Бір тҮйір бір телекеш тауып шекер
Бір түйір бер, Телекеш, тауып шекер,
Шекерсіз шайды, асылы, ішу бекер.
Қатынас қалайда да қылу керек,
Кең ойлы кездескен соң біздей екі ер.
Қазанда қалайда да хан сияқты,
Біз саған әрі қонақ, әрі нөкер.
Болмаса үкіметтің берген наны,
Жоқ боп тұр ылаждайтын тіпте ілекер.
***
Тоқбике тапсырды осы жазған хатты,
Жабықпа жүргізіп тұра арба, атты.
Кеңестің кеңдігінен көп үмітім,
Етер деп, Иншалла, марқабатты.
Екеуміз бір төсекке бас қойғалы,
Болып ек бір-біреуге балдан тәтті.
Сондықтан, сасқалақтап қалғандығың,
Қалайда қабырғама қатаң батты.
Отырса ұл менен қыз оң, солында,
Жатар ем күйінбей-ақ керіп шатты.
1930 жыл
***
Туысқан бізден ақпар жар мен досқа,
Аман-сау барсыңдар ма, уақыт қош па?
Қамалып Қармақшының түрмесіне,
Отырмын «Бұл қалай?» деп бостан-босқа.
Ой шіркін олай, бұлай ойқастайды,
Балықтай басы айналып болған жоспа.
Сендерге сол себептен сәлем жазып,
Жібердім Тоқбикені етіп пошта.
Беріңдер қалай-дағы ақыл тауып,
Бірігіп бір-біріңмен басты қос та.
1930 жыл, Қармақшы
***
Саламат отырмысың, жаным кемпір,
Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.
Онда да уайымдап үміт үзбей,
Өзіңді өте бағып бапқа келтір.
Кеңестің кеңшілігін күтіп күн-түн,
Тұтқынның тілегінде талай ер тұр.
Қауышып қалайда да қуанармыз,
Деп қойса: «Үй-ішіңмен енді тең тұр».
1930 жыл
***
Осыдан ел-жұртыма барсам аман,
Қуанып, күлсе бәрі көрген заман.
Кеулімнен кетер еді-ау ұмытылып,
Осындай өткен күндер өте жаман.
Қалайда Қадір Алла қылып ең ғой,
Талайын тарыққанның баққан маман.
Менің де мақсатымды беріп тегіс,
Атақты асқар тау қыл, аумас табан.
Тас тиіп тұмсығына, тұра қашсын,
Қорқылдап келгенменен небір қабан.
Көбіне қазынаңның көз жеткен соң,
Қол қоймай, тұрайын ба тартып шабан?
Гауһар, дүр көтергісіз кетпей алып,
Қайтуым қатты ұят қой қаптап сабан.
Ұзамай осындайша болуыма,
Жалпы өткен жар бола бер, ата-бабам!
1930 жыл
***
Құтқарып қиындықтың тұзағынан,
Бақ, дәулет беріп енді ұзағынан.
Көркейтіп күннен-күнге көңлімді, Алла,
Кеңдіктің көрсет айын бұл жағынан.
Халық біткен қағып таңдай таңырқасын,
Кеткендей бір жолбарыс бұзамынан.
Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Шықсам да шариғаттың нызамынан.
Үміт бер өтеп айыбымды дереу деген,
Күжімдей тола өсіп озамынан.
***
Болыңдар, балаларым, сау-саламат,
Тоқылып, тайды, атаңа бір мәләмәт.
Кешігіп, кеткенімнен, қала қойсам,
Сендерге тапсыратын бұл аманат!
Анаңның алғысын ал, күтіп таза,
Етпеңдер едіреңдеп, асылы, наза.
Жағдайы, жүз айтқанмен, жоқ қой менсіз,
Ас, суда болмағандай тұзсыз маза.
Қалмасам бұл қатардан кетіп қашық,
Тұрыңдар қатынасып, хабарласып.
Өздерің есен-аман боп тұрсаңдар,
Несіне мұңаяйын мұның сасып.
Етсеңдер осыны, жоқ сендерге өкпем,
Ұлы той – қайғы, уайым көрген көппен.
Қалармыз қалайда да ұшырасып,
Теріп жеп тұз бен дәмді Тәңірім сепкен.
***
Өтіндің өлең бер деп маған, інім,
Тіліңді неге алмасын ағаң, інім?
Ағысы тасты аударып кететұғын,
Бұрында болғанменен саған, інім.
Бұл күнде қамшы кесті кер бедеудей,
Баяулап, болып жүрмін шабан, інім.
