Естімейтін оқушыларды арнайы оқыту
ХХ ғасырдың екінші жартысында сурдопедагогикада естімейтін және нашар еститін оқушыларды бөлек оқыту жүйесі қалыптасты.
Естімейтін балаларға арналған арнайы білім беру мекемелерінде оқыту үрдісі маңызды рөл атқарады. Арнайы білім беру жүйесінде естімейтін оқушыларға жалпы білім беру және еңбекке дайындау жатады. Сонымен қатар, ана тілін меңгеруді қамтамасыз ететін қалдық естуін дамыту мен дыбыс айтуын түзету жұмысы және танымдық іс-әрекетін, сөздік-логикалық ойлауын дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Оқытудың негізгі кезеңдерінде (дайындық сыныбы, І-ІІІ, IV-VII, VIII-X сыныптар) оқушылардың білім деңгейлерін келесі параметрлерге сүйеніп жүргізеді: пәннің бағдарламалық мазмұнын білуі; білімдерін сөйлеп жеткізе білу деңгейі; жаңа білімді меңгере білу қабілеті; алған білімдерін практикада қолдана білуі.
Арнайы мектепке келіп түскен балаларды жан-жақты медициналық-психологиялық-педагогикалық тексеру нәтижесінде олардың көбінде біріншілік кемістіктің бірнеше түрі бар екені анықталады, ол өз кезегінде оқу үрдісін меңгеруді қиындатады. Осы жиі кездесетін күрделі кемістіктерді қарастырайық:
- көру қабілетінің зақымдалуы бар естімейтін балалар;
- психикалық дамуы тежелген естімейтін балалар;
- ақыл-ойы кем естімейтін балалар;
- вестибулярлы аппараты зақымдалған естімейтін балалар;
- балалық церебральды параличі бар естімейтін балалар;
- бас миында сөйлеу аймағы зақымдалған естімейтін балалар.
Естімейтін балаларды арнайы оқыту жүйесінде қолданылатын арнайы педагогикалық қағидалар бар.
Заттық-тәжірибелік іс-әрекетке сүйенуестімейтін оқушылардың психикалық дамуына жан-жақты әсер етеді. Заттық – тәжірибелік іс-әрекет балалардың сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасауын белсендендіреді, диалог жасауға ынталандырады. Аталған қағиданы тиімді қолдану ұйымдастыру формасын дұрыс қолданумен байланысты: ұжымдық, топтық, бригада боп, жұп болып, жеке және т.б.
Сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасауды қарқындату естімейтін оқушылардың сөйлеуін қалыптастырудың маңызды жағдайы болып табылады.Естімейтін балалардың сөйлеу арқылы қарым қатынас жасауын қарқындату қарым-қатынас дағдыларының жетілуіне және дағдылануына әсер етеді. Оған қол жеткізу үшін әр түрлі жұмыс формаларын қолданады: айтқанды түсіну және орындау; өз беттерімен сұрақ қойып, оған жауап беру; орындаған жұмыс турады айту және т.б. сөйлеу қажеттілігін жүзеге асыру үшін естімейтін балаларға жазбаша кеспе қағаздарды қолдану көмектеседі.
Естіп қабылдауын қарқынды дамыту.Естімейтін оқушылардың естіп қабылдауын қарқынды дамыту кешенді түзету-дамытушылық әсер етіп, төменде келтірілгендерді қамтамасыз етеді:
-қоршаған ортада дыбыстарды тану, тілдік емес дыбыстар мен әуендерді қабылдау;
-сөйлеу тілін естіп қабыладауын дамыту және ауызша сөйлеу тілінің дыбысталу жағын меңгерудің сенсорлы базасын кеңейту;
-таным іс-әрекетін жетілдіру.
Естімейтін балаларға арнайы білім берудің мазмұнын ашатын бірқатар құжаттарды қарастырайық. Естімейтін балалардың бастауыш және негізгі мектепте білім алу ұзақтығы 10-11 жыл.
Базисті оқу жоспары естімейтін оқушыларға негізгі жалпы білім беруді 11 жыл ішінде, ал егер мектепке келерде дайындық өтпеген болса, онда 12 жылда алып шығады. Мектепте білім беру төрт деңгейден тұрады: бастапқы саты (дайындық сынып), басауыш саты (І-ІІІ сынып), бастапқы негізгі саты (IV-VII сынып), екінші негізгі саты (VIII-X,XI сынып). Мектепте білім беруді сатыларға бөлу естімейтін балалардың психофизикалық ерекшеліктерін ескеріп жүзеге асырылады.
Естімейтін балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамудың бұзылыстарын түзету міндеттерін жүзеге асыру үшін арнайы әдістер мен білім беру технологиялары қолданылады. Оқыту технологиялары қойылған міндеттерді жүзеге асыру кезеңдерін қарастырады. Арнайы білім беру технологиялары туралы айтқанда оқыту әдістерін де қарастыру керек.
