Бірінші модуль. модульдің атауы 7 страница
Әдістемелік нұсқау: «Мемлекеттік тіл – аса маңызды да ең өзекті мәселе, тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі»тақырыбына сабақ үлгісін дайындаңыз.
3.3. Гендерлік лингвистиканың мәні.
Жоспары:
1. Тіл бірліктерін қолданудың адам тегіне қатысты жақтары.
2. Гендерлік лингвистиканы оқытудың мәні.
Гендерлік лингвистика – қазіргі тіл білімінде қарқынды дамып келе жатқан лингвистикалық бағыттардың бірі. Лингвистикалық әдебиеттерде «гендер» термині жүйелі қолданылмағандықтан, ғалымдардың еңбектерінде «жыныс» және «гендер» сөздері қатарласа қолданылады. Гендер - әйел мен ердің әлеуметтік қоғам қалыптастырған, жасаған үлгісі. Ол әйел мен ер жынысының әлеуметтік ортадағы, қоғамдық-мәдениет ошақтарындағы өзіндік орны мен ролін айқындайды. Жалпы ғалымдар «жыныс және сөз» мәселелерімен шетел тіл білімінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап айналыса бастады. Грамматикалық род категориясын білдіретін ағылшын термині «gender» лингвистикалық контекстен алынып, ең алдымен, басқа ғылым салаларының, яғни әлеуметтік пәлсафа, әлеуметтану, тарих және саясаттану ғылымдарының зертттеу нысанына айналды. Кейінірек бұл термин гендерлік зерттеулердің кең өркен жаюына орай ғылымда өзіндік мәртебе алып, қазіргі тіл біліміне жаңа мағынада, жаңаша сипатпен қайтадан енді.
Қазіргі таңда гендерлік лингвистика негізінен тілдік қатынастағы ерлер мен әйелдер тілінің өзіндік ерекшеліктері мен айырым белгілеріне айрықша назар аударуда. Сол себепті қазіргі кезде әлемдік тіл білімінде әр ел ғалымдары тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесін көтеріп, жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Мысалы, неміс ғалымдары Ф.Вернер мен К.Наринз жынысқа қатысты психологиялық сөйлеу айырмашылығына баса назар аударып, әйелдердің сөйлеу әрекетінің артикуляциялық жағынан гөрі кәсіптік тілін көбірек зерттеп жүр. Өйткені адам психикасымен байланысты сөйлеу процесі кезіндегі мидың қызметінің қандай болатыны, сөйлеу мүшелеріне тигізетін әсерін қарастыру тіл білімі үшін де, психология ғылымы үшін де аса маңызды. Яғни сөйлеуді тілсіз, ал сөйлегенді қабылдауды психологиясыз шешу мүлдем мүмкін емес. Сондықтан аталған екі ғылым бірлесе отырып, осы мәселелерді шешуі тиіс.
Орыс тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізін қалаған ғалымдардың ішінде А.В.Кирилина, Е.В.Митрохина, А.В. Бесарабенко, Е.И.Трофимова сынды ғалымдарды атауға болады. Олардың ғылыми зерттеулерінен Ресей тіл біліміндегі гендерлік лингвистика саласы бастау алады. Негізінен «гендер» ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зор үлес қосқан ғалым – А.В.Кирилина. Ал ғалым К.Пузыренко өз зерттеуінде тіл білімінде бұл бағыттың «феминистік немесе жыныстық лингвистика» деп аталғанын көрсетеді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарында психология мен әлеуметтану саласындағы гендер мәселесін қарастырған Ю.Ф.Чуфаровский, Е.П Ильин, И.С.Кон сияқты ғалымдардың еңбектерінде психологиялық және этнолингвистикалық талдау жасау үрдіс алған. Осыған орай біз жалпы «гендер» сөзінің «биологиялық жыныс» сөзіне қарағанда, мағынасының кеңірек екенін толық сеніммен айта аламыз. Бұл сөз «әлеуметтік жыныс» деген ұғыммен шектесіп жатыр, яғни тіл білімінде әйел мен ердің қоғам қалыптастырған үлгісі ретінде қолданыс тапқан.
