Темірдің ағзадағы ролі.
Темір эритроциттердің құрамына кіретін гемоглобиннің түзілуі үшін қажет. Эритроциттер оттегіні өкпеден ағзаның бойына тасымалдап, көмірқышқыл газын сыртқа шығарады. Оттегі- күшті тотықтырғыш, бірақ , құрамында темір (Fe) болуының арқасында гемоглобиннің оттегіні тасымалдайтын қасиеті бар. Темір әр түрлі тіндердегі маңызды ферменттік жүйелердің құрамдас бөліктері[2], [3], [4].
Ауамен дем алған кезімізде оттегіні жұтамыз. Темірдің қызметі - қандағы оттегіні байланыстырып, ағзаның бойына таратуы. Өкпеміздегі ауасыз бірнеше минуттардың ішінде өліп кетуіміз мүмкін. Қанымыздағы темірсіз де осылай болады. Сондықтан, адам ағзасындағы темірдің негізгі көлемінің гемоглобинде болуы таңырқарлық емес.
Ежелгі заманнан бастап, адамзат қанды өмірлік күш және денсаулық кепілі санаған. Қан кету немесе қандағы өзгерістер адамның тіршілікке қабілеті мен түрлі аурулардың болуының басты ықпалдары ретінде қарастырылды. Қанға ағзаны мертігуден, аурулардан және қартаюдан сақтайтын ғажайып күш ретінде қараған.
Бұл дұрыс та, себебі, қан барлық жүйелердің, мүшелердің, тіндердің және жасушалардың толымды қызмет атқаруын қамтамасыз ететін биологиялық сұйықтық. Қанның негізгі биологиялық қызметі - ағзаның жасушаларына оттегіні, тағамдық және қорғаныстық заттектерді тасымалдау, көмір қышқыл газын, алмасу өнімдері мен уыттық қосылыстарды сыртқа шығару. Сондықтан, қанның кетуі мен жеткіліксіздігінің адам ағзасындағы барлық жасушалардың тіршілігінің бұзылыстарына апаруы түсінікті.
Оттегінің қандағы жалғыз тасымалдаушысы – қанның қызыл жасушалары немесе эритроциттер. Бұл жасушалардың құрамындағы оттегіні байланыстыратын заттек – жасушааралық нәруызды-минералды кешен - гемоглобин. Гемоглобиннің өкпеде оттегімен байланысып, басқа жасушаларға жеткізіп беріп, орнына көмір қышқыл газын алып, өкпеге әкеліп, сыртқа шығаратын ерекше қасиеті бар.
Темір қандағы қызыл жасушаларда гемоглобиннің қалыптасуы үшін қажет. Оның жеткіліксіздігінің салдарынан жұлында гемоглобиннің қалыпты шығарылуы үшін өндірілетін эритроциттердің саны мен сапасы төмендейді. Анемияның одан едәуір төмен дәрежедегі себебінің бірі – эритроциттердің дамуы мен жетілуіне тікелей қатысы бар фолий қышқылының (В тобының дәрумендерінің бірі) жеткіліксіздігі. Оның деңгейінің төмендеуі эритроциттердің санын азайтып, өлшемін ұлғайтады.
Ағзада темір үшвалентті темірдің, нәруыздың және органикалық қышқылдардың кешені түрінде берілген. Оның сіңірілуінің басты шарты – еківаленттілігіне қайта келуге дейін еритін түрге көшу.Микроэлементтің негізгі саны ұлтабар мен жіңішке ішектің жоғарғы бөлімдерінде сорылады. Темірдің сіңірілуі ағзаның қажеттігіне сай реттеледі.
Темір тағамның көп түрінде бар. Бірақ темірдің жетіспеушілігі денсаулық пен тамақтануда жиі кездесетін мәселелердің бірі, микронутриенттік тапшылықтың да жиі кездесетін түрі.
Темір ағзада гемоглобиннің, миоглобиннің, цитохромның құрамында болады, сұйық орта мен жасушалардан орын алған. Адамның ағзасында темір үш негізгі депо түрінде берілген:
ü Эритроциттердің құрамындағы гемоглобин;
ü Бұлшық еттердегі миоглобин;
ü Бауыр мен ретикулалық-эндотелийлік жүйенің жасушалары.
Ерлердің ағзасындағы темірдің қоры 800-1000 мг, әйелдерде – 100-400 мг. Ағзадағы жалпы темірдің кинетикасы денсаулығы қалыпты, салмағы 70 кг ерлерде : эритроциттер – 2000-2500 мг; плазма – 4 мг, қоры – 800-1000 мг; миоглобин мен ферменттер (цитохромдар, каталаза, пероксидаза) – 300 мг. Сорылу мен оған тең темірді жоғалту орташа түрде күніне 1-2 мг-ды құрайды. Физиологиялық гемолизде эритропоэздегі гемоглобиннің түзілуіне толығымен тұтынылатын темірдің босатылуы шамамен 20 мг\күніне. Яғни, физиологиялық гемолиздің нәтижесінде ыдыраған эритроциттерден темір босатылады (15-20 мг\күніне), ол қанда трансферринмен қосылып қайтадан жаңа жасақталатын эритроидтық жасушалармен гемоглобин түзілуі үшін қолданылады.
Темірдің қоры суда еритін ферритинмен және суда ерімейтін гемосидеринмен берілген. Темір бауыр мен көк бауырдың макрофагтарында 0,5-1,5 г шамасында болады. Соңғы уақытта темірдің мидағы үлкен қоры анықталды (шоғырлануы 100 г-ға 21,3 мг), ал бауырда – 100 г-ға 13,4 мг ғана. Бұл темірдің мидағы мыңдаған ферменттердің құрамына кіруінен болуы мүмкін.
Егер ағзадағы темірдің қоры азайса, гемоглобиннің деңгейі еселене төмендейді, бұл қандағы эритроциттердің тіндерге оттегіні жеткізу мен тасымалдау қабілетін төмендетіп, барлық жүйелердің, мүшелердің, тіндердің және ағзаның жасушаларының тыныс алуының бұзылуына апарады. Соңғының маңызы зор, себебі оның ойлауымызға, қозғалып және жұмыс істеуімізге мүмкіндік беретін ми мен бұлық еттерге қатысы бар. Гемоглобиннің сәйкестендірілген деңгейі жүктілік кезеңіндегі ұрықтың толық дамуына аса қажетті.
Гемоглобиннің түзілуі көпсатылық үрдістен тұрады, оған темір ғана емес, мырыш, мыс, марганец, никель, В6 және В12 дәрумендері, С дәрумені қатысып, темірдің сорылуы мен фолий қышқылының белсенді болуына ықпал етеді. Әуелі темір (15-20 мг) тағамның құрамында сырттан түседі, темірдің тек 5-15 % ғана тағамнан сорылады. Бір күнде денсаулығы қалыпты адамның бойында тағамнан көп көлемде түскенмен 2,5 мг-нан артық темір сорылмайды. Сорылған темір плазманың нәруызы трансферинмен байланысып, жұлынға өтеді, онда гемоглобиннің кірісуімен дамылсыз эритропоэз жүреді, әрі бауырда, көк бауырда, мида еритін ферритин және ерімейтін гемосидерин түрінде жинақталады.
Темірдің трансферинмен байланысты көлемі тіндерге түсе миоглобиннің пайда болуы үшін қолданылады. Темір тіндік метаболизмнің маңызды ферменттері – тіндік тыныс алуды, бөгде қосылыстардың белсенділігі мен метаболизмін жоятын, оның ішінде канцерогендердің де, - цитохромның құрамына кіреді. Каталаза, пероксидаза, α-глицерофосфатоксидаза секілді тотығуға қарсы жүйенің маңызды ферменттерінің құрамдас бөлігі.
Гемоглобин толық дәрежеде пайда болуы үшін темір микроэлементі қажет, ол ағзаға тек тағам өнімдерімен, аз мөлшерде су арқылы түседі.
Темір көздері: жеміс-көкөністегі темір тез сіңеді, бауыр, бүйрек, уылдырық, ет, жұмыртқа, жаңғақта көп кездеседі.
Тәуліктік қажеттілігі – ерлерге 10 мг; әйелдерге – 18 мг.
МАРГАНЕЦ ролі: сүйек түзілу, қан түзу процестерін белсендендіреді, май алмасуына, эндокринді бездер қызметіне әсер етеді, липотроптық қасиеті бар. Кейбір витаминдер алмасуына да қатысады, бауырды май басудан сақтайды.
Марганецтің артық мөлшері түссе, организмде рахитке ұқсас сүйектегі өзгерістер пайда болады.
Марганец көзі: жапырақты көкөністер, қызылша, жаңғақ, укроп, шәй.
Тәуліктік қажеттілігі – 5 мг.
ЙОД ролі:
Йод - микроэлементтердің ішіндегі маңыздыларының бірі. Ағзаның қалыпты дамуын қолдау үшін оның мүлде азғантай мөлшері – 100-150 мкг ғана қажет.
Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажетті микроэлемент. Ол адамға ғана емес, өсімдіктер мен жануарларға да қажет, бұл - йодтың Жер бетіндегі барлық тірі ағзаға маңыздылығының куәсі.
Йод 1812 жылы ашылған, күлгін түсі (iodes) үшін осылай аталған. Йодтың ең көп мөлшері теңіздік және мұхиттық суларда болады. Суда планетадағы салмағы мен көлемі жөнінен ең үлкен жануарлар өмір сүруі сол себепті болар. Мысалға, бювал – көк немесе көгілдір киттің салмағы -150 тонна, ұзындығы 30 м-ге жетеді. Жер шарында одан ірі жануар жоқ. Теңіз жануарларының ішінде өмір жасының ұзақтығы жағынан да рекорд жасайтындары кездеседі. Мысалы, теңіз тасбақасы 200-300 жыл өмір сүреді.
Топырағы мен суы йодқа қаныққан аудандардағы өсімдіктер аса ірі өлшемдерге ие. Оның мысалы – Калифорнияның Тынық мұхит жағалауында өсетін аса ірі секвойя – мамонттық ағашының биіктігі 140-160 м, түбінің диаметрі 10 м-ден астам. Мыңдаған жыл өмір сүреді, 4500 жыл өмір сүрген өкілдері кездескен, ғалымдардың ойынша, секвойя 9000 жылға дейін өмір сүруге қабілетті. «Бұл алып ағаштың өсіп-өнуі үшін йодтың буына қаныққан теңіз тұманы жеткілікті»,- деп санайды биология ғылымдарының докторы, профессор В.О.Мохнач.
Йод – жер бетінің айқын білінген, қозғалмалы да, бірқалыпсыз таралған элементі. Йодтың биосферадағы айналымы теңіз бен мұхиттан қашықтығымен, жер бедерімен, топырақ пен судың қышқылды-сілтілік қасиеттерімен байланысты.
Йодтың көпшілік көлемі теңіз суында. Топыраққа йод теңіз бен мұхиттан атмосфера арқылы түседі. Мұхит бетіндегі ауаның 1м² -да 10 мкг йод бар, құрлықтың үстінде - 0,5 мкг, бұл өте аз шама. Мұхит пен теңіздің жақындығы, желдің бағыты мен жауын-шашынның көлемінің йодтың топыраққа түсуі үшін маңызы зор.
Йод табиғатта үздіксіз қозғалып, айналым жасайды : теңіз бен мұхит суынан булану арқылы, атмосферада шоғырланып, жауын-шашын арқылы жердің топырақ бетіне қонады. Йодтың топырақтағы таралуы 50 мен 9000 мкг/кг аралығында және соңғы (төртінші) мұз дәуіріндегі мұздану деңгейімен байланысты. Оның шоғырлануы балшықты, сазды, қара топырақты жерде жоғары (1–50 мкг йод/1 г топырақта), ал құмды немесе күлді жерде төмен (1–50 мкг йод/1 г топырақта). Йодтың жауын-шашын мен өзен суындағы шоғырлануы - 5 мкг/л, атмосфералық ауада - 0,5 мкг/л.
Йодың табиғатта әр түрі кездеседі, органикалық және органикалық емес, көпшілік бөлігі йодидтар немесе йодаттар түрінде болады. Йодтың едәуір бөлігі топырақ бетінен еріген мұздықтар мен жауын-шашын әсерінен теңіздер мен мұхиттарға ағып кетеді. Йод топырақтың терең қабаттарында болады, мұнай скважиналарының ішінде көп табылады. Терең құдықтың суы йодқа бай болады. Топырақ беті ескірген сайын, сыртқы әсерге (эрозияға) ұшыраған сайын йодқа кедей келеді.
Таулы жерде йод аз кездеседі, одан соң шөл мен далада аз мөлшері бар. Таулы аймақтың тұрғындары йод тапшылығынан туындайтын ауру – зобқа жиі шалдығады. Теңіз бен мұхиттан алыстаған сайын қоршаған ортада йод азая түседі. Қазақстанның барлық дерлік аумағында осы минералдың тапшылығы байқалады және бұл жағдай йод тапшылығы мен зобтың таралуының жоғары деңгейде болуына зор ықпал етеді.