Медициналық қалдықтарды залалсыздандыруға қойылатын талаптар
217. Б, В сыныпты қалдықтарды денсаулық сақтау объектілерінің аумағында мамандандырылған қондырғыларсыз өртеуге тыйым салынады.
218. Қалдықтарды термиялық әдіспен залалсыздандыру медициналық қалдықтарды +800-1500 С төмен емес температурада термиялық әсер ету жолымен немесе медициналық қалдықтарды кәдеге жарататын арнайы жабдықтың жұмыс температурасына сәйкес жүргізіледі.
Медициналық қалдықтарды («Б» сыныбының залалсыздандырылмаған медициналық қалдықтары мен «В» сыныбының барлық медициналық қалдықтары) өртеу нормалау құжаттарына сәйкес санитариялық-қорғау аймағының өлшемі ескеріле отырып орналастырылған арнайы қондырғыларда жүргізіледі.
219. Қондырғыны орналастыру үшін мыналар көзделеді: ауданы кемінде 10 м2 қалдықтарды уақытша сақтау үй-жайы, ауа ағымын сору қасиеті бар сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталған, су бұру жүйесіне ағылатын және су келтірілген ауданы кемінде 20 м2 қондырғыны орналастыру үй-жайы (егер өзгесін өндіруші көздемеген болса), қызметтік-тұрмыстық үй-жай (персоналдың бөлмесі, санитариялық торап, себезгі).
Ішкі әрлеу үшін үй-жайлардың функциялық мақсатына сәйкес материалдар пайдаланылады.
220. А сыныбының қалдықтары пайда болған орындарынан денсаулық сақтау объектісінің аумағында орналасқан контейнерге жіберіледі және контейнерлердің толуына қарай, үш күнде бір реттен сиретпей қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылады.
221. Қалдықтарды кәдеге жаратудың ақырғы өнімдері қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылады.
Денсаулық сақтау объектілерінде науқастарды тамақтандыруды ұйымдастыруға, медицина персоналының еңбек жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
222. Денсаулық сақтау объектісінің ас блогын инфекциялық бөлімшелерден басқа корпустармен және бас корпуспен қолайлы жер асты және жер бетіндегі көлік байланыстарымен қосылған, бөлек тұрған ғимаратта орналастырады.
223. Тағамдарды дайындау кезінде өндірістік процестің ағымдылығы қатаң сақталады. Шикізат пен дайын өнімдердің қарама-қарсы ағымына жол берілмейді. Шикізатты, тағам өнімдерін тауар көршілестігі қағидаларын сақтай отырып сақтайды. Тоңазытқыш жабдығы болмаған жағдайда тез бұзылатын тағам өнімдерін сақтауға жол берілмейді.
224. Апта сайынғы таратылатын ас мәзірін жасау кезінде бекітілген тамақ нормалары ескеріледі.
225. Өнімдер мен тағамдарды ауыстыру кезінде емдәмнің химиялық құрамы мен тағамдық құндылығы (құнарлылығы) апта сайын есептеліп отырады.
226. Күн сайын ас блогында дайындалған тағамдардың тәуліктік сынамасы қалып отыруы тиіс. Тәуліктік сынама үшін бірінші тағамдардың жарты үлесі қалдырылады, үлесті екінші тағамдар кемінде 100 грамм (бұдан әрі – гр) мөлшерінде толығымен алынады, үшінші тағамдар кемінде 200 гр мөлшерінде алынады.
Тәуліктік сынамалар дайын тамақты сақтауға арналған тоңазытқышта арнайы бөлінген орында +2 - +6 Цельсий градусы (бұдан әрі – оС ) температурасында қақпақтары жабылған таңбаланған банкаларда сақталады (1,2,3 тағамдар). 24 сағат өткеннен кейін тәуліктік сынама тағам қалдықтарына тасталады. Тәуліктік сынаманы сақтауға арналған ыдыс (сыйымдылықтар, қақпақтар) бес минут бойы қайната отырып өңделеді.
