Бап. Азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары

1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес
тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге;
3) медициналық ұйымды, сапалы әрі уақтылы медициналық көмекті еркін таңдап алуға;
4) өзінің жеке қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты есебінен және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық көмек алуға; денсаулық сақтау субъектілерінен ақылы медициналық көмек алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген негіздер мен тәртіпте жүргізіледі;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық айғақ болған жағдайда бюджет қаражаты есебінен шет елде медициналық көмек алуға;
6) медициналық қызметкерлердің дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды дұрыс тағайындамауынан олардың денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
7) еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама беріп, уақытша еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыруға;
8) аурудың профилактикасы, диагностикасы, ауруды емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер туралы, қоршаған ортаның жай-күйі, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысын қоса алғанда, денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде дәйекті ақпаратты тегін алуға;
9) дәрілік заттар. медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
10) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым беру денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға немесе сот тәртібімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік медициналық сараптаманың қорытындысына келіспеген жағдайда тәуелсіз медициналық сарапшылар қаруға өтініш беруге құқылы.
2. Әйел ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен ез денсаулығын сақтау мақсатында, ықтиярсыз жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін ерікті түрде таңдауға құқылы.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерді тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде медициналық тексеріп-қарау, динамикалық бақылау және сауықтыру жүргізу;
2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсері болатын негізгі ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы, еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3. Психикалық аурулары бар адамдардан басқа, жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдар жынысын ауыстыруға құқылы.
Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыруды және жынысын ауыстыруын жүргізу ережесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және ішкі істер, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс уәкілетті органдары белгілейтін тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жоғарыда келтірілген барлық құқықтарын пайдаланады.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулары болған кезде медициналық көмекті мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен алуға құқылы.

Наши рекомендации