Ой еңбегі мен дене еңбегінің гигиенасы
Еңбек гигиенасы өзінің ерекшеліктері және шешетін мәселелелерінің өзіндік мәні бойынша бір-бірінен айырмашылығы бар бірқатар іргелі бөлімдерге бөлінеді. Оларға еңбек физиологиясы, өнеркәсіптік токсикология, еңбек психологиясы жатады.
Еңбек физиологиясы еңбек іс әрекеттерінің әсерінен пайда болатын адам ағзасындағы функционалдық өзгерістерді зерттейді, сондай-ақ, адам денсаулығын және жоғары деңгейде жұмыс қабілеттілігін сақтауға, қажудың алдын алуға мүмкіндік беретін физиологиялық тұрғыдан негізделген еңбек үрдісін қолайлы ететін әдістерді зерттеп дайындайды.
Еңбектің барлық түрлерін дене және ой еңбегіне бөледі. Біріншісіне бұлшықет белсенділігінің басым болуы тән, ал екіншісіне –ой жұмысы мен шығармашылық іс әрекет тән . Белсенділіктің түрлеріне және айқындылығына байланысты келесі еңбек түрлерін ажыратады.
Едәуір бұлшықет белсенділігін қажет ететін еңбек түрлері. Бұл жұмыстар, еңбекті механикаландырмаған кезде қолданылады, энергия шығыны жоғары, – тәулігіне 17-25 МДж (4000-6000ккал) және одан да артық болуымен сипатталады. Еңбектің өнімділігі аз, дене жұмысына көп күш салуды қажет етеді. Дене еңбегі кезінде жұмыс режимі қолайлы болған жағдайда жұмыс уақытының 50% дейінгі бөлігі демалуға берілуі тиіс.
Еңбектің топтық түрлері, конвейер. Конвейерде жұмыс істеген кезде, бөлшектер бір жұмысшыдан келесісіне конвейердің жылжымалы таспасы арқылы автоматты түрде беріледі. Бұл еңбек түріне, берілген ырғақтылық, қарқындылық және жұмыс түрлерін орындаудың қатаң кезектілігі тән. Жұмыс операцияларын орындау арасындағы уақыты аз, біркелкі жұмыстарды істеу, мұндай жұмысты өте бірсарынды етеді, уақытынан бұрын шаршатады және жүйкені тез әлсіретеді. Жұмыс операцияларын орындау үшін жұмсалатын дене күші жеңіл (мысалы, сағаттарды, микросхемаларды жинау) немесе біршама ауыр (конвейерде автокөліктерді жинау) болуы мүмкін. Жұмысшыларға, ұзақ уақыт тұру немесе отыру сияқты белгілі бір дене қалпында болуы да әсер етеді, бұл статикалық қажуды күшейтеді.
Механикаландырылған еңбек түрлері. Бұлшықетке түсетін жүктеменің азаюы, станоктарды, механизмдерді, құрал-саймандарды басқару кезінде дәл және тез қимылдар жасауды қамтамасыз ететін аяқ-қолдың шеткі бөліктерінің майда еттерін жұмысқа қатыстыру механикаландырылған еңбек түрлерінің ерекшелігі болып табылады. Энергия шығыны тәулігіне 12,5-17 МДж (3000-4000ккал) құрайды. Бұл еңбек түрі арнайы білімді және қимыл-қозғалыс дағдыларын қажет етеді. Механикаландырылған еңбек түрлеріне, мысалы, токарьдің, фрезерлеушінің, слесарьдің жұмысы жатады. Орындалатын әрекеттердің біркелкі және қабылданатын ақпараттардың көлемінің аз болуы себебінен, механикаландырылған жұмыс кезіндегі еңбектің бірсарындылығы, еңбек үрдісінің басым факторы болып табылады.
Жартылай автоматтандырылған өндіріспен байланысты еңбек түрі. Жартылай автоматты өндіріс кезінде адам жұмыс істейтін заттарды тікелей өңдеу үрдісіне қатыспайды, оның міндеті, материалды немесе бөлшекті беру, механизмді іске қосу және т.с.с. станоктарда жұмыс істеу жөніндегі қарапайым жұмыс түрлерін орындаумен шектеледі. Еңбектің бұл түрінің ерекшелігі – оның бір сарындылығы, жұмыстың ырғағы мен қарқынының жоғары болуы, шығармашылық (творчестволық) бастамасының болмауы. Еңбектің бұл түріне тегістеушілердің, қалыпқа салушылардың, тігінші мотористтердің еңбегі мысал бола алады.