Гендерлік зерттеулер – қазақ ғылымы үшін соны құбылыс. Кезінде гендерлік зерттеулер туралы қазақ тіл білімінде нақты сөз қозғалып, ғылыми зерттеулер жазылмаса да, оның ұшқынын қазақ халқының таным-түсінігінде әйелге қатысты қалыптасқан тілдік ерекшеліктерді сөз еткен Ә.Ахметовтің «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», М.Бимағамбетованың «Қазақ сөз этикеті» еңбектерінен табуға болады. Бұдан біз қазақ тіл білімінде гендерлік мәселелер бұрын да ғалымдардың назарына іліккендігін байқаймыз, дей тұрса да бұл факторлар қазіргі кезде Отандық тіл білімінде жан-жақты арнайы қарастыруды талап етеді. Осыған орай қазіргі кезде бұл бағытта қазақ тіл білімінде тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастыратын зерттеулер көбеюде. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Г.Мамаева, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің, А.Байғұтованың ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады. Сол себепті қазіргі кезде тіл білімінде гендерлік зерттеулердің басты мақсаты – әлеуметтік қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген тілдік қарым-қатынасты айқындайтын қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ұлттық факторларды анықтау, жеке тұлғаның белгілі бір жынысқа қатысуына қатысты мінез-құлық ерекшеліктерін, болмыс-бітімін, олардың еркекке не әйелге тән негізгі қасиеттерінің тілдік белгілерін анықтау.
Әдістемелік нұсқау:«Қазақ тіліндегі адам есімдерінің гендерлік сипаты» тақырыбына реферат әзірлеңіз.
Үшінші модуль. Модульдің атауы «Мұғалімнің тұлғалық мәдениеті және кәсіби шеберлігі»
1.1. Мұғалімнің тұлғалық мәдениеті
Жоспары:
1. Мұғалімнің психологиялық біліктілігі
2. Мұғалімнің педагогикалық біліктілігі
Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын қамтиды. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те атар едік. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Оқушының білімін көтерудің ең басты шарты-оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Пәнге деген қызығушылығы болса ғана, бала оған көңіл қойып тыңдап, тереңдете оқып үйрене бастайды. Пәнге қызыққан оқушының білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Шебер мұғалім үнемі оқушының ойлау белсенділігін арттырып, білімге қызығушылығын тудырғанда ғана ұстаз мақсатына жетеді.
Сабақты тартымды, қызықты етіп өткізу - мұғалімнің шеберлігі, білімділігі, таланты. Егер, мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда оқушыларды ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қортылындай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса, келесі бір сабақтың тұрмыс, салт- сана көрінісіне, кәзіргі жеткіншек жете білмейтін ұғым- түсінігін бүгінгі өмір салтына жинастыра көңіл аударса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып, ұлттық дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгіліктілікке, ұлттық тәлім- тәбие беруге назар аударылады. Сабақ үрдісінде оқушылар өзіне- өзі баға беруге, әлсіз жақтарын сын көзбен қарауға өзінің жетістігін жете білуге, өзбетімен іздене білуге дағдылары қалыптасады. Оқушылар арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара силастық орнайды. Міне, осыларды педагогикалық шеберлікті аша түсудің тағы бір қыры деп есептейміз.
Мұғалімге қойылатын талап – жауапкершілік, жүктелген үлкен міндет, абыройлы істің сан қырлылығы одан жан – жақты терең біліктілікті, аса педагогикалық шеберлікті, өте нәзік психологиялық қабілеттілікті талап етеді.
Бұдан нені байқауға болады? Мұғалімнен жан – жақты терең білім-біліктілікті, сегіз қырлы, бір сырлылықты талап етіп тұрған жоқ па?
Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы. бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбиді. Мұғалім адамның өз пәнін терең меңгеруі оның ең алғашқы қыры, кәсіби шеберлілігін үздіксіз ұштай, шыңдай түсуі екінші қыры болмақ.
