Азақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы мен мәні хақында

Ылым тілі

Ғылым тілі – ғылым негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің ғылымға қызмет ететін бір тармағы.
Адам, қоғам, табиғат жөнінде ақиқат ақпарат беретін, шындықты баяндайтын ғыл. мәтін (текст). Ғылым тілі көптеген ғыл.-зерттеулерде ғыл. стильмен теңестіріледі. Ғылым тілі жазумен тікелей байланысты. Өйткені ғыл. стиль жазу арқылы танылады. Ғылым тілі әдеби тілдің бір тармағы болғандықтан оның пайда болуы мен қалыптасуы сол әдеби тілдің жасалуына тікелей қатысты. Өйткені сол тілде ғыл.-зерт. жұмыстарының жүргізілуіне және ғыл. әдебиеттердің жазылуына байланысты ғылым тілі өрбиді. Ғылым тілі айтылатын ойдың анықтылығын, дәлдігін, дұрыстығын және кез келген ғалым түсінерліктей дәйектілігін қалыптастыруы тиіс. Мұны белгілі бір ұғым, мәселе турасындағы логикалық жағынан тұжырымдалған толық хабарлама десе де болады. Сондықтан логикалық маңызы зор. Ғылым тіліндегі сөздер негізінен өзінің бастапқы мағынасында жұмсалады. Келтірінді, ауыспалы мағынадағы сөздер мұнда болмайды.

Ғылым тілін қалыптастыра бастаған ғылым салалары негізінен өздерінің терминдік лексикасын, термин сөздерін жүйелеп пайдаланады. Лексикада – атау сөздерді, морфологияда зат есім тұлғалы сөз таптарын, сондай-ақ етістік, есімдік, есімше, көсемше, т.б. сөз түрлері, синтаксис саласы бойынша – сөз тіркестерінің көптеген түрлері қолданылады. Семантикада – мағыналық, дәлдіктің болғаны шарт. Сонымен бірге ғылым тілінде интернационалдық сөздер де жиі кездеседі. Ғылым тіліне тән негізгі ерекшеліктер – ғылымның әр саласына байланысты өзінше дамиды. Мысалы, қоғамдық ғылымдар мен жаратылыстану ғылымдары салаларының немесе техника ғылымдары салаларының даму тарихынан өзара жіктелмейтін өзгешеліктерді байқауға болады. Қазақ тілінде ғыл. стильдің қалыптасуы бірдей емес. Оның кейбір нышандары Қазан төңкерісіне дейінгі шығып тұрған бірен-саран газет-журналдар мен кітапшаларда байқалғанымен, оның толық қанды қызмет ете бастауы 20 ғ-дың 20–30-жылдарынан басталады.

Ғылым дамуымен бірге онда жаңа ұғымдар мен атаулар пайда болып жатады. Мұндай жаңа сөздер ғыл. қолданыста неологизмдер деп аталады. Өмірдің даму заңдылығына сәйкес әлгіндей жаңа сөздердің біразы тұрақталып, біразы қолданыстан ығысып жатады. Мысалы, бір кезде қолданыстан түспейтін социализм, коммунизм, комсомол, совхоз, колхоздар мен бесжылдықтар тарихынан осыны аңғаруға болады. Қазақ тілінде қоғамдық ғылымдардың кейбір салалары болмаса, жалпы ғылым тілі толық қалыптаспағаны байқалады.[1]

