Сұрақ: Ғайып әлемі туралы қайдан білеміз?

Жауап:

Біз ғайыпты Құран мен Сүннеттен, яғни нақыл арқылы білеміз. Ғайып дегеніміз үш нәрсе:

1) Көзге көрінбейтін нәрсе.

2) Өтіп кеткен нәрсе.

3) Болашақта болатын нәрсе.

Дәлел: «Ғайыптың кілті Оның Өзінде. Оны Оның Өзінен басқа ешкім білмейді. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Аллаһ оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітапта бар». (әл-Әнғам; 59);

«Аспан мен жердегі ғайыпты ешкім де білмейді, тек Аллаһ біледі!» – деп айт, әй, Мухаммад». (ән-Нәмл; 65);

Пайғамбарымыз , былай деген: «Ғайыпты Аллаһтан басқа ешкім білмейді».(Табәрани).

Осы себепті шариғат көріпкелдікпен, балгерлікпен, сиқырмен айналысуға қатаң тыйым салған. Тіпті сәуегей-көріпкелге барып, оның айтқанына сенген кісі иманынан айырылады. Бұл туралы Пайғамбарымыз : «Кім көріпкелге барып, оның айтқанын растаса, Мухаммадқа түскенге иман келтірмеген (кәпір) болды», - деген».(Әхмәд, Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ).

Басқа хадисте: «Егер кісі балгерге не көріпкелге барып, одан бір нәрсе сұрап, оның айтқанына сенбесе, оның намазы 40 күнге дейін қабыл болмайды»(Муслим).

Енді кейде тәуіптің айтқаны рас болып, ауруын тура тауып жататын кез болады. «Олар ғайыпты қайдан біледі?» - деген сұрақ туындайды.

Әбу Хурайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтты: «Аллаһ аспанда қандай да бір істі шешкен кезде, періштелер Оның сөзіне бой ұсынып, қанаттарын қағады. Қанаттарының даусы, шынжырды тасқа ұрғанда шығатын дауысқа ұқсайды. Олардың жүректерінен (Аллаһтың сөзінен болған) қорқу кеткен кезде, бір-бірінен: «Раббың не айтты?» - деп сұрағанда, «Шындықты айтты, өйткені Ол - Ұлы, Аса Биік», - деседі. Бұл сөздерді жасырынып, бір-бірінің үстіне шығып,(осы хадисті риуаят қылушы Суфьян ибн Уйәйнә оң қолының саусақтарын қойып көрсетті)тыңдап тұрған жындар естиді. Кейде аққан жұлдыз осылай тыңдап тұрған жынға, ол келесі жынға айтып үлгермей жатып, тиеді де, оны күйдіріп жібереді. Ал кейде тиіп үлгермейді. Ол жындар бір-біріне бұл сөздерді жеткізіп, ең соңында тәуіпке 100 өтірік қосып жеткізеді. Бұл тәуіпті тыңдаған кісілер: «Ол тәуіп «Мынандай күні былай-былай болады», - деп айтқан жоқ па? Шындығында солай болды ғой», - деседі. (Бірақ тек аспаннан естіген)дауыс қана болады». (Бухари, әт-Тирмизи мен Ибн Хузейма хадисті сахих деген).

Ибн Аббәс риуаят еткен басқа осыған ұқсас хадисте былай деп айтылады: «Бірде Пайғамбарымыз бірнеше сахабаларымен бірге отырғанда, аспаннан бір жұлдыз ағып түсті. Сонда Пайғамбарымыз : «Сендер жәһилиет кезінде бұл туралы не айтатын едіңдер?»- деп сұрады. Олар: «Бір ұлы адам туылды немесе қайтыс болды», - деп айтатын едік», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз : «Расында жұлдыздар біреудің туылғанына, не өлгеніне қатысты түспейді. Біздің Ұлы Раббымыз бір бұйрық бергенде, Оны Аршыны көтеруші періштелер пәктейді, сосын келесі аспандағылар пәктейді. Солай-солай ең төменгі аспандағы періштелерге дейін пәктейді. Аршыға жақын болған періштелер, оны көтеруші періштелерден: «Рабымыз не айтты?» - деп сұрайды. (Аршыны көтеруші періштеле) оларға Раббысының не айтқанын хабарлайды. Өз кезегінде олар келесі аспандағыларға хабарлайды. Солай ең төменгі аспандағыларға дейін хабарлайды. Бұл хабарды тыңдап тұрған жындар естиді. Сол кезде оларды жұлдызбен атады. Олар еш нәрсе қоспай айтқан хабар - рас, бірақ олар бұл хабарға өздерінен өтірік қосып жеткізеді».(Әхмәд, Муслим, Тирмизи).

Бұл хадистерден тәуіп, балгер, көріпкел айтқан хабарларға сенуге болмайтындығын білеміз, тіпті олардың хабарларына сену - діннен шығарып жіберетін ауыр күнә.

Наши рекомендации