Балалардың дене дамуын зерттеу және бағалау әдістері.

Дене дамуы баланың денсаулық жағдайының ең ақпаратты және сезімтал критерийлерінің бірі болып табылады. Дене дамуы деп әрбір нақты жас кезеңінде, баланың өсу және даму үрдістерін көрсететін, ағзаның морфологиялық және функционалдық сипаттамаларының жиынтығын айтады. Дене дамуын зерттеу үшін екі зерттеу әдісі қолданылады: жекелендірілген және жалпыландырылған. Жекелендірілгензерттеу әдісі жеке бір баланың дене дамуын зерттеу мен бағалау үшін жүргізіледі. Ол баланың туған күнінен 18 жасқа толғанға дейінгі дене дамуын жүйелі түрде және ұзақ уақыт бақылаудан тұрады. Әрбір жас кезеңінде баланың биологиялық даму деңгейінің күнтізбелік жасына сәйкес келуі және оның үйлесімділігі анықталады, ағзаға қолайсыз әсер ететін факторлар белгіленеді және қажетті сауықтыру шаралары жүргізіледі.

Жалпыландырылған зерттеу әдісі әр түрлі жас-жыныс топтарындағы балалардың дене дамуын зерттеу және бағалау мақсатында, балалардың үлкен контингенттерін бір мезгілдік жаппай тексеруден тұрады. Осы әдістің көмегімен балалар мен жасөспірімдердің өсу және дамуының жалпы заңдылықтары анықталады, дене дамуы көрсеткіштерінің аймақтық және жергілікті үлгілері (стандарттары) дайындалады, қоршаған орта факторларының балалар денсаулығына тигізетін әсері зерттеледі, тіршілік ету жағдайларына, оқу, дене шынықтыру тәрбиесі және еңбекке баулуды ұйымдастыруға қойылатын гигиеналық талаптар негізделеді.

Балалардың дене дамуын зерттеу үшін көрсеткіштердің үш тобы қолданылады: соматоскопиялық, соматометриялық және физиометриялық. Соматоскопиялық көрсеткіштерге баланы қарау кезінде бағаланатын көрсеткіштер: дене бітімінің түрі, май басу дәрежесі, бұлшық еттің тонусы мен дамуы, қаңқа сүйегінің, омыртқаның, кеуде торының, аяқтардың, табанның пішіндері, екіншілік жыныс белгілерінің дамуы жатады. Соматометриялық көрсеткіштерді дененің әр түрлі параметрлерін: дене, тұлға, аяқ-қолдардың ұзындықтарын, дене массасын, көкірек торының, бас, иық, сан шеңберлерін өлшеу және тістерінің санын санау жолдарымен анықтайды. Физиометриялық көрсеткіштер ағзаның функционалдық жағдайын сипаттайды. Әдетте, өкпенің тіршілік сыйымдылығын, қолдың және аяқбұлшық еттерінің күшін, артериалдық қан қысымын және жүректің соғу жиілігін анықтауды қолданады.

Алынған мәлеметтерді бағалауды жасына байланысты, нақты аймақтарға арналып дайындалған стандарттармен салыстырып, жүргізеді, себебі әр түрлі климаттық-географиялық жерлерде тұратын балалардың дене дамуының өзіндік ерекшеліктері болады. Дене дамуын бағалау үшін әр түрлі әдістер қолданылады: индекстер, сигмалық ауытқулар, Z – score шкаласы бойынша, регрессия шкалалары бойынша, кешендік, центильдік және басқалар. Индекстер әдісі дене дамуын бағалаудың ең алғашқы әдістерінің бірі, ол әр түрлі соматометриялық көрсеткіштердің, көбінесе дене массасы мен ұзындығы шамаларының арасындағы арақатынасы болып табылатын индекстерді санауға негізделген. Индекстердің 100-ден астамы белгілі, солардың ішінде кеңінен таралғандары Брок индексі мен Кетле-2 индексі. Кетле-2 индексі дене дамуын бағалау үшін басқа көрсеткіштермен бірге кеңінен қолданылады және көптеген елдерде қабылданған. Ол келесі формула бойынша анықталады: BMI (body mass index) = дене салмағы/ дене ұзындығы2 (кг/м 2). Басқа индекстерге қарағанда, Кетле-2 индексі әр түрлі жастағы балалардың дене ұзындығы мен дене массасының арақатынасын жеткілікті дәрежеде дәл көрсетеді, ал басқа индекстердің қолданылуын шектейтін негізгі кемшілігі, әр түрлі жас кезеңдеріндегі дене өлшемдерінің өзгеруі пропорционалды болмайды деген фактіні елемеу болып табылады. Бұл жағынан сигмалық ауытқулар әдісі бір қадам алға басқандық болып табылады. Дене дамуын бұл әдіспен бағалауды баланың дене дамуының көрсеткіштерін (массасын, дене ұзындығын, көкірек торының шеңберін және басқаларын) енді жас-жыныс топтарына тиісті стандартпен (М) салыстырып жүргізеді. Бұл көрсеткіштер стандарттан (үлгіден) қанша s-ға (s - орташа квадраттық ауытқу) ауытқығанын анықтайды да, ауытқу мөлшеріне байланысты дамуды 5 дәрежеге бөледі: орташа (М±1s); орташадан жоғары (1s<М£+2s); жоғары (М>2s); орташадан төмен (-1s<М£-2s) және төмен (М>-2s).

