Азақ тілінің лексикографиясы
Тілдегі сөздер мен фразеологизмдерді жинап-теріп, олардың сөздігін жасаумен және оның теориясымен шұғылданатын тіл білімінің саласын- лексикография дейді. Яғни сөздік жасаудың әдістемесі мен техникасын үйрететін ғылым деген сөз. Лексикография теориясы сан алуан сөздік жасаудың мол тәжірибелерін ғылыми тұрғыдан қортындылаудың негізінде, лексикологиялық зерттеулер мен солардың жетістіктеріне сүйене отырып жасалады. Демек, лексикография мен лексикология бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болатын егіз ғылым салалары. Қазіргі кезде өз ана тілімізде қандайлық мәдени-рухани тілектерді, пікірлерді білдіру керек болса, соның бәрі де нақтылы, әрі емін-еркін дәл жүзеге асыруға болатындай дәрежеге жеттік. Соның нәтижесінде тіліміздегі сөз байлығын жиып-теріп хатқа түсіріп, іштей саралап, алуан түрлі сөздіктер жасауға мүмкіндік туды. Қазақ тіл біліміндегі сөздіктердің құрылысы мен әдістемесі жылдан-жылға жақсарып келеді. Тіліміздегі сөздерді стильдік арақатынасына қарай іштей саралап отырып, оларды белгілі бір нормаға келтіру бірінші орынға қойыла бастады. Бірақ сөздік жасауда қиындық, одан туған олқылықтар аз болған жоқ. Ең алдымен сөздердің жазылуында бірізділік сақталмай келеді.
Көркем шығармаларда орын алған диалектизмдер мен жарыспа /вариант/ сөздерді орынды-орынсыз кез келген сөздікке ендіруге жол берілді. Әдеби тілдің сөздігіне алынатын грамматикалық тұлғалар да күні бүгінге дейін сараланып болды деуге келмейді. Сөз мағыналарының түр-түрін жіктеп бөліп, оларға дәл түсінік беру, сөздердің қолданылу жүйесін айқындап, стильдік белгі қою, фразалық тіркестерді жай тіркестерден ажыратып көрсету т. б. - сөздік жасау ісіндегі жауапты мәселелер болып табылады.
Қазақ лексикографисы қазақ тіл білімінің өзге салалары тәрізді негізінен соңғы елу-алпыс жыл ішінде туып қалыптасты. Ұлт мәдениетінің дамып, ғылым мен техниканың өркендеуі, әдеби тілдің қалыптасуы сөздіктердің әр түрін шығаруға жағдай жасады. Революцияға дейін бізде не бары екі тілді шағын сөздіктер ғана болса, онан бергі кезеңде 10-15 түрлі сөздік түрлері пайда болды. Солардың ішінде ең көп шыққан түрі-екі тілді аударма сөздіктер.
Аударма сөздіктер
Қазақ халқының сөз байлығын ең алғаш жинап-теріп жеке сөздік етіп шығару тәжірибесі өткен ғасырдың екінші жартысынан бері ғана басталды. Орыстың атақты ғалымдары академик В.В.Радловтың "Түркі тілдерінің сөздігін жасаудағы тәжірибе" (1888-1911) атты төрт томдық сөздігі мен профессор Н.И.Ильминскийдің "Қазақ тілін зерттеудегі материалдар" (1861) деген арнаулы еңбегі ана тіліміздегі сөздерді жинақтап, сөздік етіп шығарудың үлгілерін көрсетті.
Қазақ лексикографиясының шын мәнінде ғылыми тұрғыдан тексеріліп, етек алып жан-жақты дамуы кеңестік дәуірде екі тілді аударма сөздіктерден басталады. Қазақстанда да екі тілді сөздік жасау мәселесі кең жолға қойылды. 1945 жылға дейін бастауыш және орта мектептерге арналған екі тілдік шағын нормативті сөздіктер жасаумен ғана шектеліп келген болсақ, 1946 жылы екі том "Орысша қазақша сөздік", ал 1954 жылы бір томдық үлкен "Орысша-қазақша сөздік" (50.000 сөз қамтиды, редакциясын басқарған проф. Н.Т.Сауранбаев, бұл сөздік 1978, 1981 жылдары екі том болып қайта басылды, редакциясын басқарған Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев), 1954 жылы Х. Махмудов пен Ғ. Мұсабаевтың шағын " Қазақша - орысша " сөздік таяу жылдарда жарық көрмек. Аталған сөздіктер орыс және қазақ тілдерін үйрену үшін, олардағы сөз байлығы мен сөз шеберлігін меңгеріп алу үшін баға жетпес үлкен құрал болып табылады. Қазақ тілінің сөз байлығы өзге тілдермен де салыстырылып аударылғандары болды. Мәселен, шағын түрде болса да "Ағылшын - қазақ сөздігі" /1960/, "Монғолша - қазақша сөздік" /1954, 1977 /, "Арабша - қазақша түсіндірме сөздік" /1969, 1984/, "Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік" /1974/, "Қазақша ағылшынша сөйлесу" /1966/, "Қазақша-немісше сөйлесу" /1968/ шықты. Қазақ тілінің басқадай сөздіктерін жасауға да екі тілді аударма сөздіктердің мол тәжірибелері бірден-бір негіз болды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты соңғы жылдарда оны үйренушілерге арналып, бірқатар орысша-қазақша /және керісінше / шағын сөйлесу сөздіктері жарық көрді.
