Мый қанайналымының бұзылыстары

Мый ересек адам дене массасының 2%-ы шамасында ғана болғанына қарамай, үлкен қанайналым шеңберіне жүрекпен шығарылатын қанның 15% мый тамырлары арқылы ағып өтеді, былайша айтқанда мыйдың қанмен қамтамасыз етілуі басқа ішкі ағзаларға қарағанда қарқынды түрде болады. Мәселен, дені сау адамның 100 г мый тіні арқылы минутына 50 мл қан ағып өтеді. Осыдан мый тінінде заттардың алмасу қарқыны да ең жоғары деңгейде болады. Организмге түскен оттегінің 20%-ын, глюкозаның 17%-ын мый тіні пайдаланады.

Мыйды қанмен қамтамасыз етуде қан тамырлар жүйесі жоғары деңгейге жетілген түрде реттелініп тұрады және мыйда қан ағымы бұзылыстарын тез арада теңгерілуін қамтамасыз етеді. Адам мыйы төрт ірі артериялар (бір-бір жұп ішкі ұйқы және омыртқа артериялары) арқылы қанмен қамтамасыз етіледі (-сурет). Олар үлкен мый (виллизий) шеңберінің аумағында өзара көптеген анастомоздармен байланысады. Қалыпты жағдайда бұл аумақта қан араласып кетпейді. Әр ішкі ұйқы артериясы үлкен мыйдың жарты шарларын қанмен қамтамасыз етсе, омыртқа артерияларының қаны шүйде аумағындағы мый құрылымдарына тарайды. Мый артерияларының қабырғалары, адрено- және холинергиялық жүйкелерге бай, тегіс салалы ет талшықтарынан тұрады. Оларда серпімді тін талшықтары аз болады. Сондықтан мый артерияларының саңылауы жеңіл өзгеріп, мыйдың қанмен қамтамасыз етілуі реттелуіне қатысады. Артериялық шеңберден шығатын алдыңғы, ортаңғы және артқы мый жұп артериялары тармақталып және өзара байланысып мыйдың жұмсақ қабығының күрделі артериялық жүйесін (пиалдық артериялар) құрады. Бұл артериялар өте майда тармақтарға (диаметрі 50 мкм-ден кішкене) тармақталып, мыйдың сыртқы бетіне орналасады және өте ұсақ аумақтардың қанмен қамтамасыз етілуін реттейді. Әр артерия субарахноидтық кеңістікте салыстырмалы кең өзекте орналасқандықтан өзінің диаметрін тарылтып-кеңейтіп, жақсы құбылтып тұра алады. Жұмсақ мый қабығының артериялары өзара байланысқан көктамырлардың үстінде жатады. Мыйдың жұмсақ қабығының артерияларынан жан-жағына тараған артериялар мый ішінде тармақталады. Олардың айналасында бос кеңістіктер болмайды. Сондықтан бұл артериялардың мый қанайналымын реттеуде маңызы онша емес деп есептеледі.

мый қанайналымының бұзылыстары - student2.ru

- сурет. Мый қанайналымы. 1-негізгі артерия, 2-пиалдық артерия, 3-веналық қойнау, 4-мый ішілік артериялар, 5-мыйдың артериялық шеңбері, 6-омыртқалық және ішкі ұйқы артериялары.

Мыйдың терең құрылымдарында артерия аралық анастомоздар болмайды. Оның есесіне қылтамырлар торлары кең тарайды және зат алмасуларының қарқыны неқұрлым артық болса, соғұрлым қылтамырларда көп болады. Сондықтан мыйдың сұрғылт затында, ақ затына қарағанда, қылтамырлар басым болады. Егер физикалық жүктеме кезінде коронарлық қан ағым 10-15 еседен астам ұлғайса, қатты ой жұмысын атқарғанда тұтас мыйда қан ағымы ұлғаймайды, тек үлкен жұмыс атқарып тұрған мыйдың бөлігіне аз қызмет атқарып тұрған бөліктерінің есесбінен қан көбірек бөлінеді. Сол себептен мый қанайналымы бұзылыстарының патогенезінде мый ішілік гемодинамиканың өзгерістері маңызды орын алады. Мый тамырлары жүйесінде қанның қызмет атқарып тұрған аумақтарға көптеп бөлінуі қызмет атқармай тұрған бөліктерінің уақытша ишемиясына әкелу қауіпі болып, мый қанайналымының өткінші жеткіліксіздігін туындатады. Осындай жағдай бас тамырының бірінде стеноз болудан мыйға қан келуі азаюынан да пайда болуы мүмкін. Өйткені: қанмен аз қамтамасыз етілген мый бөлігіне уақытында қан келу мүмкіншілігі болмайды.

Мый қанайналымының өзін-өзі реттеуі күрделі мый ішілік және мый сыртылық тетіктердің қатысуымен болады. Біріншісіне миогендік, жүйкелік, жүйкелік-сұйықтық және метаболизмдік тетіктер жатады. Мый сыртылық тетіктер синокаротидтік торабтың, депрессорлық жүйкелердің, жүректің жиырылу қабілетінің қатысуымен қамтамасыз етіледі. Бұл реттеуші тетіктердің бұзылыстары систолалық қан қысымының деңгейі с.б.б. 80 мм-ден төмен немесе 180 мм-ден астам жоғары болғанда байқалады.

Мый қылтамырларынан веналық қан мыйдың жұмсақ қабығының венасына (пиалдық венаға) және үлкен мый көктамырына (Гален венасына) түседі. Мыйдың көктамырлар жүйесі басқа ағзалардың көктамырлары сияқты сыйымдылық қызмет атқармайды.

Жалпы артериалық қысым өзгергенде мыйда қан ағымы белгілі мөлшерде тұрақты деңгейде сақталады. Мәселен, жүйелік артериалық қысым көтерілгенде мый артериялары тарылып, төмендегенде кеңейіп, мыйға келетін қанның көлемін реттейді. Осындай мый қанайналымының өзін-реттеуі жүйкелік ықпалдармен реттелінеді. Мыйдың артериалық жүйесінде өзін-өзі реттеуге ірі артериялар және жұмсақ мый қабығының артериялары қатысады. Олардың белсенді түрде жауап қайтаруы нәтижесінде жүйелік артериалық қысым өзгерістері кездерінде мый қанайналымы тұрақты деңгейде ұсталынып тұрады. Жүйелік артериалық қысым тез көтерілгенде келтірілген икемделістік тетіктер бірден жұмылдырылмайды да, мыйда қан ағу қарқыны қатты артып кетуі мүмкін. Кейбір жағдайларда икемделістік тетіктер жақсы жетілген болып, тіпті артериалық қысым с.б.б. 280-300 мм-ге дейін көтерілетін сүлде артериалық гипертензия кезінде де мый қанайналымын қалыпты деңгейде ұзақ ұстап тұра алады. Бүл кезде жүйке жүйесінің бұзылыстары байқалмайды.

Жүйелік артериалық қысым төмендегенде де икемделістік тетіктердің қатысуымен мыйда қан ағымының қарқыны қалыпты деңгейде сақталады. Бұл кезде де икемделістік тетіктердің жетілу дәрежесі әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Жақсы жетілген икемделу кезінде мыйда қан ағымы, жүйелік артериалық қысым с.б.б. 30 мм-ге дейін төмендеп кеткенде де, қалыпты сақталады. Әдетте мый қан айналымының өзін-өзі реттеудің қатерлі ең төменгі шегі болып жүйелік артериалық қысымның с.б.б. 55-60 мм деңгейі есептеледі.