227. Дайын тамақты аурухананың буфет бөлімшелеріне жеткізу үшін таңбаланған (тамақ өнімдері үшін) термостар немесе қақпақтары жабылатын ыдыс пайдаланылады. Тасымалдау арнайы арбалардың көмегімен жүзеге асырылады.
228. Дайын тағамды таратуды буфетшілер және бөлімшенің кезекші мейірбикелері «тағам таратуға арналған» деп таңбаланған халаттарда жүргізеді. Тағамды таратуды бақылауды тағайындалған диетаға сәйкес аға мейірбике жүзеге асырады.
229. Тарату кезінде бірінші тағамдар мен ыстық сусындарда температура +75оС, екіншілерде +65оС төмен болмауы, салқын тағамдар мен сусындарда +7-ден 14оС дейiн болуы тиіс. Тарататын сәтке дейін бірінші және екінші тағамдар дайындалған сәтінен бастап eкi сағатқа дейін ыстық плитада тұруына болады. Тамақты бір күн бұрын дайындалған тамақтың және сол күнi ертерек мерзімдерде дайындалған тамақтың қалдықтарымен араластыруға жол берілмейді.
230. Буфет бөлімшелерінде: тамақ таратуға арналған және үш ұялы ванна қондырғысы бар ыдыс жууға арналған екі үй-жай көзделеді.
231. Буфеттерде жуу ванналарына су келтірілген резервтік су ысытқыштар, инфекциялық, тері-венерологиялық, туберкулезге қарсы бөлімшелердің буфеттерінде асхана ыдысын өңдеуге арналған стерилизаторлар орнатылады.
232. Ыдысты өңдеуді мынадай тәртіппен жүргізеді: тамақты механикалық алып тастау және бірінші жуғышта майсыздандыру құралдарымен жуу, екінші жуғышта ыстық сумен шаю және ыдысты арнайы сөрелерде, торларда кептіру.
233. Инфекциялық, тері-венерологиялық, туберкулезге қарсы стационарлардың (бөлімшелердің) буфеттерінде, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша басқа бейін бөлімшелерінде:
1) ыдысты тамақ ішкеннен кейін буфеттерде бөлек үстелде жинайды, тамақтың қалдықтарынан босатады, зарарсыздандырады, жуады және кептіреді. Зарарсыздандыру химиялық (дезинфекциялық құралдардың ерітіндісімен, оның ішінде жуғыш машинада) немесе термиялық тәсілмен (қайнату, ауа стерилизаторында өңдеу арқылы) жүргізіледі;
2) тамақ қалдықтарын қақпағы бар арнайы таңбаланған бакқа тастайды және бестен бір ара қатынасындағы (экспозициясы бір сағат) құрғақ дезинфекциялық құралды себу тәсілімен тиісті инфекцияға арналған режим бойынша зарарсыздандырады. Пайдаланылған ыдысқа арналған үстел, щеткалар, ысқыштар әрбір қолданыстан кейін дезинфекцияланады. Үстелдер мен ыдысты жууға арналған шүберекті дезинфекциялық ерітіндіге батыру арқылы зарарсыздандырады, шаяды және кептіреді.
234. Науқастарға арналған сәлемдемелер науқастың тегі, аты, берiлген күнi көрсетілген целлофан пакеттерде беріледі. Сәлемдемелерді беру орындарында, бөлімшелерде беруге рұқсат етілген (олардың саны көрсетіле отырып) және тыйым салынған өнімдердің тізімдері iлiнеді.
235. Бір жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету кезінде, балалар бөлімшесінің құрамында балаларға арналған қоспаларды дайындауға және құюға арналған үй-жай көзделеді. Құрғақ сүт қоспаларына қаптамасы ашылғаннан кейін ашылу күні және уақыты көрсетілген таңба салынуы және қаптамасында көрсетілген «қаптамасын ашқаннан кейін сақтау» жағдайында және мерзімінде сақталуы тиіс. Қоспаларды араластыру стерилді ыдысты қолдана отырып жүзеге асырылады. Дайын сүт қоспалары дайындаушының құжаттарына сәйкес тасымалданады, қолданылады, сақталады және таратылып беріледі.