Даму дәрежесін анықтайтын негізгі критерийі дене ұзындығы болып табылады. Даму дәрежесінен анықтаудан басқа, дене массасы мен кеуде торы шеңберінің өзгеруі бой ұзындығына пропорционалдығын сипаттайтын үйлесімділігі де анықталады. Бұл әдіс бойынша, егер стандарттық ауытқуларымен берілген дене дамуы көрсеткіштерінің бір – бірінен айырмашылығы бір сигмадан аспайтын болса, онда дамуы үйлесімді болып саналады. Бірақ, бұл әдістің де кемшілігі бар: ол көрсеткіштердің өзара байланысын есепке алмайды, әрбір көрсеткіш жеке бағаланады. Сондықтан, қазіргі кезде сигмалық ауытқулар әдісі мүлдем қолданылмайды.

Z – score шкаласы – 10 жасқа дейінгі балалардың тамақтану статусын сипаттау үшін БДДҰ ұсынған, баланың дене дамуын бағалау әдісі. Бұл әдісте зерттелінетін көрсеткіш стандартты популяция медианасынан қанша сигмаға айырмашылығы бар екенін анықтайды.

Регрессия шкалалары бойынша дененің дамуын бағалау әдісінің сигмалық ауытқулар әдісінен айырмашылығы, дене ұзындығы мен дене массасы арасындағы, дене ұзындығы мен кеуде торының шеңбері арасындағы корреляциялық байланыстылықты есепке алады. Регрессия шкалалары - бұл әр түрлі жастағы балалардың дене ұзындығының әрбір мәнінің тұсында, осы ұзындыққа сәйкес болуы тиіс салмағы мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері берілген бағалау кестелері болып табылады. Дененің даму деңгейін дене ұзындығы бойынша: орташа, орташадан жоғары, биік, орташадан төмен және төмен деп бөледі. Даму үйлесімділігін анықтау үшін, белгілі бір жастағы баланың берілген бойының ұзындығы кезіндегі іс жүзіндегі массасы мен кеуде торы шеңберінің осы көрсеткіштердің бойының ұзындығына сәйкес болуы тиіс мөлшерінен, қанша регрессия сигмасына (s R) айырмашылықтары бар екенін есептейді. sR – бұл, әрбір параметрге есептеліп қойылған статистикалық көрсеткіш. Оны басқа белгіге (бойының ұзындығына) байланысты жеке адам белгісінің (массасы, кеуде торының шеңберінің) тиісті мөлшерден ауытқуының өлшемі ретінде қолданады.. Егер масса мен кеуде торы шеңберінің көрсеткіштері ±1 sR мәнінен аспаса, онда дененің дамуы үйлесімді болып саналады. Сондай-ақ, май басу немесе басқа себептерден емес, бұлшық еттің жақсы дамуы мен қаңқа сүйектерінің ауырлығынан, дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы керек мөлшерден 1sR артық болса да, даму үйлесімді деп санау керек. Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті мөлшерден 1,1-2,0 sR аз немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдай үйлесімді емес болып есептеледі.

