Жоғарғы жақ сүйегі сынықтарының емі
Уақытша иммобилизация.Жоғарғы жақ сүйегі сынықтарында уақытша иммобилизация жабдығы иек-төбелік таңба, Померанцев-Урбанскийдің эластикалық таңбасы, қатты иектік сақпаннан және қалпақтан түратын стандартты транспорттық таңба. Тасымалдаған уақытта жоғарғы жақ сынықтарын жылжытпай ұстап тұратын биологиялық шеңдеуіштің қызметін төменгі жақ атқарады. Темір қасық, ағаш таяқшаларын т.б. аспаптарды транспорттық шеңдеуіш ретінде қолданған дұрыс емес, себебі олар сынық бөліктерін артқа ығыстырып тұншығуға-асфиксияға әкелуі мүмкін.
Жоғарғы жақ сүйегі сынған науқастарды емдегенде сынған сүйек бөліктерін орнына салып қалыпты жайында бекіту керек.
Тұрақты иммобилизация.Жоғарғы жақ сынықтарына отасыз-консервативті (ортопедиялық) және ота-оперативтік иммобилизация әдістерін қолданады.
Емдік (тұрақты) иммобилизацияны мүмкіндігінше аз мерзім ішінде жасау қажет. Бұл сынықтың тез бітуін және оның асқынуларының (соның ішінде бас қаңқасының ішіндегі) алдын алуын қамтамасыз етеді.
Отасыз-консервативті әдістер.Төменгі, ортаңғы, және жоғарғы типтер бойынша сынық бөліктері қозғалмалы және оңай салатын сынықтарда екі жақтың ілмегі бар шендеуіш қолданылады ілмектерге резинадан тартпа салар алдында үлкен азу тістердің аумағында резина түтігімен төсем салған жөн болады. Бұл тәсілмен иммобилизация жасағанда қосымша төменгі жақты сақпан тәріздес таңбамен бекіту керек.
Збарж аппараты.Бұл ауыз қуыстың тұйықталмаған, қосақталған доға тәріздес болат шеңдеуішінен тұрады. Оны жоғарғы жақ тістеріне таңдай және вестибулярлық бетінен сыммен байлап бекітеді. Доғадан ауыз сыртына шығып тұратын белдеулер (стержень) болады, 4 дәнекер белдеу және 8 қыспалы қамыт арқылы бас қалпағына бекітіледі. Осы принцип бойынша Аржанцевтің, Орлов, Гельман аппараты бекітіледі. Бұл әдіс көбінесе ортаңғы және жоғарғы сынықтарда қолданылады. Аппаратты бекіту алдында сынық бөліктері қалыпты жайына келтірілуі қажет, сынықтар дұрыс алынбаған жағдайда беттің ортаңғы бөлігі қысқаруы мүмкін. Бұл аппараттар арқылы жоғарғы жақтың төмен түсіп кеткен бөліктерін көтеру мүмкін емес.
Бас қаңқасының төбесі сынғанда немесе маңдай, төбе және желкенің жұмсақ тіндері зақымданса бұл аппараттарды қолдану қиындық тудырады немесе тіпті қолдануға болмайды.
Ота-оперативтік әдістер. Фальтин-Адамс әдісі және оның түрлері-модификациялары.Бұл тәсіл бойынша сынған жоғарғы жақ сүйегі көз ұясының төменгі қырына (төменгі тип), бет сүйегінің доғасына (төменгі және ортаңғы тип), маңдай сүйегінің бет өсіндісіне (жоғарғы тип) бекітіледі. Тіс доғасына төмен қараған екі ілмегі бар шеңдеуіш бекітіледі. Көз ұясының төменгі қыры немесе жоғарғы сыртқы бұрышының жұмсақ тіндері тілініп ашылады да сүйекте бормен тесік жасалып полиамидті жіп өткізіледі, сонан соң қан құятын инемен жіпті жұмсақ тіндер арасымен 2-ші кіші азу немесе 1-ші үлкен азу тістерінің деңгейінен ауыз қуысына шығарады. Сынықтарды өз орнына орналастырған соң ауыз қуысындағы жіптердің ұшын шеңдеуіштің ілмектеріне байлайды, терідегі жаралар тігіледі. Бет сүйегінің доғасына бекітілгенде инені еркін өткізу үшін қандауырмен бет сүйегінің маңдай және самай өсінділерінен құралған бұрыштың терісін тессе жеткілікті.
