Жақ пен жақ айналасының жүйкеленуі
Тістер, жақ, ауыз бен беттің жұмсақ тіндері, көз, сезу мүшелері түгелімен дерлік үшкіл жүйке (5 жұп) арқылы жүреді. Үшкіл жүйке (n.Trigeminus)—аралас жүйке, оның жуан түбіршегі — сезу, жіңішке түбіршегі- қимыл жүйкелері (3-сурет).
Сезу түбіршегі самай сүйегінің пирамида ойығында (Мекель қуысы) Гассердің жарты ай түйінін құрайды да негізгі үш тарамға бөлінеді.
1) көз жүйкесі (n.opthslmicus), 2) жоғарғы жақ жүйкесі (n.maxilaris), 3) төменгі жақ жүйкесі (n.mandibularis). Төменгі жақ жүйкесіне Гассер түйінін құрауға қатыспайтын қимыл түбіршегі келіп қосылып, ол аралас жүйкеге айналады.
Көз тарамы жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына енеді. Оның алдында ол көз жасы (r.lacrimalis), маңдай (n.frontakis), мұрын-кірпік (n.nasociliaris) жүйкелеріне бөлінеді. Мұрын-кірпік жүйкесі көз шарасында медиальды орналасқан, оның тармақтары қабақ, көз жасы қалтасы, сына тәрізді қуыстың артқы тор ұяларының, мұрынның алдыңғы, бүйір бөліктерінің кілегей қабықтарын, сонымен қатар көз алмасын, мұрынның шеміршегін, жанын, ұшының біразын жүйкелендіреді.
Маңдай жүйкесі көз шарасының жоғарғы қабырғасының ортасымен жүріп үшке бөлінеді: 1) Көзүсті жүйкесі (n.supraorbitalis); 2) Маңдай бұтағы (r.frontalis); 3) Шығыршақүсті жүйкесі (n.supratrochlearis).
Көзүсті жүйкесі — ең негізгісі -ол көзүсті ойындысынан шығып маңдай терісіне ұласады. Маңдай бұтағы да алдыңғы жүйкеден медиальдау келіп маңдай терісін жүйкелендіреді. Шығыр-шықүсті жүйкесі өз шарасының ішкі бұрышынан шығып жоғарғы қабақ терісіне, кеңсірік пен маңдайдың өзіне қараған бөлігіне ұласады.
Сурет -26. Үшкіл жүйкесінің құрылысы:
1-үшкіл түйіні: 2-көз жүйкесі; 3-жоғарғы жақ жүйкесі;
4-төменгі жақ жүйкесі; 5-ІV қарыншаның түбі; 6-тіл жүйкесі;
7-шайнау бұлшықет жүйкесі.
Көз жасы жүйкесі латеральды жүріп жас безін, жоғарғы қабақтың сырт жағын жүйкелендіреді.
Жалпы көз жүйкесі жақ пен ауыз қуысын қоректендіруге қатыспайды.
Жоғарғы жақ жүйкесі (maxilaris) (4-сурет). Сезу жүйкесі альвеола өсінділерін жауып тұрған жұмсақ тін, жоғарғы жақ, тістер, мұрын қуысы, жоғарғы жақ қуысы, танаулар, жоғарғы ерін, астыңғы қабақ пен көзасты тіндеріне тармақ береді. Жоғарғы жақ жүйкесі ми сауытынан дөңгелек тесік (foramen rotundum) арқылы шығып, қанат-таңдай ойықта (fosso pterygopalatina): а) Бет жүйкесіне бөлініп (n.zygomaticus), ол әрі қарай бет-самай (n. zygomaticotemporalis) және бет (n. zygomaticofacialis) жүйкесі болып тарайды да аталған аумақты қамтиды. б) Қанат-таңдай жүйкелері (n.n.pterugopalatini) қанат-таңдай түйініне келіп қосылады. Одан кейін жоғарғы артқы в) альвеола тармақтары (n.alveolaris superior posterior) 3-4 талшық болып жоғарғы жақ төмпешігімен алға, төмен қарай жалғасып үстіңгі тістер өрімінің артқы бөлігін құрайды. Жоғарғы жақ жүйкесі көз шарасына көзасты саңылауымен еніп, көзасты жүйкесі деген атпен көзасты сайында жатады. Бұл арада одан жоғары орта тіс ұяшық-альвеола тармақтары сүйек өзектерін бойлап алға, төмен қарай сабақтасып жоғарғы тістер өрімінің орта бөлігін құрайды.