Егер еңбек үрдісі едәуір немесе толығымен автоматтандырылған болса, онда адам, автоматтар мен станоктарды үзіліссіз қадағалау және ақауларын дер кезінде жою жолымен, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.Бұл жұмыс адамның ақыл ойының және сенсорлық күш салуын қажет етеді. Адам ағзасы үнемі «оперативті күту» жағдайында болады, жұмыстың бір сарындылығы қажудың дамуын жылдамдатады (станокшылардың, тоқымашылардың және басқалардың еңбегі).
Өндірістік үрдістер мен механизмдерді басқарумен байланысты еңбек түрлері. Еңбектің бұл түрлерінде адам басқару жүйесіне қажетті оперативті буын ретінде қосылады – үрдіс қаншалықты автоматталған болса, оның қатысы соншалықты көп болады. Өндірістік үрдісті басқарудың негізгі екі түрін ажыратады: бір жағдайларда басқару пульттері жиі адамның белсенді әрекетін қажет етеді, ал басқа жағдайларда - сирек қажет етеді. Бірінші жағдайда жұмысшының үзіліссіз назар салуы көптеген қозғалыстар кезінде немесе сөйлеу актілерінде бәсеңдейді, ал екіншісінде жұмысшы әрекет етуге дайын жағдайда тұрады, ал оның реакциялары аз болады.
Интелектуалды еңбек түрлері (Ой еңбегінің түрлері). Бұл еңбек түрі материалдық өндіріс саласына жататын (құрастырғыштар, инженерлер, техниктер, диспетчерлер, операторлар және т.б.), сондай ақ оған жатпайтын (дәрігерлер, мұғалімдер, жазушылар, әртістер, суретшілер және т.с.с.) мамандық түрлерінен тұрады. Ой еңбегі әдетте есте сақтауды, зейін қоюды жұмылдыра отырып үлкен көлемдегі әр түрлі ақпараттарды өңдеу қажеттілігімен, стресс жағдайларының едәуір жиілігімен сипатталады. Бұлшықетке түсетін жүктеме онша көп емес – энергия шығыны тәулігіне 10-11,7 МДж (2400-2000 ккал). Еңбектің бұл түріне гипокинезия тән, ол ой еңбегімен айналысатын адамдарда жүрек-тамыр патологиясын қалыптастыратын жағдайлардың бірі болып табылады.
Ой еңбегінің түрлері операторлық, басқарушылық, шығармашылық, медицина қызметкерлерінің, оқытушылардың, оқушылар мен студенттердің еңбегіне бөлінеді.
Операторлық еңбек жоғары жауапкершілікпен және шамадан артық жүйкелік-эмоционалдық күш салумен ерекшеленеді, мысалы телефонда жұмыс істеушілердің еңбегі.
Басқарушылық еңбек ақпараттардың көлемінің шамадан артық көбеюімен, оны өңдеу үшін уақыт тапшылығының өсуімен, қабылдаған шешіміне өз басының жоғары жауапкершілігімен, жиі - жиі шиеленіс тудыратын жағдайларының болып тұруымен сипатталады.
Шығармашылық еңбек (ғылыми жұмысшылар, жазушылар, композиторлар, әртістер, суретшілер, сәулетшілер, конструкторлар) – бұл едәуір есте сақтауды, зейін қоюды, күш салуды қажет ететін, жүйкелік-эмоционалдық зорлану дәрежесін жоғарлататын ең күрделі еңбек түрі.
Оқытушылар мен медицина қызметкерлерінің еңбегі адамдармен үнемі қарым-қатынаста болумен, жоғары жауапкершілікпен, дұрыс шешім қабылдау үшін уақыт және ақпарат жеткіліксіздігімен сипатталады, бұлар жоғары дәрежеде жүйкелік-эмоционалдық зорлануға әкеп соғады.
Оқушылар мен студенттердің еңбегінегізгі психикалық қызметтердің (есте сақтау, зейін қою, қабылдау, күйзеліс жағдайларының болуымен) зорлануымен сипатталады.
Сонымен, кез-келген еңбек іс әрекеттерін орындау, айқындылық дәрежесі әр түрлі дене жұмысы (бұлшық ет) және жүйке жүйесіне түсетін жүктемелерінің әсер етуімен байланысты болады.
Дене жұмысының екі түрін ажыратады: динамикалық және статикалық. Статикалық жұмыс кезінде бұлшықет күші жұмыс кезіндегі дене қалпын сақтауға және еңбек құралдары мен заттарын қозғалтпай бекітіп ұстап тұруға бағытталады. Бірінші жағдайда бұлшықеттердің тоникалық жиырылуымен, екіншісінде – олардың ұзындығы өзгермей, тетаникалық жиырылуымен қамтамасыз етіледі.
