Вольф-паркинсон-уайт синдромы. 3 страница

1. Митраль қақпақтар шамасыздығы

2. Гипертрофиялық кардиомиопатияның жалған қақпақтық варианты (обструкциялық варианты)

3. Өкпе артериясы сағасының стенозы

4. Митральді стеноз

5. Аорта сағасының стенозы

3. ЭКГ түсiрiлдi, I, AVL, V5,V6 R тісшесі биік, ST сегменті қиғаш төмендеген, теріс Т тісшесіне өткен, тізімнен дұрысын таңдаңыз.

1. Сол қарыншаның алдыңғы қабырғасының инфаркті

2. Жүректiң оң бөлiктерiнiң гипертрофиясы мен систолалық күштенуi

3. Жүрекшелер фибрилляциясы (жыбыр аритмиясы)

4. Жүректiң сол бөлiктерiнiң гипертрофиясы мен систолалық күштенуi

5. Артқы қабырғасының субэндокардтық инфаркті

4. НауқасқаЭхоКГ жасалды, қорытындысымен танысыңыз: аорта диаметрi 3,2 см, аорта сағасының ашылуы 1,8 см, қарынша аралық перденiң (ҚАП) қалыңдығы 2,1 см, сол қарыншаның артқы қабырғасының қалыңдығы 1,3 см. Сол қарыншаның соңғы диастолалық өлшемi 4,0 см, сол қарыншаның соңғы систолалық өлшемi 3,2 см. Сол жүрекше 4,2 см, оң қарынша 2,3 см. Айдау фракциясы 46%. Митраль қақпақтарының алдыңғы систолалық қозғалысы парадоксті. Аорта қақпақтарының систола ортасында қалқалануы, митраль регургитациясы ++. Қарынша iшiлiк қысымның градиентi 25 мм сын. бағ. Сiздiң қорытындыңыз?

1. Дилятациялық кардиомиопатия

2. Гипертрофиялық кардиомиопатия

3. Аортаның ревматизмдiк стенозы

4. Диффузды миокардит

5. ”Гипертониялық жүрек”

5. Төмендегілердiң қайсысы науқасқа көрсетiлген?

1. Строфантин

2. Моносан

3. Преднизолон

4. Индометацин

5. Конкор

N 8. Жауаптары:

1. 3.

2. 2.

3. 4.

4. 2.

5. 5.

Клиникалық жағдай N9

59 жастағы науқастың шағымдары: қалыпты күйдегi ентiгу, жүрген кезде дамитын жүрек қағуы мен оның шалыс соғуына, жүргенде және жәй жағдайда дамитын, нитроглицеринмен басылмайтын, кеуде сарайының сол бөлiгiнiң басып ауырсынуына, оң қабырға астының ауырлауы мен iшiнiң ұлғаюына, аяқтарының iсiнуi.

Анамнезiнен өзiн 3 ай науқас санайды, пайда болып өрши түскен келесi шағымдар мазалаған: ентiгу, жүрек қағуы, аяқ бастарының iсiнуi. “Химпром” зауытында соңғы 10 жылда жұмыс iстеген (бензолмен күнделікті жұғысу факті бар). Соңғы 6 айда қандай да бiр суықтаулармен ауырмаған.

Обьективтi: жағдайы ауыр, санасы анық, акроцианоз, дене қалыбы – ортопное. Өкпесiнде қатқыл реңкілі тыныс, төменгi бөлiктерiнде бiрлi-жарым консонансты емес ылғалды сырылдар. Перкуссияда жүректiң оң шегi төстiң оң қырынан 2,0 см оңға, сол шегi алдыңғы қолтық асты сызығымен 6 қабырға аралықта анықталды. Жүрек тондары тұйық, ырғақсыз, жүрек ұшында, семсерше өскінше үстінде систолалық шу, өкпе артериясы үстінде диастолалық шу. АҚ 100/60 мм сын. бағ., жүрек соғу саны 100 мин., пульс жиілігі 90 мин. Iшi асцит есебiнен үлкейген. Бауыры қабырға доғасынан 5 см шығыңқы. Аяқ басы, тiлерсек, балтыры мен санына дейiн iсiну бар.

