Азақ тілінің дыбыстық жүйесі
Фонетика тіл дыбыстары туралы ұғым, дыбыстау мүшелері, дыбыстардың үндесуі және екпін, буын мәселелері деген салаларға бөліп зерттейді. Фонетика (гректің phonetikos деген дыбыс мағынасынан шыққан) тіл дыбыстарын зерттейді, оның негізгі объектісі - тіл дыбыстары. Тіл дыбыстарының пайда болуы, жасалуы да табиғатта, өмірде кездесетін дыбыстардың жасалуымен тең. Әрбір затты (темірді темірге, ағашты ағашқа, тасты-тасқа немес бұлардың әрқайсысы өзара бір-біріне соғудан әркелкі дыбыстар пайда болады. Тіл дыбыстары да өкпеден шыққан ауаның дыбыстау мүшелеріне қақтығысуынан, дыбыстау мүшелерінің вибрациялық қимылының нәтижесінде пайда болады.
Фонетика дыбыс атаулының бәрін зерттейді, ол тек адам аузынан шыққан мағыналы дыбыстарды ғана сөз етеді. Адам аузынан шыққан дыбыстардың бәрін емес, тек мағыналы сөздер жасай алатын дыбыстарын ғана зерттейді. Мәселен, жол, жел, жал, бұл немесе тас, жас, қас, бас сөздерін алсақ, алғашқы сөздердің мағыналарын бір-біріне ажыратып тұрған о, е, а, ы, ұ дыбыстары болса, соңғы сөздердегі т, ж, қ, н дыбыстары сөз мағынасын ажыратушы қызметін атқарып тұр. Сондай-ақ бұл сөздердің құрамындағы дыбыстарды қалай болса, солай бірінің орнына бірін ауыстырып қоя да салмаймыз. Сондықтан, тіл дыбыстары – жүйелі құбылыс. Оның жүйелілігі жоғарыда аталған фонетиканың барлық салаларынан да көрінеді. Сонымен, фонетика адам аузынан шыққан, сөз мағынасын өзгертуге себі бар, жүйелі дыбыстарды ғана зерттейді.
Дыбыстау мүшелері. Дыбыстау қызметін жете білудің ана тілінің де, өзге тілдің де дыбысы мен дыбыстар тіркесін практикалық жақтан қатесіз, мүлтіксіз меңгеруде, сондай-ақ саналы білуде маңызы зор. Ең алдымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Мұны дыбыстау аппараты дейді. Оларға (дыбыстау мүшелеріне) - өкпе, дауыс шымылдығы (желбезек), таңдай, тіл, ерін, т.б. мүшелер жатады.
Оларды күрделі үш топқа бөлеміз: тыныс мүшелері, тамақ, қуыс мүшелер.
1.Тыныс мүшелеріне - өкпе жатады. Ол қолқамен ұштасып, ал қолқа екіге тарамданып кеңірдекпен жалғасады. Өкпенің қызметі көрік сияқты, сыртқы ауаны ішке тартады не оны сыртқа шағарады.
2. Тамақ – кеңірдектің кеңейген тұсы. Тамақтың сырт жағында жұтқыншақ болады да, оның ішкі жағында (жұтқыншақтың астында) дауыс шымылдығы болады. Дауыс шымылдығы өкпе арқылы келген ауа мен шыққан ауаға кедергі болып тұрады. Ол бірде керіліп, бірде жиырылады. Өкпеден шыққан ауа әуелі осы дауыс шымылдығына (желбезекке) соқтығады да, оны дірілдететеді. Бұл дірілден үн пайда болады (мұны дауыс деп те атайды) Үннің сапасы өкпеден дауыс шымылдығына келген ауаның қарқынына байланысты.