Үшінші қыры – мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы.
Төртінші қыры – байқағыштық сезімі – көрегендігі.
Бесінші қыры – әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін жасампаздығы.
Алтыншы қыры – жан – жақты дарындылығы.
Жетінші қыры – үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы.
Сегізінші қыры – үлгі-өнегесі, мұғалім мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы деуге болар еді. Себебі, мұғалімнің келбеті – сыртқы мәдениеті, қарым-қатынасы, өзін-өзі басқаруы, бақылауы, сөйлеу мәдениеті, үздіксіз жаңарып, өзгеріп, үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың ең басты этикалық сапалық белгісі.
Мұғалім – Ұстаз тұлғасы, оның іс-әрекетінің сан – қырлылығынан ұстаз беделі деген ұғым туындайды. Мұғалімнің беделді болуының алғы шарттары: бірінші: балаға үлгілі болуы, және үлгі көрсетуші болуы керек.
Шебер педагог көзі қарақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек. Сонымен бірге жаныңды шуаққа бөлеп, үлкен үмітке жетелеуші- білім беру саласы мұғалімдік мамандықтың сыры мен қырын шебер меңгерген, сол кәсіптің ыстығы мен суығын өзі де басынан кешірген адам нағыз ұстаздар, шынайы бапкерлер осындай қасиеті бар жандардан шығады. Сыпайы әдебімен, тұнық мінезімен, терең білімділігімен көпке жақын адам.
Мұғалім шеберлігі – бұл өте жоғары білімді сапалар жиынтығы, әрі ұдайы жетіліп отыратын тәрбиелеу мен оқыту өнері. Жеке тұлға мәдениеті, білім мен өрісті дүниетаным, педагогикалық техника мен озат тәжірибе, осы педагогикалық шеберліктің негізі деп ойлаймыз. Қазіргі заман мұғалімнің тұлғалық белгісі – ой өрісінің кеңдігі мен оның ауқымды дүниетанымы. Заман ағымымен теңдей қадам басамын деген әрбір адам өте көп ақпараттан хабардар болуы қажет. Қазіргі заман оқу әдістерін жеке меңгеру де осы шеберліктің бір қыры. Енді бір қыры – шәкіртпен қарым – қатынастың, шәкірттің іс-әрекетін қуаттау немесе тежеу болып табылады. Ұстаз өмір бойы бала тәрбиесіне ықпал етумен яғни дәлелдеп сендіру, шәкірттің қызығушылығын дамыту, талап ете білу. Осы ықпал түрлерін іске асыруда ұстаз нағыз шебер болуы керек.
1.2. Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі дәстүрлі әдістер
Жоспары:
1. Сұрақ-жауап әдісі
2. Түсіндіру әдісі т.б.
Сауалнама әдісінің екі түрі бар:анкеталық және сұхбат немесе сұхбатнама (интервью).Сауалға жауап алу ұжымдардың және жеке адамдардың кез келген проблема бойынша пікірін білуге мүмкіндік жасайды.Әсіресе бұл әдіс құжаттар арқылы зерттеу , бақылау т.б әдістерді қолдану үлкен қиыншылықтар туғызғанда пайдаланады. Анкеталық сауалнама көп жағдайда алдын ала дайындалған анкетамен жүргізіледі, респоденттің аты жөні көрсетілмей анонимді түрде болады. Негізінен анкета үш бөлімнен құралады: ундеулік, негізгі, төлқұжаттық.Үндеулік бөлімде қысқаша зерттеудің мақсаты туралы айтылып, оның мәні мен маңыздылығы атап өтіледі және зерттеу нәтижесі қалайша қолданылатыны жазылады, анкетаны толтыру ережесі көрсетіледі, Қайтарылған жауаптардың құпия түрінде болатынына кепілдік беріледі. Анкетаның негізгі бөлімінде қажетті ақпарат алуға бағытталған сұрақтар орналасады.Алғашқы сұрақтар барынша түсінікті, қызықты болуы керек. Осыдан кейін сұрақтар олардың пікірін , оқиғалар мен қазіргі жағдайға беретін бағаларын білуге бағытталуы әрі күрделі болуы шарт. Ал төлқұжаттық бөлімде респоденттердің демографиялық мәліметтері (жасы, жынысы т.б) жөніндегі сұрақтар қойылады.Анкетаны құрастыруда сұрақтардың тұжырымдылығына баса назар аударылады.. Анкетаны дайындау үшін зерттеуші сауалнаманың мақсаты мен міндеттерін анықтап біліп алады.