1. Науқастың жетекшi синдромдарын атаңыз, әрқайсысының ерекшеліктеріне, олардың диагноздық маңызына тоқтаңыз.

1. Аритмиялық (жүрекшелер фибрилляциясы)

2. Кардиомегалия, тотальді

3. Жүрек шамасыздығы (екі шеңберде де)

4. Нефротикалық

5. Iсiну-асциттiк

2. Қанның жалпы анализi:эр. 4,5x1012/л, гемоглобині 152 г/л, түстiк көрсеткiші 0,9, лейк. 7,2x109/л, таяқша ядролы нейтрофильдері 4%, сегмент ядролылары 66%, лимфоциттері 25%, моноциттері 5%. ЭТЖ 9 мм/сағ.

Қанның биохимиялық анализдерінде:жалпы белогі 78 г/л, альбумині 47 г/л, глобулині 31 г/л; аспартатаминотрансфераза 24 Б/л.

Электрокардиограмма түсiрiлдi, RR аралығы әртүрлі, f-толқындары бар. Сiздiң қорытындыңыз.

1. Қабынулық процесс бар. WPW синдром

2. Қабынулық процесс жоқ. Қарыншалық ЭС

3. Қабынулық процесс жоқ. Жүрекшелер фибрилляциясы (жыбыр аритмиясы)

4. Қабынулық процесс бар. Синустік тахиаритмия

5. Қабынулық процесс жоқ. Тахи-брадикардия (Шорт) синдромы

3. ЭхоКГ:аортасы өзгермеген, оның диаметрi 3,1 см, жармаларының ашылуы 1,8 см; сол жүрекшесі 4,2 см, оң жүрекшесі 4,5 см; сол қарыншаның соңғы диастолалық өлшемі 6,7 см, соңғы систолалық өлшемi 5,7 см; сол қарыншаның артқы қабырғасының қалыңдығы 0,8 см, айдау фракциясы 30%. Қарынша аралық перде (ҚАП) мен сол қарыншаның артқы қабырғасының гипокинезиясы. ЭхоКГ интерпретациясы:

1. Жүректiң сол бөлiктерiнiң гипертрофиясы

2. Кардиомегалия, миокардтың жиырылу қызметiнiң төмендеуi

3. Аорта сағасының стенозы, сол қарынша гипертрофиясымен

4. ҚАП гипертрофиясы, сол қарыншадан кету жолдарының (пути оттока) тарылуымен

5. Сол жүрекшенiң ұлғаюы

4. Рентгенограммада:жүректiң барлық камераларының ұлғаюы, жүрек мықынының жойылуы, сол қарыншалық доғаның томпаюы мен ұзаруы анықталды. Жоғарыдағы мәліметтерді қосып, клиникалық диагноздардың дұрысын таңдаңыз:

1. Диффузды миокардит. Асқ.: жүрекшелер жыбыры, тахисистолиялық түрi. ЖШФКI

2. ЖИА, постинфаркті кардиосклероз. Асқ.: жүрекшелер дiрiлi, тахисистолиялық түрi, ЖШФКIII

3. ЖИА, үдемелi стенокардия. Асқ.: жүрекшелер дiрiлi, тахисистолиялық түрi, ЖШФКII

4. Дилятациялық кардиомиопатия, жүрекшелер дiрiлi, тұрақты тахисистолиялық түрi. Асқ.: ЖШФКIII

5. Көрсетiлген дәрмектерден ем тағайындаңыз.

1. Периндоприл

2. Преднизолон

3. Гипотиазид

4. Конкор

5. Кордарон

N9. Жауаптары:

1. 1, 2, 3, 5.

2. 3.

3. 2.

4. 4.

5. 1, 3, 5.

