Бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты
1. Жоғары медициналық оқу орындарының медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектері Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды. Ол мынадай мазмұнда: "Дәрігердің құрметті атағын қабылдап отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға барынша бағыштап, ұлы дәрігерлік іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде олардың денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін басшылыққа алатыныма ант етемін. Жасына, жынысына. ұлтына, дін ұстанымына, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан оған мұқтаж әрбір адамға бірдей ықтияттылықпен және шыдамдылықпен медициналық қызмет көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашанда пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімі мен машықтарымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашанда риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның лайықты дәстүрлерін сақтауға әрі байытуға, мені дәрігерлік өнеріне үйреткен адамдарға алғыс білдіре отырып, құрметтеуге ант етемін."
Тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет
Бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет субъектілері
1. Денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлар даярлауды негізгі ретінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрі - ғылыми ұйым) болып табылады.
2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдары (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары және ғылыми қызметпен айналысатын басқа да ұйымдар болып бөлінеді.
3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметімен айналысуы мүмкін.
Бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру
1. Іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыруды, денсаулық сақтауды ғылыми қолдауды үйлестіру. медицина ғылымының тұжырымдамасын әзірлеуді үйлестіруді денсаулық сақтау саласындығы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың кешенді сараптамасын жүзеге асырады.
Бап. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану
1. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізудің мақсаты олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау әрі дәлелдерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.
2. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жануарларға жүргізіледі.
3. Субъект ретінде адамның (пациенттің немесе ниет білдірген адамның) қатысуымен клиникалық зерттеулер, оның хабардар етілген жазбаша келісімімен ғана клиникаға дейінгі зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда өткізілуі мүмкін.
4. Клиникалық зерттеулерге қатысуға келісімі алынған жағдайда пациентке немесе ниет білдірген адамға мынадай:
1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат және клиникалық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;
2) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі, сондай-ақ денсаулық үшін қолдану қатерінің дәрежесі туралы,
3) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қолданылуының денсаулықтың жай-күйіне болжануы мүмкін емес әсері туралы;
4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуі тиіс.
5. Клиникалық зерттеуге қатысушы пациенттің немесе ниет білдірген адамның талап етуі бойынша кез келген кезеңде, сондай-ақ оның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.
6. Клиникалық зерттеуге қатысушы пациенттің немесе ниет білдірген адамның өмірі мен денсаулығының сақтандырылуы туралы құжаттардың ресімделуі, сондай-ақ зерттеулер материалдарының этикалық бағалануы клиникалық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
7. Диагностиканың емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдары клиникалық сынаулардың оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.
8. Мыналарға:
1) зерттелетін медициналық технологиялар немесе дәрілік заттар тек қана балаларды емдеуге арналған немесе клиникалық зерттеу мақсаты кәмелетке толмағандарды емдеу үшін дәрілік затты ең тәуір дозалау туралы деректер алу болып табылған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға медициналық технологиялар, фармакологиялық немесе дәрілік заттарды клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады. Соңғы жағдайда кәмелетке толмағандарға клиникалық зерттеулер жүргізудің алдында кәмелетке толған азаматтарға зерттеулер жүргізілуі тиіс. Кәмелетке толмағандарға клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімін алу қажет. Заңды өкілдері жоқ кәмелетке толмағандарға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады;
2) егер қажетті ақпарат тек қана жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізу арқылы ғана алынса және жүкті әйел мен оның ұрығына зиян тигізу қатері толық жойылған жағдайда жүкті әйелдерге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілген жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерге;
3) әскери қызметшілерге;
4) бас бостандығынан айыру орында жазасын өтеуші адамдарға және тергеу изоляторларында қамауда отырған адамдарға;
5) психикасы бұзылудан (аурулар) ауыратын науқастарды емдеуге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілген жағдайларды қоспағанда, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға медициналық технологиялар, фармакологиялық немесе дәрілік заттарды клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
9. Клиникалық зерттеулер (тиісті клиникалық және ғылыми практика) жүргізу стандарттарын уәкілетті органдар ез құзыреті шегінде бекітеді.
Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолданудың тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
10. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдануға рұқсат беруді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
11. Диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдануға рұқсат беруді жүргізілген клиникалық зерттеулердің дәлелдеу медицинасына негізделген стандарттар талаптарына сәйкес келуі шартымен жүзеге асырылады.