Көзасты жүйкесі енді көзасты өзегіне еніп, одан тараған тармақтар үстіңгі тістер өрімінің алдыңғы бөлігін құрайды, әрі қарай көзасты тесігінен шығыпкіші қаз табанына (pes anseris minor) жалғасқан жүйке талшықтары жоғарғы ерін, төменгі қабақ, мұрын қанатының, кеңсірік пердесі терісінің өзіне тиісті бөлігін жүйкелендіреді.
Сурет - 27. Жоғарғы жақ жүйкесі
Қорыта айтқанда, артқы, орта, алдыңғы жүйке тармақтары бір-бірімен араласып, жоғарғы тіс өрімін құрайды (plexus dentalis).
Аталған оң жақ пен сол жақ өрімдері өзара бір-бірімен байласып-анастомоз түзеді, олардан жоғарғы тістерге, қызыл иекке, кілегей қабық пен жақ қуыс қабырғаларына жүйке тармақтары тарайды. Артқы өрімнен тараған тармақтар үлкен азу тістерге, орта өрімнен — кіші азу тістерге, ал алдыңғы өрімнен күрек, сүйір тістерге барады.
Таңдайдың кілегей қабығын қанат-таңдай түйінінен тараған талшықтар жүйкелендіреді. Бұл түйін парасимпатикалық жүйке жүйесіне жатады.
Ол парасимпатикалық талшықтарды 13 жұпқа жататын сілекей бөлетін ядросының преганглиондар тармағынан алады. Түйінге жүйке талшықтары үлкен тасты жүйке (n.petrosus major) деген атпен келеді.
Симпатикалық постганглиоңдар талшықтары терең тасты жүйкенің
(n. Petrosus profundus) құрамында жоғарғы мойын түйінінен келеді. Сезу талшықтары үстіңгі жақ жүйкесінен келеді. Түйін парасимпатикалық нейрондардан құралған.
Қысқасы, қанат-таңдай түйінінен тарайтын жүйке талшықтары үш түрлі талшықтардан тұрады. Олар вегетативті парасимпатикалық, симпатикалық және сезімтал талшықтар. Түйіннен сезу жүйкелері мұрын, қатты және жұмсақ таңдайдың кілегей қабықтарына, көз жасы безіне тарайды.
Түйіннен мынадай жүйке талшықтары тарайды: 1. Жоғарғы артқы латеральды және медиальды мұрын талшықтары мұрын қуысына еніп жоғарғы, ортаңғы мұрын кеуілжірін, мұрын пердесін жүйкелендіреді. Жүйке тармағының ең ірісі мұрын пердесін бойлай төмендеп мұрын-таңдай жүйкесі деген атпен күрек тіс өзегіне кіреді. Сол жерде ол қарсы жақтың жүйкесімен байлам-анастомоз түзіп күрек тіс тесігінен шығады да қатты таңдайдың алдыңғы бөлігінің кілегей қабығын жүйкелендіреді.
2. Төменгі артқы мұрын тармақтары мұрынның төменгі кеңсірігінің кілегей қабығына тарайды.
3. Таңдай жүйкелері, төмен қарай қанат-таңдай өзегімен бойлап, таңдай өзегінде үш тармаққа бөлініп ауыз қуысына шығады. Олардың ең үлкені — үлкен таңдай жүйкесі қатты таңдайға шығады. Онда ол таңдай сайына орналасып алға қарай тарайды да қатты таңдайдың кілегей қабығының 2/3 бөлігін жұмсақ таңдайдың біраз жерін жүйкелендіреді. Таңдай жүйкесінің орта, артқы талшықтары майда таңдай
тесіктерінен шғып жұмсақ таңдайдың кілегей қабығы мен бадамша без аумағына тарайды.
Төменгі жақ жүйкесі қозғау мен сезу талшықтары бар аралас жүйке.