Клиникалық жағдай N10

34 жастағы науқас, мамандығы құрылысшы, емханаға қабылдауға келдi. Науқасты жүрек тұсының шаншып ауруы, физикалық күш түскендегі ентiгу мен жүректiң шалыс соғуы мазалайды. Мезгiл-мезгiл басы айналады, қысқа мерзiмге есiнен танады.

Анамнезiнен: алғашқы шағымдары 2 жыл бұрын төс артының сығып ауруынан басталған, стенокардия диагнозы қойылып, нитраттар берiлген, бiрақ жағдайы одан төмендеген. Соңғы қаралғанда миокард инфарктінен күдiк туып, стационарға жiберiлген, инфаркт жоққа шығарылған.

Объективтi: жалпы жағдайы қанағаттанарлық, терi жамылғыларының түсi қалыпты. Өкпесiнде везикулалық тыныс, тыныс жиілігі минутына 18. ЖҰТ V қабырғааралықта, сол бұғана орта сызығымен, қос түрткі сезіледі. Жүректiң шала тұйық дыбыс шектерiнiң оң, жоғарғысы қалыпты, сол шегi сол бұғана орта сызығынан 2,0 см тысқары. Жүрек тондары анық, ырғақты, жүрек ұшында‚ әсіресе, төстің сол қырымен III-IV қ/а айқын систолалық шу, қолтық астына өткізіледі, мойын тамырларына өткізілмейді, науқасты отырғызып, қайта тұрғыза бастағанда шу күшейеді. АҚ 125/80 мм сын. бағ., пульс саны 74 минутына.

ЭКГ: ритм синусты, R тісшесінің вольтажі I, aVL жоғары, Т тiсшесi терiс, QV1 ені 0,03 сек, терең емес.

1. Тексеру жоспарын құрыңыз. Жетекші симптомдар мен синдромдар.

2. Клиникалық диагнозы.

3. Тактикасы.

N10. Жауаптары:

1. Қажетті клиникалық анализдер; ЭхоКГ – ең шешуші тәсіл. Кардиомегалия, парциальді, тән шулармен; шудың ерекшеліктері, мойын тамырларына тарамауы аорта ақауларын жоққа шығарады.

2. Болжам диагнозы:

Нег. ауруы: Гипертрофиялық кардиомиопатия, обструкциялық варианты.

Асқ.: Синдромдық стенокардия. Синкопэ. ЖШФКI.

3. Емі: бетаблокаторлардан – бисопролол, нитраттарды беруге болмайды, кардиохирург кеңесі.

Клиникалық жағдай N11

52 жастағы науқас әйел дәрігерге келесі: нитроглицериннің бір таблеткасымен басылатын төс артының сығып, басып ауырсынуының, сол қолы, жауырыны, мойнының сол жартысына берілетініне, жүріп келе жатқанда 300-400 метрдей қашықтықта, баспалдақпен көтерілгенде 3 қабатта дамып, өлім қорқынышы сезімін туғызатынына, ентігудің қосылғанына шағымданып келді.

1,5 жылдан бері науқас, алғашқы сығып ауырсыну өте күшті физикалық күштенуден дамып, 5 минутта өздігінен басылған. Сонан бері ауырлау физикалық күштенулерде ауырсыну дамып, сол қолына тарайтын болған. Ауырсынудың соңғы ұстамасын ауыр жүк көтерумен байланыстырады. Соңғы бес жыл бойына АҚ көтеріліп жүр. Әкесі миокард инфарктінен қайтқан.

Об-ті: жалпы жағдайы қанағаттанарлық, артық салмағы бар (бойы 169 см, салмағы 88 кг), перифериялық ісінулер жоқ. Жүректің салыстырмалы тұйық дыбысының сол шегі сол бұғана орта сызығынан 1,5 см тыс анықталды. Жүрек тондары анық, ырғақты, жүрек ұшында І тон әлсіздеу, аорта үстінде ІІ тонның акценті естілді. АҚ 180/95 мм сын. бағ. Пульсі ырғақты, 90 рет минутына, кернеуі жоғары. Іші жұмсақ, ауырсынусыз.