3. Қуыс мүшелерге тамақ қуысы, ауыз қуысы, мұрын қуысы жатады. Тамақ қуысы ауыз қуысының арт жағында орналасқан. Мұның екі түрлі қызметі бар. Дауыс шымылдығынан шыққан үнді реттейді. Мәселен, дауыссыз дыбыстарды айтқанда, тамақ қуысы тарылып, дыбысқа салдыр қосады, ауыз қуысы да, мұрын қуысы да дыбыстардың қай-қайсысын болса да, реттеуші. Дауысты, дауыссыз дыбыстардың жасалуы да, олардың өзара жіктелуі де, осыларға байланысты. Ауыз қуысында – тіл, таңдай, тіс, қызыл иек, ерін сияқты мүшелер бер. М, н, ң, дыбыстарының өзі ауыз қуысында жасалады. Тек ауа мұрын қуысы арқылы өткендіктен, мұрын жолды деп аталады. Қысқасы, ауыз қуысы – дыбыстарды өңдеуші, белгілі бір қалыпқа келтіруші орган. Мұның ғылымда дыбыстарды реттеуші резонатор дейді.
Дыбыс.Әріп.Алфавит.
Дыбысты айтуға, құлақпен естуге болады, ал әріпті көруге, жазуға болады. Мәселен, бала, бор, қалам, сия сөздерін айтқанда, ондағы б, а, л, о, р, қ, м, с, и, я, сияқты дыбыстар сөйлеу мүшелерінің қатынасымен жасалғандықтан құлаққа еркін естіледі. Бұл сөздерді құрастырып тұрған ең кішкене бөлік дыбыстар. Осыған орай сөздің ең кішкене бөлігін дыбысдейміз.
Тілдің дыбыстық жүйесінің өздеріне тән орнықты дербес заңдары бар. Бұл сөздерді айтып қана қоймаймыз, дауыс жетпейтін жерге жеткізуге де тура келеді. Ол үшін бұл сөздерді жеткізудің әр түрлі әдіс, жолдары бар. Радио, телеграф, телефон, теледидар болмаған жағдайда қолданылатын әдіс – жазу, таңба.
Дыбысты белгілеу үшін қабылдаған шартты белгіні әріп дейміз. Әр елдің өзіне тән дыбыстарды белгілейтін шартты белгісі болады. Мәселен, қазақ халқы өз басынан араб, латын, орыс графикасына негізделген шартты белгілер - әріп таңбаларын кешірді.
Қазір дүние жүзінде көп тараған жазудың түрлері – латын, орыс, араб, (иероглифтер) жазу үлгісінде жасалған таңбалар.
Дыбыс саны мен әріп саны бірдей үнемі бірдей болып келе бермейді. Мысалы, ащы (а-ш-ш-ы); аяқ (а-й-а-қ)сөздерінде дыбыс соңынан әріп саны, альбом, руль, съезд сөздерінде дыбыс санынан әріп саны артық. Әріптердің баспаша және жазбаша нұсқалары, олардың баспаша да, жазбаша да нұсқасының бас әріп, кіші әріп түрлері болады. Сонымен бірге, әр әріптің жеке тұрғандағы өз атауы бар. «Әріп» белгілі жүйе бойынша, тәртіппен тізілді. Сонда әріптің рет-ретімен тізілген жиынтығы алфавит дейміз. Қазақ тілінде 42 әріп бар. Олар: Аа, Әә, Бб, Гг, Ғғ, Дд, Ее,Ёё, Жж, Зз, Ии, Йй, Кк, Ққ, Лл, Мм, Нн, Ңң, Оо, Өө, Пп, Рр, Сс, Тт, Уу, Ұұ, Үү, Фф, Хх, һ, Цц, Чч, Шш,Щщ, ъ, Ыы, Шш, ь, Ээ, Юю, Яя.
Алфавит деген сөз грек алфавитінің алғашқы екі әрпінің қосындысы, яғни, альфа – грек әрпінің бірінші әрпі де, бета – екінші әрпі болып табылады. Кейін осы сөздер жазу жүйесінде белгілі бір тәртіппен тізілген әріптер жиынтығы болып алфавит деп аталып кеткен.