1. Қазақ Энциклопедиясы

азақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы мен мәні хақында

С.Қ.Әлісжанов

Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ

қазақ тіл білімі кафедрасының

меңгерушісі, филол. ғыл. докторы

Егеменді Қазақстан Республикасында қазақ тілінде ғылым саласын дамыту – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, республика ғылымының маңызды әрі түйінді тұсы болып саналады. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Қазақ тіліндегі ғылыми шығармашылықты одан әрі дамыту талап етіледі» деп атап көрсетілген. Бұл игі бастама жеміссіз де емес. Қазақ тілінде көп жанрлы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, публицистика пайда болды. Тілдің ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметі арта түсуде. Қоғамдық ғылым салаларын айтпағанның өзінде жаратылыстану, техникалық әдебиеттерді ана тілінде жазу дәстүрі кең өріс алды. Ғылыми саладағы осындай қомақты арнаулы әдебиеттің жарық көруі, жариялануы – ғылыми тілдің (стильдің) әдеби тілге жан-жақты әсер етуші, ықпалы зор стильдердің біріне айналып, ұлттық тілдің осы салада жұмсауға қажетті, қабілетті дейтін тілдік құрылымдарының жасалуына қызмет етіп отыр.

Қазақ зиялылары ғылым тілін дамыту туралы өз ойларын әр кез білдіріп отырған. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов қазақтан шыққан түрлі маман өкілдерін ана тілінде жазуға ашық түрде насихаттайды. Осы жолда кездесіп отырған қиындықтарға өз ренішін жасырмайды: «Ендеше, сол жұртшылыққа қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтер, математиктер өз еңбектерін өз халқы тілінде жазып таратпауын немен ақтауға болады?

Ал, біздің бүгінгі әдебиет тіліміз байығанда сол ғылыми-техниканың бар саласындағы ұғым түсініктер, атаулар молынан кіретіндіктен байыды дейміз. Ендеше, сол сөздерді, сол ғылымдарға байланысты тіл, орам шеберліктерді осы ғылымдардың өз мамандарынан артық қазақ тілінде айтып бере алатын шеберлерді, қайраткерлерді бір жақтан қарызға сұрап аламыз ба?» [1, 272-б.].

Мәдениет қайраткерлерінің қазақша ғылым тілін дамыту туралы осылай дабыл көтеруі тегіннен-тегін емес. Өйткені ғылыми тіл – ғылым жетістіктерін, ғылыми ақпаратты жеткізетін тіл ғана емес, «ғылым тілі бүгінде әдеби тіліміздің ең сүбелі саласы, жон арқасы» (Ә. Қайдар). Адамзат дүниені ғылым арқылы танып біледі десек, соны жеткізудегі тілдің рөлі орасан. Сондықтан биология ғылымының докторы Н. Аралбаевтың мына бір сөздері өте орынды айтылған деп білеміз: «Қандай ғылым болсын сөз арқылы ұғындырылады, жария болады, үйретіледі. Әр ұлт оны өз тілінде түсініп, өз тілі арқылы дамытады. Қазақстанда ботаника ғылымы да қазақ тілінсіз өркендей алмақ емес. Әдебиетте өсімдіктер дүниесі көркемдік тұрғыдан бейнеленсе, ботаника ғылымы оның сыр-сипатын, құпиясын нақты ашып ұғынуды мақсат етеді... Бір сөзбен айтқанда, тіл мәселесі ғылымның дамуы үшін де маңызды. Сондықтан да қазақ тілін дамыту туралы сөз болғанда оның ғылыми салаларға да тікелей қатысы бар екенін түсіну қиын болмаса керек...» (Қазақ әдебиеті. 1999, 17.09.).

1920 жылдары А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының ғылым тілін ана тілінде қалыптастыру жөніндегі бастамалары кеңестік саясаттың нәтижесінде бұрынғы жеткен биігінен кері кеткені рас. Ғалымдар бұл кезеңді «ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі» (Ш. Біләлов) деп атайды. Аталған ғалымның: «Осылай басталған, ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі, жаппай орыстану кезеңіне ұласты. Ол шамамен 50-жылдардан басталады» – деген жорамалы шындыққа жақын келеді. Қазақ тілінің әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерін қарастырған зерттеуші Б.Хасанов мұның себебін орталықтандырылған саясаттан іздейді: «Функционирование казахского языка в предвоенный и послевоенный периоды отличается, с одной стороны, периодическими торможениями со стороны Центра, с другой – приобретением в разном объеме новых сфер: каналов массовой коммуникации (радио, телевидение и кино), высшего образования и науки» [2, 23-б.].

