Ересектер тобында өткізілетін қимылды ойындарының мазмұны
Балалардың ойын кезінде топтарға бөлінуіне және бірнеше жеке рөлдерді орындауларына болады.
Ересек балалар тобында «Ұстаушы» секілді сюжетті емес, сондай-ақ жарысу элементтері бар («Жалауға кім тез жетеді», «Құрсауға дәл түсір» және т.б) ойындар көбірек орын алады. Алдымен жеке кейін ұжымдық түрде жарысу өткізіледі.
Ойын ережелері бірте-бірте күрделене түседі де, баланың ұқыптылығын, ұстамдылығын, әр түрлі белгілерге тез көңіл аударғыштығын, қимылдарын өз еркімен тежей білуін және ойнай білуін талап етеді (белгілі бір бағытпен қашып кету, ұсталғандардың ойыннан шығуы т.б.). ойын ережелері балалардың өздерінің мінез-құлықтарын басқара білуге, қалыптастыруға үйретеді.
Ойынды басқару немесе ойынға дайындалу және оған жиналу тәрбиешіге де, балаларға да қиынға түспейді. Балалар өздігінен әр нәрсені істей алады, олар ойынға керекті жағдайларды жасауға көмектеседі.
Ойында жауапты міндеттерді балалардың өздері атқарады. Тәрбиешінің ойынға тікелей қатысуы мүмкін емес. Ол ойын ережелерін естеріне салып және олардың орындалуын бақылай отырып, ойынды басқарады, әр түрлі белгілер береді, тағы да балалардың қимыл-қозғалыстарының дұрыстығын бақылайды.
Алайда кейде тәрбиешінің ойынға қатысуы қажет болады. Оның ойынның негізгі бір міндетін өзі орындауына, барынша көп баланы ұстау үшін қалай тез қимылдауды, ойын үстінде әр түрлі қимылдарды орындауды көрсетуіне болады. Тәрбиешінің қатысуы ойынды қызықтыра түседі, балалар ойынға бар ынтасымен кіріседі.
Ойын кезіндегі рөлдерді бөлісу, әсіресе күштері бірдей топтар құру керек болған кезде, әдетте, тәрбиешінің қатысуымен болады. Рөлдерді бөлу үшін санамақтар қолданылады. Кейбір халықтың ескі санамақтарының белгілі бір мағынасы болмайды, балаларды олардың өздерінің дыбыс үндестіктері қызықтырады.
Алай-былай, Алай-былай,
Солдаттар жұбын жазар ма, Не сатып алды олар?
Алай-былай, Алай-былай
Барады кетіп базарға. Самовар!
Балалардың ойын бастаушыны күнделікті санамақтардың көмегімен таңдап алуларына болады.
Ақ кептерлер ішінде алшаң басып торғай жүр,
Балапан мүсін-бейнесі Үстінде бозғылт жейдесі,
Сүп-сүйкімді сондай бір. Ұша ғой, қане жасқанбай,
Дауысынды шығар жас торғай.
Қар-ақ, Ақ тиын болса
Бор- ақ Ақ болған жоқ.
Ақ қоян - Ақ тиынға
Ол да ақ. Тап болған жоқ.
Ойын бастаушыны мына тәсілмен де тандап алуға болады. Балалар дөңгелене тұрады. Тәрбиеші бір ойыншының атын атайды, ал ол алға қарай бір қадам аттап, онға дейінгі санды тез атауы және қалай қарай, оңға немесе солға, санау керек екенін айтады. Осыған сәйкес бала шеңбер бойынша жүріп, керекті санға дейін санайды. Айтылған санға дәл тура келген бала, ойын жүргізуші болады.