Түсіндіру – жеке ұғым, құбылыстарды, құралдар, көрнекі құралдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін ауызша баяндау. Мысалы, шет тілі сабағында жаңа мәтінді өтер алдында оқушыларға жаңа сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мұғалім оқушыларға таныс емес құралдарды немесе басқа көрнекі құралдарды сабаққа алып келіп, жаңа материалды түсіндірмес бұрын оларды оқушыларға түсіндіреді.
Түсіндіру әдісі жаңа тақырыпты түсіндіргенде жиі қолданылады, бірақ бекіту кезінде оқушылар білімді дұрыс меңгермегенде де қолданылады.
Химиялық, физикалық, математикалық есептерді шығарғанда теоремаларды оқығанда, табиғат және қоғам құбылыстарының түбірлі себептерін және салдарын ашу кезінде түсіндіру әдісі жиі қолданылады.
Түсіндіру әдісіне қойылатын талаптар:
• сұрақтарды дәл және аңық тұжырымдау;
• себеп-салдар байланысын ашып, дәлелдер келтіру;
• салыстыру, қатар қою, ұқсату, жарқын мысалдар қолдану;
• жүйелілік.
Түсіндіру – оқыту әдісі ретінде әр жастағы балалар тобымен жұмыста кең қолданылады. Бірақ орта және жоғары сатыларда оқу материалының күрделеніп, оқушылардың ақыл-ой жұмысының мүмкіндіктері өскенде бұл әдіс кіші жастағы оқушылармен жұмысқа қарағанда көбірек қолданылады.
1.3. Инновациялық әдістер, жаңа технологиялар, олардың теориясы мен методологиясы
Жоспары:
1. Дамыта оқыту технологиясы
2. Деңгейлеп оқыту т.б.
Дамыта оқыту идеясын алғашқылардың бірі болып 1959-1960 жылдары қолға алған академик Л.В. Занковтың басшылығымен жасалған. Бұл жүйе дәстүрлі оқытудан төмендегі ерекшеліктерімен, өзгешіліктерімен айқындалады.
- Оқу мазмұнындағы өзгешеліктер;
- Масаттағы айырмашылықтар
- Дидактикалық принциптердегі өзгешеліктер;
- Әдіс-тәсілдердегі ерекшеліктер;
- Оқытуды өзгеше ұйымдастыру;
- Мұғалім еңбегінің нәтижелілігін анықтаудың жаңа көрсеткіштері;
- Мұғалім мен оқушы арасындағы жаңаша қарым-қатынас.
Л.В. Занков жүйесіне сәйкес бастауыш мектептің негізгі мақсаты баланы жалпы оқытып дамыту. Ал жалпыдаму деп байқампаздығын, ойлауын дамыту және практикалық іс-әрекеттерін меңгеру қабылданады. Сондай-ақ ақыл, ерік-жігері, сезімдерінің дамуы алынады.
Занков жүйесіндегі ерекше тоқталуды қажет ететін кейбір принциптердің мәнін ашайық.
Жоғары қиындықта оқыту принципі. Бұл қағида баланың қиындатылған тапсырмаларды орындауға мүмкіндігінің бар екеніне көз жеткізеді.
