Лекция Педагогика - адам тәрбиесі туралы ғылым ретінде

Жоспар:

1.Педагогика - адам тәрбиесі туралы ғылым.

2. Адам туралы ғылымдар жүйесіндегі педагогика ғылымының алатын орны, оның басты ерекшеліктері.

3.Педагогикалық ғылымдар жүйесі және олардың сипаты.

Негізгі ұғымдар: педагогика,педагогиканың категориялары, педагогика пәні.

Педагогика – адам тәрбиесі туралы ғылым. Педагогика өзінің атауын гректің “pаіdagogаs” “баланы жетектеуші” сөзінен алған. Ең алғашында бұл сөз құл қожасының баласын мектепке жетектеп апарушы дегенді білдірсе, кейін келе, ол тәрбие туралы ғылымның аты ретінде қалыптасты.

Тәрбие - әрбір болашақ ұрпақтың қоғамдағы өз орнын табуы үшін өткен ұрпақтардың жинақтаған әлеуметтік тәжірибесін меңгеру. Адамзат қоғамының дамуына қарай, тәрбиенің мазмұны мен әлеуметтік маңызы арта түседі. Еңбек түрінің жіктелуіне қарай, “тәрбиенің” қызметін жүзеге асырумен байланысты, онан кәсіби іс-әрекет бөлініп шықты. Өсіп келе жатқан балаларға әлеуметтік тәжірибені меңгерту үшін, оларды тәрбиелейтін тәрбиеші, мұғалім керек болды.

Педагогика - қоғамның тәрбиелік қызметін жүзеге асыратын ғылым. Демек, педагогикалық іс-әрекет, объективтік шындықтың барлық қырлары, педагогиканың обьектісі болады.

Педагогика пәні – индивидтің (биологиялық жан иесінің) өткен ұрпақтардың әлеуметтік тәжірибесін меңгеруі, оқу және оқудан тыс уақыт бірлігіндегі - біртұтас педагогикалық процесс болып табылады. Ұстаздар оқушыларға әлеуметтік тәжірибенің мазмұнын меңгерту іс-әрекетін ұйымдастырушы болып табылады. Тұлғаның қалыптасуы - олардың белсенді танымдық әрекетпен қарулануына байланысты.

Бір элемент пен көп элементтердің қосылуы барысында жүйе пайда болады. Педагогикалық шындықтағы “ұстаздар - оқушылар” жүйесі, жетекші педагогикалық жүйе деп аталады.

Кез келген жүйенің (биологиялық, техникалық, әлеуметтік) өзгеру жағдайы - процесс деп аталады. “Мұғалім - оқушылар” жүйесінің өзгеру жағдайы - педагогикалық процесс деп аталады. Тек қана педагогикалық процестегі ұстаздар мен оқушылардың өзара әрекетінде тұлғаның өзгеруі жүзеге асады. Педагогикалық шындық - педагогиканың категориялары, яғни ұғымдары жүйелер арқылы бейнеленеді. Жас ұрпақтың әлеуметтік тәжірибені меңгеруі біліммен қарулануына байланысты.

Индивидтің жеке тұлға және азамат ретінде дамуы, әлеуметтік белсенділік пен анықталатын белгілі бір әлеуметтік ортадағы іс - әрекеттерді талап етеді. Осыған орай, әлеуметтену - ең маңызды категорияға жатады, ол тұлғаның өзін-өзі сезінуі, “өз менінен” басқа “менге”, яғни әлеуметке енуі. Әлеуметтендірудің негізі, ол белгілі бір білімдер, құндылықтар, мінез-құлық нормалары жүйесін меңгеру дегенді білдіреді. Ол тұлғаға сол қоғамның толық мүшесі ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Тұлғаның әлеуметтенуі ұйымдаспаған түрде болуы мүмкін, онда оның нәтижесін болжау қиын және қоғам үшін зиянды болуы мүмкін. Демек, ұстаз әлеуметтендірудің мәнін түсіне отырып, оқушыларды «біздің деген ынтымақтастыққа келтіру үшін қажетті байланыстарды орнықтырып, оқушылардың оқуы мен отбасында осы мәселені шешуге көмектесе алады және «өзіндік мендің оқу барысындағы және оқудан тыс іс - әрекеттері арқылы қамтамасыз ете алады.

Педагогика категорияларының құрамы: тәрбие, педагогикалық процесс, білім беру, оқыту, әлеуметтендіру, тұлға, іс-әрекет, даму, қалыптастыру, т.с.с. жалпы ғылыми ұғымдар кіреді, олар алдыңғы тарауларда қарастырылады.