Алфавитті дұрыс білудің жазба тіл үшін, күнделікті өмір үшін, еңбек процесін жеңілдету үшін практикалық мәні зор. Мәселен, адамдардың аты жазылған барлық тізімдер алфавит тізімімен жазылса, алфавитті жақсы меңгерген адамдар ғана оны жеңіл пайдаланады. Сондай-ақ сөздіктермен жұмыс істейтін адамдар үшін да алфавитті дұрыс меңгерудің мәні ерекше. Сөздікпен жұмыс істейтін адамдарға ондағы сөздердің түзілу принципін білген жөн. Мәселен, бірінші әріп біркелкі әріптен басталған сөздер алфавиттік ретпен беріледі, олардың екінші, үшінші әріптері реттілікті сақтайды. Мұны сөздердің ішкі алфавит тәртібі деп атайды. Мәселен:
Қабақ – қас пен көздің арасы;
Қабан – жабайы шошқа және еркегі;
Қабат – қатар, рет, дүркін;
Қағаз – ағаш, шүберек массасынан жасалған жазуға арналған зат;
Қада – діңгек;
Қаз - құс;
Мұндағы сөздердің басқы әрпі мен екінші әріптері алфавит тәртібін сақтаған.
Дауысты дыбыстар
Дауысты дыбыстарды айқындау үшін дыбыстау мүшелерінің қызметіне көңіл аударған жөн. Мәселен, о дыбысы мен д дыбысын алайық, біріншіден өкпеден шыққан ауа о дыбысын айтқанда кедергісіз шықса, ал д дыбысын айтқанда тілдің күрек тіске соғылуы арқылы кедергіге ұшырайтындығын байқаймыз. О дыбысының бұлай болуы еріннің дөңгеленуі, иектің төмен түсуі, ауыздың кеңірек ашылуынан болса керек. Дыбысталу мүшелерінің осындай қызметіне қарап, дауыстыларға мына төмендегі белгілер тән: 1. Дауыстыларды айтқанда, өкпеден шыққан ауа дауыс шымылдығынан кейін ешқандай кедергіге ұшырамайды. 2. Дауыстыларды айтқанда өкпеден шыққан ауа дауыс шымылдығын қаттырақ дірілдетеді. 3. Дауыс шымылдығынан өткен ауаның қысымы дыбыстау мүшелерінің бәріне дерлік таралып түседі. 4. Дауыстыларда үн басым, олармен ән салуға болады. Сондықтан музыканы тануда ноталар тіркесіндегі до, ре, ми, фа, со, ля, си – дауыстылардың қасиетіне негізделген. Дауыстыдардың тағы бір қасиеті – олардың буын құрайтындығы. Қазақ тілінің буын жүйесі бойынша сөзде қанша дауысты болса, сонша буын болады. Мысалы, үй, үн, қыс, ә-ке, ба-ла-ла.
Сонымен айтқанда, ауа дауыс шымылдығынан кедергісіз еркін шығатын дыбыстарды дауысты дыбыстар дейміз. Қазақ тілінде 9 жалаң (монофтонг) дауысты а, ә, о, ө, е, ұ, ү, ы, і және екі дифтонг и, у дауысты дыбысы бар. Сонда қазақ тілінің дауыстылары 11. Орыс тілінен енген э, ё, ю, я дауыстыларын қосқанда, небары 15 дауысты болады.
1.О, ө, у, ұ, ү дауыстыларын айтқанда, ерін сүйірленіп, ілгері қарай жылжиды, ал а, ә, е, и, ы, і, і, э, дыбыстарын айтқанда ерін тартылып, екі езу кейін, құлаққа қарай жылжиды.
2. А, ә, е, о, э дауыстыларын айтқанда, иек төмен түсіп, ауа еркін шығады, ал и, у, ы, ұ, ү, і дауыстыларын айтқанда, иек жоғары көтеріліп, ауа қысылып шығады.
3. А, о, ұ, ы, (у) и дауыстыларын айтқанда, тіл артқа, кейін тартылып, тілдің үсті көтеріледі де дыбыстар жуан шығады, ал ә, ө, ү, і, е, э, и (у) дауыстыларын айтқанда, тіл ұшы ілгері жылжиды да, тілдің үсті шамалы төмендер, ойысады. Осының нәтижесінде бұл дыбыстар жіңішке айтылады. Демек, қазақ тіліндегі дыбыстау жіңішке айтылады. Демек, қазақ тіліндегі дауыстылар дыбыстау мүшелерінің қызметінің әркелкі қатысына қарай әр түрлі болады.