Динамикалық жұмыс – жүкті тасуға, және де адамның өз денесін немесе оның бөліктерін кеңістікте қозғалуына әкелетін бұлшық еттердің жиырылу үрдісі. Динамикалық дене жұмысын жергілікті, аймақтық және жалпы (глобальды) деп бөледі. Жергілікті бұлшықет жұмысын орындау үшін, адам денесіндегі бұлшықеттердің ⅓- кем бөлігі (көбінесе екі қолдың бұлшықеттері) қатысады, аймақтықта- ⅓ - ден ⅔ - ге дейінгі бөлігі, (көпшілік кеуде еттері мен екі қолдың еттерінің қатысуымен, сонымен қатар, үлкен жүктерді тасымай жүру), жалпы бұлшықет жұмысында -⅔- артық бөлігі қатысады (тұлға бұлшықеттерінің және екі қол бір аяқ, немесе екі аяқ бір қол,немесе екі аяқ екі қол еттерінің қатысуымен). Статикалық жұмыс, динамикалық жұмысқа қарағанда, тез қажытады, себебі бұлшықеттерге күш түсуі демалыссыз, үзіліссіз жүреді. Оның үстіне, жұмыс істеп жатқан бұлшықеттердегі қан айналымының қиындауына байланысты, олардың энергиямен қамтамасыз етілуі, көп мөлшерде сүт қышқылының жиналуымен жүретін анаэробты үрдістер есебінен іске асады.
Қарқынды бұлшықет жұмысы үрдісінде пайдаланылатын оттегінің мөлшері едәуір өседі. Егер адам тыныштық күйінде минутына 150-300 мл оттегін қажет ететін болса, онда ауыр дене еңбегі кезінде оның қажеттілігі 10-15 есе көп болады. Қарқынды бұлшықет жұмысы кезінде тыныштық күйіндегі деңгейімен салыстырғанда, ағзаның энергия шығыны да 10-15 есе өседі. Бұлшықет жұмысы, айналымдағы қанның мөлшерін көбейтеді, соған сәйкес гемодинамикалық көрсеткіштерге және жүрек – қан тамырлары жұмысының көрсеткіштеріне әсер етеді. Жүректің минуттық көлемі 3-5 л-ден 20-40 литрге дейін артады. Минуттық көлемнің көбеюі жүректің соғуы көлемінің өсуі есебінен де, жүректің жиырылу санының есебінен де жүреді. Жүрек жиырылу жиілігі минутына 140-180 дейін жетуі мүмкін. Максимальды артериялық қан қысымы сн.б.б. 180-200 мм. дейін өседі.жетеді, бұл кезде минимальды қысымы аз ғана өседі, соның есебінен пульстік қысымның жоғарылауы қамтамасыз етіледі.
Дене еңбегінің қарқындылығы өсуіне қарай газ алмасу да жоғарылайды. Тыныштық күйінде өкпеде ауа алмасу көлемі минутына 5-8л құрайтын болса, жұмыс кезінде тыныс алу тереңдігі мен жиілігінің өсуі есебінен минутына 50л дейін және одан да артық көбейеді. Қанда эритроциттердің саны көбейеді және гемоглобин мөлшері өседі, нейтрофилдер санының күрт көбеюі есебінен миогендік лейкоцитоз дамиды. Жеңіл және ауырлығы орташа жұмыс кезінде глюкозаның мөлшері біршама төмендейді, ал ауыр жұмыс кезінде оның төмендеуі айқынырақ болады. Ауыр жұмыс кезінде қанда сүт қышқылының жиналуы қатар жүреді, ал жеңіл және ауырлығы орташа жұмыс кезінде ол тотығып үлгереді де, деңгейінің жоғарлауы байқалмайды. Адреналиннің, норадреналиннің, глюкокортикоидтардың мөлшері жоғарлайды, ол ағзаның энергиялық ресурстарын жұмылдыруға ықпал етеді. Ұзақ уақыт істелетін бұлшықет жұмысы симпатикалық-адреналдық және гипофиздік-бүйрекүсті безі жүйелерінің белсенділігі, инсулиннің деңгейі төмендеуіне әкеп соғады. Инсулин мөлшерінің төмендеуі ағзаның майларын энергиялық материал ретінде пайдалануға жұмылдырады.