Ересек балалар тобында ойынды түсіндіру жоғарыда айтылған топтардан басқаша, көбінесе ойын үстінде ғана жүргізілмейді. Тәрбиеші балаларға ойынның мазмұнын бастамай-ақ алдын ала айтып береді, әсіресе ойын ережелеріне көп көңіл аударады. Ойынның табысты өтуі негізінен, балалардың ойын ережелерін қалай түсінуіне байланысты болады. Балаларға орындалуы қиын түсетін ойын ережелерін түсіндіргенде тәрбиеші оларды қалай дұрыс орындау керек екенін көрсетеді. Мысалы, «Табан балық пен шортан» ойыныңда балалар Табан балықтың тастың алдында немесе артында тұратынын жиі шатастырады. Ойынның бұл кезеңі балаларға алдын ала үйретіледі. Тәрбиеші сұрақ беру арқылы және ойынның мазмұнын өз беттерінше қайталап айтқызу, ойын ережелерін қайталату арқылы балалардың ойынды түсінгендеріне, оның барысы мен ережелерін меңгергендеріне көздерін жеткізеді. Белгілі ойынды қайталаған кезде ол балалардың ойынның мазмұнын айтып берулерін және негізгі ережелерін еске түсірулерін сұрайды. Мұндай кезде тәрбиеші балаларға дұрыс бағыт беріп отырады, көмекші сұрақтар арқылы ойынның негізгі көріністері мен ережелерін жете түсінулеріне көмектеседі. Ойнаушылардың іс-әрекетін әрі педагог ретінде, сондай-ақ өздері жағынан бақылау, ойын ережелерін дұрыс орындауларына көмектеседі.
Балалар үшін тек ойынның өзі ғана емес, оның нәтижесі де қызықты. Мысалы, олардың кімнің бәрінен де алысқа секіргенін, кімнің көп қоян ұстағанын т.б. білгілері келеді. Сондықтан ойынның соңында тәрбиеші ойынның қысқаша қорытындысын жасайды. Балалардың табыстарын атап өтеді, кімнің жақсы орынданын, ойын ережелерінің қаншалықты бұзылғанын айтады, ойын қорытындысын жасаудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Жеңіске жетушілерді әділ атап өту, тіпті ең жақсы деген нәтиженің ойын ережесін бұзғанда, жеңіске жеткізбейтінін түсіндіру маңызды. Тәрбиешінің ойын кезінде балалармен қызу араласуы оның эмоциялық көңіл-күйі, ойын нәтижесін әділ талдауы балалардың ойын үстінде өздерінің тәртібіне, іс-әрекетіне саналы қарауына көмектеседі, ұйымшыл ұжымды тәрбиелеуге жақсы әсер етеді.
Ересектер тобында өткізілетін қимыл-қозғалыс ойындардың мазмұны:
«Аққу-қаздар». Алаңның бір шетінде сызықпен қаздар тұратын үй белгіленеді, қарсы шетінде бақташы тұрады. Үйдің бір жақ бүйірінде қасқыр тұратын үңгір болады. Алаңның қалған жері жайылым болады. Қасқыр мен бақташының рөлін ойнаушы балаларды тәрбиеші тағайындайды, ал қалғандары қаздарды бейнелейді. Бақташы қаздарды жайылымға қуып шығарады. Олар жайылып жүреді, ұшып-қонады.
Бақташы:
Қаздар, қаздар, қаңқылдап,
Барасындар қай жаққа?
Қаздар: Айна көзі жалтылдап,
Жатқан жасыл аймаққа.
Бақташы: Біздің жерге түсе кет,
Түсіп, сусын іше кет.
Қаздар: Сіздің жерге түсеміз,
Түсіп сусын ішеміз.
Бақташы: Болсын онда жол жайлы!
Қаздар: Бізге ол жаққа болмайды,
Жолды тосып сұр қасқыр,
Тау бөктерлеп жүр қасқыр!
Бақташы: Ондай болса, қалаған,
Жақтарыңа бар аман.
Қаздар қанаттарын жайып (балалар қолдарын екі жаққа жазып), жайылым арқылы үйге қарай ұшады, ал қасқыр үңгірінен жүгіріп шығып, оларды ұстауға (қолын тигізуге) тырысады. Ұсталған қаздар қасқырдың үңгіріне қарай жүреді. Бірнеше рет әрі-бері жүрістен кейін қасқырдың ұстаған қаздарын санайды. Ойын 3-4 рет қайталанады.
Ең алдымен қасқырдың ролін тәрбиеші орындайды.
