Оқиға орнын қарау және табылған айғақтарды тексеру мен бекітудің тәртібі
Қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерiн және өзге де материалдық объектiлердi табу және анықтау, оқиғаның жағдайын анықтау және iс үшiн маңызы бар мән-жайларды айқындау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жергілікті жердi, үй-жайларды, нәрселерді, құжаттарды, тiрi адамдарды, мәйiттердi, жануарларды қарап-тексеруді жүргізеді. Қарап-тексеру бұған қажеттiлiк туындаған кезде, әдетте, кейiнге қалдырылмай жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар ала отырып, оқиға орнына дереу келуге және қарап-тексеру жүргiзуге міндетті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның уақтылы келуі мүмкін болмаған жағдайда, қарап-тексеруді арыз немесе хабар келiп түскен анықтау органының анықтаушысы немесе өзге қызметкері жүргiзуге міндетті. Табылған iздердi және өзге де материалдық объектiлердi қарап-тексеру тергеу әрекетi жүргiзiлетiн жерде жүзеге асырылады. Егер қарап-тексеруге ұзақ уақыт талап етілсе немесе қылмыс анықталған жерде қарап-тексеру елеулi түрде қиын болса, объектiлер ол жерден алынып, қапталып, мөрленіп және бүлдірілмей, қарап-тексеруге ыңғайлы басқа жерге жеткiзiлуге тиiс. Қарап-тексеру кезiнде табылғанның және алып қойылғанның барлығы куәгерлерге, қарап-тексерудің басқа да қатысушыларына көрсетiлуге тиiс, бұл туралы хаттамада белгi жасалады. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, күдіктiнiң айғақтарын тергелетiн оқиғамен байланысты жерде тексеру және нақтылау:
1) айғақтардың анықтығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;
2) тексерiлетiн әрекеттер жасалған маршрутты және орынды нақтылау;
3) жаңа нақты деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау бұрын жауап алынған адамның зерттелiп отырған оқиғаның жағдайы мен мән-жайларын сол жерде баяндап-көрсетуі; iс үшiн маңызы бар нәрселерді, құжаттарды, iздердi іздеп табуы және көрсетуі; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп-көрсетуі; зерттелiп отырған оқиғада қайсы бір нәрселердің қандай рөл атқарғанын көрсетуі; оқиға орнындағы жағдайдың өзгеруiне назар аударуы; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылауы және айқындауы болып табылады. Бұл әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетелеушi сұрақтар қоюға жол берілмейді. Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау барысында табылған, iс бойынша дәлелдемелік маңызы болуы мүмкін нәрселер мен құжаттар алып қойылып, қапталады және мөрленеді, оларды алып қою фактiсi хаттамада көрсетiледi.Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау кезiнде өлшеу, фотосуретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Қажет болған жағдайларда айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау кезінде маман қатысуға құқылы.
Басты сот талқылауын жүргізудің қылмыстық іс жүргізушілік тәртібі және оның азаматтық, әкімшілік істерден басты айырмашылықтары.
Басты сот талқылауы – қылмыстық іс жүргізудің негізі, маңызды және шешуші сатысы. Бұл сатыда сот қылмыстық істерді мәні бойынша қарап, дәлелдемелердің, істің мән-жайларының жан-жақты, толық, объективті зерттелуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, айыпталушының кінәлілігі немесе кінәсідігі, жауапкершілігін ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайлар, жаза тағайындау мәселелері қарастырылады. Осының барлығы қылмыстық іс жүргізудің принциптерін қатаң сақтаумен үйлесіп жүргізілуі тиіс, өйткені басты сот талқылауының негізгі мақсаты – қылмыстық іс бойынша объективті шындықты анықтау болып табылады. Басты сот талқылауын жүргізудің қылмыстық іс жүргізушілік тәртібіне тоқталатын болсақ. Ең алдымен Қылмыстық iс сотқа келіп түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi. Судья келiп түскен iс бойынша:
жалпы немесе қысқартылған тәртіптегі басты сот талқылауын тағайындау; iстi алдын ала тыңдауды жүргiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды. Сотқа келiп түскен iс бойынша анықталуға жататын мәселелерді айтады. Қылмыстың түріне қарай аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу міндетті. Басқа істер бойынша алдын ала тыңдау iстi соттылығы бойынша жiберу, істі прокурорға жіберу, iстi тоқтату, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдау, қылмыстық iстердi бiрiктiру және бөліп шығару, сондай-ақ тараптардың өтiнiшхаттарын қарау қажет болған жағдайда өткiзіледi. Iстi алдын ала тыңдауды судья оны өткізу туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәулік ішінде сот отырысында жеке-дара жүргiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын туралы тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi. Егер басты сот талқылауын тағайындауда сотта iстi қарауға кедергi келтiретiн өзге мән-жайлар жоқ деген түйінге келе отырып, алдын ала тыңдауды өткiзбестен тағайындайды.Басты сот талқылауының істi талқылау кезiнде сот құрамының өзгертiлмеуi заңда белгіленген. Яғни,Iстi тек бiр ғана сол судья қарауға тиiс. Ал егер соттың істі жалғастыруына мүмкіндігі болмаған жағдайда оны заң бойынша запастағы судья алмастырады немесе істі талқылау қайтадан басынан басталады. Заң бойынша сотталушының қорғаушысы сот талқылауына қатысуға міндетті. Жекеше айыптау iстерiн қоспағанда, прокурордың мемлекеттiк айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi. Күрделi және көп эпизодты iстер бойынша мемлекеттiк айыптауды бiрнеше прокурор қолдауы мүмкiн. Басты сот талқылауы кезiнде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, оның күшiн жоюға немесе оны ұзартуға құқылы. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi. Басты сот талқылауы бейнебайланыс режимінде де өтуі мүмкін, ол туралы шешімді іс бойынша төрағалық етуші қабылдайды. Қылмыстық процестегі сот отырысы барысын түсіріп алу аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады. Қылмыстық процестік сот талқылауының барысы азаматтық және әкімшілік сот талқылауларына қарағанда өте ауқымды. Азаматтық процестік кодексте сот отырысында төрағалық етушінің міндетін судья атқаратыны көрсетілген. Қылмыстық процестік кодексте көрсетілгендей соттың өкілеттігіне алдын ала тыңдауды тағайындау кіреді.
16. Қылмыстық іс бойынша дәлелдемелердің түсінігі мен түрлері. Дәлелдеме ретінде рұқсат етілмейтін нақтылы деректер.
Заңды түрде алынған, олардың негізінде анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот ҚР Қылмыстық процестік кодексінде айқындалған тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген іс-әрекеттiң бар екенін немесе жоқ екенін, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын нақты деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар нақты деректер: күдіктінің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнің, қорғалуға құқығы бар куәнің, сарапшының, маманның айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындысымен; заттай дәлелдемелермен; процестік әрекеттердiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен белгіленеді.