Ағартушылық еңбегі
Ыбырай Алтынсарин
Ибраhим
Қызметі: | халық ағартушы, ақын, жазушы |
Туған күні: | 2 қараша 1841 |
Туған жері: | Арқарағай, Қостанай облысының Қостанай ауданы , Аманқарағай ауданы, Күнтимес орда-қыстауы |
Ұлты: | қазақ |
Қайтыс болған күні: | 29 шілде 1889 (47 жас) |
Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері
Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.
Мірбаяны
Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ел ішіндегі көп билікті қолында ұстаған би, Орынбор әкімшілігінің алдында да беделді, белгілі кісі болған. Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата-анасын асырауы. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:
Әлгі мектеп ақыры 1850 жылы ашылады да, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі – тоғыз жасар Ыбырай болады. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. 1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. "Қазақтар мені құшағын жая қарсы алды. Мектепке балаларын беруге ынталы адамдар толып жатыр", – деп жазады ол бір хатында. Ыбырай Н.И.Ильминскийге жазған әлгі хатында тағы да былай дейді: "Қазақ даласын үш жылдай аралаған Сіздің қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық дейтініңізге мен сенемін. Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз". Туған халқы туралы мұндай ой Ыбырайдың демократтық көзқарасына негіз болды және оны сеніммен жұмыс істеуге шабыттандырды. Сонымен бірге Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады. "Қызмет бабында мен қазақтармен жиі-жиі ұстасып қаламын, — деп жазды ол 1864 жылы Ильминскийге, олардың ішінде менің өз туысқандарым да бар. Олардың сырын жақсы білемін, көбін тіпті жек көремін, қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды — қарсылық көрсете алмай, қаскырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды — адамшылықтың шегінен шыға, арсыздықпен тонайды, талайды. Соларды көргенде... өте қатты күйінемін... Осы елдің күшті жемқорларының бірі өздерінің істеп жүрген істерін менің жақтырмайтынымды біліп қалды... Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр". Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Осы жолда Ыбырай көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады. Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.
Ағартушылық еңбегі
Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады:
Оқысаңдар, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар. Кел, балалар, оқылық! Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық!Өлеңнің әр шумағында оқудың әр жақты пайдасын айта отырып, ақын соңғы жолдарды ылғи қайталап отырады.
Мал, дәулеттің байлығы – Бір жұтасаң, жоқ болар. Оқымыстың байлығы– Күннен күнге көп болар, Еш жұтамақ жоқ болар.Сөйтіп, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.
Өнер-білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды. Айшылық алыс жерлерден Көзіңді ашып, жұмғанша, Жылдам хабар алғызды. ...Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді. Теңізде жүзді балықтай, Дүниені кезді жалықпай.Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.
Біз надан боп өсірдік, Иектегі сақалды. "Өнер – жігіт көркі" деп, Ескермедік мақалды. Біз болмасақ, сіз барсыз, Үміт еткен достарым, Сіздерге бердім батамды! – деп, жеткіншек ұрпаққа сенім артады.Бұл өлеңдердегі: жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті. Ыбырайдың "Өзен", "Жаз" деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді.
