Тақырып. Тіс жегі қуыстарын препараттау.
Препараттау – тістің қаттылығын сақтай отырып медициналық жағынан тиімді пломбалау, оның жақсы жабысуына, эстетикасына, оны қолайлы орналастыру үшін тістің қатты тіндерінен патологиялық өзгерген тіндерді алып тастау үшін, қуыс жасап егеуге айтылады.
Тістің қатты тіндерін препараттаудың бір неше түрлері бар:
Механикалық – борлар мен ұштықтарды қолдана отырып препараттау. Соңғы кездерде ол ең кең тарқалған әдіс болып саналады.
Химия – механикалық – алдын тіс жегімен зақымдалған тіндерде химиялық агенттермен бұзып, соңынан механикалық жолмен тазалау.
Арнайы «Carisolv» гель тіс жегі қуысына ендіріліп, соңынан қолмен жұмыс істейтін құралдармен, яғни экскаватормен патологиялық тіндерді қырып алып тастап, пломбаланады.
Кинетикалық – құмсебелегішпен тістің қатты тіндері өңделеді. Мұнда су мен қырғыш заттардан қолданамыз. Көбіне тістің табиғи ойықтарын герметизациялауда (жабу) қолданады.
Ультрадыбыспен – арнайы ұштыққа ортырғызылатын қондырғылардың жұмысшы бөліктеріне алмаз қиыршықтары жабыстырылған болып, жұмыс уақытында ол дірілдеуіш микроскопиялық қимылдар жасап, қуысты препараттайды.
Лазер – сәуле арқылы тістің қатты тіндері өңделеді.
Тіс жегі қуыстарын препараттау кезінде ұсынылатын қолданба қағидалары:
1. Препараттаудың медицина жағынан дәлелденуі және мақсатқа сайлығы – барлық тіс жегімен зақымданған тіндерді ғана кесіп алып тастау.
2. Тіс тіндерін үнемдеу қағидасы.
3. Барлық емдеу, нақтамалау және алдын алу шараларын жансыздандырумен өткізу қағидаларын сақтау керек.
Егер қандай да себептермен жансыздандыру өткізілмесе онда:
- өткір борлармен жұмыс істеу;
- тоқтап – тоқтап жұмыс істеу;
- сезгір аймақты абайлап препараттау;
- науқасты психологиялық және медикаментозды дайындау.
4. Асептика және антисептика ережелерін сақтау.
5. Жұмыс істеу қолайлы болу және анық бақылау ережелерін сақтау.
6. Көрші тістерді, пародонт тіндерін және ауыз қуысы тіндерін жарақаттамау ережелерін сақтау.
7. Құрал – саймандарды дұрыс таңдау, манипуляцияларды дұрыс орындау.
8. Пломба жақсы жабысу үшін ретенция жасау.
9. Пломбалық материалдарды дұрыс таңдау ережелерін сақтау.
10. Тістің қатты тіндерін эстетикалық қайта қалпына келтіру ережелерін сақтау.
11. Дәрігердің жұмыс орнын жұмысты жасауға қолайлы ету (эргономика) ережелеріне көңіл бөлінуі қажет.
Тістерді препараттаудың негізгі кезеңдері.
І кезең – тіс жегі қуысын ашу.
Дентиннен тіреуіші жоқ кіреуке шеттерін алып тастау. Ол тар болған қуыс кіреберісін кеңейту болып саналады. Бұл кезеңнің мақсаты кейінгі кезеңдерде орындалатын манипуляцияларға дайындық болып, қуыс жақсы көрінуі қажет. Қуысты ашуды дөңгелек не шар тәрізді бормен, қуыс кіре беріс тесігіне бордың диаметрін сай етіп таңдап алу қажет. Сауыты тіс жегімен бұзылмаған, бірақ тіс қуысын ашып ампутация және экстирпация жасау қажет болғанда егеп қуысты ашу үшін дөңгелек, теріс конус тәрізді борлардан қолданған ыңғайлы болады.
ІІ кезең – тіс жегі қуысын кеңейту.
Бұл кезеңде қуыс әрмен қарай кеңейтіліп, қуыстың кіреберіс пішіні мүлдем өзгеруі мүмкін. Мұнда фиссуралы, жіңішке цилиндр тәрізді, жалын не найза тәрізді борлар қолданылады.
ІІІ кезең – тіс жегіні кесіп алып тастау – некротомия.
Бұл кезеңде тіс жегімен зақымданған кіреуке мен жұмсақ дентинді толығымен қуыстан кесіп алып тасталынады. Ол тіндердің морфологиялық құрылысынан қарағанда тіс жегімен бұзылып, деминерализациялану ошақтары болып саналады. Некротомияны экскаватормен немесе шар тәрізді бордың үлкен мөлшерімен жасалады. Экскаватормен жұмыс істегенде өте кіші мөлшерін таңдаған жөн. Абайсызда тіс қуысын ашып алмау үшін экскаватормен тіс түбінен сыртқа қарай қимыл әрекет жасау керек. Ал бормен тоқтап – тоқтап жұмыс істеу қажет. Зақымданған тіндердің толық алынғандығын тіс жегі детекторларымен анықтайды. Оны басқаша «Кариесмаркер» дейді. Маркерлердің түрлері: «Caries Marker», «VOKO», «Радси-дент», «Seek», және «Salle Seek», «Ultradent» және т.б. Боялған тін-дерді борлармен алып тасталынады.