Ан кетудің жіктелуі.
Ан кету.
Қан тамырларының бүтін қалпының бұзылуына байланысты қан сұйығының ағуын қан кету, - деп айтады. Қан ағу көбінесе жарақатқа байланысты. Ол науқас өлімінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Қан ағу тек хирургиялық науқастарда ғана емес сонымен бірге терапиялық, гинекологиялық, инфекциялық, т.б. науқастарда (инфаркт – жүрек бұлшық етіне қанталау, жатырдан қан ағу, т.б.) кездеседі.
ан кетудің жіктелуі.
А. Жарақаттық қан ағу әртүрлі зақымдалудың әсерінен, тамырдың бүлінуінен болады. Бұл қан ағулар жұмсақ ұлпалардың (жаралау, соғып алу) және сүйектердің (сынық, буын шығуы) зақымдануы кезінде болады.
Б. Жарақатсыз қан кету. Жарақатсыз қан ағу бірнеше топтарды қамтып, мынандай себептердің салдарынан туады:
І. Тамыр қабырғасының әртүрлі сырқаттың асқынуынан бұзылуы. Оның себептері:
а) Тамыр қабырғасының қабыну салдарынан бүлінуі;
б) Тамыр қабырғасының ісікті өзгерістер салдарынан бүлінуі;
в)Тамыр қабырғасының бөгде затпен қысылуы, жаншылуы, жыртылуы;
ІІ. Қан қысымының жоғарылауы салдарынан болған қан ағу (артериалды және венозды).
а) Бауыр циррозы кезінде өңеш көк тамырларының кеңеюімен, көк тамырдағы қан қысымының артуынан болатын қан ағу немесе геморрой веналарынан қан ағу.
б) Артерия қан қысымы жоғарлағанда миға қан құйылуы мүмкін (атеросклероз, гипертониялық ауруларда – инсульт).
в) Ұлпалардағы қан қысымының жоғарлауынан болатын мүшелердің жарылуынан қан ағуы мүмкін.
Мысалы: жатырдан тыс жүктілік кезінде түтік өсіп жатқан ұрықтың қысымын ұзақ уақыт ұстай алмайды, біртіндеп кеңейіп, жыртылады, іш қуысына қан ағады.
ІІІ. Баурдың сырқаттануы кезінде сарғаю кездеседі, қанның ұюы бірден төмендейді және тамырдың өткізгіштігі бұзылады, осыған байланысты өт қанға араласады, содан холемиялық қан ағу болуы мүмкін. Холемиялық қан ағуларға – тері асты, танаудан, ішектен, бүйректен, қынаптан және т.б. жатады. Бұл қан ұйытатын және қан ұюға кедергі жасайтын жүйелер қызметінің бұзылуынан болады.
ІV. Сепсис кезінде дене ұлпаларының және тамырдың өткізгіштігі бұзылуының, қан ұю жүйесінің бұзылу салдарынан болатын қан ағулар аз кездеспейді (фибринолиз, фибриногенолиз, шашыранды тамыр ішілік ұю сырқаты (ДВС), т.б.
V. Авитаминоз кезінде – витамин С жоқ болуынан қылтамырдан қан ағу кездеседі. Гемофилияда қан ағу – қан ұю жүйесінің VІІІ факторының жоқтығына байланысты ұю үрдісінің төмендеуі салдарынан болады. Бұл ауру тек еркектерде кездеседі. Мұнда көбінесе қылтамырдан (капилляр) тіндер қабатында қан ағу байқалады. Олар өздігінен танаудан, ішектен, ал кейде ұсақ жарақат кезінде пайда болады (тістің қызыл етін щеткамен зақымдағанда, тік ішек ауырғанда, т.б.).
Қан кетудің көзі бойынша былай бөлінеді:
а) Артериядан қан ағу. Артериядан қан аққанда атқылауы тамыр соғуымен сәйкес келеді. Қызыл қан атқылап ағады, оның биіктігі тамырдың соғу толқынымен өзгеріп отырады. Қан тамыры неғұрлым үлкен болса, соғұрлым қауіпті келеді.
б) Көк тамырдан – қан ағу онша қауіпті емес. Мұнда қан қоңырқай – қызыл, үзіліссіз ағады. Вена қақпақшаларының және қабырғаларының әлсізденуі кезінде немесе венаның орталық ұшынан да қан ағуы болуы мүмкін. Мойын веналары жарақаттанған кезде жиырылып, қабыспайды. Бұл кезде өлім ауа эмболиясынан болуы мүмкін екендігін есте сақтау керек. Венозды қан ағу ең үлкен тамырларды қоспағанда, өздігінен тоқтайды.
в) Қылтамырдан (капилляр) қан кету – жараның барлық беткейі қанайды, қауіптілігі аз. Мысалы: кесілген, операциялық, шабылған, жаншылған жаралар.