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қалыптасқан жолы әріде жатқанын көреміз. Зерттеушілер қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуын, негізінен, ХІХ ғасырдың екінші жартысына апарып тірейді. Б.Әбілқасымов аталған мерзімде ғылыми стильдің қаншалықты көрініс алғаны туралы былай деп жазады: «Ғылыми стильге тән баяндау үлгісі де кездеседі. Мұнда сөйлемдер ықшам, түсінікті болып құрылып, ондағы сөздер қарапайым, өздерінің негізгі, тура мағынасында қолданылады. Бұл стильге жататын материалдарда ғылыми-техникалық терминдер орысша күйінде алынып, қазақша түсінік беріліп отырады. Мәселен, магнит яғни «темірді тартып алатұғын тас», «компас немесе сартша құбыланама», «мужской гимназия яғни еркек балалар оқитұғын медресе», «метеорит (көктен түскен тас)», «телеграф яғни сым темір» тәрізді болып келеді». Ғалым еңбегінде сол дәуірге тән ғылыми әдебиет нұсқаларын да санамалап көрсетеді. Автор бұл алғашқы ғылыми-көпшілік әдебиеттердің аударма сипатында жарық көргенін айта келіп: «Сөйте тұра олар – сол дәуірдегі қазақ әдеби тілінің жай-күйін танытуда, ғылыми түсініктерді жеткізуде тіліміздің ішкі мүмкіндіктерінің (сөз байлығының, сөз оралымдарының) қаншалық болғанын байқауда аса қажетті материал» [3, 65-б.] – деп дұрыс қорытынды жасайды.

Қазақ тілі функционалдық стильдерінің соның ішінде, ғылыми стильдің де қалыптасуында ХХ ғасырдың басы елеулі кезең болды. Бұл уақытта мәдени аренаға озық ойлы қазақ зиялыларының шығуы, олардың түрлі салада жазған еңбектері қазақ әдеби тілінің қолданылу аясы мен қызметін барынша арттырды. Сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорында да жүйелену, сөздердің стильдік белгілеріне қарай сұрыпталу үдерісі ерекше қарқынмен жандана бастады. Сөйтіп, ғылым тілінің өркендеуі – ХХ ғасырдың бас шенінен өзгеше сипат алды.

20-30-жылдары қазақша ғылым тілін қалыптастыруда қазақ зиялыларының аса көрнекті өкілдері – Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Е. Омаров, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Қ. Кемеңгеров, Б. Майлин, Х. Басымов, Н. Төреқұлов, Т. Шонанов, Ә. Ермеков, С. Қожанов, Қ. Жұбанов т.б. – білім беру мен ғылымды ана тілінде дамытудың негізін қалады. Олар ғылымның әр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде әрі аудармашы, әрі ғалым, әрі жазушы, әрі сыншы болып еңбектер жазды. Кейіннен, яғни, 1920-30-жылдары бұл еңбектерде қолданылған терминдер арқылы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, ғылыми-техникалық әдебиеттер көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты.

Мәселен, А. Байтұрсыновтың 1912-1928 жылдардағы жарық көрген әліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мәселелері туралы жазылған сыни мақалалары, М. Дулатовтың «Есеп құралы» (1918-1925),

М. Жұмабаевтың «Педагогикасы (Баланы тербия қылу жолдары)» (1922, 1923), Ж. Аймауытовтың «Тәрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдауы» (1926), Е. Омаровтың «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930), Х. Досмұхамедовтың «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), Қ. Кемеңгеровтың «Оқу құралы» (1928), «Қазақша – орысша тілмашы» (1927), С. Қожановтың «Есеп тану құралы» (1924), Ә. Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935) т.б. көптеген еңбектерді атауға болады.

