Заң және құқық жүйелері туралы қазақша реферат

Адам қоғамының даму процесінде бір-бірімен байланысты миллиондаған қарым-қатынастар қалыптасып, жаңарып, ескіріп жатады. Бұл объективтік диалектикалық процесс. Осы процесті реттеп-басқару барысында қоғамдағы құқық бірнеше салаға, жүйеге бөлініп жатады. Қоғамдық қатынастардың объективтік даму процесіне сәйкес құқықтың құрылымы да, жүйелері де ескіріп, жаңарып, дамып отырады.

Сондықтан, құқық қогамдағы нормативтік актілердің тек жиынтығы ғана емес. Ол қоғамның, әр саласына сәйкес объективтік, диалектикалық даму процесі арқылы қалыптасатын әлеуметтік көп салалы, көп жүйелі құбылыс. Бұл күрделі кұқық процесі сала-салаға, жүйе-жүйеге бөлінумен шектелмейді. Сонымен бірге қоғамның салалық-жүйелік дамуын, олардың өзара байланысын, қатынасын реттеп-басқарып отырады. Нормативтік актілердің ескіргенін жаңартып, кемшіліктерін толықтырып құқықтық нормаларды қоғамның, объективтік процесіне сәйкес дамытып, олардың орындалуын тездетіп, жақсартады. Бұл процестің байланысында, қатынасында алшақтыққа және қайшылыққа құқықтың құрылымы, жүйелері жол бермеуге тиіс.

Құқық жүйелерінің өзіне тән белгілері:

Бірінші — құқық, қоғамның объективтік — диалектикалық даму процесіне сәйкес қалыптасқан нормативтік актілердің бірлігі және құқықтың, қоғамның даму процесін реттеп, басқаруы. Құқық жүйелері субьективтік жолмен қалыптаспайды, сондықтан бұл жүйелер бір-бірімен объективтік тығыз байланыста, қатынаста болады. Қоғамның дамуына жақсы әсер етеді. Егерде қоғам мен құқықтың объективтік байланысы, қатынасы дұрыс дамымаса қоғам дағдарысқа ұшырайды.

Екінші — құқық қоғамның көп жүйелі, көп салалы әлеуметтік қарым-қатынастарын реттеп-басқарып отыратын жалпыға бірдей міндетті нор-малар.

Құқықтық жүйелері қоғамның әр саласына сәйкес қалыптасып, сол саланы реттеп, басқарып отырады. Салық, нормативтік актілер бәрі бірігіп қоғамдық құқықтың алдындағы тұрған бір саясатты, бір мүдде-мақсатты орындайды.

Құқық құрылымы. Қоғамдағы барлық нормативтік актілердің мазмұ-нына сәйкес қалыптасады және сол құқықтық нормалардың қалай іске асуын, қалай орындалу тәсілдері мен әдістерін анықтап отырады. Құқық құрылымы жақсы, дұрыс дамуына қоғамның мемлекеттік құрылымы, саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани, демократиялық даму деңгейі зор әсер етеді.

Қоғамдағы демократия, бостандық, әділеттік, теңдік, әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы дәрежеде болады. Ал бұл жағдайлардың дәрежесі төмен болса құқық құрылымы да нашар дамиды. Құқық құрылымы туралы екінші сұрақта толығырақ айтылады.

Құқықтық жүйе. Құқық теориясында құқық жүйесі және құқықтық жүйе деген екі дербестік ғылыми ұғым бар. Жер жүзіндегі барлық мемлекеттердің құкық құрылымы, жұмысының қалыптасуы, дамуы бірдей — ешқандай айырмашылығы жоқ. Ал, құқықтық жүйенің қалыптасуы, сол арқылы құқықтың тарихи өмірге келуі, дамуы әр елде әртүрлі болады. Өйткені әр елдің тарихи дамуы, ұлттың қалыптасуы, мемлекеттік саяси-экономикалық құрылысы бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан, құқықтық жүйелердіңде қалыптасуы, дамуы әртүрлі болады. Мұны жан-жақты зерттеп білу өте пайдалы. Әр елдің құқықтық жүйелерінің жақсы тәжірибелерін алып, пайдаланып өз ұлттық құқықтық жүйені жақсы дамытуға болады.

  1. Сонымен, құқықтық жүйе дегеніміз — әр елдің тарихи, ұлттық ерекшеліктеріне қарай, әдет-ғұрып, дәстүрінде қалыптасатын құқықтық жүйелер [7, 48-56 б.].

Құқық құрылымы дегеніміз- құкықтық нормалардың ішкі құрылымы және олардың дамуының, орындалуының әдістері мен тәсілдері.

Құқық жүйесі дегеніміз — құқықтың өмірге келуімен оның жүйе-жүйеге бөлінуінің объективтік заңдылықтары. Құқық жүйесі тақырыптыц ең күрделі өзекті мазмұны. Құқық құрылымы мен құкықтық жүйе қоғамдағы құқықты дамыту, нығайту үшін, оның жұмысын жақсарту үшін қалыптасады.