Адам туралы ғылымдар жүйесіндегі педагогика ғылымының алатын орны, оның басты ерекшеліктері. Педагогика - білім беру, педагогикалық шындық туралы ғылым ретінде, педагогикалық процестің дамуы мен қызмет етуінің заңдылықтарын зерттейді, теориялық білімдерді жинақтап, жүйеге келтіреді, педагогикалық шындықтың тәжірибесін зерттейді. Сондықтан осы аталған ғылыми-зерттеулер практикалық бағытта да жүзеге асырылады.

Педагогика гуманитарлық білімдер жүйесімен тығыз байланыста дамиды. Педагогика - адам туралы ғылымдар жүйесінің құрамына енуіне қарай, педагогикалық мақсаттылық пен тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін, педагогикалық басшылықты зерттейтін бірден бір ғылыми пән болып саналады.

Адамзаттың даму тарихына назар аударсақ, алғашқы кезеңде педагогикалық ой жалпы философиялық білімдер жүйесі мен діни ілімдерден басталып, кейіннен олардан бөлініп, басқа ғылым салаларымен байланыста дамыды. Педагогиканың ғылым ретінде бөлініп шығуы ХVІІ ғасырдан басталып, педагогика ғылымдары жүйесінің дамуына алып келді. Онан кейінгі кезеңдерде педагогика мен басқа да ғылым салаларының қарқынды дамуы, педагогиканың ғылым аралық байланыстарының орныға бастағанын көрсетеді (И.П.Пидкасистый).

Педагогика психологиямен тығыз байланыста қызмет атақарады. Психология адам психикасының даму заңдарын, ал педагогика – тұлғаның дамуын басқаруды зерттейді. Ақыл-ой іс-әрекеттерін мақсаттылықпен өзгерту, психологиялық біліммен тығыз байланысты. Педагогикада психологиялық білімдермен бірге, педагогикалық міндеттерді шешу үшін тұлғаны зерттеу әдістері (рейтинг, психометрия, салыстыру және т.б.) пайдаланады.

Педагогика физиологиямен де тығыз байланысты, атап айтқанда жоғарғы нерв қызметінің заңдылықтарына (И.П. Павлов, П.К. Анохин) сүйенеді. Физиологиялық білімді меңгеру, танымдық іс-әрекет пен жеке тұлғаның әлеуметтену үрдістерінің мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

Педагогиканың әлеуметтанумен жан–жақты байланысы өте маңызды. Әлеуметтану ғылымын қоғам туралы біртұтас жүйе ретінде қарастырсақ, онда оған ықпал ететін әлеуметтік жағдай, түрлі топтар және т.б. ескеріледі. Педагогика әлеуметтік жүйелерді ескере отырып, білім социологиясы, студенттер социологиясы және т.б. социологиялық зерттеулер арқылы педагогтар, қоғамның әлеуметтік–экономикалық, құқықтық, демографиялық және мәдени ортаның жағдайы туралы біліммен қаруланады.

Педагогика ғылымдарының даму мүмкіндіктерінің маңыздылығы, олардың медицинамен байланыстылығында, себебі педагогикалық шындықтың бірқатар құбылыстарын (тәртіпсіздік, жалқаулық, еріксіздік, олақтық) балалардың денсаулығын зерттеу барысында ғана түсіндіруге мүмкін болады. Сонымен бірге созылмалы дертке шалдыққан балалар үшін, арнаулы оқыту және тәрбиелеу жүйесі қажет. Мұндай мәселелерді кешенді зерттеулер арқылы ғана шешуге болады.

Бүгінгі философия ғылымының педагогика үшін әдіснамалық маңызы ерекше. Педагогика жеке пән ретінде философия және оның салалары – білім беру фиолософиясы, ғылымдар философиясы, тәрбие философиясы, мәдениет философиясының жетістіктеріне сай терең мәндегі ұғым нәтижесінде шешімін табады.

Педагогика ғылымының байланыстары, белгілі бір мәселелерді зерттеу барысында басқа ғылым салаларына да (тарихқа, этнология, этнография, құқық, экономика, демография, экологияға және т.б.) таралады.

Адамды зерттейтін ғылым аралық пәндердің (синергетика, жүйелер теориясының негізі, кибернетика, информатика, басқару теориясының негіздері) жетістіктері, педагогикалық ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады. Мәселен, Гурова Р.Г. педагогиканың басқа ғылымдармен өзара байланысы қандай бағытта іске асатындығын былай түйіндейді: басқа ғылымдардың негізгі идеяларын, теориялық анықтамалары мен жалпы қорытындыларын, педагогиканың қолдануы - гуманитарлық ғылымдарда қолданылып жүрген зерттеу әдістерінің шығармашылық тұрғыдағы қосымшасы ретінде қолдануға болады. Барлық ғылым салаларында алынған нақтылы зерттеу нәтижелерін педагогикада қолдануға болады; педагогтар адам мәселелері бойынша кешенді зерттеулерге қатысады.

