Лы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі балалар әдебиеті. С.Бегалин шығармашылығы
Еліміздің Ұлы Отан соғысында неміс фашистерін тізе бүктірген ірі женістері халқымыздын патриоттық рухын онан сайын көтеріп, соғыс зардаптарынан болған ауыр күйзелістерді тез арада қалпына келтіру үшін бірден ұлы құрылыс жұмыстарына жұмылдырып жіберді.
Соғыстан кейінгі жылдарда әдебиетіміз де мейлінше шарықтап өсті. Партияның 1946-50 жылдар арасындағы идеология мәселелері жөніндегі тарихи қаулылары көркем әдебиет алдына жаңа міндеттер қойды.
Балалар әдебиетінің, бұл жылдардағы қамтыған ең күрделі тақырыптары бала тәрбиелеудегі семья мен мектеп ролін көрсету болды. Балалардың патриоттық, моральдық рухын кетеріп, оларды еңбек тәрбиесіне баулу мақсаты көзделді, мектептің өмірмен байланысын нығату мәселесі қойылды. Осындай талаптарға байланысты соғыстан кейінгі жылдарда жазылған шығармаларда мектеп өмірі көп орын алып, оның ішкі мәні, идеялық-тәрбиелік процестік өзгешеліктері, мектептің өмірмен байланысы, мектептегі пионер, комсомол ұйымдарының жұмысы кеңінен суреттелді.
1945 жылдан бастап 1952 жылға дейін Қазактың мемлекеттік оқу-педагогика баспасынан «Балалар кітапханасы», «Мектеп кітапханасы» деген рубрика бойынша көптеген жазушылардың балаларға арналған өлендері мен әңгімелері жеке жинақ болып шықты. Әбдіқадыров Қалмақанның «Амантай» (1945), Сапарғали Бегалиннің «Сәтжан» (1947), «Көксегеннің көргендері» (1948), Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» (1945), Дихан Әбіловтің «Жас азамат» (1948), Жақан Сыздықовтың «Алтын қалам» (1949), Қалижан Бекхожиннің «Батырлық жыры» (1949), Асқар Тоқмағамбетовтің «Қарындаш» (1950), Әбділда Тәжібаевтын, «Шын жүректен», Қапан Сатыбалдиннін, «Мың есік» (1950), Мәлік Ғабдуллиннің «Алтын жұлдыз», Қайнекей Жармағанбетовтің «Адам туралы аңыз» (1951), «Әнші азамат» (1951), Тайыр Жароковтың «Жеткіншек», Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» (1951), Әбу Сәрсенбаевтың «Туған өлке», Жұмағали Сайнның «Жас достарыма», Қасым Аманжоловтьң «Балбөбек», Ғали Ормановтың «Бөбек жыры» т.б. жарық көрді. Сайып келгенде, осы кітаптардың бәрі де мектеп өмірін, оның ішкі мәнін, идеялық-тәрбиелік процестің өзгешеліктерін, оның бүкіл қоғамының өмірімен тығыз байланысын, оқушылардың творчестволық жанашылдық еңбегін, мектептегі пионер, комсомол ұйымдарының жұмысын, мектеп оқушысының жаңа қасиеттерін суреттейді. Балалар әдебиетін бұдан әрі өркендете беру және осы күнге дейін болып келген кемшіліктерді қайталамау мақсатымен 1950 жылы СССР Жазушылары одағы басқармасының XIII пленумында «Балалар әдебиетінің жайы, оны өркендету міндеттері туралы» арнаулы баяндама қойылды.
СССР Жазушылар одағы басқармасының XIII пленумы балалар әдебиетінің жайы және оны өркендету міндеттерімен қатар, балалар әдебиетін арнайы зерттеу қажеттігі жөнінде де қаулы алды. «Балалар әдебиетінде бейбітшілік пен демократия жолындағы күрес тақырыбы үлкен орын алуға тиіс делінген қаулыда. Біздің балалар әдебиетінің аса манызды міндеті мектеп өмірі туралы кітаптар жасау болып табылады. Оларда мектептің идеялық тәрбие жұмысы, оқушы балалардың ғылым негіздерін меңгеру жөніндегі қажырлы, қызықты еңбегі, мұғалімнің игілікті еңбегі, комсомол және пионер ұйымдарының өмірі көрсетілуге тиіс». Осы қаулыға сәйкес Қазақстанда да балалар әдебиетіне деген көзқарас пен ықылас жөнделе түсті. Ұлы Отан соғысы жылдарында уақытша тоқтап қалған балалар журналы мен газеттері қайтадан қалпына келтіріліп, 1946 жылы июль айынан бастап, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті, сол жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналы шыға бастады.