1. Алғашқы диагнозы.

2. Жетекші синдромдары, қайтымды, қайтымсыз факторлар.

3. Тексеру жоспарын құрыңыз. Холтерлі мониторингтің клиникалық маңызына тоқтаңыз.

4. Емі. Аурудың болжамы.

N11. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Негізгі ауруы: ЖИА, тұрақты күштеме стенокариясы, ФКІІ. ЖШФКІ.

Конкурентті ауруы: Артериялық гипертензия, III дәр., өте жоғары қауіп тобы (артық салмақ, тұқым қуалаушылық, ЖИА).

2. Коронарогенді кардиалгия; ЖШ; АГ; кардиомегалия (гипертензиялық жүрек, декомпенсацияланған), артық салмақ. Қайтымсыз факторлардан тұқым қуалаушылық; липидограмманы тексеру барысында тұқым қуалайтын атерогенді дислипидемия анықталуы мүмкін. Қалған синдромдарын тұрақты еммен коррекциялауға болады.

3. Липидограмма; ЭхоКГ; офтальмоскопия; креатинин мен ШФ. Холтерлік мониторинг миокард ишемиясының жиілігін; ишемия кезіндегі болуы мүмкін аритмиялар мен блоктарды анықтауға көмектеседі.

4. Емі кешенді, есепке алудан басталады; кардиолог кеңесі міндетті; салмақ тастау, гиподинамиямен күрес, сол арқылы физикалық толеранттылығын қалыптастыру; уақыт өте жоғарылату; коронаролитиктік және антигипертензиялық әсерлері бар дәрмектерден таңдау: бета-блокаторлар (бисопролол немесе метопролол); нитраттар курстармен; дислипидемиямен күрес (статинде және трайкор). Болжамы емді жүйелі қабылдау арқылы кардиопротекторлық, ангиопротекторлық нәтижелерге қол жеткізуге байланысты.

Клиникалық жағдай N12

69 жастағы ер кісі төс артындағы күйдіріп ауырсынуға, оның астыңғы жағының сол жартысына берілетініне шағымданды. Ауырсыну ұстамасы шамалы физикалық, эмоциялық күштенулер мен жәй жағдайда да пайда болады, нитроглицериннің 2-3 таблеткасымен басылады. Бұлардан басқа инспирациялық ентігу мен жүрек қағуы физикалық күштенусіз де мазалайды.

12 жылдан бері науқас, алғашқы жылдары ауырсынулар сирек, күштілеу физикалық күштенулерге дамыған, 2-3 минут мазалап, нитроглицериннің 1 таблеткасымен басылған.

Об-ті: жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Өкпесінде везикулалық тыныс, төменгі бөліктерінің үстінде бірлі-жарым крепитациялар. Жүрек аймағын қарағанда патологиялық өзгеріс жоқ, перкуссияда сол шегі солға ығысқан. Аускультацияда жүрек тондары тұйық, бірлі-екілі экстрасистолиялар, аорта үстінде ІІ тонның акценті, жүрек ұшында систолалық шу. АҚ 140/80 мм сын. бағ., пульсі ырғақсыз, 85 рет минутына. Бауыры ұлғаймаған.

1. Алғашқы диагнозы. Шұғыл тактика.

2. Жетекші синдромына сүйеніп, күдікті аурулардың тізімін жасаңыз

3. Тексеру жоспарын құрыңыз.

4. Емі, емінің тұрақты стенокардия емінен айырмашылықтары.

5. Аурудың болжамы.

N12. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Негізгі ауруы: ЖИА, үдемелі күштеме стенокардиясы, экстрасистолия, ЖШФКІІ. Науқаста стационарлық емге көрсетпелер бар: физикалық толеранттылығының төмендеуі; нитраттарға төзімділігінің артуы; инспирациялық ентігудің қосылуы.