Қоғамның даму процесінде көпшілік қарым-қатынастар өмірге келеді. Сол қатынастарды реттеу-басқару үшін объективтік жолмен кұқық жүйелері қалыптасады. Қоғамдағы құқықтың қалыптасу деңгейіне қарай нормативтік актілерді бірнеше салаға, топқа бөледі.

Ең төменгі деңгейдегі бірінші бөлім — құқықтық норма. Бұл деңгейде норма бірқатынастың ішкі мазмұнын, оның орындалу жолдарын, субъектілердің екі жақты құқық, міндет, жауапкершіліктері көрсетіледі. Өмірде қатынас бір нормамен шектелмейді. Ол қатынастың немесе бірнеше ұқсас қатынастардың толық дұрыс орындалуына бірнеше құқықтық нормаларды біріктіруге тура келеді. Мысалы: азаматтық қатынастар, қылмыскердің құқықтары т.б.

Құқықтық институт — бұл жүйеге бір-бірімен байланысты нормалардың және қоғамдық қатынастардың ұқсастығына қарай реттеп-басқару. Мысалы, азаматтық құкығы меншік, шарттық байланыстары т.б. мәселелері; әкімшілік құқығы, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі, мемлекетті органдарының кызметтерінің қағидалары мен функциялары т.б.

Құқықтық бөлім — бұл жүйеге құқық саласының бір тарауындағы қатынастарды реттеп-басқару. Мысалы, азаматтық құқықтағы авторлық қатынастарды реттейтін нормалар; еңбек құқығындағы еңбекті қорғау, айлық төлеу т.б. мәселелер жөніндегі нормалар.

Құқық саласы — қоғамдағы барлық нормативтік актілерді жүйе-жүйеге, сала-салаға бөлу. Мысалы, мемлекеттік, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, еңбек, қаржы, отбасы т.б. құқықтар.

Құқық — салалық құқықтарды біріктіріп зерттеу, қолдану, пайдалану.

Сонымен, құқық жүйесі өзінің құрамына жеке норманы, құқықтық институты, бөлімді және құқықтық саланы біріктіреді. Қазіргі кезеңдегі құқық жұйесінің негізгі салалары:

1. Мемлекеттік (конституциялық) құқық — бұл сала әр елдің қоғамдық және мемлекеттік құрылысын, азаматтардың құқықтық жағдайын, мемлекеттік аппаратты құруын, оның жұмыстарын реттеп-басқарып отырады.

2. Әкімшілік құқық — бұл сала қоғамды, мемлекетті басқару қарым-қатынастарын реттеп, дамытып отырады.

3. Қаржы (қаражат) құқығы — бұл сала әр елдің мемлекеттік қаржы-қаражат көлеміндегі қатынастарды басқарады.

4. Жер құқығы — бұл сала жер, су, өнімдік, табиғат, экологиялық бағыттағы қатынастарды реттеумен шұғылданады.

5. Азаматтық құқық — қоғамның ең күрделі саласындағы мүліктік қатынастарды реттеп отырады.

6. Еңбек құқығы — азаматтардың еңбек бағытындағы қатынастарын дамытып, реттейді.

7. Жанұялық құқық — осы саладағы ерлі-зайыптылардың, олардың балаларының өзара қатынастарын реттейді.

8. Азаматтық-процессуалдық құқық азаматтардың азаматтық, еңбектік, жанұялық шағым істерін қарағандағы қарым-қатынастарды реттеумен шұғылданады.

9. Қылмыстық құқық- қылмыстық істерді жан-жақты тексеріп, дұрыс шешу барысындағы мәселелермен шұғылданады.

10. Қылмыстық-процессуалдық құқық- милиция, прокуратура, сот т.б. құқық, қорғау аппараттарының қылмыстық істерді тергеу, жүргізу, дұрыс шешім, үкім жасау барысындағы қатынастарды жан-жақты реттеп отырады.

11. Еңбекпен түзеу құқығы — қылмыскерлерді тәрбиелеп, дұрыс жолға салып, қоғамға пайдалы азамат болуын қамтамасыз ету жолындағы қаты-настарды қамтиды.

12. Халықаралық құқық-мемлекеттердің арасында туындайтын қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар.

Құқық жүйесі қоғаммен бірге дамып, жаңарып отырады. Қоғамның даму процесімен өмірге келген жаңа қатынастарды реттейтін, басқаратын нормативтік актілерді дер кезінде қабылдап құқық жүйелерін, салаларын жаңартып елдің жақсы дамуына мүмкіншілік жасап отырады.

Бұл процесте ерекше маңызды рөл атқаратын құқық жүйесінің азаматтық, мемлекеттік, әкімшілік, қылмыстық, процессуалдық салалары. Себебі осы салалар қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени негізін құрастырып, дамытады. Сондықтан, бұл салалар құкық жүйесінің діңгегі, ұйтқысы, басқа салаларға өзінің әсерін тигізіп, олардың жақсы дамуына жағдай жасап отырады.