Ақын тау өзенін нақты әрі әсерлі суреттеген. Бүкіл тіршіліктің "өзеннен рақат тауып" жатқанын нақты сипаттау оқырман көңіліне жағымды сезім ұялатады. "Жаз" өлеңінде көктемгі табиғаттың келісті суреттері бар. "Ұшпақтың күн сәулесі жерге түсіп", "Аспаннан рақымменен күн төнгенде", "Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша, жайқалып шыға келер жердің гүлі", "Кеш болса, күн қонады таудан асып, шапаққа қызыл алтын нұрын шашып", т.б. суреттер мен бейнелі сөздер Ыбырайдың табиғат көріністерін сезінуінің тереңдігін, суреткерлігін көрсетеді. Ақын бар тіршілікті көктем күнінің мейірімді шағымен байланыста бейнелейді. Қырдағы жаз көріністеріне сүйсіну, мал бакқан елдің қыстан қысылып шығып, жазда тынысының кеңуі, қуаныш-шаттығы көңілді әсерге бөлейді. Бір малы шаруаның екеу болып, Қыстаудан ауыл көшер алуан-алуан. Күлісіп, құшақтасар, әзіл етер, Алыстан мұнарланған сағымдарыШақырып, тұрар күліп: "Кел, – деп, – мұнда..."Бұл өлеңдер арқылы Ыбырай қазақтың жазба әдебиетінде табиғат лирикасын бастады. Оны кейін Абай әлемдік поэзияның биік деңгейіне жеткізді: Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. "Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа", – дейді. "Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. "Күн сайын өз бейнетіммен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады", – дейді ол. "Әке мен бала" әңгімесінде мынадай бір жай сөз болады. "Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған бір ескі тағаны көріп, баласына айтты: "Анау тағаны, балам, ала жүр", – деп. Бала әкесіне: "Сынып қалған ескі тағаны не қылайын", – деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі кайырылып, тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып: "Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың", — деді. Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, аз жұмысты қиынсынып, бойкүйездікке салынушылық өмірде аз кездеспейді. Бұл – жақсы әдет емес. Сондықтан балалардың бойкүйез, жалқау болмауына, еңбекқор болуына Ыбырай ерекше мән берген. "Бай баласы мен жарлы баласы" атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген коғамдық, таптық көзкарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу аркылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән береді. Жазушының шығармаға жасы құрбы екі баланы алып, оларды бай мен кедейдің өкілі етіп суреттеуінің сыры да оның идеясынан айқын көрінеді. Жарлы баласы Үсен – тұрмыстың ауыртпалығын көре жүріп, ысылған еңбек адамы. Ауылдары көшіп кетіп, жұртта қалған екі баланың далада тамақ тауып жеуіне, ауылдың калай қарай көшкенін аңғаруына, түнде далада түнегенде ит-құстан сақтануына Үсеннің тапқырлығы мен еңбекқұмарлығы себеп болады. Ал бай баласы Асан – өмір үшін күресудің жолын білмейтін, шыдамсыз, еңбекке икемі жоқ жан. Кісі еңбегімен күн көріп, бейқам болып өскен бай баласының басына күн туғандағы дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы келешек Үсендер жағында екенін аңғартады. Сөйтіп, жастарға өмірден еш нәрсе үйренбей, жалқау болып өскен бай баласындай болмай, қиыншылыққа төзімді, өнерге бейім, еңбек сүйгіш жарлы баласы Үсендей болып өсуді уағыздады. "Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. "Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен кисық біткен"? – деп сұрады баласы. "Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып, бағусыз өсерсің. Мынау ағаш – бағусыз өз қалпымен ескен", – деді атасы. "Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой", – деді баласы. "Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің", – деді. Ыбырай "Бақша ағаштары" атты әңгімесінде осылай деп жазды. Яғни тәрбиенің үлкен рөл атқаратынын көрсеткен. Соның бірі – талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы алға баспаған болар еді. "Талапты ерге нұр жауар" деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған. Жастық шақ – жігер-қайраттың мол кезі, бойдағы жақсы қасиеттерді жарыққа шығарып қалатын кез, ол үшін талап керек. Талаптан да, өмірден керегіңді ал. "Талаптың пайдасы" деген әңгімесінде Ыбырай сол идеяны көтереді. I Петр патша шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, арт жақта бір баланың сурет салып тұрғанын көріп, қасына келіп, не салып жатқанын сұрағанда бала: "Сіздің суретіңізді салып жатырмын!" – дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенің аңғарып, сурет салатын оқуға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады. азушының бұл арадағы көздегені - жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қолы жеткенін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу. Мейірімділік баланың отбасына деген махаббатынан басталады. Әркім алдымен өз ата-анасын, туғандарын жақсы көреді, сыйлайды. Ыбырай ата-ана мен бала арасындағы осындай жылы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. "Мейірімді бала" әңгімесінде 13 жасар қыздың әкесінің орнына, өз қолын кесуді сұрағанын жазады. Қыз: "Тақсыр, жұмыс істеп, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз", – дейді. Жазушы "Аурудан аяған күштірек” деген әңгімесінде аяғы сынған Сейіт деген бала, ауруы қанша батса да, анасын қиналтпау үшін қабақ шытпағандығы айтылады. "Ауырмақ түгіл, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көріп, әжем де қиналып, жыламасын деп жатырмын", – дейді ол. Алғашқы әңгімедегі қыз да, соңғы әңгімедегі Сейіт те шын мәніндегі мейірімді қылықтарымен ерекшеленеді, мұның негізінде жалпы адамды сүйетін жақсы сезімдер жатыр.
