Леуметтік педагогиканың тұжырымдамалық идеялары мен принциптері
Принцип – бұл тәрбиелеу мақсатынан және тәрбие табиғатынан шыққан қағида. Принцип қайталанбайтын жеке жағдайларда, бірегей оқиғаларда, ерекше балалар тобында және олардың өзіндік қасиеттерінде жүзеге асырылуы мүмкін емес. Олардың жалпы сипаты барлық жерде принциптерді басшылыққа алуға және де жұмыстың ретін кәсіби түрде құруға мүмкіндік береді. Басқасы да түсінікті: принцип саны көп емес. Принциптер заңдылыққа сүйенбей-ақ, өздеріне әрекет субъектісін құрайды. Мысалы, мұғалім балалармен жұмыс істеу барысында ең бастысы – оларды қорқынышты ұстау, өйткені қорқыныш тәртіп сақтайды, ал тәртіп бар жерде білім де бар деген шешімге келеді. Бірақ соңынан мұғалім өзінің мұндай қорытындысына өзі таң қалған, себебі, қорқытып ұстау арқылы оқушылардың мектепке, мұғалімге деген жек көрініш сезімдерін оятқан. Сондықтан тәрбие қоғамдық талаптарға сәйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тәрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен қылық-әрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге әлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да әсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.
Адам қандай ортада болсын, ол оның қалыптасуына, өсіп-өнуі мен дамуына, тұлға ретінде өмір сүруіне ықпал етеді. Егер де бала жақсы ұйымдастырылған, бірін – бірі сыйлайтын, жағымды қарым – қатынас орнаған ортада өсетін болса, онда оның бойында жақсы қасиеттер қалыптасады. Егер керісінше, болса, ондағы жағымсыз қарым-қатынас баланың тәртібіне, көзқарасына теріс ықпал етеді. Әрбір қоғам, мемлекет, отбасы, мүшелері не азаматтары үшін өзінің даму тарихында көптеген жүріс – тұрыс ережелерін, ұстанымдары мен қағидаларын, ұсыныстары мен қағидаларын, оларды жүзеге асыру жолдарын мысалы, нандыру, иландыру, сендіру, сыйлау, марапаттау секілді әдіс-тәсілдерін қолданды.
Қазіргі заман тәрбиесі гуманистік негізде болып, тұлғаның әлеуметтік-мәдени (өмір және әрекет-қылық кейпін таңдау және іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкерлікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тәрбие технологиялық икемшілдігіменен (адамның қабылдау және психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл-күйге сәйкестігімен (көңіл-күй тәжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тәжірибесін құрастыру үшін), жағдайға орай орындалуымен (негізгі құралы – тәрбиелік жағдай), болашаққа бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді. Өзіміз көріп отырғандай кез-келген тәрбие үрдісі принципке негізделе жүзеге асырылады. Соған орай, әлеуметтік тәрбие үрдісінің принципіне тоқталайық.
Әлеуметтік тәрбие процесінің принциптері (тәрбие принциптері) бұл тәрбие процесінің мазмұнына, әдістеріне, ұйымдастыру жолдарына қойылатын негізгі талаптарды айғақтайтын жалпы бастау тұжырымдары. Олар тәрбие процесінің анайылығын аңдатып, педагогтарға нақты педагогикалық міндеттерді шешуде бағыт-бағдар береді. Жеке тұлғаның әлеуметтік дамуындағы тәрбие принциптеріне тоқталайық:
1.Тәрбиенің гуманистік бағыттылық принципі – педагогтің тәрбиеленушіге өз дамуына жауапты субъект ретіндегі қатынасы.
2. Тәрбиенінің табиғатқа сәйкестік принципі дегеніміз - табиғи және әлеуметтік үрдіс байланысының ғылымилығын негізге ала отырып, адам мен табиғат дамуының жалпы заңдылықтарымен үндесуін айтады.
Аталған принциптегі адам үшін ең маңыздысы:
- адамның өзін әлем азаматы ретінде сезіне білуі;
- планетадағы глобалды мәселелер мен планеталық үрдісті түсіне білуі;
- табиғатпен, социуммен оның бір бөлігі ретінде байланысының бар екенін сезінуі;
- адамзат қоғамының өмірі мен ноосфера арасындағы байланысты білуі;
- адамның өзін ноосфераны жасаушы және оны пайдаланушы, қорғаушы
субъект ретінде білуі.
3. Тәрбиені мәдениетке сәйкестік принципі – дегеніміз, тәрбиенің белгілі бір ұлттың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, заңдары мен символдарына сәйкес жалпы адамзат құндылықтары негізінде ұйымдастырылуы. Бұл принципке сай балаларды, жастарды, үлкендерді этностың, қоғамның және әлем мәдениетінің әр түрлі жақтарымен таныстыру.
4.Әлеуметтік тәрбиенің түрлілігі принципі. Әлеуметтік тәрбиенің түрлілігі жеке тұлғаның қажеттіліктері мен қызығушылықтарының көп түрлі болуымен және қоғам талаптарымен анықталады.
