Урбанизацияның гигиеналық маңызы.
XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басы қалалардағы тұрғындар санының артуымен (урбанизациялануымен) сипатталады. Урбанизациялану үрдісі көптеген себептерге байланысты. Ауыл тұрғындарының қалаларға ауысуы бұрын да, қазіргі кезде де, қалыптасқан жағдайларға байланысты тұрғындардың жұмыс табу үшін, білім деңгейін көтеру, өмір сүру жағдайларын жақсарту, жоғары кәсіби медициналық көмек алу, мәдени өмірін байыту, тұрмыстың көптеген жақтарын жеңілдету, ауылдағы ауыр жұмыстарды қаладағы жеңілдеу түрлеріне ауыстыру т.б. мақсаттарына байланысты болды. Осы үрдіс қалалар мен ауылдардың терең индустриалдық қайта құрылулары, өндірістердің дамуы, тұрғын үй құрылыстарының кеңейуі, транспорттар санының көбеюі және байланыс түрлерінің жеңілденуі нәтижесінде қарқынды жүреді. Тұрғындардың тек қана материалдық емес, сонымен бірге ірі мәдени орталықтарында өз қажеттіліктерін қанағаттандыру нәтижесінде рухани деңгейлері де өсті.
Қала тұрғындарының саны қарқынды өсуде. Егер, XIX ғасырда қалаларда тұрғындардың бірнеше пайызы ғана тұрған болса, 1950 ж. ол 30% дейін, 1970 ж - 50% дейін, ал жекелеген экономикалық дамыған елдерде - 75-85% дейін асты. 2025 жылы қала тұрғындары барлық халықтың 60,1% болады деген болжам бар. Қалалар өзара бірігіп, агломерацияларды түзеді. 1 млн астам тұрғыны бар қалалардың саны 400 жетті. Каир, Карачи, Нью-Йорк, Манил, Шанхай, т.б. сияқты қалаларда халықтың саны 10 млн асты.
Индустрияландыру және ғылыми-техникалық прогресс біздің елімізде де урбанизацияланудың қарқынды жүруіне жағдай туғызады. Егер, Қазақстан Республикасының аумағында 1913 жылы 5 млн 596800 адам, оның ішінде, қалаларда - 540800 адам, немесе бар болғаны 10% ғана тұратын болса, 1999 жылы тұрғындардың саны 14 млн 953126 адамға дейін, олардың ішінде, қалада тұратындардың саны – 8377303, яғни 56% дейін жетті.
Урбанизацияланудың оң, сол сияқты теріс те жақтары бар. Ірі қалалар тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ететін өндіріс орындарының орталығы болып табылады. Мәдени, ғылыми және білім беру орталықтарында қоғамның экономикалық және мәдени потенциалы жинақталады. Қалалық орта тұрғындардың өмір сүруі мен мәдени тұрғыдан дамуы үшін, қолайлы жағдайлар қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, урбанизацияланудың барған сайын ұлғаятын теріс жақтары да байқалып отыр. Қала қоршаған ортаның барлық нысандарының өндірістік пен тұрмыстық ластаушы көзі болып табылады. Ластануға тек қала мен оған жақын жатқан аймақтар ғана емес, сонымен қатар, бүкіл биосфера да ұшырайды. Ауа ортасының көптеп ластануы, әсіресе, ірі қалаларда байқалады. Өндіріс орындарының, автокөліктің, жылу энергетикасы мекемелерінің шығарындыларымен ауаға әр түрлі ластаушы заттар бөлінеді, олардың ішінде халықтың денсаулығына зиянды әсер ететін, өте уытты және қауіпті заттар бар (ΙΙΙ- тарау). Атмосфераның ластануы, ауаның тұнықтығын төмендетіп, жарықтың түсуін азайтып, сонымен қатар, смог, қышқылды жауындар, озон тесіктері сияқты құбылыстардың пайда болуына себеп болып, адамның өмір сүру жағдайын нашарлатады. Көптеген ірі қалалардың төбесін ластанған ауаның күңгірт - қою «қалпақтары» жауып тұрады, олар күн радиациясының едәуір мөлшерін сіңіреді де, бұлыңғыр және тұманды күндердің санының жиілеуіне әкеп соғады.
Айтарлықтай ластануға су нысандары мен топырақ та ұшырайды. Суаттарға өнеркәсіптік және тұрмыстық ағынды сулар ағызылады, атмосфераға бөлінетін және суаттарды әр түрлі мақсатта пайдалану нәтижесінде пайда болатын ластаушы заттар түседі. Топырақ тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен көп ластанады, құрылыс салу үшін алынады, сұйық қалдықтарды тазарту үшін қолданылады, тыңайтқыштар және пестицидтермен ластанады (ΙV–V тараулар). Қалаларда күнделікті жиналатын қалдықтардың көлемі өте үлкен. Осындай жағдайларда қалалардың маңызды гигиеналық мәселелерінің бірі, қалдықтарды пайдаға асыру және тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету болып табылады.
Ауаның, судың, топырақтың ластануы жасыл желек өсімдіктерге жойғыш әсер етеді, ал олардың біраз бөлігінің құрып кетуінен, ауаны тазартатын табиғи сүзгі жойылады, сонымен қатар, қаланың өзінде де микроклимат жағдайлары өзгереді. Жасыл желектер отырғызылған жерлердің ауданы құрылыс қажеттілігіне алынуынан да қысқарады. Қала ластаушы заттардың темір-бетоннан жасалған қамалына айналады.
Қалалардың микроклиматы едәуір өзгереді. Оның бір ерекшелігі - «жылу аралдары» деп аталатын, аймақтардың пайда болуы. Бұл аралдарда, қала сыртындағы жермен салыстырғанда, ауа температурасы жоғары болады.Температуралардың ең үлкен айырмашылығы түнде байқалады, бұл кезде жылу аралдарындағы температура қала сыртындағы температурадан 6-8ºС жоғары болуы мүмкін. Ірі қалалардың орталықтарында «жылу аралы» 100-150 м биіктікке көтеріледі. Олардың түзілуі, ғимараттар, асфальт және басқа да жабындылар күндіз күннің әсерінен қызып, түнде салқындауы нәтижесінде күндіз алған жылуды атмосфераға беруімен байланысты. Температураның жоғарылауы, сонымен қатар, құрылыс нысандары көп салынған аймақтарда су булануының азаюына байланысты, ал қаланың сыртында орналасқан аудандарда, жаңбыр сулары топырақ бетінен буланып, жылуды өздеріне сіңіріп алу нәтижесінде ауаның температурасын төмендетеді. Жасыл желектер мен ашық су беттерінің пайызы төмендеуінің және қаладағы құрылыстың жоғары тығыздығы нәтижесінде желдің жылдамдығы едәуір азаюының маңызы да үлкен.
Қаланың өзіндік туындайтын ерекше факторларына көбінесе темірбетоннан жасалған, биік, металлдық конструкциялары көп құрылыстар, халықтың тығыздығы, көліктің көптігі, тіршілік қарқынының жоғарылығы, шамадан тыс жүйке-психикалық жүктемелер, шу деңгейінің жоғары болуы, қарқынды электромагниттік ластану,сонымен қатар, жабық бөлмелердегі геомагниттік әсерінің күрт төмендеуі және тұрғындардың денсаулығына зиянды әсер ететін басқа да көптеген факторлар жатады. Бұл жағдайларда қолайсыз эффектілер дамуының алдын алу үшін елді мекендердің орналасуын дұрыс таңдау және тиімді түрде жоспарлау шешуші роль атқарады.