Педагогикалық ғылымдар жүйесі және олардың сипаты.ХІХ ғасырға дейін ғылыми ізденістердің пәндік саласын анықтауға байланысты ғылымдардың жіктелуі қарқынды жүрді. Сонымен бірге білім көлемінің өсуі жеке пәндерінің бөлінуіне алып келеді, яғни пәннің өзінің ішінде бөлініп даралануы басталды. Педагогика ғылымы да біртіндеп, алдына қойған мақсаттары, оқушылардың жас ерекшеліктері, оларды оқыту және тәрбиелеу, оқу орнындарының түрлері бойынша саралана бастады.

Педагогика ғылымдарының жүйесіне: жалпы педагогика, жас ерекшелік педагогикасы, мектепке дейінгі педагогика, кәсіби педагогика, педагогика мен білім берудің тарихы, салалық педагогика, корекциялық педагогика, салыстырмалы педагогика, жеке пәндер әдістемесі және т.б. жатады. Кейінгі кезде педагогикалық білімнің жеке саласы ретінде әлеуметтік педагогика пайда болды.

Жалпы педагогика педагогикалық процесс пен білім берудің негізгі заңдылықтарын зерттейді. Жас ерекшелік педагогика (мектепке дейінгі, мектеп, ересектер педагогикасы) анатомиялық және физиологиялық және әртүрлі жастағы топтардың психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық процесс пен білім берудің ерекшелігін зерттейді. Педагог ғалымдар мектеп педагогикасынан бала бақша жасындағы педагогиканы бөліп қарастырады, оның, себебі сәби жасындағы балалардың санасы дамуының өзіндік ерекшеліктері бар, міне осыдан келіп бұл пәннің психологиямен, педагогикамен және медицинамен тығыз байланыстылығы ескеріледі. Зейнеткерлердің тұрғындар құрамындағы үлес салмағының өсуіне байланысты үшінші жас педагогикасы пайда болып қалыптасу үстінде.

Кәсіби – техникалық білім беру педагогикасы, арнаулы орта білім беру педагогикасы, жоғары білім беру педагогикасы – пәндері, олардың пәні педагогикалық процесс және жұмысшы кадрларын кәсіби және сонымен бірге әртүрлі деңгейдегі мамандарды даярлаудың заңдылықтары болып табылады. Бұл пәндерге жұмысшыларда екінші, үшінші және т.б. мамандықтарды игеру бағытындағы оқытудың заңдылықтарын зерттейтін өндірістік педагогика да жатады. Педагогиканың салалық тарауларына арнаулы педагогикалық ғылымдар (сурдопедагогика, тифлопедагогика, олигофролопедагогика, логопедия), дене дамуында кейбір ауытқушылықтары (есту, көру, ойлау қабілеттеріндегі өзгерістер, сөйлеу) бар балалар мен ересектерге білім берудің теориялық негіздерін, принциптерін, әдістерін, формаларын зерттеулермен айналысады. Әскери педагогика әртүрлі дәоежедегі әскери қызмет атқаратындарды әскерге шақыру жасындағылардан бастап, әскери мамандықты игергендер мен офицерлер құрамының тәрбиелік іс-әрекеттерінің тәрбиелік заңдылықтарын зерттейді.

Еңбекпен түзету педагогикасы қылмысқа тартылған азаматтарды қайта тәрбиелеудің теориясы мен практикасын қарастырады (пенитенциарлық мекемелер). Әсіресе балалар мен жасөспірімдер қылмысына қатысты кездесетін заң бұзушылық мәселелер зерттеледі.

Сауықтыру педагогикасы психология мен педагогиканың өзара белсенді әрекеттері барысында салыстырмалы түрде кейінгі кезде ғана дами бастады. Бұл ғылымның пәні кәдімгі жалпы мектептегі оқу – тәрбие процесінен қол үзіп, ұзақ уақыт емделетін ауру балаларға білім беру.

Педагогика тарихы – адамзат тарихындағы педагогикалық идеялар мен мектептердің қалыптасуын зерттейтін ғылым. Сондықтан оның тарихпен, этнографиямен, этнологиямен, археологиямен байланыстары табиғи құбылыс, өйткені педагогикалық ой, қоғамның материалдық және рухани мәдениетті саласының бірлігі ретінде дамиды.

Салыстырмалы педагогика әрбір елдердегі білім беру және тәрбие жүйелерінің дамуын, олардың жалпы және өзіндік ерекшеліктерін салыстыра отырып, олардың дамуын зерттейді. Әлемдегі озық елдердің педагогикалық мәдениеті, еліміздің білім жүйесін жаңашыл жетістіктермен байытуға мүмкіндік береді.

Жеке пәнерді оқыту әдістемелері жалпы педагогикалық заңдар мен заңдылықтар, танымдық әрекет әдістері мен жеке пәндердің ерекшеліктерін ескереді.

Наши рекомендации