Шведтік нейробиолог Холгер Хиден өз зерттеулерінде баланың миындағы клеткалардың бір-бірімен байланыстыратын талшықтар (нейрондар) тек ойлау әрекеті болған жерде ғана молайып, жиелей түсетіндігін, сондықтан өте жас кезде баланың миын жұмыс істеуге ынталандырып отыру керектігіне назар аударады. Белсенді ой қызметінсіз клеткалар бай талшықтар құрай алмайтындығын, содан барып олардың қызметі төмендеп бара-бара жойылатындығына көзімізді жеткізеді. Ғылымда белгілі себептермен аңдар арасында қалып қалған балалардың қайта адам қалпына келе алмауына басты себеп осы болар.
Дамыта оқыту жүйесінің авторлары бала ойлауын абстрактіден қарапайымға қайта жетелейді. Мысалы: «А» әріпін өткенде алманы көрсете тұрып, оның не екенін, дәмі, түрі, формасы қандай екенін сұрағаннан гөрі, ол туралы не білетінін, не айта алатынын сұрап білудің баланы дамыту үшін тиімділігі зор екенін айтады. Бұл принципте жеңіл-желпі тапсырмалар орнына, баланың тапқырлығын зерделілігін дамытатын шығармашылық тапсырмалар орындау үлкен нәтиже береді.
Дамыта оқыту жүйесінің маңызды принциптерінің бірі – теориялық білімнің жетекші ролі принципі. Бұл теорияда оқыту барысында қарапайым бақылаулар, зерттеулер жасау арқылы өмір заңдылықтарына көздерін жеткізу, қорытынды жасауға дағдыландыру. Заттар мен құбылыстардың тек сыртқы қасиеттері ғана емес ішкі байланыстарын заңдылықтарын меңгеру, олардың танымын тереңдететіндігі анықталады. Мысалы, жыл мезгілдері туралы сөз өткенде, біз ешқашан жасыл болып жайқалып тұрған ағаш жапырақтарының күз түсе сарғайып, ал қыста мүлдем түсіп қалатындығын неге байланысты екендігіне тоқталамыз. Қоршаған орта мен өмір заңдылықтарына көздерін жеткізіп қорытынды жасауға дағдыландырамыз.
Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді.
1) Деңгейлеп оқыту әр оқушыға өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
2) Деңгейлеп оқыту әр түрлі категориядағы балараға, олармен саралай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
3) Деңгейлеп-саралап оқыту құрылымында білімді игерудің үш деңгейі қарастырылады: ең төменгі деңгей (базалық), бағдарламалық, күрделенген деңгей сондықтан әрбір оқушы меңгеруі тиіс.
Деңгейліп оқыту технологиясы тиімді нәтижелі болу үшін
а) жеке тұлға ерекшеліктеріне,
б) психологиялық даму ерекшеліктеріне,
в) пән бойынша білімді игеру деңгейіне көңіл бөліп отырамын.
Сабақ өткізу формаларын және түсіндіру әдістерінің жаңа тәсілдерін күнделікті сабаққа қолдануға тырысамын. Көбінесе мына жағдайларға көңіл бөлемін:
1) сабақтың мазмұны,
2) сабақты өткізудегі тәсілдері мен әдістерін таңдау,
3) сабақтың нәтижелігі.
Жалпы, менің оқытудағы өз проблемам оқушыларды өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу, үйрету, шығармашылық қабілетін дамыту. Тақырып бойынша деңгейлік тапсырма жүйесі дамыта оқыту жүйесін іске асырады. Өйткені, ол оқушының ойлауын, елестету мен есте сақтауын белсенділігін, дағдысын білім саласының дамуын қамтамасыз етеді. Сабақтың ерекшелігі және оның тиімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі-оқушыларға деңгейлік тапсырма беру.
