Бап. Билiктi асыра пайдалану 8 страница
2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
81-бап. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi
1. Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлерi:
1) белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
2) айыппұл;
3) түзеу жұмыстары;
4) қоғамдық жұмыстарға тарту;
5) бас бостандығын шектеу;
6) бас бостандығынан айыру болып табылады.
2. Кәмелетке толмағандарға белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
3. Айыппұл кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндiрiп алуға жарайтын мүлкi болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептiк көрсеткiштің оннан екі жүз елуге дейiнгi мөлшерінде тағайындалады.
4. Түзеу жұмыстары дербес табысы немесе өзге тұрақты кірісі бар кәмелетке толмағандарға айлық есептік көрсеткіштің оннан екі жүз елуге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
5. Қоғамдық жұмыстарға тарту қырық сағаттан бір жүз елу сағатқа дейiнгi мерзiмге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетiн жұмыстарды орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негiзгi жұмысынан бос уақытында орындайды. Он алты жасқа дейінгі адамдардың бұл жаза түрiн орындау ұзақтығы - күнiне екi сағаттан, ал он алтыдан он сегiз жасқа дейiнгi адамдар үшiн күнiне үш сағаттан аспауы керек.
6. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығын шектеу - екi жылға дейiнгi мерзiмге, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру жағдайында жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне тағайындалады.
7. Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру - он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiргенi немесе терроризм актісі үшiн не қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiреуi ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтiру немесе терроризм болып табылатын олардың жиынтығы бойынша он екi жылдан аспайтын мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Онша ауыр емес қылмыс немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
8. Кәмелетке толмаған сотталған адамдар бас бостандығынан айыруды:
1) бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған еркек жынысты кәмелетке толмағандар, сондай-ақ әйел жынысты кәмелетке
толмағандар - жалпы режимдегi тәрбиелеу колонияларында;
2) бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген еркек жынысты кәмелетке толмағандар - күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларында өтейдi.
9. Іс-әрекеттің сипатына және қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне, кiнәлi адамның жеке басына және істің өзге де мән-жайларына қарай сот қабылданған шешiмнiң уәждерін көрсете отырып, еркек жынысты кәмелетке толмаған сотталған адамның бас бостандығынан айыруды жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеуiн тағайындауы мүмкiн.
10. Сот жазаны орындаушы органға кәмелетке толмаған сотталған адаммен қарым-қатынас кезiнде оның жеке басының белгiлi бiр ерекшелiктерiн ескеру туралы нұсқау беруi мүмкiн.
82-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау
1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде, осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
83-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату
1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қол жеткiзуге болады деп танылса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
3. Қазаға ұшыратумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот, осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
84-бап. Тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
1) ескерту;
2) ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;
3) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу;
5) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;
6) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу;
7) пробациялық бақылау белгілеу.
2. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар бiрнеше мәжбүрлеу шарасы бiр мезгiлде тағайындалуы мүмкiн.
85-бап. Тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны және оларды қолдану мерзімдері
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы және оның тиістi еңбек дағдыларының болуы ескеріле отырып жүктеледі.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құралын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттiк органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға бiлiм беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттiк органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.
5. Алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды сот қасақана ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамға тағайындауы мүмкін. Аталған ұйымдарда болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ егер түзетудi қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттiк органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген түйінге келсе, мерзiмінен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм өткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы бiлiм беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғаннан аспауы керек.
7. Кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуының тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Кәмелетке толмаған адам келтірген зияны үшін жәбірленушіден өзі кешірім сұрайды.
9. Пробациялық бақылау осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
10. Осы Кодекстің 84-бабы бірінші бөлігінің 2) және 4) тармақтарында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзімі қылмыстық теріс қылық жасаған кезде - ұзақтығы алты айға дейін, онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде - алты айдан бір жылға дейін, ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде - бір жылдан екі жылға дейін және ауыр қылмыс жасаған кезде екі жылдан үш жылға дейін белгіленеді.
11. Кәмелетке толмаған адам тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасын бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қасақана орындамаған жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот бұл шараның күшін жояды және материалдар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.
86-бап. Кәмелетке толмағандарды жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату
1. Кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға, бас бостандығын шектеуге немесе түзеу жұмыстарына сотталған адамдар, оларда жазаны өтеудің немесе орындаудың белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық болмаған жағдайда:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң немесе мөлшерінің кемiнде төрттен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің немесе мөлшерінің кемiнде үштен бiрiн;
3) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
4) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің кемiнде үштен екiсiн іс жүзінде өтегеннен немесе орындағаннан кейiн шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға жатады.
2. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам пробациялық бақылау мерзімі ішінде абайсызда қылмыс, қасақана қылмыстық теріс қылық немесе қасақана онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайларда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою немесе оны күшінде қалдыру туралы мәселенi жаңа қылмыс үшін жаза тағайындау кезiнде сот шешедi. Егер сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жойса, жаза үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындалады.
3. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам пробациялық бақылау мерзімі ішінде қасақана ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, сот шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жояды және жазаны үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша тағайындайды.
87-бап. Кәмелетке толмағандарға жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру
1. Кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамдарға, сот оларда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық болмаған кезде, жазаның қалған өтелмеген бөлігін:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде бестен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің төрттен бiрiн;
3) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң үштен бірін;
4) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің жартысын іс жүзінде өтегеннен кейiн бас бостандығын шектеуге ауыстыруы мүмкiн.
2. Жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру кәмелетке толмаған жаста қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қолданылуы мүмкін.
88-бап. Ескіру мерзімдері
Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазаны өтеуден босату кезiнде қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімдері тең жартысына қысқартылады.
89-бап. Сотталғандықты жою мерзiмдерi
Он сегiз жасқа толғанға дейiн қылмыс жасаған адамдар үшiн осы Кодекстің 79-бабында көзделген сотталғандықты жою мерзiмдерi қысқартылады және олар тиiсiнше:
1) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiн өтегеннен кейiн - төрт айға;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн - бiр жылға;
3) ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн - екі жылға;
4) аса ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн үш жылға тең болады.
90-бап. Осы бөлiмнiң ережелерiн он сегiзден жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға қолдану
Он сегiз бен жиырма бір жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға жасаған іс-әрекетiнiң сипатын және жеке басын ескере отырып, сот айрықша жағдайларда, оларды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды қоспағанда, осы бөлiмнiң ережелерiн қолдана алады.
7-БӨЛІМ. МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
91-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану негiздерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын:
1) есi дұрыс емес күйде осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген іс-әрекеттердi жасаған;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасы жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай бұзылған;
3) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнде және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалады.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген және өзiнiң психикалық жай-күйі бойынша қауiп төндірмейтін адамдарға қатысты сот осы адамдарды емдеу немесе оларды психоневрологиялық ұйымдарға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.
92-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсаттары
Осы Кодекстiң 91-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жай-күйін жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген жаңа іс-әрекеттердi жасауының алдын алу медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.
93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi
1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мынадай түрлерiн:
1) амбулаториялық мәжбүрлеп байқауды және психиатрда емдеуді;
2) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;
3) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;
4) интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді тағайындауы мүмкiн.
2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн сотталған, бiрақ алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емдеудi не есiнің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуынан емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
94-бап. Амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу
Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастыруды қажет етпесе, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн.
95-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу
1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және байқаудың осындай шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн.
2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен байқауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi байқауды талап етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
4. Интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа да адамдарға айрықша қауiп төндіретін және ұдайы әрі интенсивтi байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.
96-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту, өзгерту және тоқтату
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзартуды, өзгертудi және тоқтатуды психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынуы бойынша сот жүзеге асырады.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалған адам сотқа осындай шараны тоқтату туралы немесе өзгерту туралы ұсыныс енгiзу үшiн негiздердiң бар екенi жөнiндегi мәселенi шешу үшiн кемiнде алты айда бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясында куәландырылып отыруға жатады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгi мәжбүрлеп емдеудi ұзарту үшiн сотқа қорытынды бередi. Мәжбүрлеп емдеудi бiрiншi ұзарту емдеу басталған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн, мәжбүрлеп емдеудi одан кейiн ұзарту жыл сайын жүргiзiледi.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдануда қажеттілік болмай қалған не медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындауда қажеттілік туындаған кезде сот жүзеге асырады.
4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда, сот мәжбүрлеп емдеуде болған адамға қатысты қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психоневрологиялық ұйымға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.
97-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғаннан кейiн жаза тағайындау
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу уақытында өзінің әрекеттерi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен ауырған адамға, егер ескіру мерзімі өтіп кетпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшін негiздер болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот оған жаза қолдана алады.
2. Психикасының бұзылуы қылмыс жасағаннан кейiн басталған адам емделген жағдайда, жаза тағайындау немесе оны орындауды қайта бастау кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт бас бостандығынан айырудың бiр күнi үшін не қамаққа алудың бір күні үшін психиатриялық стационарда болған бiр күн есебiмен жаза мерзiмiне есептеледi.
98-бап. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары
1. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 3) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары - бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлерiне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.
2. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 4) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары - бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.