г) Үлпершекті ағзалардан (паренхиматозное) - бауыр, көкбауыр, өкпе, бүйректен қан кету, бұл да қылтамырлық, бірақ қауіптілеу келеді. Бұл қан ағудың түрі өздігінен ешуақытта тоқтамайды, бір ерекшелігі ағзаларда қан тамырлар қабырғаларының үлпершекпен тығыз байланыста болуы, сондықтан олар жиырылып, қабыспайды.
Мұндай қан ағуды биологиялық тәсілдермен тоқтатады. Мысалы: жаншылған шарбы майымен бауыр жарасын тығындап, жіп салу немесе жаншылған майлы ұлпамен, бұлшық етпен жараға тығын жасау. Бұларда тромбокиназа көп. Көк бауырдың жарылуы кезінде – оны жаншылған майлы тіндермен тығындап, жіп салады. Жаншылған ұлпа бойындағы көп мөлшердегі тромбокиназа қанды тез ұйытады да, қан кетуді бірден тоқтатады.
Қан ағу екіге бөлінеді: сыртқа және ішке қан кету. Сыртқа қан ағу кезінде қан сыртқы ортаға ағып шығады, ал ішке қан ағуда – ұлпаға және ішкі ағзаларға жайылады. Ішке қан ағу жасырын қалыптасады және оның белгілері болмайды, бұл қанның қуыстарға ағуымен сипатталады. Мысалы: іш қуысына, плевра қуысына және т.б. қуыстарға. Анық қан ағу кезінде қан ағза ішіне құйылады, олар қанды құсықпен болып немесе ішектен қан ағумен қара нәжіс (деготь, смола) немесе бүйрек және қуық ісігі, жарақаты кезінде зәрде қанның пайда болуымен (гематурия) белгілі болады. Кейде ішке анық қан ағу кезінде көзбен (макроскопия) зерттеуде нәжісте қан болмайды, бірақ нәжісті лабораториялық тәсілмен тексергенде қанды анықтауға болады. Мұндай жағдайда нәжістің құрамындағы жасырын қанға реакцияның оң болғанын айтады (реакция Григерсена).
Бас сүйек қанқасының ішіне әсіресе ромбы тәріздес ойыққа қан ағу қауіпті, себебі тыныс алу тоқтап қалуы мүмкін. Кешігіреп екінші ретте қан ағу ұлпалардың еріп, ыдырауы нәтижесінде болуы мүмкін. Әсіресе, жараның іріңдеуінен қан тамырындағы тромб езіліп, ыдырайды.
Ұзақтығы бойынша қан ағу жедел және созылмалы болуы мүмкін. Біріншісінде - жедел түрде көп қан кетеді, ол шапшаң қалыптасып, қан аздықтың ауыр дәрежесі байқалады. Сонымен бірге орташа дәрежелі қан ағу мен жеңілдеу түрі болуы мүмкін.
Созылмалы қан ағудың қауіптілігі аздау, өйткені науқастар ұзақ уақыт бойы қан жоғалтады да, қаназдылыққа қалыптасып алады.
Мысалы: геморройда науқас денесі мұндай ұзақ уақыт қансырауға үйреніп кетеді. Қан ағу тамырдың алғашқы немесе екінші кезектегі зақымдану нәтижесінде болуы мүмкін. Егер жұмсақ ұлпаға қан құйылса онда зақымданған тамырдың ауқымына байланысты ондай қан құйылыстары ұсақ нүктелі, ірірек қан құйылысы және көлемді қан құйылысы немесе әртүрлі қанды ісіктер түрінде пайда болады. Бұл кезде қан ұлпаларға құйылып, қуыс түзейді және олар үлкен көлемде болуы мүмкін.
Кез-келген қан ағу – қансыраумен және қан аздылықпен ұштасады. Қан кету неғұрлым тез болса, соғұрлым науқас өміріне қауіпті болады. Қансырауда қан қысымының 70-80 мм сынап бағанасына дейін төмендеуі қауіпті, - деп есептелінеді. Жылдам қан аққан кезде гемоглобиннің 1/3 бөлігін жоғалту өлімге әкелуі мүмкін.
Айналымдағы қан көлемі (АҚК - ОИК)
АҚК –ін анықтайтын бірнеше тәсілдер бар. Соның бірі қан тамырына бояулы метилен көгілдір ертіндісінің белгілі мөлшерін еңгізеді. Қандағы бұл бояу біркелкі таралғаннан кейінгі мөлшерін анықтап, тамыр жүйесіндегі қанның мөлшерін анықтауға болады.
Егер еңгізілген зат тек плазмада ғана таралса, онда мұндай жолмен ағзадағы плазманың мөлшерін анықтауға болады, ол гематокриттің көрсеткіші бойынша қанның мөлшерін де есептеуге мүмкіндік береді. Соңғы кездерде радиобелсенді изотоптарды пайдалануға негізделген тәсілдерін қолданады. Мысалы: тексерілетін адамның көк тамырынан аз мөлшерде қан алады да оған - P 32 - радиобелсенді фосфордың белгілі мөлшерін қосады. Біраз уақыттан кейін, P 32 эритроциттердің ішіне араласқан соң, оларды айналдырғыш қондырғыда айналдырып, бөліп алады да, қайтадан қан тамырына кіргізеді. «Таңбаланған» эритроциттер бүкіл қанмен араласады. Біраз минуттан кейін аз мөлшерде қан аламыз да оның радиобелсенділігін анықтай отырып, қанның жалпы көлемін оңай есептейміз. Қан қысымы, қанның үлес салмағы, гемоглобин, гематокрит сияқты көрсеткіштер қансыраудың мөлшеріне байланысты екендігі анықталады.
