Тақырып: сыныптан тыс жұмыстар
Қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыс оқушылардың білімін тереңдетуге, ой-өрісін кеңейтуге, олардің тілді үйренуге ынтасын, құмарлық сезімін оятуға көмектеседі, балалардың әр жақты қабілеттілігі мен шығармашылық күшін дамытады және алған білімдерін іс жүзінде қолдана білуге көмектеседі.Қазақ тілі пәні бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар арқылы оқушыға білім беру негізінен мынадай мақсаттарды іске асыруды көздейді: Біріншіден, оқушылардың қазақ тілінен алған теориялық және практикалық білімдерін бағдарламадан тыс материалдармен толықтыра, жетілдіре түсу. Екіншіден, қазақтың әдеби тілі туралы, оны жасаған халықтың тарихы туралы қосымша әдебиеттермен оқушыларды таныстыру. Үшіншіден, қазақ тілі пәнінен түрлі үйірме, пән апталығы, конкурстар ұйымдастыру арқылы оқушының тілді үйрену белсенділігін арттыру. Қазақ тілінен сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыруға қойылатын талаптар бар:
1) оқушының жас мөлшеріне лайықты болуы керек;
2) оқушының білім деңгейіне сәйкес ұйымдастырылуға тиісті;
3) оқушының сабақта алған біліміне лайықты болуы қажет;
4) оқушыны жалықтырмайтын, шаршатпайтын мерзімде өткізілуге тиісті;
5) белгілі жоспармен жүйелі түрде жүргізілуі керек.
Сыныптан тыс жұмыстың қазақ тілі сабақтарымен байланысу принциптері. Сыныптан тыс жұмыстың негізі оқушылардың қазақ тілі сабақтарында алған білімімен тығыз байланысты.
Тіл материалдарын білудегі жүйелілік принципі. Бұл принцип жоғарыдағы принциппен тығыз байланыста қызмет істейді: сыныптан тыс жұмыстың мазмұны қазақ тілі жоспарымен сәйкес болуы керек. Сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылған тіл материалын беру жүйелілігі, оны сабақтарда оқыту жүйелілігімен сәйкес болуы керек.
Оқушылардың сұранысын ескеру принципі. Сыныптан тыс жұмыстың мазмұны оқушылардың ықыласына байланысты құрылуы керек, жақсы және нашар оқитын оқушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін тапсырмаларды түрлендіру керек.
Қызықтыру принципі. Сыныптан тыс жұмысқа оқушы ықыласының оянуына және сақталуына ең күшті әсер ететін негізгі жағдай. Қызықтыру – ол оқушылардың инттелектуальдық сұранымдарын қанағаттандыру, олардың әуестігін дамыту, тілді үйренуге құмарлығын арттыру.
Сыныптан тыс жұмыстың түрлілік принципі – оқушының ықыласының, ынтасының, сұранысының түрлілігіне негізделеді. Оқушының сұранысы, қабілеті, қызығушылығы сан алуан, сондықтан оны қанағаттандыру үшін сыныптан тыс жұмыстың түрлері де сан алуан болуға тиісті.
Сыныптан тыс жұмыстың жеке түрлерінің өзара байланыс принципі. Бұл принципті сақтағанда, қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстың жалпы жүйесі құралады, онда әрбір шаралардың өзіңің нақты орны бар және олар бір-бірімен тығыз байланысты болуы керек.
Өз еріктілік принципі. Оқушылардың сыныптан тыс жұмысқа қатысулары өз еркінде болуы керек.
Жаппай көпшілік принципі. Қазақ тілінен сыныптан тыс жұмысқа қатысушы оқушылардың сөйлеу қабілетін дамытуға көп үлесін тигізеді, сондықтан сыныптан тыс жұмысқа мүмкіндігінше көп оқушыны қатыстыруға тырысу қажет.
Қазақ тілінен сыныптан тыс жүргізілетін жұмыс түрлері.Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстың мынадай түрлері бар:1) Жинақталған тіл материалына байланысты оқушыларды ауызша және жазбаша түрде сөйлеуге дағдыландыру.2) Өткізу тәсіліне байланысты үнемі жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар және кенде (уақытша) жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар болып бөлінеді.3) Оқушылардың қатысу санына байланысты: жеке, топтық, көпшілікпен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар түрлері бар.
1) Жеке түріне: өлеңді жаттау, рөлі бойынша жұмыс (ертеңгіліктерге дайындық үстінде), тіл материалын іріктеу, кітаптар оқу, реферат, альбом жасау жатады.
2) Топтық түріне: қазақ тілінің үйірмелері, сыныптан тыс оқу, экскурсия (кітапхана, табиғатқа, өнеркәсіптерге т.б. жерлерге саяхат); викториналар жатады. Мұнда басты орында үйірме жұмысы тұрады.
3) Көпшілік түріне: қазақ тілінің ертеңгіліктері, факультатив, әр түрлі мейрамдар (мысалы, ертегі мейрамы, балалар кітабының мейрамы, поэзия мейрамы т.б.); көрмелер (мысалы, балалар кітабының көрмесі, балалар суреттерінің көрмесі т.б.); конкурстар қазақ тілінде берілетін радио бағдарламалар, олимпиадалар, қазақ тілінің күні, апталығы, айлығы, қуыршақ театры және т.б. жатады.
Қазақ тілінің бұрышы. Сыныптан тыс жұмыстың басты ұйытқысы – қазақ тілінің бұрышы болып табылады.
Қабырға газеті. Оқушыларды қызықтыру үшін қабырға газеті де өте көркем безендірілген болуы керек. Қабырға газетін сондай-ақ белгілі бір мейрамдарға, жарыстарға тағы басқа шараларға арнап шығаруға болады.
Қазақ тілінің үйірмесі. Үйірмелер, біріншіден, қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыра түссе, екіншіден, мектеп бағдарламасының материалдарын жақсы игеруге ықпал етеді.
Викторина. Бұл – сыныптар арасында өтетін сұраққа жауап ойыны.
Олимпиада. Бұл – мектеп оқушыларының қазақ тілінен білімін жинақтау, бекіту, тексеру. Олимпиадалар: мектепаралық, аудан (қалааралық), республикалық (облыстык) болып өтеді.
Қазақ тілінің ертеңгіліктері. Ертеңгілік бұл маңызды да күрделі сыныптан тыс мейрамның бірі болып табылады. Ертеңгіліктер бастауыш сыныптарда жиі өтеді.
Қазақ тілінің апталығы. Бұл апталыққа алдын ала әзірленген жөн. Қазақ тілі апталығы болған кезде мектеп бойынша қазақтың халық әндерін тыңдауға, қазақ тілінде радиохабар беруге болады.
Сыныптан тыс оқу. Сыныптан тыс оқу сабағын ұйымдастырудың нетізгі принципі – сыныптан тыс оқуды бағдарлама бойынша өтілетін материалдармен байланыстыра жүргізу болып табылады.