«Сауыққойлар». Ойнаушылардың біреуі сауыққой болып сайланады, ол шеңбердің ортасына тұрады. Қалған балалар қол ұстасып шеңбер бойымен (тәрбиешінің айтуымен оңға немесе солға қарай) жүріп былай деп айта бастайды:
Тізбектеле тұрысып,
Шеңбер жасап жүрісіп.
Бірге қадам тастаймыз
Тоқтатыңдар жүрісті,
Бірлесіп біз бір істі
Міне былай бастаймыз.
Балалар тоқтап қолдарын төмен түсіреді. Сауыққой бала бір қимыл жасап көрсетеді, ал балалар оны қайталауы керек. Ойынды 2-3 рет қайталағаннан кейін (ойынның шарты бойынша) сауыққой ойнаушылардың біреуін өз орнына таңдап алады, сөйтіп ойын жалғастырылады. Ойын 3-4 рет қайталанылады.
Нұсқау. Сауыққойлар бұрын көрсетілгендерді қайталамай, неше түрлі жаңа қимылдарды ойлап табады.
«Мүсін жаса». Балалар бүкіл алаң бойына бытырап жөнеледі. Тәрбиешінің белгісі бойынша олар тез бір орында белгілі бір қалыпта тұра қалады: жүрелеп отыра қалады, қолдарын екі жағына көтереді т.с.с. тәрбиеші кімнің тұрған қалпы қызығарлырақ екенін атап көрсетеді.
Нұсқау. Жыл аяғына қарай ойын күрделене түседі, оған екі бала, үш бала бірігіп жасайтын фигуралар қосылады. Онымен бірге балаларға белгілі бір қалыпта көрсетілетін фигуралар ойлап табу тапсырылады: тек түрегеп тұрып, төрт тағандап тұрып, отырып жасалатын т.б.
«Табан балық пен шортан». Ойнаушылардың жартысы бір-бірінен үш адымдай алшақ тұрып, шеңбер жасайды. Бұл - жағалауы тасты көлшік. Тәрбиеші сайлаған ойыншылардың біреуі шортан болады, ол шеңбердің сыртында тұрады. Қалған ойыншылар –табан балықтар, шеңбердің ішінде –көлшікте жүзіп (жүгіріп) жүреді. Тәрбиешінің «Шортан!» деген сигналы бойынша тез көлшікке жүзіп келіп, табан балықты ұстап алмақшы болады. Табан балықтар шеңбер бойымен тас болып ойнап жүрген кез келген ойыншының артына жасырынуға асығады. Шортан тастың артына жасырынып үлгермеген табан балықтарды ұстап алады да, өзінің үйіне алып кетеді. Ойын 2-3 рет өткізіледі, одан кейін шортан ұстаған табан балықтарының саны есептелінеді. Одан кейін шортанның рөліне басқа ойнаушы тағайындалады.
Нұсқау. Жаңа шортан сайланып, ойын қайталанғанда табан балық пен тастың рөлін бейнелеуші балалардың орындары ауыстырылады.
«Жүгіріп өту». Кім өзінің жалаушасына тез жетеді? Балалар алаңның бір жағына тұрады. Келесі жағына ойнаушылардың санына қарай жалаушалар жатады. Тәрбиешінің белгісі бойынша әр бала өзінің жалаушасына жүгіреді.
«Кім аз қадам жасайды?» Алаңда 6 - 8м қашықтықта екі сызық сызылады. Бірнеше ойнаушы (2-3) бір сызықтың бойына тұрып, мүмкін болғанша үлкен-үлкен адым жасап, келесі сызыққа жүріп немесе жүгіріп өте бастайды. Кім аз адым жасаса, сол жеңіп шығады.
«Жай жүгіріп өт». Балалардың біреуі алаңның ортасына көзін жұмып отырады. Қалған балалар алаңның бір жағында тұрады. Олардың 6-8-і ортада отырған баланың жағынан алаңның екінші жағына жай жүгіріп өтеді. Егер балалар білдірмей жүгіріп өтсе, ойын жүргізуші оларды тоқтатпайды. Егер ол аяқтың дыбысын естіп қалса, «Тоқта»- дейді де, көзін ашпай дыбыстың бағытын нұсқайды. Егер ойын жүргізуші дұрыс нұсқаса, балалар өздерінің орнына қайтып келеді. Балалардың келесі тобы жүгіреді.
