Заттай дәлелдемелер, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және дәлелдеме көзі ретіндегі құжаттардың ерекшеліктерін ашыңыз
Заттай дәлелдемелер.Егер қылмыстық құқық бұзушылық құралы болды деп пайымдауға негiз болса немесе оларда қылмыстық құқық бұзушылықтың iздері сақталып қалса немесе олар қоғамға қауіпті қолсұғушылық объектiлерi болса – нәрселер, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықты табу, iстiң нақты мән-жайларын анықтап алу, кiнәлi адамды анықтау не оның кінәлі екенін теріске шығару немесе жауаптылықты жеңiлдету құралы болуы мүмкiн ақша мен өзге де құндылықтар, нәрселер мен құжаттар заттай дәлелдемелер болып танылады.
Заттай дәлелдемелер қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен iске қоса тiгiледi және үкiм немесе iстi тоқтату туралы қаулы заңды күшiне енгенге дейiн сонда болады.
Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығару немесе үкiм шығару кезінде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiлуге тиiс. Бұл ретте:
1) қылмыстық құқық бұзушылық құралы сот тәртібімен тәркiленуге жатады немесе тиiстi мекемелерге белгiлi бiр тұлғаларға беріледi немесе жойылады;
2) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;
3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;
4) қылмыстық жолмен жиналған ақша және өзге де құндылықтар, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiктің және контрабанданың нәрселері соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда, дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады.
Процестік әрекеттердiң хаттамалар. Қылмыстық процестi жүргізетін адам тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында қамтылған, сондай-ақ тергеу әрекеті барысында маман жүргізген қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, ұстап алу, мүлiкке тыйым салу, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйiттi эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу экспериментi, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттері мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау кезінде жасалған хаттамаларда, ұсынылған нәрселер мен құжаттарда, айыбын мойындап келуiнде, тұлғаларға тиесілі олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiруде қамтылған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
Құжаттар.Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады. «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және олар қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер iс үшiн залалсыз болатын болса, уақытша пайдалануға берілуі не олардың көшiрмелерi берiп жіберілуi мүмкiн.
21. Парламент депутатына, судьяға және Бас прокурорға қатысты істер бойынша қылмыстық сот ісінің ерекшеліктері.
Бас Прокурорға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу.Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін ҚР Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.ҚР Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.ҚР Бас Прокурорына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды. ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары күдік келтірілетін ҚР Бас Прокурорының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады. ҚР Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны ҚР Парламентi Сенатының қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
ҚР Бас Прокурорын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Бас Прокурордың бірінші орынбасары ҚР Парламентінің Сенатына ұсыну енгізеді. Ұсыну ҚР Бас Прокурорына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
ҚР Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады.Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге Кодексте белгiленген тәртiппен ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасарына бередi. ҚР Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасарының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Судьяға және Қр Парламент депутатына қатысты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.Судья және ҚР Парламент депутаты қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.Судьяға және ҚР Парламент депутатына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін судьяның, парламент депутатының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
Судья мен Қр Парламент депутатын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры – Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну енгiзедi. Ұсыну судьяға күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін судьяны, Парламент депутатын күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Судьяға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
ҚР парламент депутатына қатысты. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бермесе, қылмыстық iс осы негіз бойынша тоқтатылуға жатады.Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатқа күзетпен ұстау, үйқамақ, ұстап алу, күштеп әкелу түріндегі бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келiсiм бермесе, оған көрсетілген шараларды қолдануға болмайды. Депутатқа қатысты өзге процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға Парламенттің тиісті Палаталарының келісімі талап етілмейді және олар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге ҚР Бас Прокурорына бередi.