Тақырыбы: Некробактериоз (сарып) қоздырушысы және ауруды балау әдістері
Сабақтың мақсаты: Некробактериоз қоздырушысыныңбиологиялық қасиеттерін зерттеу және зертханалық балау (диагностика) әдістерімен танысу.
Негізгі сұрақтар:
1. Қоздырушы және оның морфологиялық биологиялық қаситеттері
2. Ауру ағымы, клиникалық белгілері
3. Індеттік мәліметтер
4. Патологиялық анатомиялық белгілері
5. Дифференциалдық диагностика.
Оздырушысы мен оның морфологиясы және биологиясы
Fusobacteriumnecrophorum
Қоздырушы жағынды жасап қарағанда ұзындығы әртүрлі ұзындығы 1,5-3,0 мкм, көбінесе 30-дан 400 мкм-ге дейін жіпшелер түзетін, ені 0,5-1,5 мкм жіңішке таяқшалар. Жіпшелері кейде шатасып жатады. Қозғалмайды, спора, капсула түзбейді. Балауса өсінділерінде, өліеттенген ошақтардан жасалған жағындыда дәншелі-дақты боялған ұзын жіп тәріздес болады. Ол жіпшелердің ұзына бойынан колба тәрізді қалыңдаған, үрілген шар сияқты жуандаған тұстарын көруге болады.
Жағындыны зақымдалған ұлпа мен сау ұлпаның шектескен жерінен алынған материалдан жасаған жөн. Жағындыны бекітуді спирт-эфирмен жүргізу ұсынылады. Жағындыны сұйылтылмаған Циль фуксинімен 2-3 минут бойы бояғанда сарыптың қоздырушысына тән дәншелі-дақты боялғанын көруге болады. Муромцев бойынша да бояу жақсы нәтиже береді – спирт ерітіндісімен (4 мл) және формалинмен (1 мл) бекітілген жағындыны келесі құрамдағы бояумен бояйды: фуксин 0,15, спирт 20,0, фенол 10,0, метилен көгі 0,20 және су 200,0. Нәтижесінде ұлпа клеткасының күлгін фонында некробактериоз таяқшасы көкшіл түске боялады.
Сарыптың таза өсіндісін бөліп алуды онымен бірігіп теріні зақымдаған басқа микробтар, әсіресе стрептококтар мен стафилококтар қиындатады. Сондықтан оның таза өсіндісін бауыр, талақ, өкпе сияқты ішкі ағзалардан бөліп алған әлдеқайда жеңіл.
Сарып қоздырушысы – салыстырмалы түрде тұрақсыз микробқа жатқызылады, дегенмен қоршаған ортада ұзақ сақталады. Қатырылған күйде 30-40 күн сақталады, 650 С–та 15 минутта, қайнатқанда бірден өледі. Фузобактериялар жатып қалған қида ұзақ уақыт бойы тіршілігін сақтап, көбейе алады. Тазаланбаған лас қорадағы малдардың жиі ауыратыны да осыдан.
Fusobacteriumnecrophorum Китт-Тароцци ортасында өсіріледі, әсіресе оған 10-20 % бұқа қан сары суын, 0,2-0,5 % глюкоза немесе ашытқы қоймалжыңын қосқанды ұнатады, сондай-ақ Цейсслер, Мартен, ми қосылған қоректік орталарда, жартылай сұйық агарда және 10-12 % бұқа қан сары суы қосылған глюкозалы агарда да өсе береді.
Патогендігі және жұғу жолдары
Некробактериозбен табиғи жағдайда жануарлардың көптеген түрлері (жылқы, мүйізді ірі қара мал, буйвол, марал, қой-ешкі, шошқа, мысықтар, сонымен қатар жабайы аңдар – суыр, борсық, зебра, бегемот, антилопа, арқар, бұғы т.б.) ауырады.