«Тездет, бірақ түсіріп алма». Балалар (басына көтерген немесе қолын алға жайған алақанында бір дорба құм) 6-10-нан алаңның бір жағынан екінші жағына бір-бірінен озбақшы болып жүгіріп өтеді.
«Қарама-қарсы жүгіріп өту». Топ екіге бөлінеді. Ойнаушылар алаңның қарама-қарсы жағында, сызықтың сыртында бір-бірінен бір адымдай қашықтықта сап түзеп тұрады. Балалардың әр тобының қолында өз түсі болып саналатын - көк, сары ленталар болады. Тәрбиешінің «Көк» деген белгісі бойынша қолдарында көк ленталары бар балалар қарсы жаққа қарай жүгіреді. Қарама-қарсы тұрған балалар алақандарын созып, жүгіріп келе жатқандар келіп қолдарына тигенше тосып тұрады. Қолдарына тиген балалар алаңның басқа жағына қарай жүгіріп барып, сызықтың сыртында бұрылып қолын жоғары көтереді.
«Қу түлкі». Ойнаушылар бір-бірінен бір адымдай қашықтықта шеңбер бойымен тұрады. Бір шетте, шеңбердің сыртында түлкінің үйі белгіленеді. Тәрбиешінің белгісі бойынша балалар көздерін жұмады, ал тәрбиеші балалардың артымен айналып өтіп, байқатпай ойыншылардың біреуіне қолын тигізеді. Тәрбиеші қолын тигізген бала қу түлкі болады. Тәрбиеші балаларға көздерні ашып, бір –біріне анықтап қарауды ұсынады. Кім қу түлкі екенін табуды және ол өзін білдіріп қоймас па екен, соны білуді ұсынады. Ойнаушылар хормен тез-тез үш рет сұрайды (алғашында жай, бірте-бірте қатты): «Қу түлкі, сен қайдасың?». Бұл кезде барлығы бір біріне мұқият қарап тұрады. «Қу түлкі, сен қайдасың?»-деген сөз үшінші рет қайталанғанда, қу түлкі болып сайланған бала шеңбердің ортасына тез жүгіріп шығады да, қолын жоғары көтеріп, «Мен мұндамын!»-дейді. Барлық ойыншылар жан-жаққа жүгіреді, ал түлкі оларды ұстайды. Ұсталған ойыншыны түлкі өз үйіне алып кетеді. Түлкі 2-3 баланы ұстап алғаннан кейін, тәрбиеші «Шеңберге!» деп қатты дауыстайды. Ойнаушылар шеңбер жасайды, ойын қайта басталады. Ойын 4-5 рет қайталанылады.
Нұсқау. Егер түлкі өзін білдіріп қойса, тәрбиеші басқа түлкі сайлайды. Түлкіні ойнаушылардың біреуіне де сайлауына болады. Егер түлкі көпке дейін ешкімді ұстай алмаса, онда басқа жүргізуші сайлауға болады. Егер алаң тым үлкен болса, онда оның шекарасын белгілеп қойған жөн.
«Тышқан аулау». Ойнаушылар өзара тең емес екі топқа бөлінеді. Кішірек топтағы балалар бір-бірінің қолынан ұстап, шеңбер жасап тұрады. Олар тышқан аулаушыны бейнелейді, қалған балалар тышқандар, шеңбердің сыртында тұрады. Тышқан ұстаушылар шеңбер бойымен жүріп тақпақ айта бастайды.
Тышқандар неткен жемірді,
Бәрін жеп, бәрін кемірді.
Сақтанындар, о сұмдар:
Жолдарың әлі-ақ тосылар,
Тұзақпен-ақ кәдімгі,
Тастармыз матап бәрінді!