Федершпиль-Дингман әдісі.Жоғарғы жақ сүйегінің тістеріне шеңдеуіш салып оған жіңішке болат сымды бекітіп, оның ұшын ұрттың және еріннің жұмсақ тіндері арқылы ауыз қуысынан сыртқа шығарып (өткізгіш ретінде жуан ине қолданады) гипстелген бас таңбасының ілмектеріне бекітеді.
Егер де жоғарғы жақ сынығы тығыз қозғалмалы болып оны қолмен салу мүмкін болмаса ауыз қуысынан шығарған сым гипстелген бас таңбасына резинадан жасалған тартпа арқылы бекітіледі, бұл жақ сүйегін біртіндеп тартып бас сүйектеріне тығыз бекітеді және төменгі жақ сүйегі қосыла сынғанда оны жоғарғы жақ тесіктеріне бекітеді. Бұл тесік өте қарапайым, бірақ кей жағдайларда гипстелген қалпақ кигізу керек болғандықтан қолдануға болмайды.
Жоғарғы жақ сүйегі жоғарғы тип бойынша сынғанда бет сүйегі арқылы бір ұшы жұмсақ тіннен шығып тұратын темір сымды көлденең өткізіп бекітуге болады (трансфасциалды бекіту). Сымды гипстелген бас таңбасына мықтап бекітеді.
АОЧ аппаратымен М.А. Макиенко бойынша Киршнер сымдарымен жасалатын остеосинтез.Төменгі тип бойынша сынғанда сымды екі жақтан бет сүйегі арқылы алдыңғы мұрын қырына алға және төмен бағытта өткізеді. Ортаңғы тип бойынша сынса сым бір бет сүйегінен екінші бет сүйегіне көлденең бағытта өткізіледі, ал жоғарғы тип бойынша сынғанда иммобилизацияны екі параллелді орналасқан сымдармен жасайды. Бірін бет сүйегінің доғасымен сынық сызығының артынан бүкіл жоғарғы жақ сүйегін тесіп шығып, қарама-қарсы жақтың бет сүйегінің доғасы арқылы өткізеді. Екіншісін қарама-қарсы жағынан бірінші сымға параллель өткізеді. Сымдарды еңкіш бағытта бір жақ бет сүйегінің алдыңғы бөлігінен қарама-қарсы жағының бет сүйегіне өткізуге болады. Сымдар жоғарғы жақ қуысы және мұрын қуысы арқылы өтеді.
Billet-Vigneul бойынша бас қаңқа-жоғарғы жақтық бекіту.Жоғарғы жақ және маңдай сүйектері сынған науқастарға қолдануға болады.
Бұл жарақат көп жағдайда мида гематома дамуымен қосарлана жүреді. Маңдай және төбе сүйектері аймақтарындағы нейрохирургпен жасалған нақтама-диагностикалық фрезалық тесіктерді жоғарғы жақ сүйектерін бекітуге пайдалануға болады. Лигатуралық сымды сол тесіктер арқылы, өткізгіш иненің көмегімен самай етінің, бет сүйек доғасының астынан өтпелі қатпарымен ауыз қуысына өткізіп тістік шеңдеуішке бекітеді. Фрезалық тесіктер арнайы, жоғарғы жақ сүйегінің сынығын бекіту үшін жасалуы мүмкін. Бас қаңқасы езіліп ішке кіріп сынғанда тесіледі-трепанация жасалынады. Бұл жағдайда бас сүйегінің ақау қырын лигатураны бекітуге пайдалануға болады.