Аталған принципті жүзеге асыру үшін:
- жеке тұлғаның қажеттіліктері мен қызығушылықтарын қанағаттандыратын әр түрлі тәрбие мекемелерін құру;
- тәрбиеленушінің жас және жеке ерекшеліктеріне сай әлеуметтік тәрбиенің формасын, мазмұнын, әдістерін іріктеу;
- әлеуметтік тәрбиенің аймақтық және муниципалдық жүйесін құру.
5. Тұлғалық бағыт принципінің тәрбиеші алдына қоятын талаптары:
1) тәрбиеленушілердің жеке темпераменттік ерекшеліктерін, мінез бітістерін, көзқарастарын, талғамдарын, әдеттерін үздіксіз зерттеп, жете білу; 2) тәрбие процесін диагностикалаумен бірге баланың ойлау қабілеті, сеп-түрткілер, ұстанымдары, өмірлік бағыты, өмір мен еңбекке деген көзқарасы, құндылықты бағамдары, тіршілік жоспарлары секілді тұлғалық сапалардың нақты қалыптасу деңгейін түбегейлі тану; 3) әр оқушыны тұлғаның ілгерілей дамуын қамтамасыз етуші күш-қуатына сәйкес әрі біртіндеп күрделеніп баратын тәрбиелік істерге ұдайы қатыстырып бару; 4) мақсатты іске асыруға кедергі болар себептерді өз уақытында анықтау әрі аластау, ал егер бұл мүмкін болмаса, жаңа жағдайлар мен шарттарға тәуелді тәрбие бағытына дер мезетінде өзгерістер енгізу; 5) барынша тұлғаның өз белсенділігін арқау ету; 6) тәрбиені тұлғаның өзіндік тәрбиесімен ұштастыру, оқушыға өзіндік тәрбие мақсаттарын, әдістері мен формаларын таңдауға жәрдем беру; 7) оқушыда дербестік, ынталылық, өзіндік іс-әрекет қабілеттерін дамыту, тек басшылықпен шектелмей, табысқа жеткізер іс-әрекеттерді ұтымды ұйымдастыру және бағыттай білу.
6. Әлеуметтік тәрбиенің ұжымшылдық принципі. Ұжымдағы әлеуметтік тәрбие негізінде адам қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау, қоғамдық өмірде өзін-өзі ұстауы, өзін-өзі тануы т.б. сияқты тәжірибе жинақтайды.
7. Әлеуметтік тәрбиенің диалогтық принципі. Балалар мен жастардың, жасөспірімдер мен қыздардың рухани-құндылық бағдары тәрбие үрдісіне қатысып отырған тәрбиешілермен төмендегідей құндылықтарды алмасу барысында: әлем мәдениеті мен нақты қоғам іске асырған құндылықтар; тәрбие ұйымының нақты мүшелерінің жеке құндылықтары; әлеуметтік тәрбие субъектісіне тән құндылықтар негізінде жүзеге асады. Субъектілікті болдырудың жалпы тәсілі – тәрбиеге диалогтық сипаттың берілуі. Адам басқа адаммен сөйлескенде, айтысқанда адамның кісілігі ашылады. Бұл жерде кіммен сөйлесіп отырғаның маңызды емес. Бала басқа біреумен араласу арқылы, ол өзін ең алдымен өзіне көрсетеді. Бала өзінің «жеке тұлға» екенін «басқа тұлғамен» қарым-қатынасқа түскенде ғана біледі. Диалогтық принцип балаларды қатаң бұйырудан және үлкендердің зекуінен сақтайды, сонымен қатар бұл ұстаным тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасындағы қатынас этикетін күшейтеді, қарым-қатынас жөні мен түрі жаңа мәдениеттіңөрнекті этикалық жетістіктеріне жеткізеді. Субъектілікті болдырудың жалпы тәсілі – тәрбиеге диалогтық сипаттың берілуі. Адам басқа адаммен сөйлескенде, айтысқанда адамның кісілігі ашылады. Бұл жерде кіммен сөйлесіп отырғаның маңызды емес.
8.Тәрбиеде өнеге-үлгіні сүйеніш ету принципінің талаптары қарапайым:
педагог баланың ұнамды мінез бітісін табады, оны пайдаланып, басқа, әлі қалыптаспаған не кері кеткен мінез бітістерін дамытады, қажетті деңгейге жетілдіріп, өзге әрекет-қылық сапаларымен үйлестіреді. Баланың ұнамды сапалары (жануарларға мейірім, тума қайырымдылық, ықыластылық, жомарттық және.т.б.) келеңсіз қасиеттермен (уәдесіздік, өтірік айту, еріншектік және т. б.) бірге жүреді. Бірақ түгелдей «бұзық» не тума «сүйкімді» бала болмайды. Адамдағы болымды қасиеттерді молынша көбейтіп, кері сапаларды мүмкіндігінше азайту –тұлғаны ізгілендіру жолындағы тәрбие қолынан келер маңызды міндет.