Дамыған елдердің тарихында құқық жүйесінің өз ішінде кешенді салалар қалыптаса бастайды. Бұл объективтік, диалектикалық даму процесінің нәтижесі. Мысалы: теңіздік құқықтың нормалары әкімшілік, азаматтық, жер, процессуалдық жүйелерден тұрады және олармен бірлестігі. Бұл процесс құқық жүйесінің екі-үш қабатқа айналуы. Жаңа салалар өзінің негізгі жүйелерінен байланысын үзбейді [8, 244-248 б.].

Қоғамдағы нормативтік актілердің, жақсы жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін оның жүйеге, салаға бөлінуін және олардың бірлестігін мемлекет қатаң түрде бақылап, нығайтып, дамытып отырады. Құқықты жүйеге, салаға бөлудің екі себеп-мақсаты бар: біріншісі — жүйеге, салаға жататын (кіретін) қарым-қатынастардың мазмұнын, негізгі бағытта анықтау; екінші — сол жүйелік, салалық қатынастарды реттеудегі, басқарудағы құқыктық жұмыстардың тәсілдері мен әдістерін анықтау.

Бұл әдіс-тәсілдердің түрлері мемлекет және құқық теориясымен бірге дамып, нығайып келеді. Құқық жүйесінің әр саласының өзіне тән әдіс-тәсілдері бар. Мысалы: қоғамдағы қатынастардың субъектеріне құқықтық нормалар басым көпшілігіне толық бостандық береді. Өз еріктерімен құқыктық норма арқылы қарым-қатынас жасап мүдде-мақсаттарына жетуге мүмкіншілік береді. Субъектілердің екінші тобына құқықтық нормалар тиісті міндеттер жүктейді. Қатынастардағы субъектілердің үшінші тобына құқықтық нормалар шектеулі, нақты тыйым салады. Осы көрсетілген құқық жүйесінің тәсілдері мен әдістері құқықтың барлық салаларында бар.

Құқық жүйесінің тәсілдері мен әдістерін дамытуға, нығайтуға материалдық және процессуалдық құқықпен бұқаралық және жеке тұлға құқықтары көп үлес қосады. Бұлардың нормативтік актілерінің дұрыс, тез, жақсы орындалуында маңызы өте зор.

Материалдық құқық — қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп, жақтап, қорғап отыратын нормалар. Мысалы: қылмыстық құқықтық нормалар, азаматтық құқықтық нормалар, әкімшілік құқыктық нормалар т.б.

Процессуалдық құқық — материалдық құқықты қалай, қашан, қандай жағдайда қолдануды көрсетеді. Мысалы: қылмыстық-процессуалдық және азаматтық процессуалдық құқықтарда көрсетілген нормалар.

Қоғамның тарихи даму процесінде құқық жүйелері азаматтардың, бірлестіктердің, ұжымдардағы, мемлекеттің мүдде-мақсаттарын қорғап, дамытып отырады. Бұл мүдде-мақсаттар екіге бөлінеді: бұқаралық және жеке тұлға мақсаттары. Осы екі мүдде-мақсатқа сәйкес қоғамда бұқаралық және жеке тұлға құқығы калыптасады.

Сонымен, бұқаралық құқық — мемлекет бұқаралық және жеке тұлға арасындағы қатынастарды реттеп, басқарады; жеке тұлғаның құқығы — жеке адамдардың арасындағы қатынастарды реттеп-басқарады. Бұл екі құқық бір-бірімен тығыз байланыста дамиды.

Бұқаралық құқық мемлекеттік билікпен байланысты, оның реттеп-басқаратын қатынастары өте күрделі мәселелерді қамтиды. Өйткені олар қоғамдық мүдде-мақсаттарды іс жүзіне асыру бағытында қызмет атқарады. Бұл топқа көбінесе конституциялық, әкімшілік, қаржылық, қылмыстық, процессуалдық, әскери нормалар жатады. Жекетұлға құқығы адамдардың және заңды тұлғалардың мүдде-мақсаттарын іске асырады, қорғайды. Бұл топқа азаматтық, еңбек, отбасы, сауда, кәсіпшілік, кооперативтік нормалар жатады. Сонымен, бұқаралық құқық -мемлекеттік істермен, ал жеке тұлғалар құқығы — жекелік істермен шұғылданады. Жеке тұлғалар құқығы жеке меншікпен тығыз байланыста дамиды. Жеке меншік болмаса жеке тұлғалар құқығы да болмайды. Біздің елде Кеңестік дәуірде жеке тұлғалар құқығы жоқтың қасы болды. Қазіргі нарықтық жүйе қалыптасу кезінде меншіктің неше түрлері өмірге келіп, жеке тұлға құқығын жан-жақты дамытуға мүмкіншілік туды.

40.

Наши рекомендации