Сөйтіп дауыстылардағы: 1. Еріннің қатысына қарай еріндік, езулік;
2. Иектің (жақтың) қатысына қарай ашық, қысаң;
3. Тілдің қатысына қарай жуан, жіңішке деп бөлеміз. Тілдің қатысына қарай кейде тіл алды, тіл арты деп те атайды.
Тілдің, жақтың (иектің), еріннің қатысына қарай дауыстылардың жіктелуін жинақтап, мына секілді таблицалармен көрсетуге болады:
Дауысты дыбыстардың жіктелуі | |||||
Еріннің қызметін қарай | Иектің (жақтың) қызметіне қарай | Тілдің қызметіне қарай | |||
Еріндік дауыстылар о, ө, у, ү, ұ | Езулік дауыстылар а, ә, е, э, ы, і, (и) | Ашық дауыстылар а, ә, е, о, | Қысаң дауыстылар ы, і, ұ, ү, и | Жуан дауыстылар а, о, ы, ұ (и, у) | Жіңішке дауыстылар ә, ө, ү, і, е, (и) (у) |
Бұл кестедегі и, у әріптерімен таңбаланып тұрған дыбыстар сөз немесе буын ыңғайына қарай бірде жуан, бірде жіңішке болып айтылады. Мәселен, тарих, Иса, бару, қызыл ту дегенде и, у дыбыстары жуан айтылады да, би, ки, келу, ту дегенде и, у дыбыстары жіңішке айтылады. Сонымен бірге и мен у бірде дауысты, кейде дауыссыз болатындығын да ескерген жөн. Дауыстыларды талдаудың үлгісі:
а – езулік, ашық, жуан дауысты;
ә - езулік, ашық, жіңішке дауысты;
е – езулік, ашық, жіңішке дауысты;
ы – езулік, қысаң, жуан дауысты;
і – езулік, қысаң, жіңішке дауысты.
о- еріндік, ашық, жуан дауысты;
ө - еріндік, ашық, жіңішке;
ұ – еріндік, қысаң, жуан дауысты.
ү – еріндік, қысаң, жіңішке дауысты
Дауыссыз дыбыстар
Дауыссыздардың жасалуын айтқанда, дауыстылардың жасалуымен салыстыра түсіндіріледі, атап айқанда:
1. Дауыстыларды айтқанда, өкпеден шыққан ауа дауыс шымылдығынан кейін ешқандай кедергіге ұшырамаса, дауыссыздарда ауа міндетті түрде дыбыстау мүшелерінің біріне кедергіге ұшырайды. Мысалы, а, о, д, т дыбыстарын салыстырап айтып көріңіз.
2. Дауыстыларды айтқанда, өкпеден шыққан ауа дауыс шымылдығын қатты, жиі, көбірек дірілдетсе, дауыссыздарда баяу, аз дірілдетеді.
3. Дауыстыларды айтқанда, өкпеден шыққан ауа дыбыстау мүшелерінің барлығына бірдей таралып түссе, дауыссыздарда ауаның қысымы дыбыстау мүшелерінің бәріне таралып түспейді.
4. Дауыстыларды айтқанда, дыбыстау мүшелерінің бәрі дерлік қимылдаса, дауыссыздарда дыбыстау мүшелері бір жақты ғана қимылдайды.
5. Дауыстылармен ән салуға болса, дауыссыздармен бұлай ете алмайсыз.
6. Дауыссыздармен буын құрай алмаймыз.
Сонымен, айтқанда ауа кедергіленіп шығатын дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз.
Қазіргі қазақ тілінде 25 дауыссыз дыбыс бар, ,олар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, л, м, н, ң, п, р, с, т, (у), һ, ф, х, ц, ч, ш, щ, Сонымен бірге в, ф, ч, ц, ч қазақ тіліне орыс тілінің әсерімен енген дауыссыздар.
Дауыссыздардың жіктелуі
Дауыссыз дыбыстар негізінен үн мен салдырдан жасалады. Дауыссыз дыбыстардағы салдыр мен үн барлық дауыссыздарда бірдей емес. Мысалы, бай, бас, күн сөздеріндегі б, й, к дыбыстарын алып, екі құлағыңызды басып тұрып айтып көріңіз.