Болғанмен аң құтқармас анық тұлпар,
Жегені жемсіз ылғи сабан, інім.
Қаптаған қалың топтан қыра оза,
Қалайша қағып тізгін шабады, інім.
Ойланып онда-дағы осы ретте,
Көп емес, берейін сөз шамалы, інім.
Жаңылмай жақсы түрде жаттап алып,
Етерсің аз да болса амал, інім.
Үйренсең үлгі, өнеге үлкендерден,
Бұзарсың қақармандай қамал, інім.
Өзіме өз ақылым болады деп,
Жүргендер тапқан емес қамал, інім.
Тасқындай тауды, тасты тыңдамайтын,
Жетерсің талабыңа тамам інім.
Зейілімнің жетіспеген жері болса,
Дей көрме: «бұл айтқаның жаман», – інім.
Өзіме оны әкеліп оқыттырсаң,
Дәлелін неше түрлі табам, інім.
Қалайда халық құмарын қандырайын,
Кеулінде бар ағаңның, сабан білім!
***
Уаштың Бабай ұлы білдім сырын,
Жүретін жігіт екен жүдә қырын.
Көтеріп кеуіліңді, күле қарап,
Отыру оған арам сөйлеп шырын.
Жылатып бір жас қызды, басып, шөгіп,
Етіпті іш киімін жырым-жырым.
Қайратым қатын, қызға сондайша деп,
Мақтанып көтерді көкке мұрын.
Бәрі де есіткеннің ішін тартып,
Бүрсійтті «Бұл несі?» – деп, беттің нұры.
Көсемнің Лениндей арқасында,
Емес пе еді ұмытылған ондай ырым?
«Осы ісің өте ұят болды», – десем,
Суытып, сұстанады маған түрін.
Ақымаққа асы құрлы болмайды ғой,
Қайткенмен көз қызығар гауһар, дүрің.
Ұрысып оныменен жатайын ба,
Жалбақтап, жалынам да күні бұрын.
Отырам үндеместен төмен қарай,
Қайнына күйеулердей келген ұрын.
***
Қойыңдар көтертпей-ақ тастарыңды,
«Болад», – деп, изесіңдер бастарыңды.
Келгелі кеші-күндіз күліп, ойнап,
Ішіп, жеп отырған соң астарыңды,
Келмейді, келсе шама, өкпелеткім,
Үрпиіп, үріккен қойдай шаштарыңды.
Тигендей төбем көкке болып қалад,
Қойсаңдар қағып қыздай қастарыңды.
ЖҮСІПБАЙҒА
Қадірден хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы терең, тілі майда.
Сонда да себебі не, сөйлеші өзің,
Қинадың: «Қиял жаз!» – деп қысаң жайда?
Тұтылып түтін менен тозаң, шаңға,
Көрмей тұр кірбің тартып кеуіл айла.
Қарғаша қалайда да қарқылдамай,
Бағыңа, бұлбұл болсаң, қонып сайра.
Болып тұр би мен болыс, бай мен құлақ,
Қояндай құстан қорқып жатқан сайда.
Қара нан қарны ашқан соң қанттай болды,
Жандарға жақпайтұғын ет пен шай да.
«Кейіні кеніш – реніштің» деген сөз бар,
Қайбірің қапаланбай, шүкір ойла.
Айтылған өтінішің орындалар,
Болатын бола қойсақ бұл маңайда.
«Бостандық тұтқындарға тиер-ау» деп,
Үмиттар үлкен-кіші осы айда.
Жаратқан жоқтан бар ғып жұмла жайды,
Қайткенмен іс тетігі бір Құдайда!
Көрсетер кеңшілігін кешікпей-ақ,
Жат-жұртым сабыр етіп, соғып шайла.
Қарасақ қалыбында, қайбір халық,
Болғанмен бүліншілік бұл крайда.
Дегенге дәуір келіп, ұшырармыз,
Бұзылған құралыңды қайта сайла.
Ойға алған арманыңның бітуіне,
Тілектес жар-досыңбыз жүрсең қайда.
Көркейтсе кеуіліңді Алла, ғажап емес,
Бағыңа бір топ шынар етіп пайда,
Болмайды игіліктің ерте-кеші,
Беліңді, босаңсымай, берік байла.
Дұғасы досқа достың қабыл болып,
Боларсың қуанышта әр қалайда.
Деп молла Тұрмағамбет қолын қойды,
Ала бер аттай көріп берсем тай да.
1931 жыл