Бұл жылдары ақын Қ. Боранбаевтың мектеп оқушылары өмірінен алынып жазылған «Балалар шаттығы» (1949), «Дәурен» (1949), «Ант» (1950), «Дос отряд» (1955) өлеңдер жинағы, жазушы Ф.Дінисламовтың мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Сырлы көл» (1950), «Өнербек» (1953), «Аю мен бала» (1963), «Күшік пен мысық» (1959), «Қайсысын қалайсың?» (1961), «Қоқиланған қораз» (1965) атты суретті кітапшалары, ақын Қ.Мұқышұлының «Жақанның арманы» (1950), «Орман» (1953), «Ораз бен қораз» (1956), «Кірпі мен сұрмойнақ» (1959), «Көршілер» (1960), «Екі мысық» (1963), «Мысық неге етіксіз?» (1965) атты кітаптары, натуралист жазушы Ә.Көшімовтың жас табиғаттанушылар үшін жазған «Қарт мерген» (1948), «Аңшының әңгімесі» (1949), «Екі бүркіт» (1951), «Жас аңшы» (1961), «Лашын хикаясы» (1965) атты повестері мен әңгімелері жарық көрді. Мұның өзі соғыстан кейіпгі жылдары жаңа қаулап өсіп келе жатқан қазақ балалар әдебиетін түр, жанр, тақырып жағынан байытып, мазмұн жөнінен тереңдете түсті.
Пионер журналы мен газеттерінің соғыстан кейін қайтадан қалпына келтірілуіне байланысты оның бетінде балалар әдебиетімен тікелей шұғылданған Мұзафар Әлімбаев, Сансызбай Сарғаскаев, Бердібек Соқпақбаев, Нығмет Ғабдуллин, Бәдел Тұрсынбаев, Сәуірбек Бақбергенов, Насыреддин Сералиев, Амантай Байтанаев, Машқар Гумеров, Саид Баязитов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мырзабек Дүйсенов, Жақан Смақов, Қадыр Мырзалиев, Қабдікәрім Ыдырысов, Сәкен Жүнісов сияқты жас жазушылар көріне бастады. Қазіргі кезде осы аталған ақын-жазушылардың шығармалары балалар әдебиетінен елеулі орын алады.
Бұл жөінде алдымен айтарымыз - қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Амантай Байтанаев еңбектері. Оның «Ерденнің басынан кешкендері» (1957) атты оқиғалы да қызықты повесі жас өспірімдердің өмір жолын, көңіл күйін, ой дүниесін суреттейді. Балаларды өмір мектебімен таныстьірады. Кітаптың үлкен өнеге, үлгі беретін тәрбиелік жақтары жақсы суреттелген. Амантай Байтанаев бұдан соң «Болат» (1954), «Асан» (1961) деген повестерін жазды.
Балалар әдебиетіндегі әр алуан қызықты такырыптарға жазған жазушының бірі - Нығмет Ғабдуллин. «Менің достарым» атты оның алғашқы жинағы 1957 жыльі шықты. 1953 жылы теміржол училищесінің түлектері туралы «Алғашқы маршрут» атты повесін жариялады. Мұнда ол политехникалық оқудың пайдалы жақтарын бейнелейтін теміржол училищесі түлектерінің келбетті образын жасады. Балалардың интернационалдық бауырмалдық сезімін, достық қарым-қатынасын суреттеп берді. Содан кейін «Құрдастар» (1955), «Жаңа таныстар» (1957) атты әңгімелер жинағын бастырды.
