Кіршік жоҚ біраҚ ойымда

Өтті күндер, өтті айлар

Отырғалы тергеуде.

Айтылса да не жайлар,

Ақтығыма сенбеуде.

Тергеу орны қайтсе де

Болса да етпек айыпты.

«Контр» деген, әйтсе де,

Ат емес маған лайықты.

Демеймін, рас, кристалл ем,

Ақ қанатты періште.

Кір жұқтырмас кісі де кем,

Араласса әр іске.

Бар да шығар бойымда

Кей кемшілік, қателік.

Кіршік жоқ бірақ ойымда,

Көрсең де дүрбі әкеліп.

ЖАМБАСЫМА СЫЗ БАТЫП

Жамбасыма сыз батып,

Жай болғалы абақты,

Талай рет күн батып,

Талай рет таң атты.

Күні-түні сарылып,

Тергеуші алар жауапты.

Тыныс талай тарылып,

Жедім талай таяқты.

Жатыр стол үстінде

Қалың-қалың папкалар.

Менің көзім «түссін» деп,

Қасақана ақтарар.

– «Ананы айт!», «Мынаны айт!»

«Белесің бе пәленді?»

«Белгілі бізге барлық жайт,

Тілемейміз дәлелді!»

«Жақын деген жолдасың

Куә боп өзі-ақ келеді.

Қорғау үшін өз басын,

Қаралап сені береді».

«Керек болса, куәні

Ата-анаңнан тартамыз,

Қайтсек-тағы кінәні,

Мойыныңа артамыз».

«Қысып алсақ оңаша,

Куә болар әйелің.

Саған түсер араша

Бар артыңда қай елің?!» –

Дейді-дағы тергеуші

Үстіме келіп төнеді.

Қорлайды әлі келгенше,

Жеткенше тілі сөгеді.

АРТЫМДА БАР ЕЛ-ЖҰРТЫМ

Жалған куә, жасанды

Қылмыстармен айыптап,

Бердің қатал жазаңды,

Нағыз жауға лайықтап.

Есіңде болсын бірақ та,

Торғай емес, бүркітпін.

Кетпессің сен де ұзаққа,

Төлерсің құнын бүркіттің.

Бүркіт те емес жабайы,

Мен де адамның баласы.

Адам қаны оңай ма?!

Қымбатқа түсер бағасы.

Адам да емес жай ғана,

Ұлы Отанның ұлымын.

Оңайлықпен қай ана

Өлімге қияр құлынын?!

Жою мені, жігітім,

Түспес, сірә, тегінге.

Артымда бар ел-жұртым

Жоқтайтұғын менің де!

ОШ АЛМАТЫМ!

Қош, Алматым, алтын таулы астанам,

Аттандым, мен алыс, ауыр сапарға.

Мен едім ғой сенің албырт жас балаң,

Тәрбиелеп, қосқан өзің қатарға.

Жастыққа тән аңғал, ашық көңілмен

Келгенімде арсалаңдап алдыңа,

Таныстырдың қатал, ащы өмірмен,

Салдың отқа, салдың темір талқыға.

Ақыл айтып, білім беріп сен маған,

Ұлы өмірге аштың анық көзімді.

Сенің үлкен кең залыңнан қармағам

Терең ой мен оттай ыстық сезімді.

Тартып талай сенде сүю күйігін,

Махаббатпен жүрегімді жандырдым.

Сол кездегі жас жүректің сүюін

Қызыл гүл қып бақтарыңда қалдырдым.

Тербеледі Күндей қызыл байрағың,

Жел соға ма самал әлде есе ме...

Ол – ту емес, менің жастық қайратым,

Жалау етіп қадап кеткен көшеңе.

Таң алдында сайрар бұлбұл бақшада,

Аңсап оның шешек атар гүлдерін.

Қалды дей бер менің жырым нақ сонда,

Қалды дей бер менің сонда үндерім.

Көз жасымды аққан талай жазықсыз

Бұлақ етіп арығыңды ағыздым.

Жас денемнен шыққан қанды парықсыз

Тас көшеңе тамшылатып тамыздым.

Асыл арман, ғажап қиял мендегі

Қанат берген ұшқыр, отты өлеңге.

Менімен бірге қоса айдалып келмеді,

Ақша бұлт боп қалды сенің төбеңде.

Қалды бәрі – бақыт, байлық, дәреже,

Жарым, балам, достарым да сүйікті.

Өзіңменен алмадым тек мен дәнеңе,

Ала кеттім тек үміт пен күйікті.

Қош, Алматым, алтын таулы астанам,

Аттандым мен алыс, ауыр сапарға.

Қайда жүрсем сені есімнен тастаман,

Қосылармын я қосылман қатарға.

ИНАЙДЫ СОЛАР ЖАНЫМДЫ

Ойламаймын анамды,

Ойламаймын жарымды.

Ойлаймын екі баламды,

Қинайды солар жанымды.

Ата-анамның менен де

Бар еді басқа ұлдары.

Келмеймін бе, келем бе,

Емес-ті маған тым зәру.

Жарым да қалмас далада,

Ауылда көп ед жігіттер.

Қосылар бір адамға,

Болса өзі үміткер.

Балама менің бірақ та

Әке қайдан табылар, –

Аумаған өзім сияқты

Жүрегі бар, жаны бар?!

Анада болар бірнеше ұл,

Бірнеше еркек әйелде.

Екі әкесі болған бір

Баланы көрдің қай елде?!

Рас, қамқоршы бір үкімет,

Бар қоғамдық мекеме.

Бірақ, достар, ғафу ет,

Әкеге олар жете ме?!

Берер киім, берер ас,

Берер үйін, пәтерін,

Әйтсе де олар бере алмас

Айналғанын әкенің!

Жүргенде өзім қамшы жеп,

Артымда қалған балақан:

«Әкешім, мені алшы!» – деп,

Жайғандай маған алақан.

Қамқорлық жасар аталық,

Болмай ешбір дәрменім,

Қасірет, қайғы, қапалық,

Көз жасым – әлім келгенім.

АРМАН

Жоғалттым, достар, бүгін мен

Қолдағы ырыс, байлықты.

Оларға бірақ өкінбен,

Байлықтан жүрек шайлықты.

Жоғалттым, достар, бүгін мен

Дәреже, қызмет, мансапты.

Оған да бірақ өкінбен,

Ақымақ боп оны аңсаппын.

Жоғалттым, достар, бүгін мен

Абырой, бедел, атақты.

Оған да бірақ өкінбен,

Атақтан көргем шатақты.

Өкінем тек қалғанға,

Азаттықтан айрылып.

Сол үшін мен арманда,

Сол үшін жүрмін қайғырып.

Наши рекомендации