Егер дене массасы мен кеуде торының шеңбері тиісті болуы мөлшерден 2sR кем немесе артық болса, онда морфологиялық-функционалдық жағдайды үйлесімділігі күрт өзгерген деп анықтайды. Даму дәрежесі функционалдық көрсеткіштер - ӨТС, қолдың бұлшық етінің күші бойынша да бағаланады. Дененің дамуын жоғарыда аталған әдістермен бағалау соматометриялық көрсеткіштер бойынша ғана жүргізіледі және олар толық та, қатесіз де емес, өйткені басқа кемшіліктермен қатар, биологиялық дамудың жеткен деңгейі, яғни баланың биологиялық жасы есепке алынбайды. Биологиялық жасы деп баланың қазіргі сәтте жетікен морфологиялық - функционалдық даму деңгейіне сәйкес жасын түсінеді. Биологиялық жастың баланың төл құжаттық жасынан, яғни, туғаннан бастап, өмір сүрген жылдары, айлары, күндерінің сандарынан, біраз айырмашылықтары болуы мүмкін. Төл құжаттық жас биологиялық жастан озуы немесе артта қалуы мүмкін. Мысалы, 7 жастағы балалардың биологиялық жасы 4 жастан 10 жас ауытқуы мүмкін, яғни олардың ішінде кейбір балалардың биологиялық даму деңгейі 4-5 жасқа немесе 9- 10 жасқа сәйкес келетіндері анықталады.

Биологиялық дамудан артта қалуы немесе озып кетуі, әр түрлі аурулар дамуының қауіп-қатер факторлары немесе ағзадағы бұрыннан бар патологияның көрінсітері болып табылады. Биологиялық дамудың айқын артта қалуы, сондай-ақ, ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің, жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуімен, оқыту, дене еңбегі жүктемелерін орындау, спортпен шұғылдану кезінде кездесетін қиыншылықтармен жүреді.

Балалардың мұндай жағдайы диспансерлік бақылауды және ой еңбегі мен дене еңбегінің жүктемелерін дифференциалды түрде нормалауды қажет етеді. Жедел қарқынмен дамуы ағзаға жоғары талаптар қойып, гипертониялық түрдегі вегетативті-қан тамырлары реакцияларының дамуына, невроздық реакцияларға, аллергиялық реакцияларға бейімділікке, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне, тез қажуға әкелуі мүмкін.

Биологиялық жасты бағалау үшін, әр түрлі көрсеткіштерді қолданады, соның ішінде, практикада ең жиі дене ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы, тұрақты тістерінің саны, жыныстық жетілу дәрежесі сияқты көрсеткіштер қолданылады. Биологиялық даму дәрежесін анықтаудың ең дұрыс және көпшілік құптаған критерийі қаңқаның әр түрлі сүйектерінің сүйектену (оссификация) деңгейі (сүйектің сүйектенуіне сәйкес жас) болып табылады. Бірақ, сүйектену дәрежесі рентгенографиялық зерттеулер көмегімен ғана анықталатындықтан, бұл белгі медициналық көрсетілімдері болған кезде ғана қолданылады.

Биологиялық дамудың жеке критерийлерінің маңыздылығы әр түрлі жас кезеңдері үшін бірдей емес. Мектепке дейінгі және кіші мектеп жастарында дененің ұзындығы, дене ұзындығының жыл сайынғы қосылуы және тұрақты тістерінің саны биологиялық дамуды анықтайтын көрсеткіштер болып табылады. Орта және үлкен мектеп жастарында дене ұзындығы және оның жыл сайынғы қосылуы өзінің ақпараттылығын сақтайды, бірақ жыныстық жетілудің жеткен деңгейі биологиялық дамудың басты белгісі болып табылады. Жыныстық жетілу кезеңі (пубертаттық кезең) ұлдарда 10-нан 18 жасқа дейінгі, ал қыздарда 9-дан 17 жасқа дейінгі жас аралығын қамтиды. Жыныстық жетілу дәрежесі ұлдарда қолтықтың (Ax ), қасағаның (P), беттің (F) түктенуі, дауыстың өзгеруі (V) және жұтқыншақтың өсуі (L) сияқты белгілермен бағаланады.

Қыздарда басталып келе жатқан жыныстық жетілудің бірінші белгісі сүт бездерінің өсуі (Ма) болып табылады, одан кейін қасаға мен қолтықтың түктенуі және алғашқы етеккір (менархе -Ме) пайда болады. Белгілердің әрқайсысы өздерінің дамуында бірнеше сатылардан өтеді, сондықтан пубертаттың әр түрлі жас кезеңдеріне өзінің жыныстық формуласы тән (9.3.- кесте).

Кесте

Наши рекомендации