Дене жұмысын орындау адамның дене қызуын 0,4-0,6º жоғарлауына, ал өте ауыр бұлшықет жұмысы кезінде 38º дейін, кейде 39º дейін жетуі мүмкін.
Егер дене температурасының аз көтерілуі зат алмасуын ынталандыратын қолайлы фактоор болса,онда температураның едәуір жоғарлауы теріс әсер етеді.
Жеңіл дене жұмысын орындау кезіндегі физиологиялық өзгерістердің қарқындылығы ауыр жұмыс кезіндегідей айқын болмайды. Бірақ оған, сондай-ақ, жұмыс істеу кезіндегі дене қалпының сипаты, эмоционалды зорлану деңгейі әсерін тигізеді. Мысалы, жергілікті бұлшықет қатысуымен істелетін жұмыстарды орындау кезінде (мысалы, сағаттар жинауда) энергия шығыны мен жүрек - қан тамыр жүйесі жұмысының көрсеткіштеріндегі өзгерістер көп болмайды. Егер бұл жұмыстарды отырып атқарса, онда тамыр соғуы жиілігінің, пульстік қысымының және жүректің минуттық көлемінің тіпті төмендеуі мүмкін.
Ой жұмысы кезінде жүктеме, бірінші кезекте, орталық жүйке жүйесінің функционалдық жағдайына әсер етеді, себебі ой жұмысымен айналысатын қызметкерлерде бас миы тек реттеуші ғана емес, сонымен қатар ой жұмысы атқарушы мүше болып табылады. Қарқынды ой жұмысы кезінде бас миына энергия қажеттілігі жоғарлайды. Тәуліктік энергия шығыны әдетте 10,5-12,5 МДж құрайды. Энергия шығыны, ой жұмысының түрімен анықталатын, жүйкелік-эмоционалдық зорлану дәрежесіне байланысты болады. Мысалы, көпшілікке дәріс оқыған кездегі энергия шығынының көбеюі 94% жоғарласа, отырып дауыстап оқығын кезде тек 48% жоғарлайды. Бас миының оттегін пайдалануы жоғарлайды, ол массасы дәл сондай қаңқа бұлшықеттерінің оттегін пайдалануына қарағанда, 5-6 есе көп болады. Мидың қанмен қамтамасыз етілуі күшейеді. Жұмыстың басында қабылдау, есте сақтау, зейін қою күшейеді, кәсіптік еңбекке қабілеттілігі жоғарлайды. Ұзақ уақыттық ой жүктемесінде барлық осы қызметтерді атқаруы нашарлайды.
Ой жұмысында, айтарлықтай жүйкелік-эмоционалдық жүктеме болмайды, мысалы, кітап оқу, дене еңбегіндегі сияқты жүрек-қан тамыр жүйесі мен сыртқы тыныс алу жағынан өзгерістер туғызбайды. Сонымен бірге, ой еңбегінің көп түрлерінде қатар жүретін, жиі стресс дәрежесінде болатын, жүйкелік-эмоционалдық зорлану осы жүйелерге едәуір әсер етеді. Мысалы, әуежай диспетчерлері, ұшқыштар, хирургия саласындағы дәрігерлер күрделі мәселелерді шешу кезінде, олардың жүрегінің жиырылу жиілігі минутына 160-180 дейін өсуі мүмкін, артериалды қан қысымы күрт жоғарлауы және жүрек қыспасы құбылыстары да байқалуы мүмкін. Өкпеде ауа алмасуы және оттегін тұтынуы артады, дене қызуы жоғарлайды.
Жүйкелік-эмоционалдық зорлануы қатар жүретін ой жұмысы кезінде, симпатикалық-адреналдық және гипаталамус-гипофиз-бүйрекүсті безі жүйелерінің белсенділігі жоғарлайды. Мұндай жағдайда, ой жұмысының көпшілік түрлеріне тән гиподинамия және артық дене массасы, гипертония ауруы, атеросклероз, жүректің ишемия ауруы, асқазан-ішек жолының қабынуы және ойық жара аурулары дамуының қауіп-қатер факторына айналады.
Кез келген еңбек түрінің тиімділігі жүктеме дәрежесіне және жұмысқа қабілеттілікке байланысты. Жұмысқа қабілеттілік деп максимальды қарқынды күш салу кезінде, белгілі бір уақыт аралығында орындалатын, жұмыстың санымен және сапасымен сипатталатын, адамның функционалдық мүмкіншіліктерінің деңгейі. Жұмыс күні бойына еңбекке қабілеттілік өзгеріп отырады. Оның бірнеше кезеңдерін ажыратады:
1. Жұмысқа төселу немесе жұмысқа қабілеттіліктің өсу кезеңі – еңбекке қабілеттілік деңгейі, бастапқаға қарағанда, біртіндеп жоғарлайды. Ол бірнеше минуттардан 1,5 сағатқа дейін созылады, ой еңбегінде ұзағырақ болуы мүмкін – 2-2,5 сағатқа дейін.
2. Тұрақты жоғары жұмыс қабілеттілік кезеңі, бұл кезеңіне физиологиялық қызметін атқаруының тұрақтылығы және жоғары жұмыс тиімділігі тән. Жұмыс ауырлығы мен қауіртілігіне, өндірістік ортасының жағдайларына байланысты, оның ұзақтығы 2-2,5 сағатты құрайды.
3. Жұмысқа қабілеттіліктің төмендеу немесе қажудың даму кезеңі.
Қажу – бұл шаршау сезімі, жұмыстың сандық және сапалық көрсеткіштерінің нашарлауымен білінетін, жұмысқа қабілеттіліктің уақытша төмендеуі тән жағдай. Қажу демалғаннан кейін қалпына келетін және қорғаныстық тежелу түріндегі ағзаның қорғаныс реакциясы болып саналатын физиологиялық үрдіс (ІХ бөлімнің 6 тарауын қара). Қажу дамыған кезде және оны басуға мүмкіншілік болмаған жағдайда патологиялық үрдіс түрінде бағаланатын зорығу дамиды.
Жұмысқа қабілеттілік динамикасы түскі үзілістен кейін де қайталанады, бірақ оның кезеңдерінің ұзақтығы аз болады.
Қажу дәрежесі мен оның даму жылдамдығы жұмыс түрлерінің ауырлығы мен қауірттілік дәрежесімен, сонымен қатар өндіріс ортасының зиянды факторларының әсерімен байланысты болады.(ХІ бөлімнің 1.1 тарауын қара).
Жұмыстың ауырлығы мен қауірттілігін бағалау үшін эргометриялық (орындалған жұмыстың мөлшерін өлшейтін) және физиологиялық критерийлер қолданылады. Динамикалық дене жұмысының жүктемесі және қолмен жылжытатын, көтеретін жүктің массасы, стереотипті жұмыс қозғалыстары, статикалық жүктеме, жұмыс кезіндегі дене қалпы, тұлғаның еңкеюі, кеңістікте орын ауыстыруы еңбек ауырлығының эргометриялық көрсеткіштері болып табылады. Еңбек қауірттілігінің эргометриялық көрсеткіштеріне ой жұмысының жүктемелері, сенсорлық, эмоционалдық жүктемелер, еңбектің бір сарындылығы мен еңбек ету режимі жатады. Физиологиялық критерийлер ретінде ағзаның физиологиялық реакцияларының көрсеткіштері (жүректің жиырылу жиілігі, энергия шығынының мөлшері, тыныс алудың минуттық көлемі, статикалық төзімділіктің төмендеу пайызы) саналады.
Еңбектің ауырлығы және қауірттілігі көрсеткіштерінің айқындылығына байланысты, ауырлығы мен қауірттілігі бойынша еңбек жағдайы келесі класстарға бөлінеді:
· Ауырлығы бойынша: қолайлы (дене жұмысының жүктемесі жеңіл), рұқсат етілген (дене жұмысының жүктемесі орташа), зиянды (ауыр) 1-ші және 2-ші дәрежелі
· Қауірттілігі бойынша қолайлы (қауірттілігі жеңіл дәрежеде ), рұқсат етілген (қауірттілігі орташа дәрежеде), зиянды (қауірт) 1-ші және 2-ші дәрежелі
Еңбек жағдайының әрбір класы еңбектің ауырлығы мен қауірттілігі көрсеткіштерінің белгілі бір мөлшерімен сипатталады. Жүктеме қаншалықты үлкен болса бұл мөлшерлер де соншалықты көп болады. Мысалы, ер адамдар үшін жеңіл дене еңбегінде бүкіл ауысым бойына үнемі қолмен көтеретін және жылжытатын жүктің салмағы 5 кг дейін, ал 2-ші дәрежелі зиянды еңбек түрінде 20 кг көп болады. Жеңіл дене жұмысын істеу кезіндегі дене қалпы еркін, ыңғайлы, ауыспалы, ал екінші дәрежелі зиянды еңбек түрінде жұмыс ауысымның 80% астам уақытын тұрып немесе 50% аса уақытын әлсін-әлсін ыңғайсыз, және /немесе бір жерде қозғалмай тұруымен сипатталады. Осы көрсеткіштердің мәніне қарай, нақты жұмысшының еңбегінің ауырлығы мен қауірттілігін анықтайды.