Терминологиялық сөздіктер
Белгілі бір тілдегі ғылым мен техника саласындағы арнаулы атаулардың сөздігін терминологиялық сөздік деп атайды. Терминдер топталып бір сөздік түрінде де, белгілі бір ғылым саласына байланысты жеке - жеке кітап болып та шыға береді. Мәселен, 1931 жылы шыққан "Атаулар сөздігі", 1936 жылы шыққан "Қазақ тілінің терминдері", 1948, 1950 жылы шыққан "Терминология сөздігі" ғылым мен техниканың жеке бір саласына ғана арналмаған сөздіктер еді. Бұларда революциядан бергі кезеңде тілімізге енген термин сөздерді барынша жинақтап, жұртшылыққа ұсыну мақсаты көзделді. Елуінші жылдардан бергі кезеңде экономика мен мәдениеттің, техника мен ғылымның дамуына байланысты әрбір ғылым, техника саласының терминдерін өз алдына жеке сөздік етіп басып шығару мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады.
Орфографилық сөздіктер
Емле /орфография/ бір тілдегі сөздердің дұрыс жазу нормаларын белгілейді. Ал дұрыс жазудағы негізгі мақсат - ойды жазба түрде айқын етіп, дәл жеткізу. Сол үшін емле ережелері де жалпыға бірдей әрі тұрақты, анық болуға тиіс. Сондықтан емле ережелерін тұрақтандыру - сауатты жазудың бірден-бір кепілі деп танылады. Неғұрлым көлемді "Қазақ тілінің орфографилық сөздігі" 1963 жылы жарық көрді. Сөздікте сөздердің жазылуы морфологиялық және фонетикалық принциптерге негізделген. Сөздіктің алға қойған мақсаты - сөздерді қалай жазса дұрыс болатындығын көрсету.
1960 жылы Г.Жәркешеваның "Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографилық сөздігі басылып шықты. Бұл еңбектің "Кіріспе бөлімінде" бірге жазылатын сөздер мен бөлек жазылатын сөздердің емле ережелері берілген. Кейбір біріккен сөздердің түп-төркіні ашылған. Мұнда 5000-ға жуық біріккен және күрделі сөздердің тізімі көрсетілген.
Р. Сыздықованың "Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағышы " бірнеше рет басылды. Бұл еңбектің баспа қызметкерлері мен мұғалімдер үшін елеулі мәні болды.
Демек, қазақ тіл білімі орфографиялық сөздіктер шығарудан да кенде емес екендігін аңғарамыз. Алайда, мәселе сөздіктің санында емес, сапасында деп білсек, бұл салада істелуге керекті әлі де қыруар жұмыстар бар екендігін айта кеткіміз келеді.
Түсіндірме сөздіктер
Түсіндірме сөздіктің алға қоятын мақсаты - бір тілдің белгілі дәуірдегі жалпыхалықтық сипат алған сөздеріне мағыналық, стильдік әрі грамматикалық жан - жақты сипаттамалар беріп, тілдің қазіргі даму тұрғысындағы сөздік құрамның сан мөлшерін біршама анықтау. Сөздердің мағыналық нормаларын, стильдік түрлі қолданыстарын саралап көрсету. Сонымен қатар сөздердің жазылуы мен айтылуындағы нормалардың ең дұрыс деген қалпын айқындай отырып, соған нақтылы түсінік беруді қарастырады. Сондықтан түсіндірме сөздік кейде нормативті сөздік деп аталады. Нормативті түсіндірме сөздік бір томдық және көп томдық болып жасалады. Көлемнің үлкендігіне қарай көп томдық түсіндірме сөздікті кейде академиялық сөздік деп атайды.
"Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" ең алғаш рет екі том болып, 1959 және 1961 жылдары басылып шықты. Оның жалпы редакциясын проф. І.Кеңесбаев басқарды. Бұл сөздік жұртшылықтың күнделікті кәдесіне жарап, азды-көпті мәнді қызмет атқарды. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институты 1967 жылдан бастап " Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін " көп том / он том / етіп шығару жұмысына бел шешіп , кіріскен еді. " Сабақты ине сәтімен " дегендей, сөздік 1974 - 1986 жылдар арасында он том болып, жарық көрді. Оның жалпы редакциясын басқарған проф. А. Ысқақов. Сөздікке 67 мыңдай атау сөздер, 24, 5 мыңдай фразеологиялық тіркестер, барлығы 91,5 мыңдай лексикалық тұлға қамтылып, жалпы саны 103, 5 мыңдай мағыналық анықтама берілген. Бұл сөздіктің алға қойған мақсаты - қазақ тілінің сөз қорындағы сөздерді мүмкін болғанынша түгел қамтып, хатқа түсіру есебін алу. Тіліміздегі сөздердің мән - мағыналарын дәл анықтай отырып, олардың әдеби нормаларын белгілеу. Реестрге алынған сөздердің қай сөз табына қатысты екендігін көрсететін белгілер де берілген. Стильдік белгілер негізінен төрт топқа жіктеледі: 1. Әдеби тіл шеңберінен тыс қолданылу шегін көрсететін белгілер: қарапайым сөз / қарап./, тұрпайы сөз / тұрп./, сөйлеу тіліне тән сөз /сөйл./, диалектілік лексика / диал./, т.б. 2. Әдеби тілдің белгілі бір саласында ғана жұмсалатынын көрсететін стильдік белгілер: кәсіби - лексика /кәсіб./, кітаби лексика /кітап./, діни сөз /діни./, мифологиялық сөз /миф./, көнерген сөз /көне./, тарихи сөз /тар./, жаңа сөз /жаңа./, поэтикалық сөз /поэт./ т.б. 3. Ғылымның белгілі бір саласында ғана арнайы жұмсалатындығын көрсететін белгілер: биология /биол./, химия /хим./, музыка /муз./, меицина /мед./, спорт /спорт/, авиация /авиац./, т.б. 4. Сөздердің әртүрлі стильдік бояуын көрсететін белгілер: экспрессивті сөз /экспр./, эмоционалды сөз /эмоц./, сыпайы сөз /сып./, т.б. Сонымен бірге сөздікте азын-аулақ болса да қай сөз қай тілден келгендігін көрсететін этимологиялық белгілер де қойылған.Мысалы: араб сөзі /ар./, иран сөзі /ир./ , монғол сөзі /монғ./, орыс сөзі /ор./ т.б. Мысалға осы сөздіктегі әке деген сөзді алып қарайық.
1. Әке зат. 1. Балалы болған ер адам.
Абайдың өз әкесі - Құнанбай, атасы- Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай (М.Әуезов, Әр жыл.). Алманың шешесі Отан соғысының алдында, әкесі Отан соғысында майданда қайтты. (Ғ.Мұстафин, Миллионер). Ол кезде әкем менің алпыс жаста. Байғұстың баласы жоқ менен басқа (К.Әзірбаев, Өлеңд.). Әкеңнін құны бар ма? Не ақың бар, жұмысың не? Әтінек бай, қылжақтамай ақымды бер, Шашубайда әкеңнін құны бар ма? (Шашубай) Мені осынша кедей қылғандай не әкеңнін құны бар еді сенің,- деп Таймен шалқасынан жатқан Мырқалды көк қарынның тұсынан тартып-тартып жіберді (Ә.Әбішев, Замана перзент) Әкесі базардан келгендей. Мәз-мейрам, мәре-сәре. Ұлдай да әкесі базардан келгендей арсалақтап қуаныпты. Әкесі өлгендей болды. Жаман қиналды, қатты кейіді. Сәрсенбайдың қолындағы сағатын ойнап тартып алып, екі күндей бермей қойып едім, әкесі өлгендей болып, қабағын түйіп жүрді (ауызекі тіл). Әкесін таныта істеді. Жамсата істеді, қирата істеді. Бар малым осының жолында . Дүние күйіп кетсе де әкесін таныта істеңдер!- деп кіжініп қалған еді (І.Жансүгіров, Шығ.). Әкесін танытыпты. Сазайын берді. Бұл қылықтары үшін олардың әкесін танытып, көкелерін көзіне көрсетті ( ауызекі тіл).