Сонда:
К- дыбысынан ешқандай үн байқай алмаймыз, тек қана салдыр байқаймыз.
Й – дыбысынан керісінше ешқандай салдыр байқалмайды, үн басым.
Б – дыбысы екеуіне де ұқсамай, үн мен салдыр да қабат байқалады, бірақ салдыр басымырақ.
Осы әдіспен дауыссыздардың барлығын ескерсек, ең алдымен мынаны байқаймыз. Дауыссыздар: а) тек қана салдырдан тұратын; ә) салдыр мен үннен тұратын дыбыстар болып екіге бөлінеді, оған төмендегі дыбыстар жатады.
Салдырдан тұратын | Салдыр мен үннен тұратын |
К, қ, п, с, т, х, ф, ч, ш ,щ, | Й, л, м, н, ң, р, (у), б, в, г ,ғ, д ,ж, з, һ |
Енді қайтадын сол әдіспен салдыр мен үннен тұратын дыбыстарды қарағанымызда, бірқатар дыбыстарды салдырдан гөрі үн басым болса, енді бір қатарында үннен гөрі салдыр басым болады. Сонда олар былай жіктеледі:
Үннен салдыры басым | Салдырдың үні басым |
б, в, г ,ғ, д ,ж, з, һ | Й, л, м, н, ң, р, (у), |
Фонетикада тек қана салдырдан тұратын дыбыстарды қатаң, үннен салдыры басым дыбыстарды ұяң, ал салдырдан гөрі үні басым дыбыстарды үнді деп атайды. Сонымен, қазақ тіліндегі дауыссыздар үннің қатысына қарай:
Қатаң | Ұяң | Үнді |
к, қ, п, с, т, ф, х, ц, ч, ш, щ | б, в, г, ғ, д, ж, з, һ | и, л, м, н, ң, р, у |
Болып үшке бөлінеді.
Дауыссыздар жасалу орнына қарай да жіктеледі.
Мысалы,
1. Ерін дауыссыздары: п, б, м (у) (билабиаль);
2. Тіс пен ерін дауыссыздары дауыссыздары: ф, в (лабиалденталь);
3. Тіс дауыссыздары: т, д, ц, с, з (денталь);
4. Тіл ұшы дауыссыздары: ч, ж, н, л (алььвеоляр);
5. Тіл алды дауыссыдары: ш, ж, р, н, щ, (палаталь);
6. Тіл ортасы дауыссыздары: қ, ң, х, ғ (веляр);
7. Көмей дауыссызы: һ
Сонымен бірге айтылу жолына қарай:
8. Шұғыл (экспозив) п, б, т, қ, г, д, ч, ң, ызың (фрикатив) ф, в, с, е, ш, з, ж, һ болып екіге бөлінеді.
Дауыссыз дыбыстарды талдаудың үлгісі:
б – шұғыл, ұяң ерін дауыссызы;
в – ызың, ұяң, тіс пен ерін дауыссызы;
с – ызың, қатаң, тіс дауыссызы; (тіс аралық деп те айтады)
ж – ызың ұяң, тіл алды дауыссызы;
з – шұғыл, қатаң тіл ұшы дауыссызы;
к – шұғыл, қатаң, тіл дауыссызы;
ғ – ызың, ұяң, көмей дауыссызы, т.б.
һ – ызың, ұяң, көмей дауыссызы т.б.
Сөйтіп дауыссыздарды үн мен салдырдың қатысына қарай, жасалу орнына және жолына қарай жіктейміз.
1-орфограмма. И, л, н, ң, р, у үнді дыбыстары барлық буындарда қалай естілсе, солай жазылады, тек қана й дыбыс мен ң дыбысының жазылуында сәл ерекшелік бар. Қысқа й дыбысы (әріп) қысаң ы, і дыбыстарынан басқа дауыстылардан кейін ғана жазылады. Бірақ сый, тый түбірінен өрбіген сөздерде жазылатынын ескерген жөн. Мұнда «тый» сөзі тоқтат, қой дегенді, ал «сый» - құрметтеу және қой қораға сыймайды деген мағынада жұмсалып тұруы шарт. Мәселен, сирақ, сидаң, сипат сияқты сөздерде ы, і, дыбыстары жазылмайды. Сонда, «й» дыбысының жазылу емлесін мына төмендегідей жинақтап көрсетуге болар еді.
