Бап. Билiктi асыра пайдалану 3 страница
3. Егер дәл сол бір іс-әрекет осы Кодекстiң тиiстi баптарының жалпы және арнайы нормаларының белгiлерiне сәйкес келсе, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң арнайы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды.
14-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы
1. Егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
2. Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп адамның:
1) егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталған болса, ауыр қылмыс жасағаны;
2) егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, аса ауыр қылмыс жасағаны танылады.
3. Он сегiз жасқа дейінгі адамның жасаған қылмыстары үшін сотталғандық, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе жойылған сотталғандық қылмыстардың қайталануын және қылмыстардың қауіпті қайталануын тану кезінде есепке алынбайды.
4. Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы осы Кодексте көзделген негiздер мен шектерде неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады.
15-бап. Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтiргенi (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiргенi (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргенi (107-баптың екiншi бөлiгі), зорлағаны (120-бап), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерi (121-бап), адам ұрлағаны (125-бап), халықаралық қорғауды пайдаланатын тұлғаларға немесе ұйымдарға шабуыл жасағаны (173-бап), әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғаны (174-бап), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қолсұғушылық (177-бап), Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қолсұғушылық (178-бап), диверсия (184-бап), ұрлық (188-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), тонау (191-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), қарақшылық (192-бап), қорқытып алушылық (194-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезiнде автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленіп алғаны (200-баптың екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi), ауырлататын мән-жайлар кезiнде бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдiргенi (202-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi), терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), адамды кепiлге алғаны (261-бап), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасағаны немесе оларды басып алғаны (269-бап), терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлағаны (273-бап), қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқырғаны не қорқытып алғаны (291-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде бұзақылық жасағаны (293-баптың екінші және үшiншi бөлiктері), тағылық (294-бап), есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқырғаны не қорқытып алғаны (298-бап), ауырлататын мән-жайлар кезiнде өлгендердiң мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлағаны (314-баптың екiншi бөлiгi) және көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіргені (350-бап) үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген жасқа толған болса, бiрақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, сенiміне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына, тұрғылықты жерiне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.
16-бап. Есi дұрыс еместiк
1. Осы Кодексте көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.
17-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаған не оларға ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жай ретiнде есепке алады және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады.
18-бап. Масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
Алкогольдi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
19-бап. Кiнә
1. Адам өзінің кiнәсi анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері (әрекеттері немесе әрекетсіздігі) және оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Объективтi айып тағуға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi.
3. Іс-әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылық үшін кiнәлi деп танылады.
4. Абайсызда жасалған іс-әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
20-бап. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Тiкелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн немесе болмай қоймайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей пиғылмен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болу мүмкiндігiн алдын ала болжап білген болса, осы зардаптардың орын алуын қаламаса да, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама пиғылмен жасалған деп танылады.
21-бап. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық
1. Менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз жеңiлтектікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.
3. Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi зардаптар туғызу мүмкiндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиістi ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлылықпен жасалған деп танылады.
22-бап. Кiнәнiң екi нысанымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылық
Егер қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде заң бойынша неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғатын және адамның пиғылында болмаған ауыр зардаптар келтiрiлсе, мұндай зардаптар үшiн қылмыстық жауаптылық, егер адам олардың туындау мүмкiндігін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiздерсiз менмендiкпен оларды болдырмауға болады деп есептеген немесе егер адам бұл зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжап білмеген, бiрақ алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болған жағдайларда ғана туындайды. Тұтас алғанда, мұндай қылмыстық құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.
23-бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру
1. Егер әрекеттерді (әрекетсiздiкті) және қоғамға қауiптi туындаған зардаптарды жасаған адамның пиғылында болмаған болса, ал мұндай іс-әрекетті абайсызда жасағаны және қоғамға қауiптi зардаптар келтiргенi үшiн осы Кодексте қылмыстық жауаптылық көзделмесе, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
2. Егер іс-әрекет жасаған адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптiлiгiн ұғынбаған болса және iстiң мән-жайлары бойынша ұғына алмаған болса не қоғамға қауіпті зардаптардың туындауы мүмкiн екенiн алдын ала болжап білмеген болса және iстiң мән-жайлары бойынша оларды алдын ала болжап білуге тиiс болмаса немесе біле алмаған болса, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады. Егер іс-әрекет жасаған кезде қоғамға қауiптi зардаптардың туындауын алдын ала болжап білген адам бұған жеткiлiктi негiздерде оларды болғызбауға болады деп есептеген болса не өзiнiң психикалық-физиологиялық қасиеттерiнiң қысылтаяң жағдайлар талаптарына немесе жүйке-психикалық ауыртпалықтарға сәйкес келмеуi салдарынан осы зардаптарды болғызбауға шамасы келмеген болса да, іс-әрекет кінәсіздікпен жасалған деп танылады.
24-бап. Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу
1. Тікелей пиғылмен жасалған, қылмыс құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды iздестiру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыс адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа дайындалу деп танылады.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
3. Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады.
4. Ауырлығы орташа қылмысқа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
5. Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмысқа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасала отырып туындайды.
25-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық
Егер адам жасаған іс-әрекетте осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады.
26-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту
1. Адамның дайындалу әрекеттерiн тоқтатуы не осы іс-әрекетті жасауға тiкелей бағытталған әрекеттердi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам оны ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы іс-әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және біржолата бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам, егер оның іс жүзінде жасаған іс-әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана, қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы және оған айдап салушы мемлекеттiк органдарға хабарлауымен немесе өзге де қолданылған шараларымен орындаушының осы құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, бұл адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күні бұрын уәде берген жәрдемінен бас тартса немесе көрсетiлген көмектiң салдарын жойса, көмектесушi қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмауға әкеп соқпаса, онда олардың қолданған шараларын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.
27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымы
Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады.
28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi
1. Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушi орындаушымен бірге қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен
қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам,
сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың жауаптылығы
1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көрсетілген, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген іс-әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не көмектесуші ретiнде қылмыстық жауаптылықта болады.
30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушының шектен шығуы
Сыбайлас қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа да сыбайлас қатысушылардың пиғылында болмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Оның шектен шыққаны үшiн басқа сыбайлас қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
31-бап. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға екi немесе одан да көп орындаушы алдын ала сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында болған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
32-бап. Қажеттi қорғаныс
1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады.