Адам организміндегі темірдің бөлістірілуі.
Темірдің қоры | Темірдің мөлшері, г. |
Эритрондағы темір (айналымдағы эригроциттер, сүйек миындағы эритрокариоциттер гемоглобинінің құрамындағы темір) | 2,8-2,9 |
Қорға жиналған темір (ферритин мен гемосидериннің құрамындағы) | 0,5-1,5 |
Тіндегі темір (миоглобин, цитохромдар, ферменттер) | 0,125-0,140 |
Тасымалдаушы темір (трансферринмен байланысқан) | 0,003-0,004 |
Темір организмге тағаммен түседі. Жеткілікті тамақтанғанда тәулігіне 15-20 мг темір түседі, ал оның 10-15%-ы ғана қорытылады. Темірдің алмасуы мына процестерден тұрады: ішек бойында сіңірілуі, тіндерге тасымалдануы, пайдаланылуы, қорға жиналуы және организмнен бөлінуі. Сіңірілетін темірдің қалыпты тәуліктік мөлшері 1 мг.
Темір онекелішекте және жіңішке ішектің проксимальды бөлігінде сіңіріледі, тәулігіне түсетін 1 мг темірдің мөлшері epесек жастағы еркектер мен етеккірі келмейтін әйелдер организмінің сұранысынажеткілікті, ал менструациясы келетін әйелдердің организмі бұған қосымша 0,5 мг темірді қажет етеді.
Тағамның құрамындағы темірдің екі түрін айырады — гемдік және гемдік емес. Бүлар әртүрлі механизмдермен сіңіріледі. Гемдік емес немесе йондалған темір — темірдің тұздары, темірдің белокпен немесе органикалық қышқылдармен байланысқан түрі. Гемдік емес темір сіңірілуі үшін, аддымен еритін екі валенттік түріне дейін тотықсыздануы қажет. Аскорбин қышқылы, фруктоза, аминоқышқылдар гемдік смес темірдің сіңірілуін арттырады, ал фитин немесе фосфаттар темірмен суға ерімейтін тұздарды түзіп, сіңірілуін бөгейді. Сондықтан, фитинге және фосфаттарға бай кейбір өсімдік тағамдар, темірі мол болса да, темір түсіретін өнімдерге жатпайды.
Гемдік темірдің сіңірілуі оңайлау. Оның сіңірілуіне қосымша жағдай қажетсіз. Гемдік комплекс, темірі бөлінбестен, металлопорфирин түрінде сіңіріледі. Сондықтан еттің құрамындағы темір, өсімдік тағамдарындағыдан гөрі, жақсы қорытылады. Ет өнімдерінің құрамындағы темірдің қорытылуы бірдей емес. Малдың бауырында, талағында, бүйрегінде темірдің мөлшері аса мол (гемосидерин түрінде), бірақбұл темір гемдік темірге жатпайды. Сондықтан бұлардағы темір жеңіл қорытылмайды. Гемдік темір еттің (миоглобиннін) құрамында болады. Тағамда еттің тапшылығы теміртапшылықты анемияның дамуына әкеліп соқтырады.
Темірдің ішекте сіңірілу механизмдері толық анықталмаған. Энтероциттердің микробүртіктері темірді жасушаның ішіне тартып алатын рецепторларға ие. Темір энтероциттердің ішіне мукозды апотрансфериннің көмегімен енеді. Бұл белок бауырда синтезделіп энтероциттерге келіп түседі. Мукозды апотрансферин энтероциттерден бөлініп ішектің ішіне түседі, сол жерде темірді байланыстырып энтероциттерге қайта оралады. Содан кейін энтероциттердің базальды бетінде мукозды апотрансферин темірді плазмалық трансферинге тапсырады. Әрі қарай темір темір-трансферин комплексі түрінде әртүрлі тіндерге жеткізіледі. Темірдің сіңірілу мөлшері мукозды апотрансфериннін синтезімен реттеледі. Темірдің тапшылығында оныңэнтероциттердегі мөлшері көбейеді.
Энтероциттерге өткен темірдің бір шамасы сол жерде ферритинніңқұрамына еніп жінешке ішектің кілегей қабатындағы темірдің баяу алмасатын қорына айналады. Темірге деген мұқтаждық жойылған жағдайда бұл темір, бірнеше тәулік сайын, түлеген энтероциттермен организмнен бөлініп отырады. Организмнің темірге сұранысы пайда болған жағдайларда темірдің энтероциттерде ферритин түрінде жиналуы азаяды да, плазмаға түсуі көбейеді.
Плазмалық трансферин де бауырда синтезделеді. Трансфериннің қандағы қалыпты мөлшері 250 мг/дл, осы мөлшер плазманың әр 100 мл-де 250-400 мкг темірді байланыстыруға мүмкіндік береді (қан сарысуының жалпы темірді байланыстыру қасиеті — ЖТБҚ). Организмде темір сұранысы жоғарылайтын кездерде (жүктілікте) ЖТБҚ ұлғаяды. Қалыпты жағдайда трансферин темірмен толық қанықпайды (тек 20-25% ғана қанығады).
Сіңірілген темірдің көбі сүйек миында гемоглобиннің биосинтезіне жұмсалады. Тәулік сайын эритроциттердің 0,8% жаңарып отырады,ал оған 15-30 мг темір қажет. Бұл тағаммен түсетін мөлшерден едәуір артық. Жаңадан түзілетін гемоглобиннің синтезіне қорда жатқан және жойылған эритроциттердің темірі пайдаланылады.
Гемоглобиннің, миоглобиннің және ферменттердің синтезінен артылған темір ферритин немесе суға ерімейтін гемосидерин түрінде макрофагтардың ішінде, бауырда, талақта, сүйек миында және бауырдың паренхималық жасушаларында қорға жиналады. Темірдің қорға жиналуының басты түрі —ферритин. Ферритин — молекулалық массасы 440 000 дальтон, суға еритін гликопротеиндік комплекс. Оның ортасындағы темір белок апоферритинмен қапталған. Ферритиннің бір молекуласында 1000-3000 жуык темірдің атомдары болады. Ферритин барлық тіндерде болады, бірақ ең көп мөлшерде бауырдың, талактың, сүйек миының макрофагтарында, эритроциттерде және қан сарысуында анықталады. Қандағы ферритинннің денгейінен қорға жиналған темірдің мөлшерін шамалауға болады. Темірге мұқтаждық болған жағдайларда ферритиннің құрамындағы темір тез бөлініп іске қосылады. Гемосидерин — апоферитиндік қабығы жоқ темірдің кристаллдарынан тұратын ферритинннің туындысы. Гемосидерин сүйек миының, талақтың макрофагтарында, бауырдың купферлік жасушаларында жиналады.
Темір қорының қалыпты мөлшері 1000 мг шамасында, оның көбі сүйек миында жиналған. Қалыптыда сіңірілетін және организмнен бөлінетін темірдің мөлшерлері тепе-тең. Темір организмнен өтпен, термен, зәрмен және түлеген жасушалармен бөлінеді.
Еркектерге қарағанда, әйелдер менструацияға, лактацияға, жүктілікке, босануға байланысты темірді көптеу жоғалтады. Бір менструацияда 15-30 мг, ал лактация кезінде сүтпен тәулігіне 0,5 мг темір жойылады.
Еркектер тәулігіне 0,6-1 мг темір жоғалтса, әйелдер одан 2 есе артық жоғалтады