2. Коронарогенді кардиалгия жоғарыда келтірілген критерийлерінің дамуынан тұрақсыз стенокардиядан, коронарлық жедел синдромнан (ОКС) күдіктендіреді.

3. Стационар жағдайында ангинальді синдромын басқаннан кейін ЭхоКГ, ангиография жасалып, нәтижесіне сай радикальді ем сұрағы шешіледі.

4. Тұрақты күш түсу стенокардиядағы емнен тұрақсыз жағдайлардағы ем хирургиялық араласулар сұрағын шешуден басталады; медикаменттермен емде антикоагулянттар мен дезаггреганттар қосылады; қанның белгілі көрсеткіштері жүйелі бақыланады.

5. Дерттің болжамы кардиохирургтердің жүргізетін радикальді ем нәтижесіне байланысты.

Клиникалық жағдай N13

63 жастағы ер кiсi, кардиологиялық бөлiмге миокард инфарктiмен түскен, бiр апта iшiнде науқастың жүрек тұсындағы ауырсынуы басылды, жүрек шамасыздығының белгiлерi жойылды. ЭКГ: ырғағы синусты, жүректiң электр өсi горизонталь, III, aVF тiркемелерiнде терең, кеңiген Q, терiс Т тiсшесi

Анамнезiнен 20 жыл бойы аяқтарының тромбофлебитiмен ауыратыны анықталды. Клиникадағы 17 күнi, таңертеңгiлiк жуыну кезiнде, науқаста кенет күшті ентiгу, кеуде сарайының ауырсынуы, айқын цианоз, жабысқақ мұздай тер пайда болды.

Об-тi: жалпы жағдайы ауыр, аузымен ауа қармайды, тұншыға бастады. Мойын веналары томпайған, өкпесiнде везикулалық тыныс, тыныс жиiлiгi 40 минутына. Жүрек тондары тұйықталған, ЖСС 140 минутына, өкпе артериясының үстiнде II тонның акцентi. АҚ 80/50 мм сын. бағ., пульсi өте әлсiз.

ЭКГ: II, III тiркемелерде биiк Р тiсшесi пайда болды; I, aVL, V5, V6 тiркемелерiнде терең S; V1-V3 тiркемелерiнде терiс Т тiсшесi тiркелдi.

1. Болжам диагнозы, шұғыл жәрдем.

2. Негiзгi синдромына байланысты (ЭКГ шешiңiз) күдiктi ауруларға тәуелдi тексеру жоспарын шұғыл құрыңыз. Дифференциялық диагнозын жүргiзiңiз.

N13. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Нег. ауруы: ЖИА. Миокардтың iрi ошақты инфарктi, артқы-диафрагмалық қабырғасында орналасқан, жеделдеу кезеңi.

Конк. ауруы: Өкпе артериясының тромбоэмболиясы.

Фондық ауруы: Варикозды ауру. Аяқ веналарының варикозды кеңеюi, тромбофлебитi. Асқ.: Ауырсыну шогі. ТШIII. Жедел өкпе тектi жүрек. ЖШФК2.

2. Күшті ентігу симптомы, кеуде сарайының ауырсынуы; ЭКГ оң қарыншаға күш түсу белгілері; артериялық гипотензия – ауырсынулық шок? Өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен миокард инфарктінің рецидивімен ДД жүргіземіз. Д-димерлерге миоцитолиз маркерларымен қатар тексерулер тағайындаймыз.

Клиникалық жағдай N14

38 жасар науқас, ғылыми қызметкер, жедел көмек бригадасын келесi жағдайға байланысты шақырды: көкiрек сарайының сол бөлiгi күштi күйдiрiп ауырады, жалпы әлсiздiк, жабысқақ суық тер, құсып, қысқа мезгiлге есiнен

танған. Жүрегi бұрын ауырмаған. Соңғы күндерi демалыссыз, түндерде ұйықтамай, көп жұмыс iстеген.