Аздап қансырағанда (500 мл) қан қысымы, қанның үлес салмағы өз деңгейінде қалып, гемоглабин 13%-ға дейін аздап төмендейді. (Гематокрит 44-40-қа дейін төмендейді - қалыпты жағдайда 48).
Ұзақ қансыраудан кейін науқасты қан қысымының төмендеуімен ұштасатын ауыр жағдайдан шығару өте ауыр болатындығын есте сақтаған жөн.
Балалар мен қарт адамдар қансырауды бірталай ауыр, ал әйелдер жеңілдеу көтереді, - бірақ шөлдеу, тоңазу немесе керісінше дененің қызу, шаршау, арылу, есінеу, ұйқышылдық, әлсіздену, т.б. себептер қансыраған адамның жағдайын одан сайын ауырлатады. Осындай кездерде қан ағудың денедегі жалпы зардабымен күресу өте қиынға соғады.
Қан ағудың клиникалық сипаты.Қан кетудің жалпы және жергілікті белгілері қалыптасады. Жалпы белгілері көлемді қан ағуда байқалады:
1. Тері жамылғысының бірден бозаруы, кейде сарғаюы, тамырдың түйіліп, тарылуы - тері тамырларына қанның аз түсуінен қалыптасады.
2. Бас айналу, көздің қарауытуы - мидың оттегіне тапшылығынан, ал ентігу, есінеу, шөлдеу, әлсіздену, ұйқысыздық қаназдылықтан байқалады.
3. Жүрек айнуы, құсу – құсу орталығының қозуынан және оттегіне тапшылықтан қалыптасады.
4. Тамырдың жиі соғуы (120-140-қа дейін), бастапқы кезде жиілеуі, қан аздылықты толықтыру мен жетілдіру әсері салдарынан және сонымен бірге төменгі қан қысымы әсерінен дамиды.
5. Төмендеген, төмендей түскен Қ.Қ. (80 мм –ден төмен) байқалады.
6. Төменгі деңгейдегі гемоглобин – көп мөлшерде қан жоғалтуда (1/3 дейін қауіпті), эритроциттердің азаюы салдарынан пайда болады.
7. Ұлпалардан қанға сұйықтық ағып келуінен қанның үлес салмағы (удельный вес крови) азаяды.
8. Ентігу - оттегіне тапшылық пен төмен деңгейдегі гемоглобин салдарынан кездеседі.
9. Есінеу – орталық жүйке жүйесіндегі ауыр өзгерістерге байланысты пайда болады.
10. Шөлдеу – қансыраудан кейін қан тамырларына ұлпалардан сұйықтықтар әлі түсіп үлгермейді, қаназдылықтан дене сусызданады.
11. Аяқ – қолдың мұздауы – зат алмасу үрдістерінің төмендеуі салдарынан және қансыраудан тамырлар түйіліп, жиырылады, ал оттегі мен қоректік заттардың жетіспеушілігі артады.
12. Қарашықтың кеңеюі қалыптасады.
13. Естен тану және тырысу – соңғы өлім алдындағы ақтық белгі болып табылады.
Қан кетудің белгілері – қан ағудың орналасуына байланысты болады:
а) Кеуде қуысына қан аққанда (гемоторакс) өкпенің қысылуы, көкірек аралықтың ығысуы, зақымдалған жақта тыныс алу қозғалысының болмауы, тыңдағанда тыныс алудың естілмеуі кездеседі. Ентігу, тері жамылғысының көгеруі, тамырдың жиі соғуы, тықылдатып тексергенде – тұйық дыбыс анықталады.
б) Жүрекқап ішіне қан аққанда – жүректің қысылуы, жүрек тұйықтылығы, жүрек дыбысының болмауы, тамырдың жиі және әлсіз соғуы, артериялық қысымының төмендеуі, венозды қысымның артуы, ентігу, көгеру, т.б. байқалады.
в) Іш қуысына қан аққанда - әлсіз, ұзақ ауыру, құрсақ бұлшық еттерінің қатаюы, аздап айқындалған Щеткин – Блюмберг белгісі және дененің қалыпты жағдайын өзгерткен кезде ауысып отыратын тұйықтық дыбыс іш-құрсақты тықылдадып тексергенде анықталады;
г) Буынға қан құйылған кезде - ауырсыну, қимыл – қозғалудың шектелуі, бұзылуы, ісіну, буын қуысындағы сұйықтың толқынды қозғалысы (флюктуация) және тізе үсті сүйегінің – тобықтың селкілдеген қозғалысы (баллотирование надколенника), буын пішінінің ұлғайып, өзгеруі байқалады.