Балалар тоқтап ұстасқан қолдарын жоғары көтеріп, қақпа жасайды. Тышқандар тышқан аулағышқа жүгіріп кіріп, одан жүгіріп шығады. Тәрбиешінің «Жан» деген белгісі бойынша балалар қолдарын түсіріп, тізерлеп отыра қалады-тышқан аулағыш тарс жабылады. Тышқан аулағыштан қашып шыға алмаған тышқандар ұсталған болып саналады. Ұсталғандар шеңбер жасап тұрады. Тышқан аулағыш үлкейе түседі. Балалардың көпшілігі ұсталған кезде, олар өздерінің рөлдерін ауыстырады. Сөйтіп ойын қайта басталады. Ойын 4-5 рет қайталанады.
«Жүргізушілер» Ауланың қарама-қарсы жағында екі «гараж» тұрады (бір бірінен 5-6 қадам алыс параллель сызық жүргіземіз). Сызық бойына автомобиль қою үшін орын жасаймыз, оған кубиктер қоямыз. Бірінші гаражда қызыл автомобиль тұрады (қызыл кубиктар қоямыз). Ал екіншісінде жасыл түсті автомобиль қоямыз (жасыл кубиктер қойылады). «Жүргізуші» балалар екі топқа бөлінеді де, әрқайсысы өздерінің автомобильдерінің қасында тұрады. Әр топ бір-бірімен бірдей арақашықтықта орналасады. Ал тәрбиеші полицияның рөлінде ойнайды да, машиналарды басқарып тұрады. Тәрбиеші сол жақ қолын көтергенде жасыл түсті гараждағы балалар бір қатармен жүгіріп аулаға шығады. Қызыл түсте тоқтайды, жасыл жанса жүреді. «Гаражға» деген белгі берілгенде гаражға кіреді. Кейін екінші топ та сол әрекеттерді қайталайды. Тәрбиеші берген белгіні дұрыс орындаған жүргізушіні бақылап, мадақтау айтады. Сол жүргізуші жеңіске жеткен болып есептеледі.
«Аңшылар мен қояндар». Бұл ойынды жылдың қай мезгілінде болса да ойнай беруге болады. Ойынға жиналғандар екі топқа бөлінеді.Аңшылардың саны қояндардан екі есе аз болуы керек.Бір – бірінен қашықтығы 50 – 60 адымдай екі шеңбер сызылады.Қояндар сол екі шеңбердің біріне орналасады.Шеңбер шетінде тұрған аңшылар қояндардың інін тықырлатып қаза бастайд,сол кезде қояндар өз інінен атып шығып, екінші шеңберге қарай қашады.Осы кезде аңшылар қояндарды доппен ата бастайды.Екінші інге жеткенше оққа ұшқан қоян ойыннан шығып қалады.Барлық қоянды аңшылар атып біткенше ойын тоқталмайды.
«Пойыз болып жүгіру» Ойыншылардың саны бірдей екі команада тізбек құрап және ойыншылар бірінің артынан бірі ұстап тұрады. Қатар тұрған екі тізбектің арасы бір – бірінен 3-5 қадамдай қашық болады. Тізбектердің алдына сөре сызығы сызылады, ал олардың қашықтығы 15-20м болатын қарсы жаққа бір – бірден таяқша немесе басқа зат қойылады. Белгі берісімен тізбекті екі сап тұра жүгіріп, таяқшаларды айналып өтіп, қайтып оралады. Бүкіл қашықтықты тізбектерін бұзбай жүріп өткен және сөре сызығына бірінші болып жеткен команда жеңіске жетеді.
Ойын шартын былайша өзгертіп ойнауға да болады: алдымен таяқшалардан бірінші нөмірлі ойыншы айналып келеді, сонан соң оған екінші ойыншы тіркесіп барып таяқшаларды айналып келеді, сонан соң ол екуін үшінші ойыншы тіркеседі.
«Шегірткелер». Командалар сөре сызығының алдынан бірқатарға тұрады. Белгі бойынша бірінші нөмірлер белгіленген қашықтыққа секіріп барып, секірумен қайтып оралады. Бірінші ойыншы сөре сызығына қайтып оралып, келесі ойыншыға қолын тигізген бойда, сол ойыншы секірулерді жалғастырады. Өзгелер де осы секілді әрекетті орындайды. Эстафетаны бірінші аяқтаған команда жеңіске жетеді. Эстафетада төмендегідей тапсырмалар орындалуы мүмкін:
а) екі аяқпен секіріп,барып-қайту
ә) оң аяқпен секіру
б) сол аяқпен секіру
в) барарда сол аяқпен, қайтарда оң аяқпен немесе керісінше барып қайту.