Балалар әдебиеті тақырыбына жемісті еңбек еткендердің бірі - Машқар Гумеров. Оның жазушылық кызметі 1946 жылдан басталды. 1956 жылы балаларға арналған «Шешесі мен ұлы» деген алғашқы әңгімелер жинағын, 1958 жылы «Үш күн, үш түн» жинагы, 1960 жылы «Шипалы дәрігер» повесін, 1963 жылы «Қос шынар» жинағып, бірқатар суретті кітапшаларды шығарды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірдегі балалар әдебиетінде мектеп өмірі жайлы аса маңызды жәйттерді суреттеу, атап айтқанда, политехникалық оқудың жолға қойылуы, мектептің идеялық тәрбие жұмысы, балалардың еңбекке араласуы, олардың ғылым негіздерін меңгеруі, адамгершілік сипатының жетілуі, комсомол және пионер ұйымының өмірі сияқты оқиғаларды суреттеуге ерекше көңіл бөлінгені байқалды.
Соғыстан кейінгі жылдарда қазақ балалар әдебиетіне енген жаңалық - драматургия жанры. 1944 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советі мен Қазақстан Орталық партия комитетінің «Қазақстанның республикалық балалар және жасөспірімдер театрын ашу туралы» қаулысына сәйкес, соғыстан кейін, 1945 жылы, Алматыда тұңғыш рет өз алдына дербес түрде «Жас өспірімдер театры» ұйымдастырылды.
БКП(б) Орталық Комитетінің «Драма театрының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысынан кейін қазақ балалар драматургиясының шығарма тақырыптарының көлемі едәуір ұлғайды. 1945 жылы Қазақстанда «Жасөспірімдер театрының» ұйымдасуымен байланысты оның сахнасынан берік орын алған бірқатар пьесалар жазылды. Жасөспірімдер театрының сахнасы 1946 жылы бірінші рет Мұсатай Ақынжановтың халық ертегісі бойынша жазған «Алтын сақа» пьесасымем ашылды. 1948 жылы Мұқан Иманжановтың «Жас өмір» пьесасы қойылды. Осыдан былай Жасөспірімдер театрының сахнасы жыл сайын алуан тақырыпта жазылған репертуарлармен толыға берді. 1951 жылы Мұсатай Ақынжановтың қазақ халқының мақтанышы, бірінші педагогы, балалар жазба әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің өмірінен жазылған «Ыбырай Алтынсарин» деген пьесасы барлық көрушілерін риза етіп, сахнадан берік орын алды. Пьеса 1958 жылы Москвада болып өткен бүкілодақтық байқау кезінде «Жасөспірімдер театрының бүкілодақтық байқауының лауреаты» деген құрметті атаққа ие болды. Бұл жаңа ұйымдасып, енді ғана бой көтере бастаған «Жасөспірімдер театрының» бірінші ірі табысы еді.
1952 жылы Шахмет Құсайыновтың «Көктем желі», 1963 жылы «Алдар көсе», 1954 жылы «Есірткен ерке», 1958 жылы «Біздің Ғани» пьесалары қойыла бастады. Әр алуан тақырыпта жазылған Шахмет Құсайыновтың бұл пьесалары «Жасөспірімдер театрының» репертуарларын бұрынғысынан анағұрлым толықтырып, өркендете берді. Оқиғалы, қызықты жазылған пьесалармен жас көрушілерін мәз-мәйрам етті.
1946 жылдан бері балаларға тартымды тақпақ өлеңдер, өлең-ертегілер, мысалдар жазып, қазақ балалар әдебиетінің дамуына еңбек сіңіріп келе жатқан ақынның бірі - Әдібай Табылдиев. Ол ұзақ жылдар мектептерде мүғалім болды, педагогика ғылымының кандидаты. Әдібайдың «Сөз – бөбектікі» (1959), «Балуан» (1961), «Ғажайып бақ» (1966), «Атымтай» (1970), «Гүл мен жеміс» (1972), «Аялы алақан» (1974) деген өлеңдер жинақтары, «Көңілді кештер » (1971) атты мектеп сахнасына арналған пьесалар жииағы және «Мен - поровоз» (1960), «Жүгері ханым мен бұршақ ІІатша» (1963), «Құрылысшылар» (1968) атты суретті кітаптары жарық көрді.