Шығармалары
- Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку, Оренбург, 1879;
- Қазақ хрестоматиясы, Орынбор, 1906; Мәктубат, Қазан, 1896, 1899;
- Киргизская хрестоматия, Оренбург, 1879, 1906;
- Таңд. шығ. 3 томдық, А., 1943, 1953;
- Собрание сочинений в 3-х т. Т.1–3, А.-А., 1975, 1978;
- Әңгімелер, А., 1980.
- Өлеңдер
- Азған елдің хандары
- Балғожа бидің баласына жазған хаты
- Жаз
- Кел, балалар, оқылық
- Қарлығаш
- Қарға мен түлкі
- Әй, достарым
- Әй, жігіттер
- Өзен
- Өнер - білім бар жұрттар
- Өсиет өлеңдер
- Әңгімелер
- Ізбасты
- Айуанның естесі көп бірақ адамдай толық ақылы жоқ
- Алтын -айдыр
- Алтын шеттеуік
- Асыл шөп
- Ақымақ дос
- Білгеннің пайдасы
- Бір уыс мақта
- Бай баласы мен жарлы баласы
- Байұлы
- Баланың айласы
- Бақша ағаштары
- Данышпан қазы
- Дүние қалай етсең табылады
- Жаман жолдас
- Жамандыққа жақсылық
- Жан-жануарлардың дауласқаны
- Жиренше шешен
- Жомарт
- Жәнібек батыр
- Зеректік
- Киіз үй мен ағаш үй
- Лұқпан әкім
- Малды пайдаға жарату
- Мейірімді бала
- Мұжық пен жасауыл
- Мұңсыз адам
- Надандық
- Оқудағы балалардың үйішіне жазған хаты
- Петр патшаның тергелгені
- Полкан деген ит
- Салақтық
- Сараңдық пен жинақтылық
- Сауысқан мен қарға
- Сақып
- Силинші деген ханым
- Сәтемір хан
- Таза бұлақ
- Талаптың пайдасы
- Тышқанның өсиеті
- Түлкі мен ешкі
- Тәкәпәршілік
- Шеше мен бала
- Қанағат
- Қарға мен құрт
- Қыпшақ Сейітұлы
- Үнді
- Үш ұры
- Әділдік
- Әдеп
- Әке мен бала
- Әлім кісі
- Өрмекші, құмырсқа,қарлығаш
- Өтіріктің залалы*
Ақбөкен
Ақбөкен |
Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда
ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.[2]
Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Киіктің қаншалықты киелі екендігін кім білсін, бірақ өте ақылды және қандай табиғи ортада болмасын, тез бейімделіп кететін жануар екендігі анық. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады. Егер ақбөкендердің басқа түз тағыларынан ерекшеліктері болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді.