Артериалық қанда рСО2 көбейіп, рО2 азайғанда мыйда қан ағымы ұлғаяды және бұл газдардың үлестік қысымы кері бағытта өзгергенде, керісінше төмендейді. Бұлай мый артериялары межеқуатының өзгеруін гиперкапния мен гипоксия кездерінде зат алмасуларының ауытқуларынан Н+ иондарының және басқа зат алмасу өнімдерінің жиналуымен байланыстырады. Содан артериялардың қабырғаларындағы тегіс салалы ет талшықтарының босаңсуы олардың саңылауын кеңітеді. Сонымен қатар бұл кезде ұйқы артериясының қойнауынан және басқа мый тамырларынан хеморецепторлар қоздырылатын жүйкелік тетіктер де маңызды болуы ықтимал.

Мый артериясында эмболия, тромбоз, ангиоспазм кездерінде қан ағуына кедергілік қасиеттің артуына икемделу жанама қанайналым қосылуымен қамтамасыз етіледі. Бұндай жағдайда теңгерілу келесі ықпалдармен жүзеге асады:

● Мыйдың ірі артериялық жүйесі және жұмсақ мый қабығының артериялары бірімен бірі көптеген жанама жолдармен байланысып анастомоздар құрады. Бірақ артериалық жүйенің құрылымы әр адамда әртүрлі және артериалық шеңбер аумағында даму ақаулары жиі кездеседі. Мыйдың терең орналасқан ұсақ артерияларында анастомоздар болмайды. Қылтамырлар торы тұтас мыйға жайылып тараған болуына қарамай оларға артериялардан қан түспеуінен көрші тін бөлікшелеріне жанама жолмен қан жеткізілмейді;

● жанама артериялар мен майда артериялардың тармақтары бітелген жерінен шеткері қарай белсенді түрде кеңеюі маңызды орын алады. Тінге қан келу тапшылығынан циркуляциялық гипоксия дамып зат алмасуларының бұзылуы сутегі, калий иондарының және аденозин жиналып қалуына әкеледі. Олар артериялық тамыр тармақтарын кеңітеді. Осыдан жанама қанайналым жолдарында қан ағуына қарсы кедергі азаяды, қан аз келетін аумаққа қанның жеткізілуі ұлғаяды.

Бірақ артериосклерозға ұшыраған артериялардың кеңу қабілеті төмендеп кетеді. Бір бұзылыстарға икемделу тетіктері басқа циркуляциялық бұзылыстарды туындатады. Мәселен, ишемияға ұшыраған мый тінінің және онда қан ағымының қалпына келуі (реперфузия) кезінде постишемиялық гиперемия дамуына әкеледі. Бұл кезде микроциркуляцияның деңгейі мый тінінде өтетін метаболизмдік үрдістің мұқтаждығынан артып кететін деңгейге көтеріледі. Содан қанмен жеткізілетін оттегі толығынан пайдаланылмай, оның еркін радикалдары пайда болады. Майда тамырлардың қабырғаларының өткізгіштігі артуынан мыйдың постишемиялық ісінуі дамиды.

Мыйдың қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылыстары қан келуінің азаюынан немесе көбеюінен байқалады.

Мый арқылы қан өтуінің азаюы:

√ жүйелік артериалық қысымның төмендеуінен;

√ орталық веналық қысымның көтерілуінен;

√ мый артерияларының атеросклерозы, тромбозы немесе ангио-спазмы кездерінде байқалатын мый тамырларының кедергілік қасиетінің артуынан;

√ субарахноидтық қан құйылу нәтижесінде мый тамырларының қысылып қалуынан;

√ тамыр ішінде қан жасушаларының (эритроциттердің, тром-боциттердің) агрегациясынан – байқалады.

Артериалық гипотензия мен веналық қысымның көтерілуінен артериалық және веналық қан қысымдарының арақатынасы қысқарады. Содан мый тамырлары арқылы қанның өтуі баяулайды. Бұндай жағдайға әкелетін себепкер ықпалдардың ішінде артериалық гипотензия бірінші орында тұрады.