Еңбек ауырлығы мен қауірттілігін және оларға себепші болған факторларды білу, дәрігерге пайда болған ауруды кәсіби фактордың әсерімен байланыстыруына, негізделген ем тағайындауына, сауықтыру шараларын, басқа жұмыс түріне ауысуын ұсынуына және басқаларына мүмкіндік береді.
Еңбек үрдісі факторларымен байланысты қажудың және аурулардың алдын алу.
Еңбек үрдісі факторларының әсер етуі еңбектің ауырлығы мен қауірттілігін ғана анықтап қоймай, сонымен қатар, мамандығына байланысты аурулардың дамуына әкеп соғады. Мәселен, ауыр заттарды көтеру және тасымалдау, үлкен статикалық жүктеме, жұмыс істеу кезінде дененің мәжбүр жағдайда болуы, жекелеген мүшелер мен бұлшықет топтарына шамадан артық күш түсуі, жылдам қарқынмен орындалатын бірсарынды қозғалыстар, дененің жекелеген бөліктерінің қысылуы, байламдық аппараттың созылуы, психоэмоционалдық әсер ету және еңбек үрдісінің басқа да факторлары тірек қимыл аппаратының (омыртқаның, буындардың, бұлшықеттердің, сіңірлер мен байламдардың), жүрек-қан тамыр мен жүйке жүйелерінің, тыныс мүшелерінің және басқа да мүшелер мен жүйелердің әр түрлі аурулары дамуына алып келуі мүмкін.
Жұмысы ауыр заттарды көтерумен немесе ұзақ уақыт аяғында тұруға мәжбүр болатын кәсіп түрлері, табан сүйектерінің сүйек тінінің деструкциясы салдарынан май табандыққа, сонымен қатар, омыртқа бағанасының қисаюына - кифозға алып келуі мүмкін. Бұлшықет жүктемесі, әсіресе жастық шағында, омыртқа аралық дисклердің зақымдалуына және шеміршектік жарық ауруына алып келуі мүмкін. Ауру сүйек анкилозымен аяқталады, омыртқаның пішіні қайтымсыз өзгереді. Бала жасында ауырған мешел ауруы және жалпы бұлшықет әлсіздігі бұл кезде итермелеуші фактор болып табылады.
Еңбек үрдісі факторларының ішінде жұмыс істеу кезіндегі дене қалпының үлкен маңыз бар. Жұмыс кезіндегі дене қалпы – жұмыс орындау кезіндегі дененің, аяқ-қолдың, бастың кеңістікте және бір- біріне қатысты тұру қалпы. Дененің ыңғайсыз мәжбүр қалпы немесе ұзақ уақыт тік тұрған, еңкейіп тұрған, бүгілген немесе отырған, бүгіліп отырған күйі бұлшықеттер мен байламдарға, жекелеген мүшелерге шамадан артық күш түсуіне, қанның іркілу құбылыстарына, микрожарақаттануларға әкелуі және әр түрлі патологияның дамуына ықпал етуі мүмкін. Тұрып немесе еңкейіп тұрған және бүгілген күйінде жұмыс істеу кезінде аяқ қол бұлшықеттеріне, омыртқаларға, омыртқа аралық дисклерге күш түсу жоғарлайды, қанмен дұрыс қамтамасыз етілмеуі салдарынан қан айналымы нашарлайды. Соның нәтижесінде омыртқаның бағанасының қисаюы, жиі кифоздар, мойын және бел омыртқаларының остеохондрозы, аяқтың көк тамырларының варикозды кеңеюі, тромбофлебиттер, аяқтың ісінуі, жалпақ табан дамиды. Әйел адамдардың ұзақ уақыт тұрып жұмыс істеуі және ауыр заттарды көтеруі жамбас астауы астындағы бұлшықеттер мен байлам аппараттарының әлсізденуіне және қынап пен жатырдың төмен түсуіне немесе сыртқа шығуына алып келуі мүмкін.