Балаларды сапқа тұрғызу. Сабақтың мақсатын түсіндіру. Орында тұрып бұрылу, жүру, жүгіру, олардың түрлері. Тыныс алу жаттығулары, бой жазу жаттығуларын жасау.
1. Қапты аяққа киіп секіру жарысы. Топты 2 командаға бөлеміз. Ойыншылар бірінің артынан бірі тұрады. Қатар тұрған екі тізбектің арасы бір-бірінен 3-5 қадамдай қашық болады. Тізбектердің алдына сөре сызығы сызылады, ал олардың қашықтығы 10-15 м болатын қарсы жаққа бір-бір зат қойылады. Белгі берілісімен алдында тұрған екі оқушы қаппен затты айналып өтіп қайта оралады. Бірінші болып жеткен команда жеңіске жетеді.
2. «Кім бірінші» (доппен). Балаларды екі топқа бөліп бірінің артынан бірі тұрады. Тізбектердің алдына сөре сызығы сызылады, олардан 2-3 м қашықтықта сызық сызылады. Бұл сызықта әр топтан капитан командасы қарама-қарсы тұрады. Бергі берісімен капитан командасы допты өз командасындағы 1-ойыншыға лақтырады, ол допты қайтадан капитанға лақтырып отырады, ойын осылай жалғаса береді. Кі бірінші болып ойынды бітірсе, сол команда жеңіске жетеді.
3. Құрсау арасынан өту. Екі оқушы әр топтан обручты ұстап тұрады. Балаларды екі топқа бөлеміз. Тізбектердің алдына сөре сызығы сызылады. Белгі берісімен алдында тұрған оқушылар тез жүгіріп, обручтың арасынан өтіп, өз командасына алақанмен ұрып, эстафетаны береді, эстафета жалғаса береді. Бірінші болып жеткен команда жеңіске жетеді.
4. «Кім тез қимылдайды».
Топты екі командаға бөлеміз. Балалар бір-біріне қарама-қарсы сапқа тұрады. Аралары 5-6 м. Әр команданың оң жағында бірінші тұрған оқушы обручты тез алып бас жағынан киіп тез аяғы жағынан шығаруы керек.
Керісінше аяқ жағынан кіргізіп бас жағынан шығарып отырады. Қай команда тезірек бітсе сол команда жеңіске жетеді.
5. Қолмен допты домалату.
Топты екі командаға бөлеміз. Бірінің артына бірі тұрады. Әр команданың алдында бір-бір доптан тұрады. Тәрбиешінің белгісімен алдында тұрған оқушы допты домалатып, 5-6 м жердегі затты айналып өтіп өз командасына береді. Қай команда бірінші бітсе сол команда жеңеді. .
6. Ракетамен шарикті ұрып жарысу. Топты екі командаға бөлеміз. Балалар бірінің артына бірі тұрады. Әр команданың алдынан сөре сызығы сызылады, ал олардың қашықтығы 10-15 м болатын қарсы жаққа бір-бір зат қойылады. Белгі берісімен алдында тұрған оқушы ракетамен шарикты алып жүреді, затты айналып өтіп, қайта оралады. Қай команда бірінші болып бітірсе сол жеңіске жетеді.
7. Арқан тартыс. Топты екі командаға бөлеміз. Оқушылар бірінің артына бірі тұрады. Қатар тұрған екі тізбектің арасы бір-бірінен 3-4 қадамдай қашық болады. Тізбектердің алдына сызық сызылады. Тәрбиешінің белігісімен оқушылар тартысады, кім сызықтан асыра сүйреп кетсе сол жеңіске жетеді. Тек қана мұғалімнің белгісімен басталады.