Синонимдік сөздіктер
"Қазақ тіліндегі синонимдер сөздігі" тұңғыш рет 1962 жылы шықты (авторы Ә. Болғанбаев). Бұған төрт мыңнан астам (1400 синонимдік қатар) сөз кірді. Мәселен, аталған сөздікте дүние деген сөз төрт түрлі сөзбен (әлем, өмір, жаратылыс, зат) синонимдік қатынасқа түскендіктен, төрт рет алынған. Синонимдер сөздігі негізінен әдеби тілдің шеңберіндегі сөздерді қамтуға тиіс. Сонымен бірге өткен дәуірдің елесі ретінде архаизмдер кіреді, кәсіби сөздер мен кейбір диалектизмдер де алынады. Терминдердің де сан алуан стильдік - мағыналық мән беретін синонимге өте-мөте жақын жүргендері сөздікке ендіріледі. Мәселен, право деген орыс сөзі қазақтың ерік, қақы, құқы сөздерінің синонимдік қатарына кіріп, ғылыми стильде қолданылып келеді. Сол сияқты образ - бейне, тұлға сөздерінің синонимдік қатарын, герой - кейіпкер, қаһарман сөздерінің синонимдік қатарын толықтырып, ерекше стильдік мәнде қолданылып жүргендіктен, бұлар да сөздікке енген.
1975 жылы "Қазақ тілінің синонимдер сөздігі " деген атпен бұл сөздік екінші рет басылды. Мұнда қолдағы материалдардың таңдаулары іріктеліп, 5000-нан астам синоним берілді. Демек, бұл еңбек бұрынғы шыққан сөздіктің толығып кеңейген, өңделіп түзетілген, жақсарған жаңа варианты деп танылады. Мәселен, сөздіктің бірінші басылымында өлу деген сөздің синонимдік қатарында бар болғаны бес-ақ сөз кірген болса, соңғы басылымында 27 сөз енгендігі бұған айқын дәлел бола алады:
Өлу, қайту, үзілу, өту, дүние салу, көз жұму, қаза болу, қайтыс болу, қазаға ұшырау, қаза табу, жүріп кету, жан тапсыру, дүниеден өту, дүниеден көшу, дәмі таусылу, демі біту, күні біту, уақыты жету, келмеске кету, жан беру, жан тәсілім қылу, қайтпас сапар шегу, қайтпас сапарға кету, жер жастану, опат болу, мерт болу, дәм - тұзы таусылу.
Тіліміздегі синоним байлығы әлі күнге жиналып-теріліп біткен жоқ. Оның жиналғанынан жиналмағаны көп, зерттеліп жүйеленгенінен тексеріліп сараланбағаны басым. Мұндай ізгі жұмыстар көптің күшімен ғана жүзеге асыруға болатындығын сөздік жасау тәжірибесі айқын көрсетеді.
Этимологиялық сөздік
Этимологиялық сөздік белгілі бір тілдегі сөздердің шығу төркінін, олардың бастапқы дыбысталуы түрі мен мағынасын анықтайды. Тілдің даму барысында сөздер түр - тұрпаты мен мән - мағынасы жағынан қандайлық өзгерістерге ұшырағандығы айқындалады. Яғни сөздің о бастағы түрі мен мәнін туыстас тілдердің материалдарымен салыстыра отырып ашып, қазіргі қалпына дейін қандай даму процестерін өткендігі көрсетіледі.
"Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" 1966 жылы жарық көрді. Мұнда 333 сөздің арғы түп - төркіні, алғашқы тілден ауысқандығы, қандай тұлғада айтылғандығы көрсетілген.
Монша. Біз шахтадан қас қарая шығып едік, моншаға түсіп шыққанымызша түн болып кетіпті (Ә.Әбішев). Монша сөзі орыс тілінің мыться деген сөзінен ауысып, татар тіліне мунча (Радлов. Опыт. сл. І-ІV) болып енген. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сай мунча сөзі монша болып өзгерген. У дыбысы о-ға, ч дыбысы ш-ға ауысқан. Сөйтіп, монша қазақ тіліне көршілес татар тілі арқылы орыс тілінен ауысқан сөз (Б.С.)
Этимологиялық сөздік - білім салаларының өзара ұштасып қабысуын талап ететін өте жауапты да қиын жұмыс. Туған халқының ежелгі тарихын емін-еркін білумен қатар тарихи фонетиканы, грамматиканы, лексиканы да жете білуді талап етеді.