Объективтi: жалпы жағдайы ауыр, адинамия, көздерi жұмулы, сұрақтарға бiр сарын жауап бередi. Терi жамылғылары қуқыл, цианоз, бетiнде суық тер тамшылары. Тыныс жиiлiгi 28 минутына. Өкпесінде везикулалық тыныс. Пульсі 104 минутына, толуы әлсiз, бiрлi-жарым экстрасистолалар. Жүректiң шала тұйық дыбысының шегi солға ығысқан. Жүрек тондары әлсiз, ырғақты. АҚ 80/60 мм сын. бағ.

1. Шұғыл тұжырым.

2. ЭКГ күтетін өзгерiстер.

3. Жедел көмек тактикасы.

N14. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Негізгі ауруы: ЖИА, миокардтың жедел инфаркті, аса өткір кезеңі.

Асқ.: Экстрасистолия, Лаун-2, кардиогенді шок (ауырсыну механизмді – рефлекстік), синкопе, сол қарыншалық жедел шамасыздық.

2. ЭКГ: коронарлы шамасыздық аумағына сай тіркемелерде Парди қиғашы тіркеледі.

3. Кардиологиялық орталыққа тасымалдау барысында (мүмкіндік болса кардиобригадамен) ауырсынуды басу шараларын, нәтижесіз болғанда, кезегімен орындау: наркотиктер, НЛА; атаралгезия, наркоз. Антикоагулянттық дәрмек, О2. Аритмиялардың алдын алу шаралары.

Клиникалық жағдай N15

61 жастағы науқас әйел жедел жәрдеммен клиникаға түнгi сағат 0210 түстi: төбе, шүйде бөлiктерiнiң қатты ауырсынуына, бас айналуына, жүрек айнуына, көз алдында шiркейлер ұшатынына, төс артының басып ауырсынуына, жүрек қағуына шағымданады.

Анамнезiнде: 20 жыл сымтетiк (телефон) бекетiнде оператор жұмысын iстеген. АҚ көтерiлгені 35 жасында профилактикалық шолуда анықталған. Соңғы бес жылда антигипертензиялық дәрмектерді (капотен, коринфарды) АҚ көтерілгенде ғана қабылдайды. АҚ 170/100-190/100 мм сын. бағ. төмендемеген. Анасы да артериялық гипертензиямен ауырған.

Объективтi: жалпы жағдайы орта ауырлықта, санасы анық, гиперстеник. Бетi гиперемияланған. Өкпесiнде везикулалық тыныс. Жүрек перкуссиясында: сол шегi сол бұғана орта сызығынан 2 см сыртқа ығысқан. Жүрек тондары анық, ырғақты, жүрек ұшында систолалық шу, аорта үстiнде II тонның акцентi, ЖСС 98 рет минутына. АҚ 245/130 мм сын. бағ. Бауыры ұлғаймаған. Тексеру үстiнде науқастың төс артында сығып, күйдiрiп ауырсыну ұстамасы дамыды, иррадиациясы – сол жауырын, сол қол. Сонымен қатар, ауа жетiспеу сезімі пайда болды. Ауру қуқыл тартты, денесін суық тер жапты. АҚ 120/100 мм сын. бағ. түстi, пульсі 110 минутына, бiрлi-екiлi экстрасистолия пайда болды. Нитроглицерин ауырсынуды баспады.

1. Болжам диагнозы.

2. Ең қажеттi, шұғыл жасалатын қосымша тексерулер.

3. Жетекші синдромы және дифференциялық диагнозы.

4. Дәрігерлік тактика.

N15. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Негізгі ауруы: ЖИА, миокардтың жедел инфаркті, аса өткір кезеңі, қарыншалық экстрасистолия.

Фондық ауруы: Артериялық гипертензия ІІІ дәрежелі, аса жоғары қауіптілік тобы – 4 (жасы, тұқым қуалаушылық, артық салмақ, СҚГ, ЖИА).

Асқ.: Кардиогенді шок. Сол қарыншалық жедел шамасыздық.

2. Қанның тропониндерге; жалпы анализі; ЭКГ, АҚ мониторингі.