Естімейтін оқушыларды арнайы оқытуда қолданылатын әдістерді әртүрлі деңгейде қарастыруға болады:
- жалпы дидактикалық – естімейтін оқушыларды оқыту үшін әмбебап сипаттағы әдістер;
- жеке әдістемелік – жеке оқу пәндеріне әдістерді қолдануымен ерекшеленеді, бұл кезде пәннің мазмұны, оның жиынтығы және жүйелігі басшылыққа алынады;
- түзету-педагогикалық көмек деңгейінде сөйлеу тілін қарым-қатынас құралы ретінде қалыптастыру және дамытуды, сөйлеу тілін естіп қабылдауын, дыбыс айтуды, еріннен оқуды дамытуды қамтамасыз ететін әдістер жатады.
Сонымен қатар, естімейтін оқушыларды оқыту үрдісінде жалпы педагогикалық әдістерде қолданылады. Оларға көрнекілік, сөздік және практикалық әдістер жатады.
Естімейтін оқушыларды оқытуда компьютерлік технологияларды қолдану қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сурдопедагогтар үшін компьютерлік технологияны оқыту үрдісінде қолдану оқытудағы қиындықтарды анықтауға, оқу іс-әрекетінің темпін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Ең алғаш шыққан компьютерлік бағдарлама «Мир за твоим окном» педагогикалық әсер етудің түзетушілік бағытын күшейтуге мүмкіндік береді.
Базистік оқу жоспарында естімейтін оқушыларды оқыту үрдісін ұйымдастыру формасының негізгі үш түрі көрсетілген: топтық, топішілік, жеке.
Топтық сабақтарға жалпы пәндер мен ырғақ, естіп қабылдауын кабинеттерінде өтетін фронтальды сабақтар, заттық-тәжірибелік оқыту сияқты түзетушілік пәндер жатады. Топшілік ұйымдастыру формасына еңбекке баулу, таңдау пәндері жатады. Жеке сабақтарға естіп қабылдауын дамыту және дыбыстап айтуын қалыптастыру жатады.
Әр сабақтың нақты міндеттері болады:
Білім беру міндеттері оқушылардың оқу бағдарламасының талаптарына сай білімдерді, практикалық біліктіліктер мен дағдыларды меңгеруіне және оқу материалын көрнекі-эмпирикалық меңгеру деңгейінен ұғынуға өтуді жүзеге асыруға бағытталған.
Тәрбиелік міндеттері естімейтін оқушыларды жеке тұлғалық мәдениеттің қалыптасуын, танымдық қызығушылықтарының, қабілеттерінің, танымдық белсенділіктері мен өз бетімен әрекет етулерінің дамуын қарастырады.
Түзете-дамытушылық міндеттері естудің зақымдалуының салдарының алдын алуды және сөйлеу тілінің дамуын, сөйлеу тілін естіп қабылдауын дамытуды, таным процестерін түзетуді, ойлау іс-әрекеттерін белсендендіруді қамтамасыз етеді.
Түзетушілік сабақтар. Заттық-тәжірибелік оқыту сабақтары (ЗТО).ЗТО нәтижесінде естімейтін оқушыларда практикалық білімдер мен біліктіліктерді (қол еңбек, ақыл-ой, сөздік) қалыптастырады. ЗТО процесінде балалар келесідей біліктіліктерді орындап үйренеді:
- құралдар мен материалдарды неге қолданатынын түсіну, оларды қолдану тәсілдері;
- әрекеттерді орындау кезектілігін жоспарлау, орындалатын жұмысқа керекті материалдар мен құралдарды таңдау;
- тапсырмаларды беріп және орындау;
- әр жұмыстың орындалу кезеңін нақты, сапалы жоспарлау;
- (өзінің және жолдастарынң) жұмыстың нәтижесін сынап бағалау;
- сұрақтарды түсіну және жауап беру;
- орындалған жұмыс туралы айтып беру, есеп беру және т.б.
Естіп қабылдауын дамыту және дыбыстап айтуын қалыптастыру жеке сабағы.Аталған сабақтың негізгі мақсаты – балаларды сөйлеу тілін есту арқылы қабылдауғы үйрету, есту зейінін дамыту, есту-көру арқылы қабылдауға сүйеніп дыбыстап айтуын қалыптастыру. Аталған сабақтар екі құрам бөліктен тұрады: дыбыстап айтуын қалыптастыру және жеке есту аппараттары, электроакустикалық аппаратуралар арқылы есту арқылы сөйлеу тілін қабылдауды дамыту.
Әуенді-ырғақ сабақтары.Аталған сабақтар естімейтін балалардың естіп қабылдауын, дыбыстап айтуын, қозғалыс белсенділігін дамытуға әсер етіп, музыкамен байланысты басқа да біліктіліктерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Осылардың ішінде: музыка ойнап тұрғанда би және гимнастикалық қозғалыстарды орындау, қарапайым музыкалық аспаптарда ойнау, фонетикалық ритмикаға сүйеніп анық сөйлеуін жетілдіру.