236. Персоналға арналған тұрмыстық үй-жайлар санитариялық өткізгіш типі бойынша жабдықталады және олардың құрамына мыналар кіреді: киім ілетін орын, себезгі бөлмесі, қол жуғыштар, дәретхана, арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарын сақтауға арналған үй-жай. Киім ілетін орындар арнайы және жеке киімді сақтауға арналған жеке шкафтармен жабдықталады.
237. Персоналды тамақтандырумен қамтамасыз ету үшін асханалар мен буфеттер көзделуі қажет, барлық бөлімшелерде ауданы 12,0 м2тоңазытқышпен, су жылытуға арналған құрылғымен, қол жууға арналған раковиналармен жабдықталған персоналға арналған бөлме бөлінеді. Жұмыс орындарында тамақ ішуге жол берілмейді.
238. Медициналық персонал ауысымдық жұмыс киімінің үш жиынымен: халаттармен, қалпақтармен (орамалдармен), ауысымдық аяқ киіммен қамтамасыз етіледі. Санитариялық киімді ауыстыру күн сайын және ластануына қарай жүзеге асырылады. Санитариялық киімді жуу бір орталықтан, науқастардың киім-кешегінен бөлек жүзеге асырылады.
239. Консультациялық көмек көрсететін медициналық персонал, стационарлардың бөлімшелерінде уақытша жұмыс атқаратын техникалық, әкімшілік-шаруашылық персоналы ауысымдық киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау объектілерінде медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилдеу мен дезинфекциялауды жүргізу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
240. Бір рет қолданылатын медициналық құрал-сайман алдын ала дезинфекциялаусыз кәдеге жаратуға жатады.
241. Көп рет қолданылатын медициналық мақсаттағы бұйымдар (бұдан әрі – КМБ) пайдаланылғаннан кейін дезинфекцияланады, стерилдеу алдында тазаланады, кептіріледі, қапталады және стерилденеді.
242. Құрал-сайманды дезинфекциялау оны пайдаланған жерде әртүрлі тәсілдермен (қайнату, бумен, ауамен, химиялық) жүргізіледі.
243. КМБ-ны дезинфекциялау үшін екі сыйымдылық пайдаланылады. Бірінші сыйымдылықта құрал-сайман қанның, сілемейдің, дәрілік препараттардың қалдықтарынан жуылады, сосын экспозиция үшін екінші сыйымдылыққа батырылады. Алмалы-салмалы бұйымдар бөлшектелген күйінде өңделеді.
Биологиялық сұйықтықтарға қатысты бекітуші әсері бар дезинфекциялық құралдарды пайдаланған кезде құрал-сайман суды кейіннен зарарсыздандыру арқылы алдын ала жеке сыйымдылықта жуылады.
244. Дезинфекциялық ерітінділер Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялық құралды пайдалану жөніндегі нұсқауда (әдістемелік нұсқаулықта) көрсетілген мерзімдерге сәйкес пайдаланылады.
245. КМБ-ны стерилдеу алдында тазалау қолмен немесе механикаландырылған (ультрадыбыстық) тәсілмен жүргізіледі. Дезинфекциялық құралдың құрамында жуу компоненті болған кезде стерилдеу алдында тазалау дезинфекциямен бірге жүргізіледі.
246. Стерилдеу алдында өңдеудің сапасы қанның және синтетикалық жуу заттарының сілтілі компоненттерінің қалдық мөлшеріне оң сынаманың (азопирамды, фенолфталеинді) болмауымен бағаланады. Әрбір атаудың (кемінде 3-5 бірлік) немесе әрбір партиядағы медициналық бұйымның кемінде 1%-ы бақылауға жатады.
247. Медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилдеу алдында тазалау мен стерилдеу орталықтандырылған стерилдеу бөлімшесінде, ол болмаған жағдайда денсаулық сақтау бөлімшесінің арнайы бөлінген орнында жүргізіледі.
Стерилді материал бөлімшеге жабық көлік контейнерлерінде, арнаулы қаптарда, көлік лифтілерімен жеткізіледі.
248. КМБ-ны стерилдеу жабдықтың тиісті стерилдейтін агенттері мен типтерін пайдалана отырып, физикалық (бумен, ауамен, инфрақызыл, глассперлен), химиялық (химиялық заттардың ерітінділерімен, газбен, плазмалы) әдістермен жүргізіледі.
249. Стерилдеуді нақты құралды қолдану жөніндегі нұсқаулықта, стерилизаторды пайдалану жөніндегі нұсқауда көрсетілген режимдер бойынша жүзеге асырады.
250. Стерилдеу аппаратурасының жұмысын бақылау физикалық (бақылау-өлшеу аспаптары), химиялық (термохимиялық индикаторлар), биологиялық тесттермен жүзеге асырылады.
251. Стерилизаторлармен жұмысқа он сегіз жастан асқан, медициналық тексеріп-қараудан, курстық оқудан өткен және техникалық минимум тапсыру туралы куәлігі бар адамдар жіберіледі.
252. Балалар бөлімшелерінде ойыншықтар күн сайын жұмыс күнінің соңында сабынды-содалы ерітіндінің 2 %-ы пайдаланыла отырып жуылады, ағынды сумен шайылады, кептіріледі. Қуыршақтың киімі жуылады және аптасына бір рет үтіктеледі. Жұмсақ ойыншықтарды пайдалануға жол берілмейді.
253. Ультракүлгін шамдармен жарақталған бактерицидті камералар тек стерилді құрал-сайманды сақтауға ғана пайдаланылады.
Денсаулық сақтау объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
254. Қабылдау бөлімшесінде барлық келіп түсетін науқастардың жұтқыншағын қарау, температурасын өлшеу, сырқатнамасына белгі қоя отырып, педикулезге, қышымаға, дерматомикозға тексеру жүргізіледі. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін көрсеткіштер бойынша биоматериал алу жүргізіледі.
255. Инфекциялық ауруға күдіктену кезінде пациентті инфекциялық аурулар бөлімшесіне (ауруханаға) ауыстырғанға дейін қабылдау бөлімшесінің жанындағы диагностикалық палатаға оқшаулайды.
256. Науқастар стационарға келіп түскен кезде қабылдау бөлімшесінде санитариялық өңдеуден өтеді және таза іш киімдер, пижама, аяқ киім жиынтығы беріледі. Стационарда, туберкулезге қарсы ұйымдарда емделіп жатқан науқастарды қоспағанда, науқастардың үй киімімен жүруіне жол беріледі.
257. Босанатын әйелге айғақтар бойынша тексеруден кейін немесе әйелдің қалауы бойынша санитариялық өңдеу жүргізіледі.
258. Науқастарды емдеуге жатқызу кезінде палаталардың (үш күн ішінде) толықтырылу циклі сақталады.
259. Іріңді-септикалық инфекциямен ауыратын науқастарды іріңді хирургия бөлімшесіне, ол болмаған кезде бөлек оқшауланған палатаға жатқызған жөн.
260. Ірің бөлінетін пациенттерді таңу септикалық таңу бөлмесінде, ол болмаған кезде ірің бөлінбейтін пациенттерді таңып-байлағаннан кейін асептикалық таңу бөлмесінде жүргізіледі.
261. Пайдаланылғаннан кейін жинау мүкәммалы дезинфекцияланады, құрғатылады және кейіннен арнайы бөлінген орында сақталады.
262. Денсаулық сақтау объектілерінде тексерулер кезінде жүргізілетін зертханалық-құрал-саймандық зерттеулер осы Санитариялық қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
«Денсаулық сақтау объектілеріне
қойылатын санитариялық-
эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына
1-қосымша