Fusobacteriumnecrophorum сау жануарлардың ішегінде мекендейді, сондықтан ауру барлық жерде кездеседі. Қимен бірге бөліне отырып микроб қоршаған ортаны ластайды. Дегенмен инфекцияның негізгі жұқтырушы көзі ауру жануарлар (негізінен өліеттенген жаралардан бөлінетін секреттер арқылы). Қоздырушымен зарарлану тек барлық жерде кездесетін микроб арқылы ғана емес, ең бастысы қоршаған ортаның әр түрлі жағымсыз факторлары салдарынан дененің қорғаныс кедергілері мен тұтастай организмнің әлсіреуінен туындайды. Зарарлану зақымдалған тері немесе кілегей қабық арқылы жарақаттық инфекция сипатында жүзеге асады. Ал көп жағдайда бұған антисанитарлық жағдай мен жануарлардың ауруға қарсы тұрушылық қабілетін әлсірететін басқа жағымсыз факторлар (азықтандыру, күтімге байланысты) өз үлесін қоспай қалмайды. Қойларды ылғалды, қиы тазаланбаған қора-жайларда немесе ылғалды, батпақты жайлымдарда ұстап-бағу аяқтарының төменгі бөлігіндегі тері жабыны мен тұяқ мүйізінің жұмсарып, болбырауына, нәтижесінде оңай жарақаттанып, қоздырушының денеге енуіне жол ашады. Сондай-ақ жайлымдағы тікенді шөптермен де терінің, әсіресе тұяқ арасындағы қуыстың жарақаттануы заралануға әкеп соғады. Сарыппен барлық жастағы мал ауырады, дегенмен төлдер мен одан сәл ересектері жиі шалдығады. Қыста энзоотия тынышталғанымен, жазда қайтадан өршиді.
Ауру ағымы және клиникалық белгілері
Бұзауларда сарып некротикалық стоматит деп аталатын ауыз қуысының зақымдалуымен сипатталатын ауру түрінде өтеді. Ауру жітілеу түрде өтеді. Азықтандырылуы, күтімі және емі жақсы болған жағдайда көбінесе жазылып кетеді. Жазылу уақыты әдетте 2-3 аптаға созылады. Керісінше күтімі мен азықтандырылуы нашар болып, емдеу шаралары жүргізілмеген жағдайда бұзаулар 7-10 күнде, кейде одан да ұзақ уақыттан кейін өледі.
Қойда сарып созылмалы түрде өтеді. Ауру апталарға, айларға созылуы мүмкін. Ауру кесірінен ақсай бастаған мал мейілінше жайылудан қалады. Оның үстіне организм қоздырушы уларынан
улана бастайды. Осының барлығы жануардың азып-тозуына әкеп соқтырады. Егер аяғы мардымсыз зақымдалған болса және ем-дом дұрыс жүргізілсе мал біртіндеп сауығуға бет бұрады. Қозыларда сарып некротикалық стоматит түрінде өтуі мүмкін, кейде ол ішкі ағзаларға (бауыр, өкпе т.б.) метастаз береді, ондай жағдайда ауру өлімге ұшыраумен аяқталады.
Жақтардың, еріндердің, кейде таңдайдың, жұтқыншақтың, тілдің кілегей қабықтары ара-тұра қызарып домбығады және ауырсынғыш болады. Артынша осы жерлердің астында тереңге кеткен жаралары бар көршілес ұлпаларға кірігіп тұратын ақ-сұр немесе ақ-сары түсті қабыршықтар пайда болады. Егер ол жақтардың кілегей қабығында орналасатын болса онда сыртынан тері арқылы тығыз, ауырсынғыш ісінуді басып көруге болады. Осының бәрі азықты шайнап, жұтына алмай, аузынан сілекей шұбыруға ұласады. Сілекейінен аса жағымсыз иіс шығады, ішінде өліеттенген ұлпалардың үзінділері жүреді. Ары қарай ауыздағы өліттенген жерлердегі ұлпалар түбірімен жұлынады да орнында қоңыр-қызыл түсті, оңай қанайтын, шеттері тегіс емес болбыр жаралар түзіледі. Жаралар бірте-бірте бітіп, жазыла бастайды, бұзаудың тәбеті қалпына келіп, сауығып кетеді. Ауру асқынған жағдайда жаралар жұтқыншақ, кеңірдек және танау қуысына жайылады немесе паренхиматозды ағзаларда ішінде ауа толған эмболиялық ошақтар пайда болады. Бұл кезде температурасы жоғарылап, жөтел немесе іш өту пайда болады да жануар көп ұзамай өледі.
