Жарылыс және өрт қауіптілігі бойынша бөлмелердің топтасуы
Автокөлік және басқа кәсіпорындарында өрт қауіпті жанғыш материалдар кеңінен пайдаланылады (бензин, керосин, майлар, бояулар, еріткіштер, ағаш т.б.). Сондықтан барлық өндіріс бөлмелері қолданылатын өрт қауіпті заттардың сипаттамасы мен мөлшеріне қарай жарылыс және өрт қауіптілігі бойынша бес категорияға бөлінеді: А, Б, В, Г, Д (ОНТП 24-86).
4.1-сурет. Өртке қарсы қабырғалар – брандмауэр (а) және өртке қарсы аймақ (б): 1-көлдеңен брандмауэр; 2-көлбей брандмауэр; 3-өрт көпірі; 4-су пердесі; 5-өртке қарсы аймақ.
1. А категориясына жарылыс - өрт қауіпті бөлмелер жатады. Оларда:
- от алу температурасы 28оС жоғары емес жанғыш газдардың, тез тұтанғыш сұйықтардың мөлшері сондай, олардың жарылыс қауіпті бу – газ – ауа қоспалары пайда болып, тұтанған жағдайда бөлме ішінде жарылыстың есептелген артық қысымы 5 кПа асатын болады;
- сумен, ауа оттегісімен не бірімен бірі әрекеттескенде жарылатын және жанатын мүмкіншілігі бар заттар мен материалдардың мөлшері сондай, бөлме ішінде жарылыстың есептелген артық қысымы 5 кПа асатын болады.
Автокөлік кәсіпорындарында бұл категорияға мынандай бөлмелер жатады: аккумуляторды зарядтайтын және сақтайтын бөлме, сырлайтын және бояулар дайындайтын бөлімше, газ генератор және ацетилен бөлмесі, сыр-бояу материалдары, жанатын (отын) және майлайтын майлар қоймалары тағы сол сияқты.
2. Б категориясына жарылыс-өрт қауіпті бөлмелер жатады. Оларда жанатын шаңдардың немесе талшықтардың, от алу температурасын 28оС жоғары тез тұтанғыш сұйықтардың мөлшері сондай, олардың жарылыс қауіпті шаң – ауа немесе бу – ауа қоспалары пайда болып, тұтанған кезде бөлме ішінде жарылыстан есептелген артық қысымы 5 кПа асатындай болады.
АКК көлемінде бұларға жатады: сырлайтын және сыр дайындайтын бөлімше; от алу температурасы 28оС жоғары бояу материалдар, жанатын және майлайтын майлар қоймалары; жанғыш газдар және оттек баллондар қоймасы; жанатын тозаңы бар цехтар т.с.с.
3. В категориясына өрт қауіпті бөлмелер жатады. Оларда А және Б категорияларына жатпайтын сумен, ауа оттегісімен не бірімен-бірі әрекеттескенде тек қана жанатын мүмкіншілігі бар тез тұтанғыш, жанғыш және баяу жанғыш сұйықтар, жанғыш және баяу жанғыш қатты заттар мен материалдар болады.
АКК жағдайында бұларға жатады: ағаш өндейтін, обой жөндейтін, шинаны вулканизациялап жөндейтін цехтар; автомобильдерді қоятын, күту және жөндейтін зоналар; көмір, резеңке, химикат, көмекші және майлайтын материалдар қоймалары т.б.
4. Г категориясына өрт қауіпті бөлмелер жатады. Оларда:
- ыстық, қызған немесе балқыған күйде өндеу процесі сәулелі жылу, ұшқындар және жалын шығуымен болатын жанбайтын заттар мен материалдар бар болады;
- жағатын отын ретінде пайдаланылатын жанғыш газдар, сұйықтар және қатты заттар бар болады.
АКК – да бұларға жатады: ұста, пісіру, мыстау учаскелері, котельная, двигательді сынау станциясы т.б.
5. Д категориясына өрт қауіпсіз бөлмелер жатады. Оларда салқын күйде пайдаланылатын жанбайтын заттар мен материалдар болады.
АКК көлемінде бұларға жатады: автомобильдерді жуу бөлмесі, слесарьлық, механикалық, агрегаттық және қаңылтырлық учаскелері; компрессор бөлмесі; двигатель, агрегат, запас бөлшектер, темірлер қоймалары т.б.
Кәсіпорындарды жобалау барысында өрт қауіптілік категориясы салынатын үйлердің қажетті отқа төзімділік дәрежесін және олардың қабаттылығын (этаждылығын) анықтау үшін ең басты фактор болып есептеледі.