Ақбөкендердің табындары жүздеген, мыңдаған бастан тұрады. Әдетте табынды текелері емес, ұрғашы киік бастап жүреді. Текелері күйек науқаны біткеннен кейін табынға көп қосыла бермейді, әсіресе киіктер бұзаулайтын кезде олар жеке жиналып, бөлек табынмен жүреді. Ақбөкендер күйекке түсер алдында, қазан, қараша айларына қарай қоң жинап, жұмырланады. Бұл кезде текелердің кеңсірігі дөңестеніп, әукесі салбырап, сақалы төмен түседі. Ұрықтандыруға көп уақыт жұмсалмайды, әрбір теке бір-екі күннің ішінде 40-50 киікке дейін шабады. Соңғы кездерде ақбөкенді мүйізін алу үшін браконьерлер көп қырып жіберді де, текелердің саны күрт азайды. Ұрғашы киіктердің саны текелерден бірнеше есе басым болғандықтан, күйек кезінде кейбір шамасына қарамайтын, тәжірибесіз жас текелер әлсіреп, зорығып өледі немесе түлкі, қарсақ сияқты кішігірім жыртқыштарға жем болады. Күйек біткеннен кейін, ауа райы қатты суытып кетпей, жайылымға қолайлы болып тұрса, қаңтардың аяғы, ақпанның басына қарай қайта қоң жинап, әлденіп алады.
Ұрғашы киіктер текелерге қарағанда майды көп жинай алмайды. Күйек кезінде орташа ғана семіреді де, төлдер алдында 4,5 келідей іш май жинайды. Бірақ лақтарын емізген кезде тез арықтайды. Киіктер мамыр айының 10-15 аралығында жаппай төлдей бастайды, осы кезде ауа райы бұзылып, міндетті түрде жауын-шашын болады. Қазақтар оны «құралайдың суығы» деп атаған. Киік әдетте төлді егізден әкеледі. Алдын ала шыбын-шіркей болмайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдап алып, лақтарын түрегеп тұрып туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз.
Reconstructed range (white) and current distribution of the two subspecies Saiga tatarica tatarica (green) and Моңғол ақбөкені (red)
Енесі алғашқы сағаттарда лақтарын емізген соң, біршама қашықтыққа ұзап, алыстан бақылап жүреді. Егер жыртқыштар пайда болып, қауіп төне қалса, лақтарының маңынан аулаққа қашып, ол жерден алып кетуге тырысады. Табиғаттың барлық заңдылықтарын іште жатып үйренген құралайлар енесі қасында жоқ кезде ешқандай тіршілік нышанын сездірмей, жыбырламай жатады. Лақтардың қоңыр бұйра терісі топырақтың түсімен бірдей болып көрінеді, екі-үш метр жерден қарасаңыз, жатқан бір төмпешіктер екен деп қаласыз. Мыңдаған жылдар бойы дала жыртқыштарынан, адамдардан қашып жүріп, жан сақтауға әбден бейімделген киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Далада келе жатқан кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді. Киіктің лағы екі-үш күннің ішінде отығып кетеді. Алғашында ол көзіне түскен шөпті қармайды, бір аптадан соң ғана шөптің дәмін алып, таңдап жеуге көшеді. Жас туған киіктер лақтарын он-он бес күндей суат басына апармайды, оларды алысқа тастап, тек өздері ғана келеді. Бұл уақытта құралай тек енесінің сүтін ішеді, бір-бір жарым аптадан соң табынмен суатқа келіп, алғаш судың дәмін татады.
Көктем шыға, солтүстікке қарай жылжитын қалың табын жылдың бұл мезгілінде суаттарды көп іздей бермейді. Олар жаңа өнген шөптің нәрімен, таңғы түскен шықпен сусындайды. Жауынды күндері апталап су ішпей жүре береді. Киіктер Аралдың, Балқаштың тұзды суларын іше береді. Қыстың қарсыз күндері мұз жалап, шөлін қандырады. Әдетте табынды суат басына ұрғашы киік бастап келеді. Алдымен жан-жағына осқырана қарап, біраз уақыт айналаны бақылайды. Қалғандары «команда» болмай суға беттемейді, алдымен бастап келген киік су ішеді, содан кейін қалғандары азан-қазан маңырап келіп, суға бас қояды. Текелері суатқа ең соңынан келеді. Ақбөкен 1 минутта суды 12 рет жұтады екен және суды ұзақ сораптап ішпейді, 1,5-3 минуттың ішінде шөлін қандырады да, келген даласына қайта зымырайды.
Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда киіктер ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жануарлар жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде киіктер қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан азық тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған, сондықтан елді мекендерге жақындап баратын болса, тек қар астындағы күздік бидайды тебіндеп азықтану үшін барады.
Зоолог мамандардың айтуынша, киіктердің басқа жануарларға ұқсамайтын тағы да бір ерекше қасиеті бар екен. Ұрғашы киіктер дүниеге әкелетін лақтарының еркек немесе ұрғашы болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып, ұрықтандырып үлгермей жатса, сол жылы табында кілең еркек лақтар қоздайды. Киіктер осылайша өз өсімін өздері бақылап отырады екен. Ақбөкендердің табыны жыл сайын лақтармен толықтырылып отырады. Осы кезде туған шібіштер (ұрғашы лақ) алты айдан кейін күйлеп, текеге шыға береді. Енді алты айдан кейін бұл шібіштер табынға қос-қостан лақ әкеледі. Ал еркек лақтардың жөні басқа, олар жетіліп, текелік жасау үшін 19 ай уақыт керек, өзімен бірге туған шібіштер бір рет лақтағаннан кейін, келесі жылдың күйегіне ғана араласады.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқаларына қарағанда, бұлар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылған. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы айтылады. Көптеген елді мекендердің «Киік» деп аталуы да бекер болмаса керек. Осындай фактілерге сүйенсек, ертеректе Еуропа мен Азия құрлығын тұтастай мекендеген киіктер қазір тек қазақ даласында ғана қалыпты.
Қазіргі сақталған киіктердің үш тобы бар. Олардың ең ірісі және сан жағынан басымы – Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл ақбөкендердің мекені – Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтары. Киіктердің селдіреген табындарын қалмақ даласынан көруге болады. Жайылым жердің аздығынан олардың басы көбейе қойған жоқ. Аздаған ақбөкен моңғол жерін мекендейді. Қазір олардың тұқымы құрып бітті деуге болады. 1978 жылғы Соколовтың жазғандарына қарағанда, сол кезде Шаргиин-Гоби мен Хойсыл-Гоби шөлдерінде 300 ғана бас киік қалған екен. Қалмақтың да, моңғолдың да киіктері Бетпақдаланың ақбөкендерінен аласа, кішірек болып келеді және бұл топтар өзара араласқа түскен емес.
XІX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла бастаған. «Қазақстанда 20-жылдардың басында ақбөкендердің саны күрт түсіп кетті. 1917-18-жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады, 1927-28-жылы болған жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнді», – деп жазады 1955 жылы зоолог Слудский.
1930-32-жылдардағы жүргізілген ұжымдастыру науқаны, даладағы киіктердің жауы ит-құс, шыбын-шіркей, соналардың азаюы ақбөкендердің өсуіне өте қолайлы жағдай туғызды. Далаларда жайылған халықтың малын ұжымдарға жинап, халық отырықшылық өмірге бейімделген тұста ақбөкендердің өрісі кеңіп, санын көбейтуге мүмкіндік алды. Сол жылдары ауа райы да жылынып, қысы жұмсақ болды. Табындары көбейген ақбөкендер 1941-45-жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде еркін өмір сүрді. Бұл Қазақстандағы ақбөкендердің ең көбейген кезі болды. Содан бергі уақытта дала еркесі – ақбөкен адамдардың жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырады. Сарыарқада қазіргі жүрген ақбөкендер саны – 47-48 мың ғана. Ал осыдан жиырма жыл бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 миллион 400 мың болған екен.
Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» ендiрдi. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы бөлдi. Ал үстiмiздегi жылы бұл қаржыны 270 миллионға жеткiзiп отыр. Әрине бұл игi шаралар қолға кеш алынып отыр. Дегенмен «Ештен кеш жақсы» деген емес пе? Өсiмтал жануар күтiмi көп, қорғауы жақсы болса, санаулы жылдардан соң саны қайта көбейiп, әлi-ақ даламыздың сәнiн келтiрер
Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады. Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды. Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.[2]