Отырып жұмыс істеу аз қажытады, себебі дененің орнықтылығы артады, аяқ бұлшықеттеріне күш түсуі төмендейді және жүрек-тамыр жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Дегенмен де, отырып жұмыс істеу кезінде иық белдеуінің, мойын мен арқаның бұлшықеттерінің статикалық зорлануы, кифоз және сколиоздар дамуы байқалады. Сонымен қатар жамбас қуысындағы мүшелерде қан іркілу құбылысы байқалады, қан айналымы мен тыныс алу қиындайды. Құрсақ қуысы көк тамырларында қан іркілу және құрсақ қуысы ішілік қысымының жоғарлауы тік ішектің қабынуы және созылмалы іш қату түріндегі бұзылыстарға, геморройдың дамуына және әйел адамдарда етеккір келу циклінің бұзылуына алып келеді.
Буындарға ұзақ уақыт функционалдық салмақ түскен кезде буын шеміршегі жарақаттанады және шеміршек пен сүйек тінінің дегенаративті-пролиферативті өзгерістерінен туындайтын кәсіби буындардың пішінін өзгертетін остеоартроздар дамиды. Терушілердің, слесарьлардың, электромонтерлардың, сырлаушылардың, тас қалаушылардың, ағаш ұсталарының, сылақшылардың, кір жуатын адамдардың қол басы буындарына және білезік буынының маңайында ұзақ жұмыс істеуден күш түсуі нәтижесінде қол басының жарты ай және қайық тәрізді сүйектерінде асептикалық некроз пайда болуына алып келуі мүмкін. Жұмысы 2-ші және 3-ші табан сүйектерінің басына ұзақ уақыт қысым мен салмақ түсумен байланысты адамдарда (балериналар, бишілер, футболшылар, сатушылар, тоқымашылар және т.б. денесін алға еңкейте тұрып жұмыс істейтіндер) осы сүйектерінің басында асептикалық некрозы байқалады. Алақан апоневрозының ұзақ жылдар бойына құрал-саймандармен жарақаттануы салдарынан Дюпюитрен контрактурасы деп аталатын патология, шынтақты немесе тізені тіреп тұрып жұмыс істеу кезінде шынтақ және тізе буындарының бурситтері (шахтерлар, паркет төсеушілер, сызба жасаушылар және т.б.) пайда болады.
Жұмысы білек бұлшықеттеріне едәуір тоникалық күш түсірумен және саусақтар мен қол басының жиі қайталанатын қозғалыстарымен (ағаш ұсталары, сауыншылар, темір ұсталары, скрипкашылар, пианисттер және т.б.) байланысты бірқатар кәсіп түрлерінде тендовагиниттер – қабыну сұйықтарының жиналуымен және сіңірді бойлай фибриннің шөгуімен жүретін, сіңір қынаптарының қабынуы дамиды. Майда бірдей қимылдарды үнемі қайталай беру кәсіби координаторлық невроздардың даму себебі болуы мүмкін, ол кезде өз жұмысын істеу үшін азғана әрекет еткен кездің өзінде саусақ бұлшықеттерінің тырысуы байқалады. Аяқтарының (велосипед тебушілерде), тілі мен еріндерінің де (үрлемелі аспаптарда ойнайтын музыканттарда) невроздары кездесуі мүмкін. Локомоторлық аппараттарға шамадан артық күш түсумен байланысты ауруларға, сондай-ақ өте жиі кездесетін кәсіби невриттер, невралгиялар, мойын және бел-сегізкөз радикулиттері жатады.
Тыныс алу жүйесінің шамадан артық зорлануы салдарының бірі үрлемелі аспаптарда ойнайтын музыканттарда, шыны үрлеушілерде кездесетін өкпе эмфиземасы жатады. Әншілерде, оқытушыларда, дәріс оқушыларда дыбыс аппаратында өзгерістер – созылмалы ларингиттер, дыбыс байламдарындағы түйіндер, фонастения және басқалар байқалуы мүмкін. Көзге ұзақ күш түскен кезде кәсіби алыстан көрмеушілік, көру астенопиясы дамиды.
Жүйкелік-психикалық жүктемелер, жоғарыда аталғандай гипертония ауруының, жүректің ишемия ауруы, мида қан айналымының бұзылуы, астеновегетативті бұзылыстар, невроздар, психопатиялар, депрессия жағдайлары және көптеген басқа да аурулар дамуының қауіп - қатер факторлары болып табылады.
Еңбек үрдісі факторлары әсерімен байланысты өндірістік қажу мен аурулардың алдын алу ең бірінші кезекте жұмыс үрдістерін механикаландырудан, қол еңбегін машина жұмысымен ауыстырудан тұрады.