3. Ангинозды статус; АГ (бақыланбаған); гипертензиялық криз; аритмиялық; ауырсынулық шок.

4. Реанимация бөліміне жатқызу; нәтижелі анальгезия; О2 ем; ЭКГ мен АҚ мониторингі; кардиологтың шұғыл кеңесі; тропониндерге тексеру; антикоагулянттық және ырғақ бұзылысының алды алу емі.

Клиникалық жағдай N16

56 жастағы науқас стационардың қабылдау бөлiмiне жедел жәрдеммен жеткiзiлдi, болған жағдай: 40 минут бұрын төс артында орналасқан, сол жауырын астына, мойнына, астыңғы жақ аймағына тараған кесiп ауырсыну, қатаң әлсiздiк мазалаған, сонымен қатар, ауа жетпеу сезiмi, бас айналуы қосылған. Нитроглицериннiң 3 таблеткасын қабылдату, ауырсынуды басуға анальгин, димедрол тағайындау нәтиже бермеген. ЭКГ түсiрiлген: II, III, aVF тiркемелерiнде ST сегментiнiң биік ауытқуы анықталған.

Об-тi: жалпы жағдайы орта ауырлықта, терi жамылғылары қуқыл, ылғалды. Өкпесiнде везикулалық тыныс, тыныс жиiлiгi 24 минутына. Жүректiң шала тұйық дыбыс шектерiнен сол шегi сол бұғана орта сызығына дейiн ығысқан. Жүрек тондары тұйықтау, ырғақты, жүрек ұшында мезгiл-мезгiл өте күшейген I тон естiледi, ЖСС 36 минутына, АҚ 100/70 мм сын. бағ. Тiлi ылғалды, таза, iшi жұмсақ, ауырсынусыз.

ЭКГ түсiру мақсатында электродтар қойылу үстiнде, науқас аударыла берiп, есiнен танып қалды, бетiнiң, мойнының цианозы күшейе түстi, қимылы жәйсiздене бастады, қол-аяғының клонустық құрысуы, көз алмаларының конвергенциясы дамыды.

1. Негiзгi ауруы мен оның асқынуларын табыңыз.

2. Ең қажеттi шұғыл шараларды атаңыз.

3. Жедел жәрдем тактикасын бағалаңыз (ЭКГ өзгерiстерi қандай анальгетиктердi тағайындауды талап еттi?).

4. Клиника деңгейінде және одан тыс жасалатын шаралар.

N16. Жауаптары:

1. Болжам диагнозы:

Нег. ауруы: ЖИА. Миокардтың жедел инфаркті, сол қарыншаның артқы қабырғасының, аса өткiр кезеңi.

Асқ.: АВ блок, III дәрежелi, Морганьи-Адамс-Стокс синдромы.

2. Жұдырықпен соққы??? Анальгезия наркотиктермен, НЛА; атропин; О2 ем; антикоагулянттық және ырғақ бұзылысының алды алу емі.

Клиникалық жағдай N17

70 жастағы әйел ЖДП үйіне шақырды. Шағымдары: төс артының күшті ауруы, ауруының сол жауырынына, мойнына, төменгi жақ аймағына тарауы, ауыруы 35 мин. бұрын басталған, қалыпты жағдайдағы ентігуі.

67 жасында сол қарыншаның базаль қабырғасының миокард инфарктін басынан өткерген. Соңғы жылы стенокардия ұстамасы күш түскенде пайда болып, 1-2 таблетка нитроглицериннен қайтып жүрген. Қабылдаған дәрмектерi: нитросорбид, конкор. Екі күн бұрын түнде төс артының ұстамалы ауырсынуына жедел жәрдем дәрiгерiн шақырған.

ЭКГ базаль қабырғасының тыртықтық өзгерiсi мен қарыншаларының алдыңғы қабырғасының, аралық перденің ишемиясы бар деп бағалап, дәрiгер антиангиналық дәрмектердi егiп, ұстама басылған соң, үйiнде қалдырған.

Наши рекомендации