Педагогика ғылымдарының доктор профессоры Караев оқушылардың оқу деңгейін 4 түрге бөлген. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту өз бетінше жұмыс жасауға дағдыландыру барысында өз іс тәжірибесінде жаңа технологияларды қолданамын. Соның ішінде Ж.Қараевтың деңгейлеп, саралап оқыту әдісін пайдаланамын. Деңгейлеп оқыту технологиясының өзіндік ықпалы зор. Оқушыларға өздік жұмысын ұйымдастырып өткізуге көмегін тигізеді. Оқушылар өздік жұмыстарын орындап, білімдерін мониторингтік жүйе арқылы өздері бағалап, диагностикалауға қол жеткізеді. Қараевтың деңгейлеп, саралап оқыту технологиясы мынандай 4 түрге бөлінген:
1) репродуктивтік деңгей-жалпыға бірдей стандартты білім негізінде тапсырма беріледі. Мұндай тапсырмалар оқушылардың алдыңғы сабақтарда алған білімдеріне және оқушыға байланысты
2) алгоритмдік деңгей-мұнда оқушы мұғалімнің түсіндіруімен қабылдаған ақпаратты пайдалана отырып орындайды.
3) Эвристикалық деңгей оқушы қзі ізденіп, қосымша әдебиеттерді қолдана отырып жауап береді.
4) Шығармашылық деңгей-оқушының таза өзіндік шығармашылығын байқатады. Жаңа тақырыпты оқушылар шығармашылық ізденіс үстінде өздігінен меңгереді. Деңгейлеп оқыту әр оқушының белсенділігін оятады.
1.4. Кәсіби терминдер жүйесі
Жоспары:
1. Терминдердің танымдық мәні
2. Терминдерді қолданудағы түрлі бағыттар
Терминдер – өзіндік құрылымдық, семантикалық, деривациялық, функционалдық ерекшеліктері бар тілдің өзгеше категориясы. Аталған ерекшеліктерді ескерусіз термин жасау, басқа тілден терминдер алу, калькалау, терминдерді ұтымды қолдану мүмкін емес. Терминдер адам қызметінің ерекше түрін атап көрсететін болса, ең алдымен, ғылыми, кәсіби деңгейлерін айқындайды. Сондықтан терминдер ғылым мен техниканың, кәсіби және өндірістік салалардың, ғылыми таным мен әлем көрінісінің дамуын бейнелейді. Терминдер мен терминологиялық жүйелер қоғамның әлеуметтік құрылымының біртекті еместігін, әр түрлі топтарға, бірлестіктерге бөлініп, әрқайсысының өз тілі, өзіне ғана тән әрі түсінікті терминологиясы барлығын айқындайды. Термин тілдің ерекше негізін құрайды, себебі терминсіз, терминологиялық жүйесіз бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби, өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Яғни, терминдерде әлем түсінігі жайлы арнайы білім, ұғымдар қамтылған, сонымен қатар, терминдер адамның ойлау қабілетінің, танымының, ақиқат шындықтың бейнеленуі мен көрінісінің ерекше бір түрдегі негізін сипаттайды. Қазақ дәстүрлі терминологиясында қазақ тілінің терминдері, негізінен, семантикалық, құрылымдық тұрғысынан жүйелі түрде зерттелді, мұнда терминологиядағы семантикалық және құрылымдық қатынастардың типологиясына назар аударылды. Қазақ терминологиясында, сондай-ақ, бүкіл тіл білімінде тілдің таным шарттары мен құралдары ретіндегі рөлі мен трансформациялаудағы таңбалау жүйесі болып табылатынын айқындауға көп көңіл бөлінді. Мысалы, қазақ тілінің терминдері белгілі шамада терминологиялық аталымның соңғы нәтижесі, өнімі ретінде қарастырылды (Ш.Құрманбайұлы), сонымен қатар лингвистикалық бірліктер ретінде олардың тілдік қасиеттері мен белгілері толық зерттеліп пайдаланылды (Ө.Айтбаев). Дегенмен, қазақ терминдерін аталымдау мен функциялауда адамның танымдық және менталдық қызметі (когниция) лингвистикалық зерттеу пәні болып қалыптаса қойған жоқ. Әр ұлт тілінде дүние, әлем туралы түсініктер, ұғымдар түрлі тілдік фактілер арқылы таңбаланып, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, негізінен, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып-білуге болады.