Қазак балалар әдебиеті Октябрь революциясына дейінгі балалар әдебиетімен салыстырғанда барлық түр, барлық жанр және алға қойған күрделі мақсаттары мен идеялық бағыты, жаңашылдығы жағынан алып қарасақ та шарықтап өскенін, дамығанын көреміз. Алайда, қазақ балалар әдебиетінің әлі де болса қамтымаған, жетіспей жатқан үлкен келелі мәселелері жоқ емес. Қазақ балалар әдебиетінің алдында тұрган қазіргі үлкен проблема мектептің өмірмен байланысын көрсету және еңбек процесін суреттеу мәселесі болып отыр. Сонымен қатар балаға әр алуан техникалық процесті үйрететін ғылыми-фантастикалық шығармалардың жетіспейтіні де қазақ балалар әдебиетіндегі үлкен олқылықтың бірі. «Біздің балаларымыз 14-15 жасында электронды машиналармен танысатын болды,- дейді академик Берг.
Заманымыздың қойып отырған талабына сай космосты зерттеп, аспанға ракеталар мен жердің жасанды серіктерін ұшырып, техникада атом қуатын пайдаланып жатқан кезде, балалардың ой-санасының даму процестері, түсінігі осындай жетістіктерден қалып қойса, ол, әрине, үлкен кемшілікке ұрындырар еді. Балаларға осы сияқты өмір танытарлық мәселелер жайын жазу керек. Бұлар - балалар әдебиеті жазушыларының алдында тұрған үлкен проблема.
Сапарғали Бегалин.«Творчество – балалық шақ әсерлерінен басталады. Әжеңнен, анаңнан санаңа ән болып сіңісетін бесік жыры, аңыз, ертегілерің, ғаламат батырлық жырлар бала қиялыңды қозғап, қилы-қилы ойларға жетелері хақ. Біз әдебиетке фольклордан келдік. Балалар жазушысы ретінде үнемі үйреніп, өсіп отырған мектебім – халық ауыз әдебиеті.»
С.Бегалин 1895 жылы Семей облысы, Абай ауданы, Дегелең аулында туған. Есейе келе ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таниды. Сонан соң керуенмен Семейге келеді. Пристаньда жұмысшы, жүкші болады. Приходская школаны 1915 жылы бітіреді. 1916 жылы патша үкіметі қазақтарды тыл жұмысына алғанда Петроград түбіндегі Колпино станциясына тап болады. 1917 жылғы февраль революциясына қатысады. Октябрь революциясынан кейін ұзақ уақыт бойы болыстық атқару комитетінің председателі, уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болды, 1923-28 жж. аудандық халық соты болды.
1935 жылы «Теміржолшы» газетінің редакциясына ауысты, осында әдеби қызметке араласады. Газетте жұмыс істеуі оны Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтына, кейінірек республика Жазушылар Одағының аппаратына алып келеді. Мұнда ұзақ уақыт кеңесші болды. «Қазақ жастарына» деген алғашқы өлеңі Троицкіде шығатын «Айқап» журналында жарияланды.
«1940 жылдардың аяғында әдебиетке біржола бел буып оралған сәтімде ойымда балалар әдебиеті тұрды. Әрине, ол жылдары балалар әдебиеті деп жіктеу қазақ әдебиетінде байқала қоймаған кез. Сөйте тұра балаларға арнап жазуға аңсарым ауатын бірнеше себеп бар еді. Мен жас балалардың ауыр тағдырын екі рет көрдім. Бірі - азамат соғысы жылдары, екіншісі – Ұлы Отан соғысы. Осы ауыр кезеңдердегі балалардың ауыр еңбектері балалар әдебиетіне келуіме, олар туралы жазуыма түрткі болды.
Өзімнің өмір, тіршілік жайлы ойларымды ортаға сала отырсам, балаларға арнап бірсыпыра шығармалар жазыппын. Оларға қарап отырып, келешек адамын тәрбиелеуге мен де үлкен үлес қосыппын деген мақтаныш сезім билейді. Өзің жазған шығарма болған соң, олардың қайсысы да жаныңа жақын, жүрегіңе жылы. Әйтсе де өз шығармаларыңды оқушы, сыншы пікірі арқылы сезгендейсің. Әрқайсысына әр түрлі қанағаттанасың. Сондықтан да қаламымнан шыққан шығармалардың оқушы көпшілік жылы қабылдағандары «Сәтжан» және «Бала Шоқан» повестері деп есептеймін».