Сезу талшықтары төменгі жақ пен оның буынын тістер, қызыл иек ерін, иек, самай, шықшыт пен алқым бездерін, ауыз түбінің кілегей қабығын түгелімен, ұрт, құлақ қалқаны мен тесігі қабырғасының біразын, тілдің алдыңғы 2/3 бөлігін жүйкелендіреді.
Жүйке сабағы ми сауытынан сопақ тесік арқылы шығып екіге бөлінеді: оның алдыңғы бөлігі кішірек көбінесе қимыл, ал артқы үлкенірегі сезу бөлігі.
Қимыл бөлігі шайнау бұлшықеттеріне тарап: шайнау, самайдың терең, латеральды және медиальды, қанат тәрізді таңдай пердесік керу, дабыл жарғағын керу жүйкелеріне бөлінеді. Осы аталғандардан басқа ұрт жүйкесі де алдыңғы бөліктен тарайды.
Артқы сезу бөлігі құлақ түйінімен, бет жүйкесімен байланысады да, құлақ-самай, төменгі альвеола және тіл жүйкелерін береді. Олардан басқа артқы бөліктен тағы бірнеше қимыл жүйкелері тарайды.
Ұрт жүйкесі сопақ тесіктен төменірек алдыңғы тармақтан бөлініп төмен, алға және сыртқа қарай созылып латеральды қанат тәрізді ет бастарының арасынан өтеді де ұрт етінің сыртында жатады. Соңғы тармақтары ұрттың терісі мен кілегей қабығын, қызыл иекті 54/45 тістер мен 7/7 тістер ортасына дейінгі аралықты жүйкелендіреді. Төменгі альвеола жүйкесі төменгі жақ жүйкесінің ең үлкен тармағы. Ол аралас және тіл жүйкесімен бірге төмен қарай қанат тәрізді, латеральды және медиальды еттер арасынан өтіп төменгі жақ тесігі арқылы төменгі жақ өзігіне кіреді. Тесікке кірер алдында одан жақ-тіласты жүйкесі бөлініп жақ-тіласты еті мен қос қарыншалы еттің алдыңғы қарыншасын жүйкелендіреді. Одан басқа сезу тармақтары иек терісінен төменгі жаққа тарайды. Төменгі тіс ұяшық жүйкесі өзек ішінде төменгі тістер өрімін құрайды. Өрімнен тіс ұшы саңылауларына, тіс ұяларына, қызыл иекке тарайды. Иек тесігіне жетіп, иек жүйкесі болып аталып жақ сыртына шығады. Әрі қарай иек тармақтары иек терісіне, төменгі ерін тармақтары төменгі еріннің терісі мен қабығына, және альвеола тармақтары қызыл иектің сырт жағына таралады. Төменгі жақ өзегіндегі жүйкенің жалғасы күрек тістер жүйкесі сүйір тіс пен күрек тістерді, кіші азу тістің бөлігін жүйкелендіреді, сонымен қатар қарсы беттің күрек тістер жүйкесімен байлам-анастомоз құрайды.
Тіл жүйкесі доғаша иіліп төменгі тіс ұяшық-альвеола жүйкесінің алдыңғы жағында, медиальды орналасып қанат тәрізді бұлшықет пен төменгі жақ тарамының арасын бойлап алға, төмен қарай жалғасады. Өзіне дабыл шегін қосқан ол тілдің дәм сезуін қамтиды. Одан әрі жүйке ауыз түбінің кілегей қабығы алдында орналасады да жақасты, тіласты, сілекей бездерінің, тіласты кілегей қабығын, қызыл иек пен жақтың тіл жағындағы кілегей қабығын, тілдің бұлшықетін, оның алдыңғы 2/3 бөлігінің кілегей қабығын жүйкелендіреді.
Құлақ-самай жүйкесі өз тармақтарымен беттің терісін шайнау еттерінің алдыңғы шетіне дейін, төменгі жақ буынын, шықшыт безін, құлақтың сыртқы тесігінің терісін, дабыл жарғағын, самай мен құлақ қалқанының алдыңғы жағының терісін жүйкелендіреді.