Тіс жегі ауруларының этиологиясы мен патогенезі.
Тіс жегі- бұл күрделі, жай дамитын патологиялық үрдіс болып, тістің қатты тіндеріне бірлесіп әсер ететін сыртқы және ішкі, жергілікті және жалпы мәнбірлер арқылы кіреукенің бейорганикалық бөлігі ошақты деминерализацияланып, кейін келе органикалық негізі бұзылуымен қатты тіндердің құрылысында ақау пайда болатын ауру. Емделмегенде асқынып, ұлпа және периодонт қабынуына алып келеді. Ол тіс шыққаннан кейін дамиды.
Көптеген ғалымдардың зерттеулерінен кейін ең басты тіс жегінің даму себебі ауыз қуысының микрофлорасы болып саналады. Ол жан жақты тәжірибе жүргізу жолымен клиникада дәлелденген. Ал қалған анықтамалар мен теориялар өз кезегінде түрлі жағдайда қосымша ретінде микроорганизмдерге тіс жегінің дамуына қолайлы жағдай жасайтын мәнбір болып саналады. Мәселен тамақпен жеңіл қорытылатын көмірсуды көптеп қабылданғанда микрофлоралардың әсерінен ферментацияға ұшырап, органикалық қышқылдардың түзілуіне көмек береді. Ал ол өз кезегінде кіреукенің бейорганикалық не-гізін (гидроксиапатит кристалдарын) балқытады. Ал микроорганизмдер болса кіреукенің органикалық негізін құлдыратады.
Жалпы алғанда тіс жегінің пайда болып дамуына уақыт және үш шарт қажет болады.
- тіс жегінің дамуына көмектесетін микрофлора;
- тамақпен жеңіл қорытылатын көмірсулар және олардың тіс беткейлерінде ұсталып қалуы;
- тіс тіндерінің және ағзаның тіс жегіге қарсы тұру қоғанысының бұзылуы болып саналады.
Сонда да болса тіс жегіге қарсы тұру, адам ағзасының тіс жегіге қарсы тұруына байланысты деп саналады.
Ол адамның ауыз қуысының микрофлорасына, тамақтың сипатына, тамақтану уақытына, сілкейдің мөлшері мен сапасына, ағза жүйелеріне функционалды өзгерістеріне, ауыз қуысындағы фтордың мөлшеріне, ағзаға тигізетін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болады.
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының номенклатурасына келісе отырып тіс жегімен зақымдануын негізгі екі көрсеткішпен анықтайды: аурудың таралу қарқындылығына және ауру қарқынының өсуіне қарай.
Тіс жегінің таралуы ауыз қуысында тіс жегімен зақымданған пломбаланған және жұлынған тіс санымен анықталады. Тіс жегімен зақымданған тістер К, пломбаланған тістер П, жұлынған тістер У әріптерімен белгіленеді. Осы көрсеткіштердің жиынтығы КПУ индексі деп аталады. Тұрақты тістемде КПУ деп, сүт тістемде кпдеп, аралас тістемде КПУ +кп деп белгіленеді.
Балаларда сүт тістердің жұлыну, түбірлерінің физиологиялық сорылуына байланысты болғандықтан, У көрсеткіші көрсетілмейді және сүт тістер кіші әріппен белгіленеді. Бұл индекс өте көп мәлімет беруімен сараптама жасауда айтарлықтай көмек көрсетеді. Мысалы: КПУ – 6 ға тең болғанда, егер 4 + 1 + 1 болса, емдеу жұмыстары қанағаттанарсыз болып саналады. Егер 1 + 4 + 1 болса емдеу жақсы жолға қойылған деп саналады. Егер 1 + 1 + 4 болса, жұлынған тістер көп болғандықтан емдеу жұмыстары қанағаттанарсыз деп есептеледі.
КПУ индексі жоғары болғанда емдеу және алдын алу жұмыстары жақсы жолға қойылмаған деп есептеледі. Тексеру кезінде көрсеткіштер анық болу үшін тексерушілер саны көп болу керек, әр түрлі климаттағы, әлеуметтік – экономикалық деңгейі, этникалық топтары мен еркек және әйелдердің саны тең болуын қамтамассыз ету керек, сонымен бірге тексерушілердің жасына да көңіл бөлінуі қажет.
Балаларды есепке алу кезінде 12 – 15 жастағы жас өспірімдер тексеріледі. Үлкендерге келсек 35 – 44 – 65 және одан да қарияларды тексереді. Тексеру нәтижелері төмендегідей белгіленеді:
КПУ + кп индексі 0 – 1,1 болса, көрсеткіш өте төмен
1,2 – 2,6 дейін – көрсеткіш төмен
2,7 – 4,4 дейін - көрсеткіш орташа
4,5 – 6,5 дейін - көрсеткіш жоғары
6,6 дан да жоғары болғанда - көрсеткіш өте жоғары саналады
Неғұрлым сандар жоғары болса, көрсеткіш төмен болады.
Бұл көрсеткіштер тамақтануға өте көп байланысты деп саналады. Мысалы: кондитер және бисквит фабрикаларының жұмысшыларын тексергенде КПУ 10 – 22 индексін көрсеткен.
Көмірсуларды қабылдау – тіс жегімен зақымдануды көбейтеді деп айтамыз, оларды тамақ ортасында қабылдаса (аузында кәмпит со-рып жүрсе) ол адамдарда бұл көрсеткіш өте жоғары болады. Көрсеткіштердің жоғары болуына микроорганизмдер үлкен орын алады. Тексерулердің нәтижелерінен айтуымыз мүмкін, тіс жегінің дамуына ең көп әсер ететін мәнбір, көмірсулар мен микроорганизмдердің бірге әсер етуі. Сонымен қатар тамақтың құрамындағы макро және микро-элементтерінің мөлшері, оның дағалдығы яғни қаттылығыда үлкен орын алады. Қатты тамақ шайнағанда, тіс беткейлері тістің жұмсақ кірлерімен табиғи жолмен тазаланып отырады. Ал жұмсақ тағамдар қабылдаған уақытта тістің жұмсақ кірлері тазаланбайды.
Ауыз қуысындағы тістердің толық болуы да, тағамның шайнау кезінде барлық тістердің қатысуын қамтамасыз етеді. Ал түгел болмаған жағдайда, антогонистері болмаған тістерде тіс шөгінділері көптеп пайда болады, ол өз кезегінде тіс жегіге алып келуі мүмкін. Тағы бір мәнбір бұл ананың жүктілік кезіндегі тамақтануының нашар болуы, басынан өткізген аурулары, психоэмоционал жағдайлары, өзінің және құрсақтағы баланың ағзасына да, әсіресе сүт тістердің жағдайына әсерін тигізеді. Бала туылғаннан кейінгі оның дұрыс тамақтанбауы, асқазан – ішек жолдарының аурулары, тістердің ұрықтануының дұрыс қалыптаспай, кіреуке және дентин тіндерінің аурулары мен құрылымының өзгерістеріне алып келеді. Тіс шыққанан соң тез тіс жегі ауруына беріліп қалуына себеп болады.
Атап айтқанда тіс жегі полиэтиологиялық ауру болып саналады.
Бақылау сұрақтары:
1. Тіс жегі ауруларының этиологиясы мен патогенезі?
2. Тіс жегінің таралуын қандай көрсеткіштермен анықтайды?
3. КПУ дегеніміз не?
4. кп дегеніміз не?
5. КПУ көрсеткіштері неге байланысты болады?