Аурудың өтуіне байланысты қойлар сәл ақсауы немесе мүлдем тұра алмай қалуы мүмкін. Тұяқтарының арасындағы қуыс, тұяқтың ішкі жұмсақ жерлерін (тұяқ жұлығы, майөкше) қарағанда қызарып кеткен тығыз, қызулы және өте ауырсынғыш домбығуды байқауға болады. Біраз уақыттан кейін домбыққан жер жабысқақ сарғыш жалқаяқпен суланады да ол кеуіп, қабыршаққа айналады. Кейде іріңді көпіршіктер пайда болып орнында жаралар түзіледі. Артынша ірің құрғайды да жараны жауып тұрған қабыршыққа айналады. Қалай болғанда да өліеттену құбылысы ұлпаларға жайылып, дендей береді. Терінің өліеттенген жерлері жұлынып, терң, аса ауырсынғыш жаралар пайда болады. Некроз теріден біртіндеп тереңде жатқан ұлпаларға, сіңірлерге, байламдарға, тіпті сүйекке дейін өтеді. Бұл кезде тұяқтарының арасындағы қуыс, тұяқ жұлығы, майөкшесі күрт домбығып, ірің ағып тұратын қуыстар
(іріңді фистула) пайда болады. Қой аяққа тұрудан қалады. Іріңді-өліеттену құбылысы тұяқтың мүйізді қабығы астындағы теріге тарап, тұяғы түсіп қалады. Оған қоса сепсис және ішкі ағзаларға қоздырушының метастазы дамиды. Осылардың барлығы, әсіресе сепсис безгекке, күйзелуге, азықтан мүлдем бас тартуға әкеп соқтырады. Ересек қойларда аяқтарынан басқа кейде еріндерінің терісі мен кілегей қабығы зақымдалады. Мұны еріннің паршасы деп атайды. Ол ауру аяғын жалап-жұқтау салдарынан пайда болады. Еріндерінде пайда болған іріңді көпіршіктер жарылып, қабыршақпен көмкерілген жаралар түзеді. Ол ары қарай ауыз қуысының ішіне де ендеуі мүмкін. Қозыларда да ересек қойлар тәрізді аяқтары ауруы мүмкін, дегенмен көбінесе олардың ауыз кілегей қабығында алдымен ақ-сұр түсті тығыз, өте ауырсынғыш домбығулар пайда болады да артынша олардың орнында шеттері тығыздалған ұзақ уақыт бойы жазылмайтын жаралар пайда болады. Осының бәрі аузынан иісі жағымсыз сілекей шұбыруға, сүттен бас тартуға, күйзелуге, температураның жоғарлауына алып келеді. Қозылардың басым көпшілігі, жоғарыда айтылғандай өлім-жітімге ұшырайды.
Маңызды патологоанатомиялық өзгерістер
Әдетте жегіден өлген жануарлардың өлексесі әбден арыған болып келеді. Ауыздың кілегей қабықтарында: еріндерде, жақтарында, тілінде, қызыл иегінде, таңдайында айналасындағы ұлпаларға кірігіп кеткен ақ-сұр немесе сарғыш түсті өліеттенген қабыршықтармен көмкерілген домбығуларды табамыз. Олармен бірге алып тастағанда орнында жаралар қалатын борпылдақ, қалың өліеттенген ұлпаларды байқауға болады. Жаралар тереңге ендеп кеткен, қоңыр-қызыл немесе лас қызыл түсті, түбі желінген және сасық иімті жалқаяқпен көмкерілген. Осындай өзгерістерді кеңірдек, жұтқыншақ және өңештен де табамыз. Паренхиматозды ағзалардан, көбінесе бауырдан, өкпелерден, бүйректерден, кейде мидан метастатикалық сипаттағы өліеттенген зақымдалу ошақтарын кездестіреміз. Олар бұршақ дәнінен, орман жаңғағы, тіпті алманың көлеміндей болады. Мұндай ошақтардың болуы ағзаның көлемін ұлғайтып жібереді (мысалы бауырды) және кедір-бұдырлы қылады. Кесіп қарағанда ошақтар ағзаның тереңінде де, тікедей капсуласының астында да орналасқан. Әдетте паренхиматозды ағзалардағы өліеттенген жерлер қалың дәнекер
ұлпалы капсуламен қапталған, ішінде ақшыл-жасыл түсті іріңі немесе үгітіліп кетуге бейім өліеттенген ұлпасы болады.
Қойларда сойып қарағанда тұяқ жұлығы, майөкше, тұяқ арасындағы қуыста шіріктің иісі шығатын қою іріңмен жабылған өліеттенген жараларды көреміз. Мұндай жерлерде кейде іріңді өзектерді (свищ) аңғаруға болады, оларды кесіп қарағанда түбінде сіңір, тіпті сүйекке дейін жеткен өліеттену ошақтарын көруге болады. Аяқтарының зақымдалуымен қатар еріндерінің кілегей қабығында іріңге толған көпіршіктер мен жараларды (ерін паршасы) кездестіруге болады. Тұмсығының қанаттарында жаралар, тіпті өліеттену іздері кездесетін болса ол аурудың аса ауыр түрде өткендігінен хабардар етеді. Осы ауруға тән бұл өзгерістерден басқа аймақтық лимфа түйіндерінің ұлғайғанын және ісінгенін, паренхиматозды ағзалардың сірі қабығының асты қанталағанын кездестіруге болады.