Қысқа й дыбысының жазылу емлесі | |||
Дауысты дыбыстардан кейін | |||
тый, сый | сөздің басында | сөздің ортасында | Сөздің аяғында |
тыйылдыр тыйылу тыйған сыйлық сыйлады сыйды | йемен, йод деген бірді-екілі сөздерде ғана | Айғаным Айша аяйды | Ай әй күй санаторий сценарий |
Ң әрпі сөздің басында еш уақытта жазылмайды. Мысалы , қатаң, әрең, аңыз, аңшы, аңғырт, доңыз, т.б.
Л, Р дыбыстары да сөздің басында келе бермейді, келе қалған жағдайда, олардың алдынан айтуда – ы, ү дыбыстары қолданылады, жазуда оны елемейміз. Мысалы, лай, лаж, лақ, лас, ләм, разы, рақмет, реніш, риза, рұқсат сөздерін Қазан революциясының алдында ылаң, ұлақ, іреніш, ырза, ұрықсат деп айтып және жазып келген болатын.
У әрпі дауысты дыбыстардың алдынан да, соңынан да келе береді. Қалай естілсе, солай жазылады. Мысалы, уақыт – жауап- сау; уәде – кеуәп – бау; Уәли – тауып – тау.
2-орфограмма. Б, в, г, ғ, д, з, һ ұяң дауыссыздар да сөздің барлық буындарында қалай естілсе, солай жазылады. Мысалы: бай – дабыл, -вазелин –устав; гүл –ендігі- ғалым – жаңғақ; дабыл – снаряд – кідіру – эпизод; жабық – лаж -- зейін – төз – сөз; – қаһарман – гауһар – уһледі.
Осындағы б, в, г, д дыбыстары қазақтың байырғы сөздерінің соңында келмейді. Бұлар тек қана орыс тілінен енген термин мөздердің аяғында ғана жазылады. Мысалы, снаряд, наряд, округ, устав, актив, клуб штаб.
3-орфограмма. К, қ, п, с, т, ф, ц, ч, ш, ш, щ қатаң дауыстылары да, негізінен, қалай айтылса, солай сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы, кебек – қымыз – кейіпкер – қайрақ; пайдалы – фабрика – жапалақ – феодал; сабақ – цемент – егіс – мотоцикл; табақ – табиғат – жалт.
Осындағы ф, ц, ч, дыбыстары да негізінен орыс тілінен енген сөздерде ғана жазылады.
Х мен Щ әрпі қазақ сөздеррі мен орыс тілінен енген сөздерде қатар жұмсалады.
Х мен щ әріптерінің жазылу емлесі | |
Қазақ сөздерінде | Орыс сөздерінде |
Хат, хал, халық, тарих, кітапхана, Ахмет, ащы, тұщы, | Хлор, химия, хирург, бухгалтер, цех, архив, щетка, щи, борщ Щорс |
4-орфограмма. Ь, ъ белгілері дыбыс қатарына жатпайды дедік. Бұлар қазақ тілініде орыс тілінен енген сөздерде ғана жазылады. Мысалы, фильм, рояль, руль, асфальт, сентябрь, январь, альбом, секретарь, разъезд, подъезд, съезд, т.б.
Жіңішкелік белгісі дауыссыз дыбыс пен дауысты дыбысты ажыратып, көбіне дауыссыз дыбыстың жіңішкелілігін көрсетеді. Мысалы, роль-ге, фильм-ге, секретарь-ға.
5-орфограмма. Ъ айыру белгісі дауыссыз бен дауысты ажырату үшін қолданылады. Мәселен, раз-ъ-езд, под-ъ-езд, с-ъ-езд, ад-ъю-тант, т.б. Бұл белгілер қазақ сөздерінде кездеспейді.