес (1992) оқыту стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен де гөрі ұстанымға негізделген ой-тоқтамдарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көзқарастар мұғалімнің сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді. Әдістемелік құралдар немесе оқулықтардан гөрі мұғалімнің сыныптағы іс-әрекеттеріне пәннің қалай оқытылуы керектігі жөнінде әбден қалыптасып қалған пікірлер анағұрлым күштірек ықпал етеді.
2-сурет. Мұғалімнің ұстанымы оның көзқарасын, шешімін және іс-әрекетін нығайтады.
Алайда, тамыры тереңге кеткен ұстанымдар мұғалімнің жаңашыл идеяларды қабылдау қабілетін шектеуі мүмкін. Егер де дайын білім беретін «дәстүрлі» стильмен оқытатын мұғалімдер сыни тұрғыдан ойлау қабілеттері дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, өздерінің де сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыта отырып, жаңашыл идеяларға көңіл көкжиегін ашулары керек.
Тиімді оқыту
Оқытудың кешенді міндеттерін және мұғалімнің әртүрлі жағдайларда жұмыс істейтіндігін ескерсек, тиімділік деген сөздің мағыналық анықтамасы нақты емес, екіұшты болып шығады. Мұғалімдік қасиет – күрделі феномен, оның мазмұны мен өлшем құралдары жайында бірыңғай пікір жоқ. Мұғалімнің жұмысының тиімділігін анықтау өлшемі жөнінде түрлі пікірлер бой көтереді: ол мұғалімнің жетістіктері (біліктілігі, т.б.), оқыту үдерісі (оқыту әдістері, тәсілдері және т.б.), оқыту нәтижесі (оқушының білім алуына ықпал ету, т.б.) немесе жоғарыда аталған барлық факторлардың жиынтығы болуы мүмкін деген ойлар да орын алуда.
Оқытудың қандай жолы қолданылса да, қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден, оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі, екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қарастырылуы. Мұғалімнің касиеттерін бағалау барысында бағалаушы факторлар жиынтығын пайдалана отырып, қасиетті өзінше түсіндіріп беретіндігін ұғыну қажет.
Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыдан қарай отырып, сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады. Оқытудың бұл түрінде оқушылар өте маңызды рөл атқарады: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс-әрекеттеріне ынталы болғаны абзал.
Табысты оқыту мен құзырлы мұғалім
Осы Бағдарлама құзырлы мұғалімнің алдына оқушының жан дүниесін жақсы түсіне білу жөнінде нақты міндеттеме қойып отыр. Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша, оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды. Сондықтан мұғалімде Шульман «үш көмекші» (Shulman, 2007) деп атаған қасиеттер болған жағдайда ғана оқыту жақсы болып саналады (1-кесте).
1-кесте: Шульман ілімі.
Мұғалімнің көмекшілері | Құзырлы мұғалімге тән белгілер |
Бас | Кәсіби түсінік |
Тұғырлы теориялық білімге негізделген және оқыту мен оқушылар туралы жеткілікті білім болуын талап етеді. Сондай-ақ тәжірибені түсіну, дамыту/жетілдіру үшін дәлелдер/зерттеулер нәтижелерін қалай қолдану керектігін білуді көздейді. | |
Қол | Оқытудың тәжірибелік дағдылары |
Бұл ілім жұмыс жүргізу, демонстрациялау, түзету және оқытуды бағалау сияқты тәсілдер арқылы идеяларды түсіндіре білудің техникалық, тәжірибелік дағдылары мен тәсілдерін білуді талап етеді. Сонымен қатар ынталандыру, көтермелеу, шектеу, сабақтар кезеңдерін жоспарлау және оқушыларды бағалау әдістемелерін меңгеру қажет. Жоғарыда аталған дағдылар болған жағдайда, мұғалім сабақ үстінде оқушылардың оқуға ынтасы мен жоғары және сәйкес деңгейлерге қол жеткізуге ұмтылатындай қолайлы орта қалыптастырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етері анық. | |
Жүрек | Кәсіби тұтастық |
Мұғалімдер ұстаз мамандығының этикалық және моральдық құндылықтарын ұстанады. Демек, олар шыншыл, батыл, төзімді, оқушыларға аяушылық, мейірім және құрмет көрсете білетін әділ адамдар. Мұғалімдер білім беру саласындағы өзге мамандармен өзара тығыз байланыста болып, оқытудың басты құндылықтарын сезініп, қабылдау мен тұжырымды пікірлерді бөлісуде ұтымды әрекеттер мен шынайы қарым-қатынас қалыптастыра алады. |
Сапалы оқыту білім алуға мүмкіндік беретін нақты жағдайларды жасаумен қатар, сол жағдайлардың өзімен тығыз байланыста болады. Құзырлы мұғалім оқушыларға, ортаға және ресурстарға лайықтап нақты кезеңде қолданылуы тиімді оқыту элементтерін «реттеп» отырады. Расында, оқытудың сапалы және табысты болуы белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған жағдайларға бейімделе алуына да тығыз байланысты.
Сапалы оқыту – мұғалім бейнесімен танылатын сан алуан элементтер арасындағы байланыс болып табылады, ол өзі белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайлар жасалынған кезде жүзеге асырылады. Сапалы оқыту оқушылардың, қоршаған орта жағдайы және оқыту, білім алу мүмкіндіктерінің бірлігі ретінде қарастырылады.