Балаларды сапқа тұрғызу. Саппен жүру. Денені босату жаттығуларын жасату. Сабақта ерекше көзге түскен балаларды атап өту. [14.168]
ОРЫТЫНДЫ
Дене шынықтыруды қимыл-қозғалыс ойындары арқылы жүзеге асыру балалардың дене мүшелері мен көңіл-күйлеріне қатты әсерін тигізетіні анық. Қимыл-әрекетке толық жағдай жасаудың, барлық бала ойыннан қуаныш табуға мүмкіндік жасаудың маңызы зор.
Әр бала жеке тұлға екендігі, оның қабілеті де әр түрлі болып келетіндігі белгілі. Сондықтан қимыл-қозғалысқа үйрету барысында жасаған дене қимылы әрекетіне қарай белсенді қимылдайтын бала және жай қозғалатын балаларды ескеріп сабақ өткізу тиімді.
Ойын барысындағы іс-қимылды дұрыс сапалы түрде балаға жеткізіп бірнеше рет қайталап әдетке айналдырғанда, бала ағзасындағы зат алмасу артып, жүйке жүйесі белсенділігін танытып, қан айналымы жақсарады. Қозғалыс барысындағы жиі демалудан бала ағзасындағы оттегіге деген қажеттілік артады. Дене шынықтырудың арқасында баланың көңіл-күй жоғарылап, жүйке жүйесі бекиді. Дене шынықтыру нәтижесінде бала өзінің іс әрекетіне және топтық тәртіпке үйреніп, оның ережесіне бағынады. Бұл оның жан-жағындағы оқиғаға мән беріп қарауына, төзімді болуына, тәртіпті сақтауына септігін тигізеді.
Балабақшада осындай қимыл – қозғалыс және танымдық әрекетін ойын түрінде дұрыс ұйымдастырып өткізу баланың:
. негізгі қимыл түрлерін өз бетінше шығармашылықпен орындауға ;
. жасқаншақты жеңіп шығуға;
. эмоционалдық тонусын көтеруге;
. қиялы мен фантазиясын дамытуға мүмкіндік туғызады.
Мектеп жасына дейінгі балаға дене мүсінінің дұрыс қалыптасуын яғни денесін түзу, тіке ұстауды, бала отырғанда, тұрғанда, жүргенде денесін тік ұстауды әдетке енгізу қажет.
Дұрыс мүсін адамның ішкі ағза құрылымының жетілуін жақсартады. Дене мүсінінің дұрыс қалыптасуы сүйек-бұлшық ет құрылысының дұрыс дамуына байланысты. Қозғалыс тірегін дұрыс қалыптастыруды бала шақтан дағдыға айналдырған тиімді болып келеді.
Сонымен, қимылды ойындарға арналған ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау негізінде мынадай қорытынды шығаруға болады:
1. Қимылды ойындардың бастауы балалар үшін ересектердің әрекеттерін қайталау болып табылады.
2. Ойындар өркендеп келе жатқан ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау мақсатында құрылады.
3. Қозғалмалы ойындар балалардың өмірге дайындығын тексеру мақсатында туындады.
4. Ойындар қозғалыстың негізгі түрлерін дамыту және жетілдіру мақсатында пайда болды.
Ересектер тобында баланың ойын әрекеті арқылы дамытудың мақсаты – ойын бірлестіктерін құру, жалғыз және топтасып ойнау дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Ал негізгі міндеттері:
- Әр түрлі ойындарға қызығушылығын арттыру. Өз қалауы бойынша ойындар құру, таңдау іскерліктерін қалыптастырып, ойын барысындағы сергектіктігі мен қызығушылығын жетілдіру;
- Ойындарды жүргізу түрлерін үйрету. Ойыншықтармен қысқа сюжеттер құру, ойынға қажет заттарды таңдау, қозғалыс ойындарын ережелерін сақтап ойнау.
Тәрбиеші әрқашан бастаушы, дамытушы, бағыт-бағдар беруші, тәрбиелеуші. Оның әрбір сөзі, қимыл-әрекеті бала үшін үлгі, қағида. Сондықтан, тәрбиеші баланы тәрбиелеуде енжарлық, салбырттық танытпауы қажет. Сонда ғана балалармен жұмыс жүргізу барысында қимылды ойындарды қолдану арқылы белсенді, жігерлі, ақыл-ойы дамыған, жан-жақты тұлға қалыптасады.