Абатты қышқылмен өңдеуге арналған жабдықтар
Қабатты қышқылмен өңдеу қондырғылары – жалпы жағдайда қышқылдарды сақтау базасы, олардың ерітіндісін дайындау, қышқылды ұңғымаға айдау мен тасымалдауға арналған агрегаттар және ұңғыма қондырғыларынан (ұңғыма ішіндегі және сағалық) құралады.
Қышқылдар сақталатын базада оларды қабылдау, ерітінділерді дайындау және сақтау орындары бар. Қышқылдар ішкі жақтары футеровкаланған плиталар немесе арнайы жапқыштармен өңделген ыдыстарда сақталады. Футеровкалау үшін диабазалық плиткалар қолданылып, олардың жіктері қышқылға төзімді жағылымдармен өңделеді. Бұл үшін 20% базальт және 80% диабазалық ұн қосылған жағылым жасалынады. Кей кезде футеровканың орнына арнайы маркалы резина немесе эбонитті қолдануға болады.
Ыдыстардың сыртқы беттері қышқылға төзімді эмальмен жабылады. Қышқылдық база олардың ерітінділерін талдайтын зертхана және реагенттерді сақтайтын қоймамен жабдықталуы қажет. Барлық ыдыстарға қышқылдарды апатты жағдайда құйып алу үшін арнайы айдау жабдықтар қойылады. Айдау сораптарының сальниктері щитоктармен қымталады. Сонымен бірге, қышқыл сақталатын ыдыстар су түспейтін етіп оқшауланады. Қышқылдармен жұмыс істеуге арнайы дайындықтан өткен мамандар ғана жіберіледі.
Қышқылдар мен оның ерітінділерін тасымалдау үшін арнайы агрегаттар мен қышқылтасығыштар қолданылады. Қышқылтасығыш КП-6,5-те цистерна, ортадан тепкіш сорап және тиекті арматуралы құбырлар бар. Цистерна оның ішінде орналастырылған, сыйымдылығы 6м3. Сорап маркасы 3Х-9В-3-51 қышкылға төзімді, тегеуріні 3526 м, өнімділігі 29-60м3 /сағ. Сорап жүріс қозғалтқышының жетектеуімен жұмыс істейді. Қышқылтасығыш КП-6,5 КрА3-255В автомашинасына қондырылған.
Ұңғымаға қышқылды айдау және тасымалдау үшін «Азинмаш-30А» және АКПП-500 агрегаттары қолданылады. «Азинмаш-30А» агрегаты (6.17- сурет) КрА3-257 дөңгелекті автомашинаға қондырылған. Автокөлікте екі бөлікті (күрделендірілген агрегатта біреуінің көлемі 2,7 м3, ал екіншісіне – 8м3) цистерна 3 қондырылған. Цистерна іштей гуммирленген. Әрбір бөлік арнайы қақпақпен жабдықталған. Агрегаттағы құбырлар да гуммирленген. Автомашинада химреагенттер үшін бөлек баллон 1 бар. Баллонның сыйымдылығы 0,2м3.
6.17-сурет. «Азинмаш-30А» қышқылды агрегатының сұлбасы
5НК-300 агрегатының сорабы 2 үшплунжерлі, горизонтальді, әрекеті бірбағытты. Жүріс қозғалтқышынан қуат алу қорабы, редуктор және кардан арқылы жетек күшін алады. Сораптың 100-1200 мм-лік ауыспалы плужерлері бар.
Барлық сораптық қондырғылар ілгерілмелі-қайтымды сораптарымен автокөлік, трактор, шынжыр табанды тасымалдағыштардың шассилеріне қондырылған және цементтеу (6.18-сурет), қабаттарды гидравликалық ажырату және гидроқұмдық перфорациялау, түптің алдын қышқылдармен өңдеу кезінде түрлі сұйық орталарын қабаттарға айдау үшін қолданылады. Аталған қондырғылар Мемлекеттік стандартқа сәйкес «Мұнайкәсіпшілігіндегі жылжымалы сорап қондырғылары. Типтері мен негізгі параметрлері» МЕмСТ 28922-91 шығарылады.
Стандарт үш түрлі сорап қондырғыларын қарастырады.
УН-қосымша технологиялық ыдыссыз қондырғы (өлшегіш бак, цистерналар);
УНБ-өлшегіш бакты сорап қондырғысы;
УНЦ-сұйық ортана тасымалдауға арналған цистерналы сорап қондырғысы.
6.18 -сурет. Цементтеуге арналған ЗЦА-400 агрегаты:
1-автомобильді база; 2-күштік қондырғы; 3-тегеурінді көмекші құбыр; 4- беріліс қорапшасы; 5-басқару пункті; 6-сорап; 7-өлшеу багы; 8-қабылдау құбыры; 9-тегеурінді құбыр жүйесі; 10-аккумуляторлар