Топырақтың жіктелуі

Дәріс

Тақырыбы: Топырақтың жіктелуі

Дәрістің мақсаты:топырақтың жіктелуі туралы толық мағлұматпен таныстыру.

Қарастырылатын сұрақтар:

1.Топырақтың жіктелуі

2.Әлемнің биік таулы топырақтары

3. Қазақстан және ТМД елдерінің топырақтары және оларды тиімді пайдалану жолдары

Топырақтың жіктелуі

Топырақтар табиғи әрі тарихи дене болғандықтан, оларды біліп, түсіну, тиімді пайдалану үшін бір ретке келтіріп жүйелеу қажет. Мұны топырақты жүйелеу деп атайды. Топырақты жүйелеу жұмыстарының күрделілігі сол - ол жүйеленуге тиісті топырақтардың барлық қасиеттерін, олардың пайда болып, түзілу құбылыстарын, топырақ түзуші факторлардың тигізетін әсерлерін, адам қоғамының әсерін, яғни табиғи-тарихи әдістерді қолдану қажет. Топырақтардағы кездесетін кешенді белгілерін тауып, солар арқылы оларды әр түрлі деңгейдегі таксономиялық өлшемдерге бөлу қажет. Топырақтың қасиеттері мен кейбір белгілері тұрақты және өзгеріп тұратын қасиеттер мен белгілерге бөлінеді. Мәселе оларды жүйелеген кездерде оның қасиеттері мен белгілерін ажырата білу қажет. Сонымен қатар топырақтардың өздерінің одан да күрделі және жоғарғы комплекс - ландшафтардың бір бөлігі екенін ескерген жөн. Осыған байланысты топырақтардың көптеген қасиеттерінің өздері оның геохимиялық байланысқан ландшафтарының қай бөліктеріне орналасуымен анықталынатыны түсінікті. Бұл жағдайлардың барлығын ескеріп, қамту өте күрделі мәселе. Әлемде осы күнге шейін топырақтардың барлық жағдайларын ескеріп, үйлесімді жасалған классификациясы (жүйелеуі) жоқ. Әр ел (мәселен бұрынғы Кеңестер Одағы, француздар, американдықтар, канадалықтар, австралиялықтар т.б.) өзінше бұл мәселемен шұғылдануда.

Топырақтану ғылымның негізін қалаған В.В.Докучаев болғандықтан, топырақтарды жүйелеу де Ресейде дұрыс жолға қойылғандығын дүние жүзі ғалымдары мойындайды. Сондықтан да біз 1886 жылы В.В.Докучаев жасаған топырақтарды классификациялау принциптерін келтіреміз. Топырақты классификациялаудағы негізгі такосномиялық өлшеміне топырақ типін қабылдап, жалпы барлық топырақтарды ол 3 топқа бөлді:

1 топ. Қалыпты зоналық топырақтар: А - құрғақ шөпті топырақтар, оларға төмендегідей 5 топырақ типтері кіреді: а) терістік ашық сұр күлгін; б) орманның сұр топырақтары; в) қара топырақтар; г) қара қоңыр топырақтар; д) құба сортаңдау топырақтар, әрі қарай әр тип механикалық құрамдарына қарай бөлінді. Б - құрғақ-батпақты топырақтар - су жайылмаған шалғындардың қышқыл топырақтары, В - батпақты топырақтар-шымтезектер, тундра топырақтары.

2 топ. Өтпелі топырақтар: А - шайылған топырақтар, Б - жер бетіне төселінген топырақтар.

3 топ. Қалыпсыз топырақтар: төселінген, өзен мен көлдер аллювилері, жел үйінділері.

Докучаевтың топырақ типі - топырақтарды жүйелеудегі негізгі өлшем болып қалды. Алайда олардың сандары әр заманда әр түрлі өзгерістерге ұшырауда. В.В.Докучаевтен соң топырақ жүйелеудегі мәселелерімен көптеген оның шәкірттері: Н.М.Сибирцев, П.С.Коссович, К.Д.Глинка, К.К.Гедройц, С.А.Захаров, А.Н.Сабанин, С.С.Неуструев, Б.Б.Полынов т.б. шұғылданды.

Кеңестік заманда бүкіл еліміздің топырақтарының ресми жүйесі болып КСРО-ның Ғылым академиясының В.В.Докучаев атындағы Топырақтану институтының ғалымдары профессорлар Е.Н.Иванова, Н.Н.Розов басқарған комиссия мүшелері 1960 жылдары бекіткен жаңа жүйе есептелінеді.(1965-1967) Осы жүйе бойынша топырақты жүйелеудегі негізгі өлшем сол күйінде - «топырақ типің болып В.В.Докучаев термині қалды. КСРО Ғылым академиясы В.В.Докучаев атындағы Топырақтану институтының директоры болған академик Л.И.Прасоловтың анықтауы бойынша топырақтың бір типіне жату үшін олар төмендегідей бір тектес жалпы белгілерге ие болуы қажет: 1) органикалық заттардың біртектес түсіп, өзгерістерге ұшырауы, ыдырауы; 2) минералды заттардың біртектес комплексті үгілу процестеріне ұшырауы, олармен органо-минералдық түзілістердің біртектес түзілуі (синтезделуі); 3) заттардың жылжуы мен шоғырлануының біртектес болуы; 4) топырақ пішіні құрамының біртектес болуы, яғни негізгі қабаттарының құрамының біркелкі болуы; 5) топырақтың құнарын сақтап және оны арттыру шараларының бір бағытта болуы.

Топырақтар типі негізгі топырақ түзілу процестеріне қосымша өткен кезеңнен қалған айрықша белгілері бар топырақ типшелеріне, яғни топырақ зонасы топырақтың кіші-гірім зоналарына - зонашаларына бөлінеді.

Топырақ типшесі, яғни зонашалары топырақ жақындастығына, туыстығына (род) қарай бөлінеді. Топырақ жақындастығы негізінен оның пішінінің сапалық ерекшеліктеріне тән. Бұл жағдай топырақ түзуші аналық жыныстардың химиялық құрамына (сортаңды, карбонатты т.б.) немесе топырақ түзілудің өткен кезеңдерінен қалған кейбір белгілеріне байланысты болуы мүмкін.

Топырақ жақындастығы топырақ түрлеріне бөлінеді. Бұл көбіне топырақтағы негізгі процестердің даму деңгейіне байланысты. Топырақ қабаттарының қалыңдығы, органикалық және минералдық заттардың топырақта жиналу белсенділігіне, қарашірінді, карбонаттар, тез ерігіш тұздар, күлгінді және гумусты қабаттардың қалыңдығына қарай бөлінеді. Мысалы, шамалы, орташа және қатты күлгінді, шамалы, орташа немесе қатты сорланған. Ал қаратопырақтар: қалың қабатты, орташа және жұқа қабатты т.б. болып бөлінеді.

Топырақтың әр түрлілігі негізінен олардың механикалық құрамына байланысты: құмды, құмдақ, сазды, балшықты т.б. болып келуіне қарай ажыратылады. Мәселен жаңа игерілген, жоғары мәдениленген, эрозияға шамалы немесе қатты шалдыққан т.б.

Наши рекомендации