Артериалық гипотензия тұтас мыйда қанайналымды азайтып қана қоймай, оның аралас қанмен қамтамасыз етілетін аумағында қан ағымын ең үлкен деңгейде кемітеді. Өйткені бұл аумақта тамыр ішінде қан қысымы қаттырақ төмендейді. Мыйдың жекелеген артериясы тарылғанда немесе бітелгенде қан ағымының айқын бұзылыстары негізінен сол артерияның қанмен қамтамасыз ететін орталығында байқалады. Бірақ бұл кезде мый тамырларында пайда болатын салдарлық өзгерістер қанайналым бұзылыс-тарына үлкен үлес қосады. Мәселен, ишемия кезінде мый артериясының тамыр кеңітетін ықпалдарға, әдеттен тыс жиырылып жауап қайтаруы, ишемиядан кейін мый тінінде қан ағымының қалпына келмеуі немесе қан құйылған аумақта артериялардың жиырылуы қан ағымы бұзылыстарын үдетеді.

Мыйда веналық қысым көтерілуі онда қан ағымының азаю қарқынына аз мөлшерде ықпал етеді. Егер ол, жүйелік веналық гипертензиямен қатар, бассүйек ішінен веналық қанның ағып шығуы қиындауына әкелетін жергілікті себепкер ықпалдармен (тромбозбен немесе өспе өсуімен) қабаттасса, онда өз бетінше мый қанайналымын бұзады. Бұл кезде мыйда веналық гиперемия дамуынан қан іркілуі бассүйек ішінде қысымды көтереді, қанның сұйық бөлігі тамыр сыртына шығып мыйды ісіндіреді.

Мыйда қан ағымының дерттік түрде күшеюі жүйелік артериалық қысым көтерілуінен және мый артерияларының біріншілік кеңейіп кетуінен байқалуы мүмкін. Соңғы жағдайда қан ағымының күшеюі сол кеңіген мый артериясының аумағында ғана болады. Мыйда қан ағу қарқыны дерттік күшейгенде тамыр ішінде қысым көтерілуіне әкеледі. Бұл кезде артерияның қабырғасы өзгерістерге (атеросклероз, аневризма) ұшыраған болса, онда артериалық қысымның күрт көтерілуі мыйға қан құйылуына әкелуі мүмкін. Мый қанайналымының дерттік күшеюі артерияның жиырылуымен қабаттасады. Бұндай жағдай жүйелік артериалық қысымның күрт көтерілуінде қатты байқалады. Егер бұл кезде артерия қабырғасының тегіс салалы ет талшықтарында жиырылу үрдісі күшейіп, босаңсуы әлсіреген болса, онда жүйелік артериалық қысым көтерілуіне жауап ретінде қатты ангиоспазм дамиды. Бұндай құбылыс жүйелік артериалық қысымның қысқа мерзімде көтерілгенінде айқын көрінеді. Гемато-энцефалиялық тосқауылдың бұзылыстарында, мый ісінуіне бейімділік болғанда мый қылтамырларында қысымның көтерілуі қанның сұйық бөлігінің тамыр сыртына сүзілуін ұлғайтады, мый тіні ісінеді. Мыйда қан ағу қарқынының күшеюімен қосымша ықпалдардың (бас жарақаты, ауыр гипоксия) әсері қабаттасқанда мый ісіну қауіпі артып кетеді.

Қан тамырларының бұзылыстары бітеліп қалуымен, саңылауы тарылуымен, иіліп қалуымен және тамырдың аневризмасымен т.с.с. көрінеді.

Жүйке жүйесінің қан тамырлық бүліністерінде келесі жүйкелік әйгіленімдер байқалады:

● қимылдық бұзылыстар (салдану, шаласалдану, пирамида сыртылық бұзылыстар, қимылдың үйлеспеуі, еріксіз қимылдар);

● сезімталдықтың бұзылыстары (сезімталдықтың азаюы, кейде ауырусыну);

● жоғары қыртыстық қызметтердің бұзылыстары (сөйлей алмау-афазия, жаза алмау-аграфия, оқи алмау-алексия);

● қояншық ауруының (тұтасқан немесе ошақты) ұстамалары;

● парасаттың, жадының өзгерістері;

● психиканың ауытқулары.

Наши рекомендации