Демек, ғылым тілін дамытуда жеке тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің орны ерекше болды. Олардың түрлі ғылым салалары бойынша жазған еңбектері қоғам тарапынан үлкен ілтипатпен қабылданды. Осы орайда Ахмет Байтұрсыновтың есімі айрықша аталады. А. Байтұрсыновтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегі оның ізбасарлары тұрғысынан төмендегідей бағаланады: «Ахаң бірсыпыра ғылым түрін қазақ тілінде дамытты, әсіресе қазақ тіл білімін дамытып, оны қазақ тілінде сипаттады. «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар», «Әліп-би», «Оқу құралы», «Баяншы» сияқты оқулықтар шығарып, ғылыми-педагогикалық, проблемалық мақалалар жариялау арқылы ол қазақ тілін ғылым тіліне айналдырды. Ғылым – Ахаңның қазақ тілін іске қосқан тағы бір, төртінші, саласы» [4, 121-б.].

Қазіргі кезде ғылым саласын қазақ тілінде өркендетуге үлкен мән беріліп отыр. Бұл қазақ тілінің ғылыми аяда қолданылуы жаңа қарқын алып, жандана бастауына өз ықпалын тигізді. Қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық әлеует – Қазақстан ғылымының құрамдас бір бөлігі. Түрлі салалардағы жарияланып жатқан ғылыми, оқу-ғылыми еңбектер қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мүмкіншілігін танытатын тілдік көрсеткіштер. Бұл дегеніміз олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастыруға негіз болады.

Ғылым тілін дамытуға байланысты мынадай мәселелерді айта кеткен жөн. Ол ғылыми ойлау, оның қыр-сырын анықтау және ғылым саласында тілді қолдану мәдениетін жетілдіру мәселелері. Ғылыми мәтін мамандандырылған ақпарат беру//қабылдау жағынан коммуникацияның өзге түрінен ерекше. Ғылыми тілге тән мынадай белгілер болады: ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән беріледі [5, 36-б.].

Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайтынын ескерсек, адам қызметінің ғылыми саласы да тіл (сөйлеу) қызметі мен ой әрекетінің бірлескен кезінде ғана жүзеге асады. Сөйлеудің де, ғылыми қызметтің де нәтижесі – мәтін. Сондықтан тіл қызметін сөз еткенде ойлау мәселелерін назардан тыс қалдыру мүмкін емес.

Ғылыми тіл – ғылыми ақпараттың өмір сүруінің логикалық ұйымдасқан формасы. Ғылыми қызметтің ғылыми стильмен жазылған мәтінге айналуы бірден жүзеге аса қоймайды. Ғылыми ақпараттардың ғылыми стильге тән тілдік формаларда көрінуі үшін шығармашылық ойлаудың бірнеше кезеңін басынан өткереді. Сонда ғылыми ойлау тілдік формада көріну барысында ойлаудың басқа типтерімен, әуелі интуитивті, стихиялы ойлау түрлерімен де тығыз қарым-қатынаста болады. Субьективтіліктің де ғылыми туындының дайындалу барысында ықпалы кездесіп отырады. Ғылыми ойлау өз бастауын бұқаралық тәжірибеден алады. Өйткені бастапқы кезде көлемді ақпараттың өңделуі индивидуалдық, эмоционалдық деңгейде жүргізіліп, ықшамдалған жүйелі қалыпқа ене қоймайды. Оның өз психологиялық жеке моменттері болады. Зерттеуші ғылыми мәтіннің шынайы (идеалды) бейнесін (моделін) құрастыру үшін дайындық кезеңін өткізеді.