Жұмыс істеу кезінде қолайлы дене қалпын таңдау, дене қалпын өз қалауынша өзгерте алу мүмкіншілігі, жұмысты отырып та, тұрып та істеу маңызды болып табылады. Егер жұмыс тек тұрып істелетін болса, онда отырып демалатын, қысқа мерзімді үзілістер ұйымдастырылуы тиіс. Жұмыс кезіндегі дене қалпының қалыптасуы, көбінде жұмыс орнының ұйымдастырылуына, жиһаздар мен жабдықтардың құрылысына байланысты. Мысалы, жұмыс істейтін заттың беті өте төмен не жоғары орналасса, дененің ыңғайсыз жұмыс қалпын туғызады. Орындықтың құрастырылымы жұмысшының бойына және ол жұмыс істейтін станоктың ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс. Орындықтың арқалығы, отырғышы, шынтақ және аяқ қоятындары болуы керек, олардың негізгі параметрлері жұмысшының антропометрлік көрсеткіштеріне және орындайтын жұмысына сәйкестендіріп реттелінетін болуы тиіс.
Жұмыс орнын жобалап келесідей зоналарға бөлу керек: дәл және жиі қимылдарды орындау үшін ең ыңғайлы зонаға, мұнда жиі қолданылатын басқару органдары орналасуы тиіс; жеңіл қол жетерлік зонаға - бұл зонада жеткілікті дәрежедегі дәл және жиі қимылдар орындалады және жиі қолданылатын басқару органдары орналасады; қол жетерлік зонаға - бұл зонадағы жұмыс үлкен қимыл амплитудасын қажет етеді, және мұнда сирек қолданылатын басқару механизмдерін орналастыру керек. Қолайлы зонада істелетін жұмыс, бұлшықеттің зорлануын және дамып келе жатқан қажуды едәуір азайтады. Жұмысшылардың анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, еңбек үрдістері мен жұмыс орындарын ұтымды етіп ұйымдастыру мәселелерін шешумен еңбек физиологиясының қолданбалы бөлімі – эргономика айналысады.
Қажуды болдырмауға және жоғары жұмыс қабілеттілігіне, сондай-ақ өндірістік оқу үрдісінде тұрақты түрде жаттығу және машықтану арқылы дағдылар алып қол жеткізеді. Соның нәтижесінде динамикалық өндірістік стереотип (ІХ бөлімнің 6.1 тарауынан қара) қалыптасады, бұл автоматты түрде қимылдар жасауға, оларды көп күш салмай жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.
Қажудың және кәсібіне байланысты патологияның алдын алуда ауысым ішілік жұмыс режимі мен демалу режимін дұрыс ұйымдастырудың үлкен маңызы бар. Әдетте, түскі үзіліс, сонымен қатар регламенттелген қысқа мерзімдік үзілістер енгізіледі. Регламенттелген үзілістер аса қысқа (5 минуттан кем) болмауы керек, себебі еңбекке қабілеттілігінің қалпына келуіне жеткіліксіз болады. Олар ұзақ та болмауы керек, себебі динамикалық стереотип бұзылады. Еңбекке қабілеттіліктің қандай болса да бір кезеңінде ұйымдастырылған үзіліс, оны осы кезеңнің алдындағысына қайта алып келеді. Үлкен жүйке зорлануын және зейін қоюды, қолдың тез және дәл қимылдарын қажет ететін жұмыстарда жиі, бірақ қысқа - 5-10 минуттық үзілістер жасау орынды деп саналады. 10-12 минуттық ұзағырақ үзілістер көп күш салынатын және ірі бұлшықеттердің қатысуымен жүретін жұмыс түрлерін орындағанда берілуі керек. Регламенттелген үзілістерден басқа, жұмыста тағы қолайлы жұмыс қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік туғызатын, жұмыс операциялары мен әрекеттері арасында өздігінен пайда болатын микропаузалар – үзілістер де болады.
Ауысым ішілік дем алу белсенді түрде, яғни гипокинезия және гиподинамиямен сипатталатын жұмыс кезінде дене қимылына жаттығулардың (өндірістік гимнастика) кешені орындалуы керек, дене жұмысының жүктемесі едәуір жұмыс түрлерінде - пассивті демалу жақсырақ деп саналады. Күніне бірнеше рет 5-10 минуттық физкультпаузалар және 2-3 минут бойына физкультураминуттары жүргізілуі керек, ол кезде мойын, арқа, қол, аяқтарға арналған жаттығулар, тыныс алу жаттығулары жасалынады.
Өндірістік ортаның қолайлы жағдайлары да: ортаның зиянды факторларының деңгейі рұқсат етілген шамасынан аспайтын қолайлы микроклиматтық жағдайлары жұмыс қабілеттілігінің жоғары болуына мүмкіндік туғызады.