Сыммен тігілетін остеосинтез.Төменгі тип бойынша сынғанда лигатуралық тігіс ұяшық қыр және алмұрт тәріздес тесік аймағында салынады, ортаңғы тип бойынша сынса көз ұясының төменгі қыры және бет-ұяшық қырларының, жоғарғы типте бет сүйегінің доғасы және көз ұясының жоғарғы сыртқы қырынан тігіледі. Сынықты мықтап бекіту үшін жоқ дегенде екі жерден сыммен тігу керек.
Жоғарыда айтылған жоғарғы жақ сүйек сынықтарының отасыз-консервативті және отаоперативті ем әдістері тек жақын арада және сынық бөлімдері қозғалмалы болса нәтиже береді. Ескірген сынықтарда қаңқалық керіп-созу қолданылады. Бұл үшін тігіске фосфат цементімен бекітілетін, болаттан жасалған шеңдеуіш каппа дайындайды. 3 болат сымнан ілмегі бар темір сымнан жасалған доғаны басқа кигізетін қалпаққа гипстеп тастайды. Бір ілмек ортаңғы сызық бойында, келесі екеуі бірінші ілмектің екі жағында 2 см қашықтықта орналасады. Керіп-созуды болат пружина немесе резина тартпалар арқылы жүргізеді, олардың бір ұшы шеңдеуішке, бір ушы ілмекке бекітіледі. Керіп-созу үшін біртіндеп В. Я. Кавракиров бойынша күшейтеді.
Жоғарғы жақ сүйегі шаншыла сынса төсек басына орнатылған шығыр (блок) арқылы сынықты керіп-созып орнына келтіреді. Бұл жағдайда үлкен азу тіс аралығына резинкадан төсем қойылады. Керіп-созуға болат пружинасын, подшипникті шығыр, полиамидті жіп, және гарьнер қолданған жөн.
Керіп-созу мерзімін қысқарту үшін сынық сызығына өткір распатор кіргізіп ырғауға болады. Сынық бөлігін босатқан соң керіп-созуды бастауға болады. Хирургиялық және ортопедиялық ем тәсілдерін бірге қолдана отырып, сынық бөліктерін 5-7 тәулік ішінде өз қалпына келтіруге болады.
Айта кету керек 1979 жылдан бері бет-жақ аймағының жарақаттарында-травматологиясында Дүние жүзінде бірінші (пионер) болып өз қалпын сақтап қалатын металл қоспалары қолданыла бастады. Оны никель және титанның қоспаларынан жасап, Томск Политехника институтының профессоры В.Э.Гюнтер мен Томск Медицина институты-ның бет-жақ хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор В.К.Поленичкин бет-жақ аймағындағы сынықтарында сүйек бөліктерін бекітуде клиникада қолданып өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Осы қоспаны қолданып, оның оңды нәтижелерін ескере отырып, 30-дан астам докторлық және 100-ге жақын кандидаттық диссертациялар жақталды. Новокузнецк қаласында РФ, арнайы өз қалпын сақтап қалатын бекіткіштер жасап шығаратын шағын медциналық-инженерлік орталық жұмыс істейді.
Өз қалпын сақтап қалатын бекіткіштердің 50-ден астам және тістік имплантаттың 10-нан астам түріне куәлік алынңан.
Орта Азия және Қазақстанға біріншілерден болып, осы қоспаны қолданып кандидаттық диссертация жақтаған ғалым Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік Университеті, Оқу-клиникалық базасының Стоматологиялық пәндері кафедрасының оқытушысы, жоғары санатты бет-жақ аймағы хирургі Темуров Фазладин Тұрабай ұлыболып саналады.
Бұл қоспаның келешегі алды, себебі қоспа көп қаражатты талап етпейді, қолдануға тиімді, отадан кейін жараның және сынықтардың бітуі анағұрлым тез (кәдімгі ота әдістеріне қарағанда). Сол үшін бет-жақ аймағының жарақат-тарында және тістік имплантация жасауда, осы қоспадан кеңінен қолдан-ылса, айтарлықтай жетістіктерге жетеді деген үміттеміз.