Ғылыми шығарманың толық тілдік формаға көшуі, яғни ғылыми стильмен жазылған туындыға айналуы – бұдан кейінгі кезеңнің жемісі. Мұнда зерттеушінің шығармашылық ойлауы психологиялықтан қатаң логикалылыққа, обьективтілікке, стихиялылықтан жүйелілікке ауысады. Ғылыми баяндаулар айқын синтаксиске негізделіп, сөздердің орын тәртібінің сақталуында логикалық бірізділік орын алады. Бұл сәтті коммуникативтік кезең деп атайды. Ғылыми ой жаңа білім ретінде логикалық жолмен жасалған ақпарат пен құрылымдар арқылы танылады, тіл соларды неғұрлым дәл бейнелеу үшін, жеткізу үшін қолданылады. Ғылыми шығарманың авторы жалпыға бірдей қабылданған жағдайларға сүйене отырып, зерттеу нысанының негізгі белгілерін айқындайды. Олар пайымдаулар мен дәлелдеулерді нақты жеткізуге, дамытуға ұмтылады, мәселені логикалық жүйелілікпен баяндап, ғылыми абстракция жасайды, ғылыми ой мен ғылыми тілдің ажырамас бірлігі – ғылыми мәтінді тудырады. Осы орайда ұлттық тілдің қолданылу мүмкіншілігі (қолданылу өрісі) үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Сөйтіп, ғылыми стильде шығармашылық ойлау ғылыми стильді ұйымдастырушы, қалыптастырушы негізгі экстарлингвистикалық фактор ретінде орын алады. Ойлау қызметі ғылыми салада қолданылатын тілдік жүйенің сұрыпталуына ықпал ететін тәсіл болып табылады. Ойлаудың өзі динамикалық құбылыс болғандықтан, тілдік формада ғылыми мәтіннің тууы ойлаудың бірнеше сатысынан кейін ғана жүзеге асады. Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, ол үдерісті мынадай кезеңдерге бөлуге болады: 1) шығармашылық ойлаудың коммуникативтілікке дейінгі кезеңі; 2) шығармашылық ойлаудың коммуникативті кезеңі. Нәтижесінде ғылыми тілдік шығарма дүниеге келіп, ғылым кеңістігін жаңа ақпараттармен толықтырады.

Келесі бір жайт – ғылыми тіл мәдениетін игеру. Ғылыми тілдің мәдениеті жаңа білімді бұрынғы белгілі білім контексінде дәлдікпен, логикалық жағынан жүйелі, эстетикалы түрде жеткізуде болса керек, сондай-ақ ол білімді адресаттың нәтижелі қабылдауы да ескеріледі. Ғылыми тілдің коммуникативті мәнін дұрыс түсіну және оның тіл мәдениетін шынайы игеру ғылыми шығармашылықтың нәтижелілігіне жетелейтін қажетті алғы шарт. Сондықтан ғылыми тіл мәдениетінің нормаларын жетік білу – ғылыми ізденіспен айналысатын әрбір маманның міндеті. Сонда ғана ғылыми қарым-қатынас аясында тілді қолданудың шеберлігіне қол жеткізуге болады. Әдеби тілдің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымын жете білетін, сөз қолдану амал-тәсілдерін еркін игерген тәжірибелі маман ғылыми тілдің нормасына қайшы ауытқулардың өзін орнымен қолдана отырып, ізденістің нәтижелілігіне қол жеткізеді. Ғылыми тілдің нормаларын игеру арқылы әдеби тілдің көптүрлілігі, оның нормаларының сан алуандығы айқындала түседі.

Қорыта келгенде, ғылым саласында қазақ тілінің қолданылуы артып отырған кезде осы мәселелер барынша өзекті болып табылады. Біздің баяндамамызда ғылым тілін лингвистикалық зерттеудің кейбір аспектілері ғана сөз болды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Қазақтың әдеби тілі туралы // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 19-том. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985.

2. Хасанов Б. Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. Автореферат ... докт. филол. наук. – Алматы, 1992.

3. Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби

тілі (Баспа нұсқалар тілі негізінде). – Алматы: Ғылым, 1982.

4. Хасанұлы Б. Қазақ тілін дамытудың Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген жолдары және тілдің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыру мәселелері // Мемлекеттік тіл: бүгіні мен болашағы (Жинақ). – Астана: Елорда, 1998.

5. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филол. ғыл. докт. ... авторефераты. – Алматы, 2007.

Наши рекомендации